Бүгінгі саябақтың көрінісі

— Мен күзді жақсы көрем.
— Әркімнің өз күзі болады…
— Менің күзім, ендеше осы күз.
— …
— Неге үндемейсің?
— Сені тыңдап…
— Мен күзді, сосын сені жақсы көрем…
— Рахмет, сен көп нәрсені жақсы көретін сияқтысың ғой…
— Жоқ, тек сұлу күзді, сосын сұлу қызды сүйем
— Ал маған, сары күз — кәрі қыздың өмірі секілді, сүреңсіз, жалықтырарлық…
— Сен қатыгезсің…
— Бәлкім…
— Бүгін осылай үнсіз қыдырыстап жүрейікші, жауын жауатын сияқты.
— Қолшатырымды қалдырып кетіппін.
— Мен саған қолшатыр бола аламын, қорықпашы
— Жылауық жаңбырды жек корем.
— Қашпашы менен…
— Кетейік, тоңдым…
— Менің жылыуым екеумізге де жетеді.
— …
— Сен мені сүймейсің…
— Қойшы, бастамашы…
— Бір рет болса да айтшы… сүйем деп…
— Түу, неге әр кездескен сайын сұрайсың?
— Иә, білем, саған қандай жігіт керек екенін
— …
— Тағы да үндемейсің? Бірақ мен сені оған бермеймін… Есіңде болсын!
— кімге?
— Топтарыңа жаңадан келген бала… Назгүл айтқан, сені ұнатады екен…
— Ал мен ше?
— Енді сенің де соған көңілің бар екенін сезіп қалдым.
— Сезгіш болсаң, менің жанымның нені қалайтынын біліп алшы… Жанымды жеп біттің…
— Жылама, жылауық күз құсап…
— Құрып кет!
— О, болмайды. Ешкімге бермеймін, ешқайда кетпеймін.
— Сен маняксың!
— Сені сүйгеннен манякка айналдым. Ал сен… ал сен қайдағы біреуге бола… Оны тіпті танымайсың да ғой…
— Мейлі, сенен құтылсам болды… Азабыңның таусылар күні бар ма?
— Бар, маған күйеуге шық!
— Ойлама!
— Онда кет, анау жәдігөй еркекке барғың кеп тұрған шығар, аа, білем, сен екеумізбен кезек кездесіп жүрсің ғой… Тоқта…
— Жібер, жұлқылама. Жібер деймін!
— Мен сен үшін жүрмін осы жақта. Есіңде болсын, маған күздің де, сұлу қыздың да бір тиынға қажеті жоқ, түкірдім бәріне, шешем сені алып келмесең кірмейсің деген үйге. Так что мен сені ешкімге бермеймін. Ұқтың ба?
— Есалаң, мені сен емес шешең алайын деп отыр ма?
— …
— Сен сүймек түгіл сөйлеудің де жөнін білмейсің!
— Сен сияқты университетте оқымаймын.
— Бірақ университетте оқитын қызды алғың келеді…
— Маған сен керексің… Неге түсінбейсің? Сүйем сені…
— Қойшы, жіберші…
— Жаңа ғана тоңып тұр едің ғой…
— Сен жылытпай-ақ қой… Жылуыңа зәру емеспін!
— Солай ма? (шапалақ)
— Сұмырай… Қолың сынсын! Жолаушы болма маған…

Жаңбыр сіркірей бастады. Жылай жүгірген қызға қарай ұмтылған жігіт қалт тұрып қалды. Жаңбырды жек көріп кетті… Күзді де…
Әрі қарай

Әпенділер

Естелігіме кейіпкер болып тұрған екі әпенді де қазір о дүниелік болып кеткен. Жеке-жеке,әр қайсы өз жолымен.
Сканворд шешу
Темірхан аға.
Мен Балқашта 10-11 оқып жүрген жылдары қазақша сканворд газеттерінің дүрілдеп тұрған дәуірі еді күн құдайы раңдысс… Демалыстарда ауылға келгенде қыстаққа соқпай кетпеуші едім. «Солдат» тәрізді газетермен бірге бір құшақ сканвордтарды да ала барушы едім. Темірхан ағамыз сканворд шешкенде қаты ойлана қоймаушы еді. Мысалы «ат әбзелі?» деген 5 торкөзден тұратын жауапқа ойына келген «Ноқта» деген жауапты жаза салатын. Астыңғы үстіңгі сұрақтарға шолу жасамаушы еді жарықтық… Сайып келгенде әлгі әбзел жүген болып шығатын. Бұл кісінің шешкен сканвордтарын дәретханада бұттан кетіп отырып оқығанымды несіне жасырайын…

Құсайын
Өмірден ерте кеткен бұл жігіт өзімізден 8 жастай ғана үлкен еді. Сканворд шешкенді ұнататын жандардың бірі еді. Темірхан ағамызбен таласып жүріп, біраз газетті өзіне алып алатын. Бұл кісінің сканворд шешкені тіпті қызық. Ұзақ ойланып барып жауабын жазатын. Бір сағата екі-үш жауап жазып қояды. Сканвордтың астыңғы-үстіңгі жақтарында зертеп алады. Зерттеуінің нәтиже беретіндігі сонша жауапьары қате шығып жатса да басқа сұрақтардың жауаптарының әріптеріне еш зиянын тигізбеуші еді. Мысалы, төрт әріптен тұратын дәнді дақыл. Оның екі әріпі табылып тұр. Бас әріпі «Т» болып, үшінші әріпі «Р» болып тұр. Көлденеңінен, тігінен шығып тұрған әріптерге зер салып, ұзақ ойланған құсекең дәнді дақылға «ТОРТ» деп жазып қойған еді…
Әрі қарай

Айт, жүрегім...

Көре алмадың, білемін, ақ жүрегім,
Өмірімнің құштарлықсыз бос өтуін,
Көзіме салғаныңда жез құрықты,
Тілеп едім,өмірімнің өзгеруін,
Қиялдап ем,ғажайыпқа бір енуді,
Қалай қатты қателестім, сақ жүрегім?

Білесің ғой, бердім саған бар еркімді,
Сондықтан сұрауым бар, жауап қайтар.
Біле тұра адамдардан бездірмедің,
Неліктен қиын сыннан өткізбедің?
Неге енді үндемейсің, жұбатпайсың,
Кеудемде жанның барын ескермедің,
Қатігез, ұшып-қонған, мас жүрегім…

Ұйқыда кеткен екен, жас күндерім,
Жаңа көрдім арманымның құлағанын,
Ылғи саған пәк сәбидей сеніп келдім,
Қалайша атқан таңды түн қылғаның?
Енді кімге тастарсың рақымыңды,
Сырын қимай, жасырған, қас жүрегім?
Әрі қарай

Терезе

Ол теледидардағы ауа райына да, интернет беттеріндегі болжамдарға да онша мән бермейтін. Қай уақытта тұрса да көзін тырнап аша салысымен терезеге қарайтын. Дұрысы терезеден далаға. Адамдар шолақ жең киімен жүрсе бұлда солай киініп, күрте киіп жүрсе сәйкесінше бұл да солай киінетін.
Кеше түні бойы бір сайтта әлдебіреулермен пікірталастырды. Не бұл оларды түсіне алмады, немесе аналар шынымен сөз ұқпайтын жандар. Бірнеше мәрте кофе ішіп, бірнеше мәрте оттығын қолына алып, мұрнынан будақ-будақ түтіндер шығарды.
Бүгін ұйқысы қанбай оянды. Екі сағаттан сәл аса ұйықтаған болар шамасы. Бүгін бір мекеме жұмысқа аламыз деген, солармен алдын-ала әңгіме-дүкен құруға барады. Ояна салысымен терезеге қарады. Ешқандай жан баласы көзіне ілінбеді. Көздері құйрығымен кері қарай, дәлірек айтсақ, құйрығымен алға қарай ұшып бара жатқан торғайларға түсті. «Далада жел қатты екен» деген оймен қалыңырақ киініп алды. Автобуста қалың киіммен отырған бұған жұрттар қайта-қайта мойындарын бұрып қарай берді.
Көп шегіп қойған тәрізді…
Әрі қарай

K-1 Rising 2012: Бадр Хари мен Андерсон "Брэддок" Силва

Кеше осы жарысты түнгі 4-ке дейін лайвстрим арқылы көрген едім. Жұмыс істеп отырғандықтан, бәрін көруге мүмкіндік болмады. Басты-басты дегендерінен көз жазбауға тырыстым. Сол кездесулердің видеосы шыққан екен, сендер де тамашалай отырыңдар

Бадр Хари мен Андерсон «Брэддок» Силва

Әрі қарай

«Қараңғы көлеңкелердің» жақсысы мен жаманы



Тим Бёртон мен Джонни Депп тандемі қолға алған жобаның ә деп басталғаннан-ақ елдің есін алмаса да, есінде қалып қоятын бір қасиеті бар. Оу бір кездері шыққан «Эдвард Қайшы-қолдардан» бастап, бертіндегі «Қалыңдық мүрдесі» мен «Ғажайыптар әлеміндегі Алисаға» дейін өзге мамандарда жоқ ерекше стильдің, айрықша киноның мысалы ретінде қарастырылады. 10 мамырдан бастап қазақстандық прокатта көрсетіле бастайтын «Қараңғы көлеңкелер» бұл екеудің сегізінші ортақ жобасы екен.
Әрі қарай

"Қыз көру"

Егер сіз 31-ші наурыз бен 1-ші сәуір аралығында Қарағанды шаһарында бола қалсаңыз «ASIA» сауда орталығына соға салыңыз. Бұл жерде осы күндер аралығында "Қыз көру" атты көрме өтеді. Негізінен бұл көрменің пайдасы жақын арада қандай да бір той, мерекені атап өтейін деп жатқан қарағандылықтарға таңдау мүмкіндігін беретіндігі байқалады. Себебі, бұл көрмеде тойға қажетті барлық қызмет түрлері топтастырылады.Атап айтсақ, кондитерлік өнімдермен айналысатындар, шаш, сұлулық салондарының өкілдері, фото-видео қызметтері, зергерлік бұйымдармен айналысатындар өз қызметтерін ұсынады.

"Қыз көру"-қазақ халқының салттарының бірі.Бұрындары ата-бабаларымыз атастырылу арқылы отбасын құрғанымен, кейбір ықпалды адамның балалары, сал-серілікпен айналысатын бірен саран жігіттер өзіне қалыңдық таңдап, ауылдарды аралайтын болған.Міне, осы салтты "Қыз көру" деп атаған.

Көрме жайлы мәліметтің түпнұсқасы
Әрі қарай

Шайтанның ақылы

Шайтанды шайтан деп қарағанымызбен олар да өз балаларына ақыл айтып, қамқорлық көрсетеді екен. Әке шайтан баласына ақыл айтып отыр дейді.
-Балам, мынау- от.Отқа түспе(шайтан оттан жаралған деп жатады ғой, неге қорқатындарын түсінбедім), күйіп өлесің.
-Мынау биік құзға да шықпа. Құлап өлесің.
Осындай ақылдарын айтып отырып бір адамды көрсетіп,
-Балам, анау қазақ. Оған да тақалма.Бір нәрсені бүлдірсе саған жаба салады-деген екен.
Расында да бізде «Шайтан азғырды» деген тіркес бар ғой
Әрі қарай