Фавн лабиринті. Көңіл мен көзді қатар сендіретін Кино



IN CONSILIIS NOSTRIS FATUM NOSTRUM EST»
«БІЗДІҢ ШЕШІМІМІЗ – БІЗДІҢ ТАҒДЫРЫМЫЗ»
Фавн лабиринтінің қақпасындағы жазу


«Теп-тегіс, жұмыр келген айналасы» /Абай/ туынды ілуде ғана, қанша жерден сапалы дегенмен, әлдебір тұсы көңілге қиыс келіп тұрады. Кірпік қақпай көретін фильм, бас алмай, күндіз-түні жата-жастана оқитын кітап, мың қайтар тыңдалса да жалықтырмайтын ән-әуен сирек кездеседі. Бірақ, кездеспей де қоймайды. «Фавн лабиринті» мен көрген сапасы аса жоғары саны аз жобалардың бірі болды.

Гильермо дель Тороның бұл киносын мен жақында ғана қарадым. Кім біледі, бес жыл өте я кете көргенде мұндай әсер алмауым да мүмкін еді, алайда дәл осы сәтте мексикандық режиссердың еңбегі мендік ми қатпарларын жаулады, тым… тым қатты әсерлендірді.

Шыны керек, «Блэйд» пен «Хэллбойды» түсірген режиссердан мұндайды күтпеп едім. Ары кетсе, «Террабитияға көпір» секілді фэнтези-ертегі болар деп ойлағам. Бірақ, «Әзәзіл омыртқасының» авторы ойымның күл-талқанын шығарды.



Фильмде 1944 жыл суреттеледі. Испанияда азаматтық соғыс жүріп жатыр, партизан жасақтары фашистерге қарсы ормандарда күресуде. Бас кейіпкер, Офелия атты 10 жасар қыз аяғы ауыр анасымен бірге өгей әкесі капитан Видальдың әскери лагеріне келеді. Қатал да қатігез, менмен Видаль Офелияны ә дегеннен жақтырмайды. Әскери орта, Видальдың тәкаппарлығы, анасының төменшіктеп, шетқақпайлай беруі кішкентай қыздың көңілін жаралайды.

Осы кезде ол лагерьдың маңындағы ескі лабиринт үйінділерін кездестіреді.

Бірде түн ортасында Офелия өзін оятқан кішкентай қанатты адамның соңынан еріп лабиринтке келіп кіреді. Қанатты адам оны лабиринттың иесі Фавнға әкеліп жолықтырады.

Фавн Офелияның сиқырлы патшалықтың ханшасы екенін, көп жыл бұрын жоғалып кеткенін айтады және патшалыққа қайта оралуға ұсыныс жасайды. Тек ол үшін алдымен жаңа ай тумай тұрып үш сынақтан өту керектігін жеткізеді. Офелия келіседі…



Фильмның сюжеті екіге бөлінген, бір жартысында азаматтық соғыс, ал екінші бөлігінде сынақтан өтуге тырысқан Офелия бар. Алайда әлдебір түйсікпен екі жартының бір бүтін екенін, өзара байланысты екенін сезінесің.

«Фавн лабиринті» адамды қойнына қысып, өзімен бірге тұңғиығына батырып әкететін фильмдер қатарынан. Дәл екі сағатқа созылатын туындының тез өтетіндігі соншалық, соңғы титрлар тізімі басталғанда әлдебір құмарлықты, тағы бола түссе екен, тағы созыла түссе екен деген тілекті сезінесің.



Туынды көрерменіне қиял сыйлайды, әркім оны өзінше түсінеді, себебі актерлардың ойыны, арнайы эффектілердің аса кәсіби түрде жасалғандығы, ертегілер әлемінің соншалықты шынайы, соншалықты табиғи шыққандығы адам ойының, санасының өз бетінше қорытынды жасауына мүмкіндік береді.

Бұл тек көзбен ғана көретін туынды емес, себебі сюжеттік желіден бастап сиқырлы сахнаға дейінгі көріністер көңілдің ең алыс түкпірлеріне өз жарығын түсіреді, әлдебір балалық ойларды оятпай қоймайды, әлдебір күйбең тіршіліктің тепкісіне түскен тылсым сезімдерде түртпектейді, әлдебір сәби-қорқыныштарды көз алдыңа әкеледі.

Мұның бәрі түсіру тобының кәсіби біліктілігінің жоғарылығында деп есептеймін. «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік қоюшы-суретші», «Үздік грим» номинациялары бойынша үш бірдей Оскарға ие болған туынды, сонымен қатар, музыкасымен де, сценарийімен де баурап алады.



Бір қарағанда бетке ұстар актерларының саны аз, алайда кішкентай Офелияны ойнаған Ивана Бакеродан бастап капитан Видальдың рөліндегі Серхи Лопеске дейін өз мойындарындағы жауапкершіліктерін адал атқарып шыққан. «Голливуд актерлары ақша, ал Еуропа актерлары өнер үшін киноға түседі» деген пікірдің кей-кейде жаны бар екеніне осындайда көз жетеді. Тек американдық Даг Джонс (Фавн, Бозарған Адам) ғана аталған сөйлемді жоққа шығарады.

Айтпақшы, Джонс Бозарған Адамның костюмін төрт сағат бойы киген екен. Сонымен қатар, Фавнның аяқтары да, бет-әлпетінің қимыл-қозғалысы да компьтерлік графикамен жасалмаған, ол үшін арнайы қуыршақ аяқтарды және масканы қолданған көрінеді. Бұл да болса түсіру тобының сапалы, шынайы нәтижеге қол жеткізу үшін жеңіл жолмен емес, қиындығы мол бағытпен кеткенін көрсетеді.



Empire журналы түзген «Әлемдік кинематографтың 100 үздік фильмінде» бесінші орынға ие болған «Фавн лабиринті» сөз жоқ ертегіқұмар әр киноманның тартпасынан табылуы тиіс кино. Рас, ол – қатігез кино, бірақ, фильмнен алған әсер кез-келген қанды кадрды ақтап ала алады.

P.S. Канн фестивалінде «Фавн лабиринті» аяқталғанда көрермендер 22 минут бойы қол шапалақтаған екен. Бұл – 1968 жылдан бері фестиваль кезінде болған ең ұзақ овация.
Бөлісу:

26 пікір

asaubota
осындайларды қалай қарайсыңдар? түсінбим
qisyq
адамдар деген қилы-қилы ғой. Бірақ, Аршат, саған ұнайды деген ойдамын, неге екенін))))
asaubota
менің кино қарау мүмкіндігім шектеулі. мен тек түсінікті, анық, сценарийі реал киноларды қараймын. комедияларды сол топқа жатқызуға болады. ужыс, фантастикаларды қарамаймын. тіпті порно екеш порноны да ұзақ қарай алмаймын.
qisyq
Порноны жалпы ұзақ қарау мүмкін емес қой. Маған да фантастика ұнамайды. Типі бір топ адам ғарыш кемесіне тиеліп алып бақса ғаламшарға ұшады деген сияқты. Бірақ ертегілерге, фэнтезиға оң қараймын. Ұнайды.
asaubota
фантастика дегенім де сол сен айтқан фэнтезилар ғой. просто тіл байлығым не емес та просто
madlen
Аршат, сізге сонда «Начало» ұнамай ма?
asaubota
ол қандай кино? көрмеппін.
madlen
Рекомендеймін! Обязательно қараңыз. Сосын Эффект бабочки мен Ванильное небо. Реал өмір мен біздің ойымыз, санамыздың ұштасып жатқанын суреттейтін фильмдер.
Gulzhanat
Фантастиканы оқыған кушті! Бір ғана Альфред Бестердің Феномен исчезновениясын оқып көріңізші.Ешкім ғарышқа ұшпайды.Подтексті керемет!
qisyq
Рахмет кеңесіңізге) Оқимын.
dark_nazgul
қияли киноларды жақсы көрем)))
dark_nazgul
қайдан тауып көрсе болады? баяғыдан ойда жүрген дүние еді…
qisyq
Мен дискісін алдым, интернеттен де табуға болады ғой.
Janasil
Қазақстанда ма беріп жатты ғой осыны қазақ тілінде.
qisyq
Хммм… қызық екен. Қазақ тіліне қалай аударды екен)))
patick
Екі адамнан құралған дубляждаушы топ та. Кадр сыртынан дыбыстау
Janasil
жаман шықпаған.
madlen
Маған осындай шым-шытырық араласып-құраласып кеткен сюжеті бар фильмдер ұнайд. Рахмет, қарау керек!
qisyq
Саған ұнайтынын білемін)))
dark_nazgul
соңғы кезде біздің арналардағы қазақ тіліне аударып беріп жатқан кинолардың… аудармасы емес (ол бөлек әңгіме ғой), дыбысталуы ұнамайды. фильмнің өзінің бүкіл дыбысын өшіріп тастап, құр қазақша дорожка ғана қояды. бір түрлі екен… интершумдар қайда? музыкасы қайда?
толық дубляж жасай алмайды екенсің, атам заманнан келе жатқан әдіспен істей бермейсің бе?
patick
айтпа, фильмнің бүкіл құнары кетіп қалады, сосын қарағың келмейді қанша күшті фильм болса да
meirzhan
Иә, әсіресе "Қазақстан" телеарнасы осымен күнәлі. Трансляция кездерінде де диктордың дауысынан басқа ештеңе естілмейді. Дым қызығы жоқ.
MrQ
маған ұнамады бұл кино
Gulzhanat
Сүйікті фильмдерімнің бірі! Соңғы үш-төрт абзацтағы инфа үшін мың рахмет.
qisyq
Оқасы жоқ. Киностас болған сізге рахмет)
Gastarbaiter
Таптым, ау әйтеуір.
Міне, осындай көрерменді қызықтыратын инфоға толы, қарапайым тілде, әрі интрига қосып жазған рецензияларың ұнайды.