Мен неге үнемі тек өз атымнан жазамын?
Осы кезге дейінгі виртуал өмірімде бір де бір жалған аккаунт ашып көрмеппін. Барлық форум, блогтұғыр, әлеуметтік желілерде сол Әйгерім Кеулімжай деген бір атым. Себебі:1. Саясатта шаруам жоқ
Байқағаным, саяси көзқарасын тықпалау үшін немесе қоғамдағы кейбір болып жатқан құбылыстарға қатысты ойын қызмет бабына байланысты ашық айта алмайтындар фейк аккаунт қолданады. Кейбірінің әрекеті тіпті арандатушылыққа әкеліп жатады. Ондаймен шаруасы жоқ, жөніне жүрген адам ретінде маған фейк-аккаунттың керегі жоқ.
Иә, айтпақшы, сосын біздің ұлттық менталитетке және қызметіме сай келмейтін табу тақырыптарға да әңгіме қозғамауға тырысады екем.
2. Өзім туралы негативке төзе аламын
Осы жерде тым бөсіңкіреп кеттім-ау деймін. Әрине, төзе алмай қалуым да мүмкін. Оны жақсы білемін. Сондықтан көбіне таяқтың ұшы өзіме тиіп кету ықтималдығы бар жағымсыз жазбаларды айналып жүремін. Әлеуметтік желіде жазбаларыма қалдырылған сүйкімсіздеу пікірлерді өшіре саламын. Енді қайтем? Бірақ фейк-аккаунт ашпаймын.
3. Ешкімді аңдымаймын
Иә, біреулердің (мысалы бұрын жүрген жігітін) өмірін жасырын бақылау үшін де жалған аккаунт ашатындар бар. Немесе біреудің қаҺарына ұшырап банға кетіп қалып, басқа аккаунтпен достасып алатындар болады. Жооқ, мені жақтырмаған адамның жеке өмірі мен үшін де қызық емес.
4. Жарнамамен айналыспаймын
Есі дұрыс, жұмысбасты адам әлбетте фейк-аккаунтты қандай да бір қызмет, тауар ұсыну немесе SММ мақсатында, яки әлдебір әлеуметтік зерттеу жүргізу үшін ашады. Форум, блогтұғыр админдері сайтты қыздыру үшін жалған аккаунттар қолдану мүмкін. Бұлар енді фейк-аккаунттарды ақтауға болатын азғантай себептер деп есептеймін.
Бірақ менің жұмысым, өмір салтым қызметтің мұндай түрімен еш қиылыспайтындықтан, фейк-аккаунтқа қажеттілігім жоқ. Интернет әзірге мен үшін жай ғана байланыс құралы.
5. Троллинг жасамаймын
Мүлде троллинг жасамаймын дегенім артық болар, былай өз атымнан-ақ кейде біреулердің жынына аздап тиіп қоятыным бар енді. Ал фейсбуктас достарыма сауалнама жүргізгенімде көбінің әлеуметтік желілерде және блогтұғырларда фейк-аккаунттары бар немесе болған болып шықты. Және көбісінікі троллинг пен көңіл көтеру үшін ашылған аккаунттар екен. Әлбетте кейбірі жалығып немесе фантазиясы таусылып, ал кейбірі паролін ұмытып, ол аккаунттар аса белсенді емес көрінеді. Өз басым да біреуге аноним «бригол» ұстап тырқ-тырқ күліп отырудан кетәрі болмас ем, егер келесі пункт болмағанда.
6. Ерінемін
Иә, қарапайым еріншектік. Жаңа аккаунтқа жаңа пошта ашу керек. Оны тағы жүргізу керек. Фантазия керек. «Бір аккаунтты жетістіре алмай жүргенде» деп бір ағам айтқандай… Не керегі бар соның?
Өз атымнан жазғанымды қайтейін, көбіне басы артық әңгіме айтпайды екем. Әсіресе педагогтық қызметке ауысқалы.
Қозғайтыным көбіне нейтрал немесе позитив тақырыптар. «Бетперде» дейсіздер ме? Келісемін.
Айтпақшы, кейде әлеуметтік желіде әбден өзіммен-өзім мұңайып алғым келеді, жәй ғана статустатып. Тіпті жауаптың да керегі жоқ, болады ғой сондай бір кездер. Жооқ, фейсбук кәментшілері тым жылдам, дереу көмекке жүгіріп келеді. Отыр сосын түсіндіріп…
Твиттер жақсы еді, бос бөлмем сияқты. Тырс жауап болмайтын. Сондықтан шығар, көбіне жылаңқы твиттерімді сонда жазатынмын. Тек бір күні Есаға «қарындасым-ау, саған не болды?» деп сұрағанда, «все-таки» ол жақта да адамдар көріп отыратынын ойлап, өзім ұялып қалдым. Сөйтіп қайтадан мықты қыздың бетперд… Ой, жоға, мен шынымен мықтымын ғой...)))))))))))

Ақтөбенің батысындағы аудан. Дәл осы жерде сәрсенбі мен бейсенбі күндері (24-25.09) Ұлы Жібек жолында қайта жаңғырған «Көкжар жәрмеңкесі» атты республикалық этнофест өтті. Картада көріп тұрғаныңыздай, Ойыл Қобда, Шұбарқұдық пен Байғанин және БҚО мен Атыраудың сәйкесінше Сырым, Қызылқоға аудандарымен шектеседі. Ал орталықтан көбіне Қобда арқылы барады. Шалғайлығы қаладан шамамен 250 шақырым — 3 сағаттай, бірақ жолы шынымен де жібек… тек арасындағы асфальт иректері мен Қобданың тым ұзақ жөнделіп кеткен жолдарын есепке алмағанда. Өйткені көлік жүргізіп келе жатып ұйықтап кеткенше, жүрегіңмен қоса қос бүйрегің селк еткеннен оянып тірі қалған – әлдеқайда қабылдарлық нұсқа. Ауданға апаратын түзу тас жол бұрынғы облыс әкімі, қазіргі сенатор Елеусін Сағындықовтың ойылдықтарға жасаған сыйлығы. Трасса қысқа мерзім ішінде тартылды. Ал шараға келсек, бұл тарихи мекен. Неге десеңіз, осында Ұлы Жібек жолы тармақтарының бірі, нақтырақ айтсақ, көне сауда орындары сақталған. Оның үстіне, бұл өңір Исатай мен Махамбет, Құрманғазы, Қазанғап, Мұхит секілді тұлғалардың кездерін жадына сақтаған. Сонымен қатар, кезіндегі рекордсмен – ақ тары атасының туған жері.


Қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты білмейтіндеріңіз кемде-кем болар. Иә, баяғыда ата-бабаларымыз қой бағып жүргенде жерді қаза салып қойдың құмалақтарымен осы ойынды ойнап, өз математикасын дамытқан-мыс. Кейін түрлі бағалы ағаштардан әдемі тоғызқұмалақ тақталары жасала бастаған. М.Әуезовтың «Абай жолында» осы тоғызқұмалақты ойнау барысы әдемі суреттелген.


















































Мінеки, жоғарыдағы осы сөздерді келесіде тіркелуде пәрөл етіп жазыңыз. «Ваш пароль неверный» деген жазу шығарып, пәрөліңізді есіңізге түсіреді.