ЖАТырқадым...

Киностан: ЖАТырқадым...

Ермек Тұрсыновтың ЖАТ фильміне бардым. Фильмде ашаршылық жылдары, коллективтендіру, репрессия, соғыс, соғыстан кейінгі өмір суреттеледі. Бас кейіпкер кішкентай кезінен жетім қалып, тауға кетіп, қоғамнан оқшауланатын жігіт. Табиғатпен бір болып, аң аулап, үңгірде өмір сүреді. Яғни, жат, оқшау, жалғыз. Жанашыр достары, махаббаты бар.

Фильмде Тұрсыновтың қолтаңбасы анық сезіледі. Қазақ өмірі, болмысы, тәңіршілік, дыбыстар, табиғат… Операторлық жұмыс, режиссура, дыбыстау, бәрі жақсы. Ал оқиғалар өрбісі, сценарий күткенімнен төмен болды. Орташа деңгейде. Грим де тым қалың болғандай. Әлде Оскарға дайындалған фильм деп аталғаннан кейін көп күтіп қойдым ба?

Фильм басында ашаршылық жылдарында 5 миллиондай қазақ өлді деп анонс беріледі, бірақ бұл анонсты ақтарлық ештеңе байқай алмадым. Тышқан аулап жеп отырған әке мен баланың басқа ауылдарда адам жейтіні туралы айтқаны ғана ма әлде? Фильм жоғары темппен басталып, орта тұсына жетпей темп төмендеп кетіп, көрерменді жалықтырып алады. Сондай-ақ тым ұзақ та. Ұзақ болуымен қатар оқиғалардың бір бірімен байланысы үзік-үзік, әлсіз байланған. Кей жерлерінің тым алшаңқы болуына байланысты көрермен өзі ойлап, құрастырып отырады «осыншама уақыт ішінде не болды екен, әлде бұлай ма екен?» деп. Мысалы бас кейіпкер басында жиі келіп тұратын ауылына, кейін бірнеше жыл жоқ болып кеткен болады, сол кезде қайда болғаны да түсініксіз. Өйткені ол тек аң терісін сату арқылы ғана өзіне қажет нәрселерді алдыртып отыратын. Жылдардың тез өтуі мен оқиғалардың әлі бір кезеңде болуы да адамды ойлантады, қалайша мұндай қысқа мерзімде кейіпкерлер тез ер жетіп кетеді деп. Бас кейіпкерді басында тұлға ретінде қабылдап отырып, кейін қарапайым, өмірде еш мақсаты жоқ адамға айналдыруы да күмілжітті.

Жеке өзім киноны сценарийі бойынша бағалаймын. Фильм көркем, бірақ сценарийін мен алдын ала «оқып» отырғандай болатын болсам мені таң қалдыра алмады деген сөз. Сонысымен ұнамады маған.

Ал, жалпы философиялық мағынасы қызық. Г.Г.Маркестің Жүз жылдық жалғыздығындағы кейіпкерлердің барлығының жалғыз болуы сияқты бұл фильмдегілердің де барлығы жат. Кеңес үкіметінің қазақтардың болмысын өзгерткен жаңа саясаты да, жер аударылған адамдар да, қазақтардың мінезі де, тіпті фильмдегі ерлі-зайыптылар да бір біріне жат. Тек басты кейіпкер ғана жат емес. Ол өзінің болмысымен, негізімен, табиғатымен бірге.

Тұрсыновтың «Келіні» оскарлық фильм еді. Ал, ЖАТ — жат…

Әрі қарай

Бәріңе! Шақырту! Ашылу!

Құрметті, блогшылар! Бұрыннан жоспарланып жүрген жобамыздың (Блогшылар құрылтайына қатысқандар біледі) пилотты нұсқасы дайын болып қалды. Жоба деп отырғанымыз kinostan.kz сайты. Бүгін жұмадан сенбіге қараған 8 сағаттық түнді порталдың тех.жұмыстары мен аударма жұмыстарына арнауға тура келіп тұр. Өйткені сенбі күні, яғни ертең, яғни 11 маусымды сайттың ресми ашылған күні деп жариялағымыз келеді. Сол орайда, сайтпен кеңірек таныстыру үшін блогшыларды, журналистерді шақырамыз. Баспасөз-маслихаты дейін десек беделді БАҚ өкілдеріне ресми шақырту жіберген жоқпыз, және жар сала жариялауға үміттерді ақтай алмай қаламыз ба деп қорқып отырмыз. Жәй ашылу салтанаты дейін десек, салтанатты ештеңе жасамаймыз. Жәй ғана сайтты таныстыру, көрсету, қызығушылық ояту, сұрақтарға жауап беру және серіктестер мен кино саласында жаза білетін көмекшілерді іздеу.
Әрі қарай

Хардкор: Армандар орындалады!

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
Сықырлаған кресло, сыбырласқан жұрт, сораптала ішілген сусын, попкорн иісі. Кенет шам сөніп, экранға жан бітеді де… құлақ-шекеден жұдырық тиеді, мойынға пышақ сұғылады, маңдайға оқ тиеді. Және осының бәрі слоу-момен көрсетіледі.

Иә, құрметті оқырман, мұның бәрі — «Хардкор» фильмінің алғашқы титрларында көрсетілетін көріністер. Ары қарай жүретін оқиға әлгі ел аузындағы сөз секілді: "… чем дальше в лес, тем страшнее".

Қазақтардың ара-тұра қопаңдап қалуына себепкер Тимур Бекмамбетов продюсері болған «Хардкор» атты фантастикалық экшн бүгіннен бастап кинотеатрлардан көрсетіле бастайды. Кеше көріп шыққан киноның әсерінен әлі арыла қойған жоқпын, соныммен бөлісе отырайын.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
Не:
Атауы: Хардкор
Түсірген елдер: Ресей, АҚШ
Бюджеті: $2 000 000
Жанры: Экшн, фантастика
Қазақстандағы премьерасы: 7 сәуір 2016
Ұзақтығы: 96 минут

Кім:
Режиссері: Илья Найшуллер
Продюсерлері: Тимур Бекмамбетов, Илья Найшуллер
Сценарий: Илья Найшуллер
Рөлдерде: Шарлто Копли, Данила Козловский, Хейли Беннетт, Андрей Дементьев, Сергей Шнуров, Тим Рот және т.б.

Не туралы:
Бас кейіпкер Генри әлдебір зертханада есін жияды. Жанында «сені сүйемін, жан жарыңмын» деп өзін таныстырған Эстель атты хас сұлу болады. Атыс-жарылыстан айрылған аяқ-қолы темірге ауыстырылған. Жалпы өзін адам деп ауыз толтырып айтуға келмейді. «Буырқанған, бұрсанған, мұздай темір құрсанған» біреу.

Бір уақытта зертханаға фильмнің зұлымы Акан баскесерлерімен басып кіреді. Азды-көпті атыс пен қуғыннан соң Генридің әйелі Эстель Аканның қолында қалады. Сүйіктісін құтқармаққа бел буған Генри Джиммимен танысып, Аканға қарсы күреспекші болады.


Қайдан шықты:
2013 жылдың көктемінде Biting Elbows атты инди-рок тобы «Bad Motherfucker» атты әнге клип түсіреді. Ролик аса танымал болып, бір айдың ішінде 23 миллион қаралым жинайды.


Клипті көрген Тимур Бекмамбетов топтың негізін қалаған Илья Найшуллерге толықметражды фильм түсіру туралы ұсыныс жасайды. Әуеліде бас тартқан Илья кейін келісіп, жобаның режиссері һәм сценаристі атанады.

Не ойдамын:
Сөз жоқ, «Хардкор» — бір кездердегі «Рейд», былтырғы «Безумный Макс» секілді кинотекамнан ойып орын алатын фильм. Алған әсер мен шығарған қорытындыдан кейін анда-мұнда шашылып қалған ойымды жинақтасам, бұлай деуіме тым жалпылама айтқанда бес себеп бар екен.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
1. Фильм бірінші жақтан түсірілген. Жобаның жаңалығы да осы. Әрине, «Хардкор» Америка ашып отырған жоқ, сюжетті бас кейіпкердің көзімен көрсететін туындылар болды, бірақ олар не сәтсіздікке ұшырады, не фильмнің ішінен бірнеше минут берумен ғана («Doom» секілді) шектелді. Менің ойымша, бастан-аяқ осы стильде жасалған және табысты болатын алғашқы жоба осы «Хардкор» сияқты.

Оның үстіне біздің заман ойын мен киноның, шынайы кадр мен салынған суреттің арасын барған сайын жақындатып, шекарасын жойып барады. Call of Duty мен Medal of Honor ойнап өскен біз бен одан зорғысын көрген кейінгі ұрпақ үшін контенттің көрерменге жақын, оқиғаның барынша әсерлі болуы (тек сюжет тұрғысынан емес) маңызға ие.

Фильмнің бірінші жақтан түсірілуі — тамаша эффект. Бас кейіпкер төмен секіргенде аяғың селк етіп, жинап ала қоясың, өзге актерлердің тура саған қарап, сөйлегені мойын бұрып, өзге нәрсеге алаңдауға мүмкіндік бермейді. Бір сөзбен айтқанда, көру керек, сезіну керек.

«Еркек қанша жаста болмасын, басқаратын ойыншық тікұшақ сатып алуды армандайды» деген сөз бар ғой. Сол секілді компьютерлік ойынның дәмін татқан кез келген адам (мейлі ол гик болсын, мейлі ол бірнеше рет қана атысқан нуб болсын), денсаулыққа қауіп төнбейтіндей қылып осы ойынды өмірде қалай жүзеге асырса болады деп ойланғаны анық. Міне, сол арман орындалып отыр.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
2. Фильм қаталдыққа толы. Былжыратып қан-жынын ағыза беретін хоррорларды емес, қырғын төбелесті көрсететін және адамның ауыр темір, жалаңдаған пышақ, зуылдаған оққа қарсы тұра алмайтын әлсіздігін аяусыз беретін фильмдерге айызы қанатындарға «Хардкорды» ұсынамын. Рейтингі бекер «R» (17 жасқа толмағандарға ата-анасынсыз көруге болмайды) болсын ба, ананы көріп отырып, өзің барып келгендей әсерде қаласың. Оған жоғарыда айтылған эффектті қоссаңыз, тіпті де сұмдық. Фаталити, қысқасы.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
3. Актерлік ойын. Әрине, айналасы бес-алты актерде неғылған ойын бар деуіңіз мүмкін, алайда өз басым Джиммиді ойнаған Шарлто Копли мен Аканды сомдаған Данила Козловскийді ерекшелеп айта кетер едім. Алғашқысы әлжуаз лохтан бастап брутал альфа-еркекке дейін ойнай алатынын баяғыда-ақ дәлелдеген ("№9 аудан" дәлел), бұл жерде де Джиммидің бірнеше образын тамаша жеткізіпті, соңғысы қыз-қырқынды ұлардай шулатқан метросексуал кейпінен алшақтап, әуесі, әумесер, ауруды жақсы көрсеткен.

Әрине, бұлармен қоса бастарына GoPro камерасын киіп, бас кейіпкердің (түрін көрмесек те) жүгін арқалап шыққан оншақты жігітке де құрметімді білдіремін.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
4. Әзіл. Иә, «Хардкорда» жақсы әзілдер бар. Және ол тек американ спецификасындағы біз түсіне бермейтін қалжыңдар да емес, соңғы кезде ТМД-лық, әсіресе ресейлік кинематографта көбейіп кеткен дәрети-алкогольдік құсық та емес, дәл уақытында айтылған, кейде "қара әзіл" стилінде берілетін фразалар.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
5. Эстельдің рөлін ойнаған Хейли Беннетт.

Қорытынды:
«Хардкорға» бару керек. Біріншіден, ерекше эффекті бар (бірінші жақтан түсірілген, бас кейіпкердің түрін көрмейсіз), екіншіден, сапасы жап-жақсы экшнді көріп қайтасыз. Оның үстіне фильмнің Ресейде түсірілгені ментальдік тұрғыдан бізге жақын: біраз қалжыңды, сюжеттік кейбір бұралаңдарды жақсы түсініп отырасыз.

Берген бағам: 8/10

Әрі қарай

Рецензиялар шайқасы: "Маймылдар көтерілісі"

Қисық пен Патиктің рецензия түріндегі шайқасы.



Алғаш рет рецензия түріндегі батл! Тақырып: "Маймылдар көтерілісі" фильмі.

Фильмдер үнемі екі жақты пікір тудыратыны белгілі. Біреулер мақтап жатады, біреулер даттап жатады. Біз де тыныш жатып алмай, екеуміз көрген бір фильмге екі түрлі рецензия жазып көрмекпіз.

«Керекинфо» сайтында. Бүгін. Күтіңдер!

Толықтыру: Батлға арналған рецензияларды мына және мына жерден оқи аласыңдар!
Әрі қарай

"Көліктер-2" трейлер

23-маусымнан бастап Қазақстан кинотеатрында шығатын «Көліктер-2» фильмінің трейлері шықты. Трейлер бойынша қарасақ, аударма да дубляж да керемет шыққан сияқты. Жазулары бірақ сол күйінде қалған екен, мұны ақшаның аздығынан деп түсіндіріпті
Әрі қарай

Санжар Сұлтанов: Burning Daylight (Уақыт күттірмейді). Трейлер.



Канадада өзінің жеке киностудиясын ашқан Санжар Сұлтановтың алғашқы әлемдік деңгейдегі киносы таяу күндері экранға шығады. Соның ішінде қазақстандықтар да бұл киноны көре алады. Дәлерек айтсақ 3 наурызда. Сюжеті Джек Лондон әңгімелерінің негізінде құрылған екен. Жамбыл облысы Қордай ауылынан шыққан жас режиссердің фильмі өткен ғасырдың 20-жылдарындағы Уолл-Стриттен шыққан ұрылар мен банкирлердің өмірін баяндайды. Криминалды драма жанрындағы кинотуындының бюджеті 250 000 доллары екен. Айтпақшы, кинода Санжардың өзі де ойнайды. Ал басты рөлді бізге «Побег» фильміндегі педофил рөлімен таныс Роберт Неппер сомдайды.

Әрі қарай

Жан түршіктірер "Пленницы" фильмі

Киностан: Жан түршіктірер Пленницы фильмі
«Пленницы» (2013) — соңғы он жылдықтағы ең үздік психологиялық триллердің бірі. Күңгірт атмосферасымен, жаңбырлы ауа-райымен, өз рольдерін жақсы сомдаған актерларымен және үрей тудыратын саундтрегімен қамтылған кино. Фильм 2,5 сағаттық болса да, соңына дейін шиелініскен жағдайда отырасың.
Фильм, атынан-ақ белгілі, кішкентай екі қыздың із-түссіз жоғалып кетуі жайында. Дағдылы бір күнде, Массачусетс штатының кішігірім қалашығындағы екі отбасының бірінің үйінде қонақта отырған шағында болған келеңсіз жайт.
Күдікті ретінде тәтесінің қарамағындағы психикалық ауру жігіт ұсталады. Бірақ осы күнге дейін бір жұмысты сәтсіз орындамаған детектив ақыл-есі он жасар жігіттің мұндай қылмысқа баруына күманданып, түрмеден босатады. Себебі бұл маңда кезінде сексуалдық тұрғыда сотталған басқа да тоғыз қылмыскер бартын. Жалғыз күдіктінің босатылуына қарсы болған қыздың әкесі полицияға қарамай, уақыт өте қыздардың аман қалу мүмкіндігінің аздығын меңгеріп, «надейся на лучшее, готовься к худшему» деп өзінің тергеу жұмысын жүргізеді.
Мен үшін бұл фильм «қылмыскер кім», «қалай ұсталады» екен деген жай ғана тергеу ісі емес, нағыз драмалық шығарма, жан түршігерлік трагедияны көрсеткен сияқты. Басты рольде Анджелина Джоли ойнайтын «Подмена» секілді, бұл фильмде де уайымдап бітесің. Қайғылысы, бала ұрлап өлтіретін маньяктар жер бетінде баршылық. Сол себептен де болар, шын өмірге ұқсайтындықтан болар, біртүрлі қызымды есік алдына да жалғыз жібермеймін деген үрейлі әсерде қалдым.
Актерлік құрамға келетін болсақ, басты рольдерде Хью Джекман, Джейк Джилленхол ойнайды. Осы екі актердің арқасында сағатқа да қарамай, жүрегімді ұстап толқу үстінде отырдым. Көруге тұрарлық, әсіресе балалары бар отбасыларына көруге міндетті фильм деп ойлаймын.
Әрі қарай

Фавн лабиринті. Көңіл мен көзді қатар сендіретін Кино



IN CONSILIIS NOSTRIS FATUM NOSTRUM EST»
«БІЗДІҢ ШЕШІМІМІЗ – БІЗДІҢ ТАҒДЫРЫМЫЗ»
Фавн лабиринтінің қақпасындағы жазу


«Теп-тегіс, жұмыр келген айналасы» /Абай/ туынды ілуде ғана, қанша жерден сапалы дегенмен, әлдебір тұсы көңілге қиыс келіп тұрады. Кірпік қақпай көретін фильм, бас алмай, күндіз-түні жата-жастана оқитын кітап, мың қайтар тыңдалса да жалықтырмайтын ән-әуен сирек кездеседі. Бірақ, кездеспей де қоймайды. «Фавн лабиринті» мен көрген сапасы аса жоғары саны аз жобалардың бірі болды.
Әрі қарай

Көліктер 2 (BDRip): Онлайн және жүктеп алу



Найзағай МакКуин мен оның досы Мэтр жаңадан қызықты да шытырман оқиғаларды бастан өткереді. Әлемнің ең маңызды да, айтулы жарысы — Әлемдік Гран-При басталмақ. Бұл сында Формула-1, NASCAR, Le Mans секілді барлық санаттағы жарысушылардың үздігі анықталмақ.
Әрі қарай

Жаңа фильм: Несиеге махаббат. Трейлер.



Кинотеатрдан 10-ақпаннан бастап көріңіздер!

Қазір несиеге бәрін де алуға болады. Тұрғын үйді де, автокөлікті де, тіпті, киімді де. Тек банк қарызын уақтылы өтей алсаңыз болғаны. Ал махаббат атты құдіретті сезімді несиеге алуға бола ма? Бұл сұрақтың жауабын режиссер Сәбит Әбдіхалықовтың «Несиеге махаббат» («Любовь в кредит») атты кино-комедиясынан таба аласыз /Ақтөбе газеті/

Әрі қарай