Қазақстанда видеоблогерлер бәйгесі басталды, ең үздңк видео үшін жүлде – 1 000 000 теңге

  • KazNET

Қазақстандағы «Жастар жылы» аясында «A kind heart» қоғамдық бірлестігі «I’m from Qazaqstan» атты видеороликтер бәйгесін ұйымдастыруда.

Бәйге шарты бойынша қатысушылар өздерінің туған қалалары немесе ауылдары туралы қысқаша видеоролик түсіруі керек. Өз туындысында туған жері туралы, оның қызықты немесе маңызды жерлері туралы баяндап, туған жерінің туристер үшін қандай қызықтары бар туралы айтып беруі қажет.

Ең үздік видеролик авторы бас жүлдеге 1 000 000 теңге алады, екінші орын иесі – 500 000 теңге, ал үшінші орын иесі – 300 000 теңге алады. Бәйге қорытындысы бойынша финалға жеткен қатысушылар Қазақстандағы YouTube компаниясының ресми өкілімен келісімшартқа отырып, өз арналарының даумына қатысты мамандардың кеңестерін алады.

Бәйгенің мақсаты – Қазақстанда видео блог саласын дамыту, жаңа таланттарды ашып, дарынды жастарды қолдау және Қазақстандағы туризм туралы қызықты видео ақпарат санын арттыру.
Қолдау білдіруші: «Kazakh Tourism» компаниясы.

Жеңімпаздарды құттықтау салтанатты рәсімі 24-25 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстанды аша отырып» атты халықаралық блогерлер форумында өтеді.

Жарысқа қатысатын жұмыстар тамыздың 12-ші жұлдызына дейін қабылданады. Бәйгеге жасы 18-ге толған еліміздің барлық азаматтары қатыса алады.

Бәйге туралы толық ақпарат openqazaqstan.kz/ сайтында.

Батыс Қазақстан өңірінің ақпараттық тур қатысушылары шырайлы Шымқалада

  • KazNET

Ішкі туризмді одан әрі ынталандыру және ел ішінде өңірлердің туристік потенциалы туралы хабардар ету мақсатында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ақпараттық турлар циклін өткізу қолға алынып отыр, деп хабарлайды Silteme.kz.

Бірінші ақпараттық тур барысында Батыс Қазақстанның 4 өңірінің туроператорларынан құралған топ а.ж. 20-30 мамыр аралығында Нұр-Сұлтан мен Бурабайға барып, Шымкент және Сарыағаш қаласында, сосын Алматыға, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының туристік орындарына барады.

Жоспарға сәйкес, 22 мамыр күні Батыс өңірінің туроператорлары Шымкент қаласына келді. Шымкент қаласының туризм басқармасы жергілікті туристік қоғамдастықтармен бірлесе үшінші мегаполисте қонақтарға қаланың басты нысандарын көрсетіп, жергілікті компаниялармен b2b кездесулер өткізілетін болады.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – қаламыздың ішкі туризмін дамыту, басқа өңірлермен туристік байланыстар орнату және өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылау.

Алайда, ішкі туризмнің белсенді түрде өсуіне қарамастан, шет елдерге шығатын туристердің саны ішкі туристік ағыннан екі есе дерлік көп. Оның негізгі себептері, тиісті ұсыныс пен инфрақұрылымның жоқтығымен қоса, ақпараттың жетіспеушілігі болып табылады. Мысалға, елдің батыс аймақтарының тұрғындары Қазақстанның шығысында, болмаса оңтүстігінде не бар екенін білмейді, және керісінше. Сондықтан халыққа еліміздің туристік мүмкіндіктері жайлы ақпаратты тұрақты түрде бере отырып, оларды ел ішінде саяхаттауға ынталандыру керек. Әдетте, бұл жұмыстың алдынғы шебінде Қазақстан бойынша турларды жасақтап, жарнамалап, сататын отандық туристік компаниялар тұрады.

Қыз-келіншектерге арналған arular.kz сайты ашылды

  • KazNET
KazNET: Қыз-келіншектерге арналған arular.kz сайты ашылды
Қазақ интернеті тағы бір сайтпен толықты. Arular.kz сайтын 2007 жылы бір топ блогер қыз ашқан болатын, алайда техникалық себептерге байланысты сайт 1 жылдан кейін жұмысын тоқтатты. Бұл жолы сайт жаңа айдарлармен, сапалы контентпен толығып, жаңа концепцияда ұсынылып отыр. Сайт дизайны да кез келген экраннан оқуға ыңғайлы етіп жасақталған.

«Соңғы уақытта қоғамда орын алған тастанды балалар проблемасы, бойжеткендер арасындағы суицид, әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болуы, басқа да келеңсіз жағдайлар қыз-келіншектер арасында білімнің, психологиялық ақыл-кеңестің болмауынан хабар береді. Қазіргі таңда, бұл функцияны атқаратын қоғамдық институттар да, бұқаралық ақпарат құралдары да, тіпті ата-аналардың осы мәселеге келгенде салғытттық танытып отыр. Сондықтан да қыз-келіншектерге ақыл-кеңес беретін, қызықты материалдар ұсынатын сайт ашу көптен бері ойда жүрген жоспарымыздың бірі еді» дейді ұйымдастырушылар.

Сайт тек тәрбиелік-тағылымдық міндетін атқару үшін ғана емес, танымдық, коммерциялық мақсаттарда құрылған. Қазір сайтта «Сұлулық», «Сән», Отбасы", «Денсаулық», «Сезім», «Тағам» айдарлары бар. Сондай-ақ сайттың бұрынғы нұсқасындағы мақалалар да сақталған. Болашақта сайт аясында психологиялық кеңес, сұрақ-жауап бөлімдері ашылып, қыз-келіншектердің форумы құрылмақшы.

Сайт адресі: arular.kz
Әрі қарай

10 сұрақта Klout

  • KazNET
KazNET: 10 сұрақта Klout

1. Klout деген не?
Klout — 2008 жылы Сан Францискода құрылған әлеуметтік сараптама жасайтын компания. Әлеуметтік желі қолданушыларының белсенділік және ықпалдылық дәрежесін 1-100 арасындағы балл бойынша өлшейді. Жүйеге тіркелген қолданушы өзінің қаншалықты ықпалды екенін біле алады.

2. Klout-қа қалай тіркеледі?
klout.com сайтында қолданушы Twitter, Facebook аккаунты арқылы немесе жәй ғана email арқылы тіркеле алады. Бірақ, тәжірибеміз бойынша ұсынарымыз: Twitter арқылы тіркелу жеңілірек. Егер басқаша тіркеліп, кейін Twitter аккаунтыңызды қосқыңыз келсе мәселе туындауы мүмкін.

3. Кімдер тіркеле алады?
Жеке қолданушылардан бөлек компания, мекеме, ұйым немесе кез келген парақша тіркеле алады. Жүйеге Facebook парақшасын және өзге әлеуметтік желілердегі аккаунттарын қоса аласыз.

4. Ұпайлар қалай есептеледі?
Жүйеге тіркелгеннен кейін Facebook, Foursquare, Google+, Instagram, LinkedIn, Twitter, YouTube, Wikipedia аккаунттарын және парақшаларын қоса аласыз. Сондай-ақ Bing іздеу жүйесінде сіздің атыңыз жиі индекстелетін болса, ол да ұпай әкеледі. Тіркелгеннен кейін 72 сағат ішінде нақты ұпайыңыз шығады. Жүйе сіздің посттарыңызға деген басқалардың реакциясын есептейді. Яғни, посттарға лайк саны, бөлісім саны, пікір саны, оқырмандарыңыздың саны.

5. Неше күндік белсенділік есепке алынады?
Klout желідегі соңғы 90 күніңіздегі бөлісімдер бойынша мәлімет жинайды. Осы кезеңдегі ең төменгі және жоғары ұпайыңызды берілген график бойынша бақылап отыра аласыз.

6. Оларға бұдан не пайда?
Klout түрлі компаниялармен келісіп, өзінің қолданушыларына жеңілдіктер ұсынады. Қолданушылар ұпай сандары бойынша жаңа өнімдер, акцияларға қатысып, арзан бағамен сатып ала алады. Klout бұл компаниялардан комиссия алады.

7. Klout-тан маған не пайда?
Жоғарыда айтылған жеңілдіктерден пайдалана аласыз. Өзіңіздің желідегі перформансыңызды бағалай аласыз. Жұртқа сізден шығатын қандай контенттің қызығырақ екенін бағамдайсыз. Еліміздегі түрлі блогтур, акция, іс-шараларға шақыру аласыз.

8. Klout рейтингі не үшін керек?
Рейтинг көп жағдайда PR компанияларға, желідегі белсенділерді, блогерлерді қажетсінетін іс-шара ұйымдастырушылар үшін пайдалы. Өздеріне қажетті алаңдарда белсенділерді рейтинг арқылы қарап отырып, шақыра алады. Әр қолданушының Klout парақшасына кіріп, оның соңғы танымал бөлісімдерін қарауға болады. Осылайша кімнің қай желіде белсендірек екенін байқауға болады. Мысалы: бір жаңалықты тарату үшін Facebook белсенділері қажет болса, бір өнім немесе афиша тарату үшін Instagram белсенділері қажет. Ал, біреулер видеосын Youtube арқылы жарнамалатқысы келсе осы рейтингтен қажет адамдарын таба алады. Қазақстандық қолданушылар рейтингін kaznet.me/rating/personal сілтемесінен қарауға болады. Бұл жерде жеке қолданушылардан бөлек Компаниялар, БАҚ, Үкімет санаттары бойынша да рейтинг жасақталған. Ал, егер тек қазақша жазатын қолданушылар рейтингі керек болса: jas.kz/klout

9. SMM тұрғысынан қалай бағалауға болады?
SMM тұрғысынан өте пайдалы қызмет. Мықты SMM-ші рейтингтегі ұпайымен жұмыс берушісінің алдында мақтана алады, портфолиосына сенімді түрде қоса алады. Ал, жұмыс беруші жұмыстың қалай жүріп жатқанын қадағалай алады.

10. Ең үлкен ұпай кімдерде?
Барак Обаманың ұпайы 99. Нью-Йорк Таймс газетінікі де 99. Ал, Қазақстанда жоғары ұпайға Мұхамеджан Тазабек (77) пен Есен Елеукен (77) ие.

KazNET: 10 сұрақта Klout

Klout ұпайын көтеру бойынша кеңестер:
— өзіңіз жиі қолданатын барлық әлеуметтік желі аккаунттарыңызды қосыңыз;
— рейтинг басындағылармен, яғни күштілермен байланыста болыңыз. олардың репосттары, лайктары, коменттері маңызды;
— сапалы контент жасаңыз. пост санын көбейту нәтиже әкелмейді, сапалы контент ұпай көтереді;
— пікірталас құруға тырысыңыз. комент саны көбейген сайын ұпайыңыз да көбеймек.

P.S. Klout рейтингі үшін желідегі өміріңізді өзгертуге тырыспаңыз. Виртуал өмірдің мәні бұл ғана емес. Шынайы болуға тырысыңыз, сапалы контент жасаңыз. Рейтингі өздігінен келеді. Сәттілік!
Әрі қарай

Бизнес форумда айтылған 3 үздік старт-ап

  • KazNET
Желтоқсанның 3-4 Павлодарда «Білім және бизнес» форумы өтіп жатыр. Еліміздің 4 аймағынан келген студенттер, «Енактус» ұйымының мүшелері. Алғашқы күні тренингтер мен кездесулерден құрылды. Кездесулердің ішіндегі үздік деген, нақты жұмыс жасап жатқан
Әрі қарай

BAQ.kz сайтына 5 жыл!

  • KazNET
2010 жылдың күзінде Егеменнің веб-редакциясында қызметте жүрген кезім. Телефоныма бейтаныс номерден қоңырау келді:

— Саламатсыз ба? Аршат Оразов деген сіз бе?
— Иә, мен едім…
— Сізді бір жобаға шақырсақ деп едік. Министрліктің арнайы тапсырмасы бар еді…
— Толығырақ?
— Бізге сіз сайт жасайды деп айтты.
— Кім айтты?
— Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев арнайы тапсырды.
— Ол кісі мені қайдан біледі?
Әрі қарай

Блогиада туралы естеліктерім

  • KazNET
KazNET: Блогиада туралы естеліктерім
Боладысынан, керісінше, болғаны қызық сирек шаралардың бірі — блогиада да ақтық мәресіне жетті. Блогиаданы қорыту, мына пақырларыңыз үшін сонша қиын боларын өзі де білмесе керек-ті. Тақырыптың аты аталған сәттен бастап, ойыма түрлі идеялар мен естеліктер қаумалап қоя бергені сол, тіпті ішінен мен үшін ең маңызды сәттерді де іріктеу оңай болмады. Қалай болғанда да, осы шарада маған тілеулес болған оқырмандарым мен жанкүйерлерім үшін әйтеуір бір қызығы болар деген ниетпен басымнан өткен қызықтарды тізіп өткім келеді.


1. «Сүмесүт»

KazNET: Блогиада туралы естеліктерім
Құрметті оқырманның есінде болса, сүт тақырыбына ұсынған фоторебім мәзірі ұмыт болған сүмесүт тағамын дайындау турасында болған еді. Алайда, көбіңізге ұнаған бұл фотореп соңғы күні жасалғанын бірі білсе, бірі білмейді. Себебі… cебебі, ол алғашында видеореп болуы керек-тін. Иә, Эльвираның «Көктем» тақырыбындағы фурорынан кейін-ақ, құр жазба мәтінмен бұл сайыста алысқа шабу қиынға соғатынын түсінген едім. Содан ба, назарым бұрын соңды елемей жүрген ақпарат беру әдісі — видеоға бірінші ойысқан еді.
Оның жарыққа шықпау себебі, өзіме бейтаныс видеомонтаж бағдарламасында жасалған клиптің кенет опат болуында. Жалпы, бұдан кейін де бейтаныс форматтармен бірнеше рет тәуекелге бардым. Оның сәтті болғандары назарыңызға ұсынылды, ал сәтсіздері ноутбугымның терең қатпарында қала берді. Бірақ, сол сәтсіздіктен бері видеореп жасау талпынысынан бетім қайтып қалған еді.
«Видеосюжетофобиям» сол күйі комплексқа айналып кетпеуі үшін ақыры әлгі видеоны өздеріңізбен бөліскенім дұрыс деп шештім. (Ескерту: Видеода әдепсіз сөздер кездеседі :-)



2. «Дивани Хикмет»


KazNET: Блогиада туралы естеліктерім

Қазылар тарапынан да, оқырмандар тарапынан да үлкен қошеметке ие болған «Дивани Хикметке» арқау болған фотолардың жартысы «Еркін тақырып» берілмей тұрып түсірілген болатын. Иә, оны қазір мойындаудың реті бар шығар, атышулы диванымды мен тақырып берілмес бұрын жөндеп қойған болатынмын. Тақырып берілгенде көрнекілік үшін диванның тысын қайта шешіп алып, бүкіл процессті қадам-қадамымен қайта суретке түсіріп, симуляция жасаудың реті келді. Тіпті маталар дүкеніне қайта барып, сатып алған матамды тауып, оны суретке түсіруге тура келді. Тақырып берілгеннен кейін, маған тек сюжет желісін жасап, оған кішкентай орындықтың жасалуын қосып, «азан шақырып» репортаждың атын қою ғана қалған болатын. Ақыр соңындағы «Блогиада» жазуын әбден тәптіштеуге уақыт пен ниет қайдан пайда болғанын енді сіз де білесіз:)




3. «Синемалогия»

KazNET: Блогиада туралы естеліктерім
"Ұрыспаймын" деп уәде беріңізші тек. «Синемалогия» деген жазбада естеріңізде болса, алдымен бір топ жамағат психоаналитикке белгілі бір киноға қатысты пікірін білдіреді… Жоқ. Ондай киноталдауға қатысқаным да, жазылған пікірлердің болғаны да рас. Тек… дискуссияға қатысушылардың есімдерін есіме түсіре алмадым. Сол мезет көңіл-күйім дұрыс болмады ма, әлде жасаған жазбам өзіме ұнамады ма, қатысушылардың аттарын ойдан шығардым. Онда тұрған да ештеңе жоқ болар еді, әрине, олардың есімінің алғашқы әріптерін тігінен оқыған адам «далбаса» деген сөздің орысша баламасын көретіні болмаса…

4. «Асқар»

KazNET: Блогиада туралы естеліктерім

Бұл видео тек ішінде «аса мәртебелі» өзімнің болғандығымен есімде қалады деп ойлайтын шығарсыз. Әрине, ол да бар. Дегенмен, блогиада финалынан есектей дәмесі мен мамонттай мүмкіндігі болған Жандостың сол видеоны жасау кезінде Шиеліге келіп қандай қиындыққа ұрынғанын көру де бір қызық болды. Мысалы, менімен жаттығу залына барғанда, камерасы бар адам көрсе үркитін басшылықтың «съемка» жүргізуге келісімін алу үшін жарты сағатымыз кетті. Оның барлығы Жандостың дайын өніміне кірмеді. Сондай-ақ, Жандос пен оның досы, әрі уақытша «операторы» арасындағы қызықты қарым-қатынасты да көрген жоқсыз. Бәрін Джеймс Камерондық перфекционизммен «как положено» қылғысы келген таза режиссерлерше күйгелек Жандосты жұмыс үстінде көру бір кәйп те, оның ескертулеріне ара-тұра тіксініп қалатын досы Нұралының шырт кетіп, «арс» етіп өзіне кейіп тастайтын сирек сәттерін көру бөлек бір ғанибет:)

Шиелінің негізгі тасжолымен күннің аптабына көніп, бірі камера, бірі штатив, бірі рюкзак арқалаған үшеуіміздің қасымызға бір көлік тоқтап, ішінен қазандай бір бас шығып, «Ей, не істеп жүрсіңдер?» — дейді. Біз, шыны керек, бір-бірімізге қарап, бір сәт аңтарылып қалдық. «Кетнақ» деу керек пе? Жоқ әлде бірдеңе бүлдіріп жүрген бүлдіршінше «Жоқ, ағасы ештеңе, жай ойнап жүрген» — деуіміз керек пе? Бәлкім, оларға блогиаданын не екенінен бастап түсіндіріп, лекция оқуымыз керек пе еді?
— Сізге қатысы жоқ. Жігіттер, жүре беріңдер! — дедім мен бір кезде.
— Ей, нақ, мен адам сияқты сұрап тұрмын!— дейді анау жауапқа қанағаттанбағанын білдіріп.
«Аға-көкелеп» оны шығарып салып болып, келе жатсақ, алдымыздан жол полициясының көлігі көрінді. Кенет, Жандостың досы — Нұралы жүгіріп барып, көліктің ішінен бір жас баланы сүйреп алып шықты да, оны қыспаққа алып жатқан жол полициясымен ерегесе бастады.
Жандос екеуміз аң-таң күйі жақындадық. Камераны көрген жол полициясы да ыңғайсыз күйге түсті. Бақсақ, мәселенің мән жайы мынада екен. Нұралы — қазір Астанада жұмыс істеп жүрген Шиелілік режиссер жігіт. Ал жол полициясы ұстап алған жас бала оның қара шаңырақта қалатын інісі болып шықты.
Нұралының ашуына себеп болған — жол полициясының жас баланы документсіз көлік айдағаны үшін соққыға жығайын деп жатқаны. Оның бәрі камераға түсіріліп жатыр. Әйтеуір, жолполшылар тап солай ойлауы үшін барлық жағдай жасалды.)))
Нұралының інісінің кінәсы — құжатын үйде тастап кеткені. Ал жолпол қызметкерінікі — оған қол жұмсауға әрекеттенгені. Баланың мойнында тіпті қолдың іздері қызарып қалып қойған. Видеоайғақ бар. Куә бар)))
Шиеленіс тереңдей түсер ме еді, Жандос ортаға араласып, мәселенің дипломатиялық шешімін, яғни бас аман, көз түгелде инцидентті ұмытып, тыныш тарқап кетуді ұсынбағанында. Бұл шешім жолполшыларға да, сіңбіруге уақыт таппай жүрген бізге де керек еді. Сөйтіп, бәріміз өз жайымызға кеттік.
Небары бір сағатқа жетпес уақыт аралығында, бейтаныс мекенде жергілікті бюрократиямен де, «гопниктермен» де, жол сақшыларымен де қақтығысып үлгерген Жандостың жайын түсініп отырған боларсыздар.
Welcome to Shiely, Жандос!


5. «Пицца»

KazNET: Блогиада туралы естеліктерім
Баяндаудың ең ежелгі әдісі — ертегі форматын «киім» тақырыбында қолдану ойымда жоқ еді. Ол айланы мен осы фастфуд тақырыбында қолданып көрмек едім. Пицца жасалды, фото түсірілді, бірақ әңгімемнің желісі ертегі форматына еш үйлеспеді. Қисық-қисық, эпизодтары бір біріне жұқпайтын ертегіні жариялағым да келмеді. Сөйтіп, интернет кезіп, жаңа форматқа шабыт іздеп, ақыры таптым-ау дегенде… кен орнындағы шағын вагоншығымыздың генераторы бұзылды да қалды. Бұл бірінші рет емес. Бірақ, осы жолы шеберлер генератордың тек таңға жуық қосылатынын айтты. Ал маған жазбамды жариялау керек.
Болды. Бітті. Осымен, менің блогиададағы жолым аяқталған шығар. Қайта, осы кезге дейін, жолым болғанына Құдайға мың алғыс айтуым керек шығар. Әдепкі кезде, келіншегіме звондап, нобайда тұрған жазбамды жариялауын сұрайтын едім. Бұл жолы, нобайда тұрған жазбам да жоқ. Қашанғы жолым бола берсін… Сөйтіп, шүкірфонымнан Жандосқа звондап, «Осымен, біздің жол да аяқталды!» — дедім.
Жандос әрі-бері альтернативті варианттар ұсынып көрді. Бірақ, оның ешқайсысы менің жағдайымда жүзеге асыруға келмейтін. Тіпті, «Мен үйге жетіп алайын, сен маған пароліңді айтып, телефон арқылы мәтінді баяндап тұр, мен жазайын, көрнекіліктерді кейін жарық қосылғанда қосасың!» — деген ұсыныс та жасады. Үйдегілерге де хабарын жеткіздім. Олар да демін ішіне тартып отырды. Осы жанталасымды көріп отырған бастығым да алаңдай бастады.
— Оскар, мердігерлерден жаңа генератор сұрап көрсек қайтеді?
— Көрейік, Митч, болса — болды, болмаса — қойды енді.

Жаңа генератор жол-жөнекей еш жерде батып, тұрып қалмай, дер кезінде жеткенінің өзінде, бізге әлі басқа қондырғыларды көшіру қажет еді. Бұл екі мәселенің үйлесе қалу ықтималдығы нөлге жақын ғой. Дегенмен, біз тапсырған жаңа генератор біздің мынау ит өлген жерге дер кезінде жетті емес пе!? Жеткенше телефондарына бізден де дамыл болмады:)
Сағат кешкі тоғыз бен онның арасы.
"Ә, көзің ашылғыр, келдің ғой жарықтық!"
Ноутымды ашып, жазған шытпағымды түгел өшіріп тастадым да, бағана тауып алған онлайн-сервисімді ашып, басқа бірдеңелерді жасап тастадым. Ертегіге де бір кезек келер, бірақ бұл жолы емес.


Назарыңызға тұрады-ау деген естеліктерімнің сиқы — осы. Доданың басы-қасындағы барлығыңа рахметімді айта отырып, Айжан Кульмухамбетоваға қайтпас қайсарлығы үшін, Жандос Құсайынға маған жаңа планкалар қойғаны үшін, бірінші кезеңнің бірінші турын аутсайдер болып бастап, талап пен қажырлық арқасында біртіндеп жетінші орынға, одан үшінші орынға секіріп, анық фаворит екендігін баршаға мойындатқаны һәм өзінің мінезі сияқты жып-жылы посттары үшін Айгерім Кеулімжайға ерекше алғысымды білдіремін. Айгерім, мен сенің талантыңа ешқашан күмән келтірген емеспін!
Барша жанкүйерлер мен тілектес қауымға сенімдері мен рухани дем бергендері үшін басымды иемін.
Блогиаданы менен сұрасаңыз, әрбір блогер өмірінде бір рет болса да басынан өткізуіне тұрарлық, теңдессіз тәжірибе деп білемін. Сондықтан, келер жылғы блогиадаға блогерлердің барлығын қатысуға үгіттеймін.
Блогиада мені бармайтын жерлерге барғызды, айтпайтынды айтқызды, іздемейтінді іздетіп, әдетте қызықпайтын салама қызықтырды. Талаптансаң, мүмкіндіктің кеңи түсетініне келесі бір мәрте көзімді жеткізді… Бла-бла-бла кезекті мерекелік, көзіне жас алып, елжіреп тұрған қимастық тост тәрізді пост бұл, иә. Әйтсе де, блогиада аяқталғанымен, қазақ блогосферасында енді қарымды блогерлердің, сапалы посттар мен талғампаз оқырмандардың жаңа дәуірі басталғанына сенемін. Ал, құтты болсын!
Әрі қарай

Қазақстан ұстаздарының әлеуметтік порталы

  • KazNET
KazNET: Қазақстан ұстаздарының әлеуметтік порталы

"Қазақстан ұстаздарының әлеуметтік порталы" деп аталатын бұл жоба, Қазақстанның білім беру кеңістігіндегі, оның ішінде ғаламтор әлеміндегі бостықты толтыруды көздейді, өздеріңіз білетіндей Қазақ тілді ғаламтор әлемінде білім саласына қатысты сайттар көбейіп келеді, сол сайттардың ішінен ешқайсысына ұқсамайтын өзіндік ұстаным қалыптастырып, өзіндік функцияларымен ерекшеленетін портал құру біздің көздеген мақсатымыз болды, осы барыста көп іздендік, басқа сайттарды зерттедік, сараптама жасадық, немен ерекшеленеміз деп ойландық, бұдан бұрын сайт құруда жиналған тәжірибемізден қортындылар шығардық, көпшілік әріптестеріміздің (ұстаздардың) ІТ технология жағынан әлі де ең бастапқы деңгейде тұрғандығын назарға алдық, ең бастысы сапалы да қолжетімді ортақ білім қорын құруды мұрат еттік. Осы қорытындыларды сарптай келе сайттың функционалдық мүмкіндіктерін ұстаздарға барынша бейімдеуге тырыстық, ал патша көңілді ағайын сайттың бета нұсқасына бағаларыңызды беріп, сын көздеріңізбен қарап жіберсеңіздер, сурет жағынан біраз кемшіліктері бар, суретті барынша сапалы көрсету үшін жұмыс істеп жатырмыз, аударманың сайт бетіндегі лекцикалық сәйкестігін қадағалап, байқалған қателіктерді дұрыстап жатырмыз, неде болса Қазнетке жаңа сайт қосылды.
Әрі қарай