Керек-Ринг 24/04/2016

Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 24/04/2016

24 сәуір күні Астанадағы Бирхофф мейрамханасында Керек-ринг кезекті ойыны өтті. 6 команда қатысқан бұл ойында тағы да Бақсы командасы жеңімпаз атанды.

Ойында қойылған сұрақтар

Аршат Оразов дайындаған сұрақтар:

— Жапон тілінде 9 – кю, 3 – сан деп аталады. Жапондардың SMS сленгінде 39 саны нені білдіреді?

— 2010 жылдың желтоқсанында жарияланған бір интернет-комиксте 2 галл римдіктерден бір қағаздарды ұрлап бара жатады. Бір галлдың аты Астерикс. Ал, екінші галлдың аты кім?

— Тақтардың ойыны сериалы туралы бір мақалада сериалда Шон Биннің ойнауының өзі спойлер дейді. Неліктен?

— Бір фантастика жанрындағы романда 6 сиқыршы туралы баяндалады. Олардың үшеуінің аттары: Ай, Ай-Ай және Ай-Ай-Ай. Қалған үшеуінің аттарын атаңыз.

— FieldCandy атты фирманың өнімдерінің дизайндары ерекше. Мысалы: қарбыз тілімі, сыр тілімі, төңкерілген кітап, ұлу қабыршағы. Фирма не шығарады?

— ХІ ғасырдың басында Халим атты әмірші Әулие Екатерина монастырын құртпақшы болады. Бұл хабарды бәдәуилер монахтарға жеткізеді. Халим әскерлері монастырға келгенде ештеңеге тиісе алмайтындай монахтар аз уақыт ішінде не салып үлгерген?

— 60-жылдар соңында Ким Гроув атты суретші қыз жігітіне арнап, әдемі сөздер жазылған түрлі романтикалық суреттер салған. 1970 жылы оның жігіті бұл суреттерді қандай атпен сатылымға шығара бастады?

— Голливудтағы Жұлдыздар аллеясына танымал баскетболшы Мэджик Джонсонның да аты жазылуы үлкен жанжал туғызды. Джонсон кинотеатрлар желісінің қожайыны еді. Бұл оқиғадан кейін Джонни Грант атты продюсер Орвилл Реденбейкер деген бизнесменге де аллеяда бір жұлдыз арналсын деді. Реденбейкердің бизнесі қандай еді?

— Бірде Muse тобын бір телебағдарламаға шақырады. Бағдарламада ән де айтады. Бірақ солист пен гитарист барабанға отырады, барабаншы гитара мен микрофонды алады, бас-гитарист пернелі аспапта ойнайды. Әннен кейін барабаншы фронтмен болып сұхбат беріп шығады. Музыканттар неліктен бұлай істеген?

— Zara киім брендінің өткен қыстағы коллекциясынан танымал бір девизді байқар едіңіз. Қандай?

Мерей Ермұханов дайындаған сұрақтар:

— Актриса МИла КУниске ОНЫ ЖАСАУҒА «Сәттілік құны» телешоуы көмектесті. Ал «Тампы-Бэйдің» хоккеисті Никите КУчеровке ОНЫ ЖАСАУҒА «Тірі өліктер» («Ходячие мертвецы») көмектесті. Маған ОНЫ ЖАСАУҒА бірін-біір алмастырған қыз-келіншектер септесті, дегенмен мен ол кезде оқушы бала болдым.
«ОНЫ ЖАСАУ» тіркесімен біз қандай тіркесті ауыстырдық?

— ОНЫҢ француздық моделдерінің бірі «Президент» деп аталады. Оның олай аталу себебі Франсуа Олланд ОНЫ өзінің ашынасына барған кезде кигендіктен. Оны екі сөзбен атаңыз.

— Назар аударыңыз, тараптпа парақ!
Интеллектуалдық ойындар: Керек-Ринг 24/04/2016
Сұрақ авторының пікірінше, суретте көрсетілген Астана қаласының көпірлерінің бірі дәл осы кісінің атымен аталуы тиіс, себебі ол да жалғаушы буын. Кісіні атаңыз.

— 2006 жылы орыс тіліндегі sport.rbc.ru сайтында атауы 4 сөзден тұратын мақала жарияланған. Қазақстандық спортшыныңшетелдік белгілі жарыстағы жеңісі жайлы бұл мақаланың атауы мынадай құрылымға ие. 1-сөз: Спорт атауы. 2-сөз: спортшы фамилиясы. 3-сөз: етістік. 4-сөз: жарыс атауы.
Егер барлық сөз бір әріптен басталатын болса, онда мақала атауын толық атаңыз.

— Әлемге танымал брендтің жарнамасында витрвуиан адамын еске салатын, бірақ қолдары денесіне жабысқан адам бейнеленген. Осы брендті атаңыз.

— Мэнсфилд түрмесінің бұрынғы бастығы Деннис Бейкердің өзі 1994 жылы қамауға алынған адамның орнында болып көрді. Ол «отырған» түрменің атауын айтыңыз.

— «Хонда» мотоциклдерінің қуатын байқатататын бір жарнама плакатында теңселіп, иілген ағаштар мен түзетілген ОЛ бейнеленген. Оны екі сөзбен атаңыз.

— Бір онлайн-дүкен теннис ойынына қажет барлық дүниені сатып алуға ұсыныс білдіреді. Барлық нәрсені, тек, әрине, ОДАН басқа. Ал кезінде оның жартысы үшін ежелгі Грекияда тым жақсы үй сатып алуға болар еді.
Оны атаңыз.

— Геннадий ПАдалка ашық ғарышта мұны жасаған бірінші ресейлік атанды. Алайда, ең бірінші болып мұны ашық ғарышта 1966 жылдың өзінде-ақ Базз Олдриннің ажсағаны белгілі болды. Мұны кірме сөз түрінде атағыз.

— «Яндекстің» негізін қалаған адамдардың бірнешеуі іздеу жүйесіндегі қыруар жұмысты игерілмеген ұшы-қиыры жоқ аймақ деп санап, әлеуетті салада нөлден бастап, көп еңбек атқарды. «Яндекс» жайлы айта келе, авторлардың бірі өз отанын да игерілмеген ұшы-қиыры жоқ аймақ деп атады. Оның Отанын атаңыз.
Әрі қарай

Super Той – Super Ғой!

Киностан: Super Той – Super Ғой!
SuperТой фильмі таза пародия фильм. Техникалық тұрғыдан да бірнеше фильмге пародия байқауға болады, ал жалпы тұтастай алғанда біздің қоғамға пародия. Қоғамға, адам қатынастарына, түрлі әлеуметтік статустарға, дәстүрлерге пародия. Бәз біреулерге бұл ұнамауы мүмкін, негізінде ұлтшыл бағытта түсірілген «Келинка Сабинаны» түсінбегендер бұл фильмді де түсінбеуі мүмкін. Қазақты қорлау, салт-дәстүрді сыйламау сияқты сынға ұшырауын да күтемін. Дегенмен, түсінген адамға фильмдегі әр диалог өте жіңішке әзіл болып берілген. Басынан соңына дейін қыран-топан күлкі гарантия.

Нағыз қазақы комедия. Қазіргі қазақ қоғамы, қазіргі мәселелер, қазіргі әлеуметтік топтар, қазіргі таныс жағдайлар. Бұл фильмде шынымен бәрін көруге болады. Күлкі арқылы елдегі мәселелерді де көрсете алған. Мысалы көпбалалылардың баспана мәселесі, харакири арқылы тіл мәселесі, полиция-қылмыскер қатынастары, мәдени зиялылардың да қазақы понттары, желідегі лайкомания, банктен кредит мәселесі, той-бизнестегі дилетанттар сәтті әжуаланған. Маған фильмнің осы идеясы ұнады. Бұл жағынан сценаристерін құттықтау керек.

Актерлар құрамы да жақсы таңдалған. Сценаристердің идеясын жас актерлар жақсы жеткізе алды деп ойлаймын. Вайнер Нұрлан үшін де сәтті дебют болған сияқты, өз образын жақсы алып шықты.

Саундтректері де керемет. «Эй, лапылда» әні арқылы Назарбек жалпы бұл фильмді алдын ала жақсы жарнамалап болды. Оған кейін Ru-Me-дің тамаша музыкасы қосылды. Продюсерлер музыка бойынша жақсы таңдау жасаған.

Жалпы түсірілімі де сауатты шыққан. Соңғы кезде шыға бастаған қазақстандық фильмдер тек үкімет ақшасына ғана емес, инвесторлар арқылы да фильм түсіріп, касса жинауға болатынын дәлелдеп келе жатыр. Бұл жақсы үрдіс. Қазақ киносы үшін қуануға болады бұл тұрғыда. Сол тізбектің бір жалғасы деуге болады «SuperТой» фильмін.

Күлуі қиын мен сияқты адамды күлдіре алған болса – фильмді сәтті комедия деуге әбден болады. ;)




P.S қыздың боксшы ағасының образы кімге пародия?
Киностан: Super Той – Super Ғой!
Әрі қарай

Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?

Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?
Уақытысында аумағы жөнінен Жердегі ішкі сулар қатарында төртінші орында болған Арал теңізі үшін 2014 жылдың жазы тағы бір кері кеткен маусым ретінде тарихта жазылды. NASA-ның жер серіктерінен түсірілген фотосуреттерге қарағанда Оңтүстік Аралдың шығыс жартысы алғаш рет толықтай дерлік кеуіп қалды. Фотосуреттер Earth Observatory сайтында жарияланды.

Кіші Арал және Үлкен Арал; 19-маусым, 2014 жыл
Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?

Кіші Арал және Үлкен Арал; 25-маусым, 2000 жыл
Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?
Батыс Мичиган университетінің география профессоры Филип Миклиннің айтуынша, бұл жағдай соңғы 600 жылда, яғни, Әмудария өзені өзінің арнасын кілт өзгертіп, Каспий теңізіне құюын доғарғаннан кейін бірінші рет болып отыр (Арал теңізінің тартылуы циклді сипатқа ие). Алайда, бүгінде Әмударияның арнасы қаз-қалпында. Арал теңізіне жалғанып жатыр. Бірақ, өзен суы ұзақ жылдардан бері Арал теңізіне жетпейді.

Бес жыл бұрын Оңтүстік аралдың шығыс бөлігі толықтай жойылған еді. Әйткенмен, мол жауын-шашынның есебінен ондағы су деңгейі күрт көтерілді. Миклиннің ойынша, шығыс бөлігінің толықтай дерлік құрғап қалуына Арал теңізі алабында жауын-шашынның аз түсуі себеп. Сонау Памир тауларында қар аз түсіп, еріген қар суларының аздығынан онсыз да Аралға тамшыдай болып жететін өзендегі су қоры анағұрлым төмендеген. Одан бөлек, Орта Азия елдерінің өзен суын ауылшаруашылығы қажеттеліктері үшін тынымсыз пайдалануы аз су мөлшерін тіпті тауысты. Ал, Арал теңізінің құрып бітуі адами факторлардың салдарынан басталғаны әуелден белгілі.

Біреу еді, үшеу болды

Теңіздің тартылуы XX ғасырдың орта тұсында басталды. Дегенмен, Аралдың «жоқ» болатыны жөнінде қауіп сөздері одан бұрын, 30-жылдары айтыла бастаған-ды. Сол кезде КСРО аумағында Орта Азия жерлерін мелиорациялау жөнінде ғаламат бағдарлама қолға алынды. Әмудария мен Сырдария өзендері бойынан суландыру жүйесінің құрылыстары басталды. Бір ғана Қарақұм су арнасының ұзындығы 1445 шақырымға созылып,Әмудария суының 45 пайызын өзіне алып қойды. Кеңестік инженер-мелиораторлардың суды шығындамай сақтап қалу үшін қолдан қазылған су арналарын бетондауға бастары жетпегені таң қалдырады.

Арал, шіркін, 60-жылдарға дейін өзінің тірі қалуы үшін күресіп-ақ бақты. Ондағы су деңгейі бұрнағы қалпын сақтады. Ауданы 68 мың шаршы шақырымға, ұзындығы 426 шақырымға, ені 284 шақырымға жетсе, ең терең жері 69 метр болды. Жылына 40 тонна балық ауланып, теңіздің қазақстандық бөлігінде — бес балық зауыты, балық консервілеу комбинаты, 45 балық қабылдау бекеті; өзбекстандық бөлігінде — бес балық зауыты, балық консервілеу зауыты мен 20-дан астам балық қабылдау бекеті жұмыс істеді.

Бірақ, 60-жылдардан бастап теңіз деңгейі 0,7 метрге қайтымсыз түрде төмендеді. Аралға келіп құятын өзен суларының мөлшері — 4,5 есе, теңіздегі су айдынының ауданы – 8 есе, су көлемі – 13 есе азайды. Тұздану деңгейі 13-25 есе өсіп, Әлемдік мұхиттың минерализациялану бойынша орта деңгейінен 7-11 есе артып кетті. 1989 жылы Арал теңізі бір-бірінен оқшауланған Солтүстік (Кіші) Арал және Оңтүстік (Үлкен) Арал деп екіге бөлінді. 2003 жылы Оңтүстік Аралдың өзі тағы екіге: шығыс және батыс бөлікке айырылды (Шығыс Арал және Батыс Арал).

Оңтүстік Аралдағы судың тұздылық деңгейі артқаны соншалық, ондағы балық біткен қырылып қалды. Судағы тіршілік тоқтап, «Артемия салина» шаяндары ғана бұл тұзды суларды мекендеді. Теңіз табаны жаңа бір шөл дала – Аралқұмға айналды. Егістікке пайдаланылған тыңайтқыштар құрамындағы пестицидтер мен тағы да басқа улы заттар Әмударияға қайта қосылып, өзен суымен бірге Арал теңізіне құйылып келгендіктен, ешқайда кетпей, теңіз түбінде шөгіп қалған-ды. Сол улы заттар теңіз тартылғанда, шаң-тозаңмен бірге ауаға көтеріліп, Арал маңын, Қарақалпақстан мен Қазақстанға жататын аумақтарды экологиялық апат аймағына айналдырып жіберді. Жергілікті жұрт тыныс жолдарының созылмалы аураларына, анемия, қылтамақ, бауыр-бүйрек және көз аураларына шалдықты.
Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?

Қазақы Арал

Сырдария өзені келіп құятын Солтүстік Аралдың жағдайы Оңтүстік көршісімен салыстырғанда анағұрлым жақсы. Қазақстан билігі қалып қойған теңізді қалпына келтіруге шындап кірісті. 2005 жылы ұзындығы 14 шақырымдық Көкарал бөгеті салынғаннан кейін Кіші Арал суының Үлкен Аралға жылыстауы тоқтатылды. Осылайша, Солтүстік Аралда тіршілік жанданды. 2010 жылы Солтүстік Аралдағы су деңгейі мұхит деңгейінен 42 метрге көтерілді. Бұл дегеніңіз, Оңтүстік Аралдағы су деңгейінен 14 метрге жоғары, өткен ғасырдың 70-жылдарындағы су деңгейінен 11 метрге төмен. Су айдынының ауданы үш мың шаршы шақырымнан асады. Орташа тереңдігі — 8 метр.

Қазір Солтүстік Аралда жылына 6 тоннаға дейін балық ауланады. Мұндағы суларда сазан, көксерке, ақ амур, лақа, табан, торта, камбала балықтары бар. Таяу жылдарда су деңгейі Арал қаласына жақындауы мүмкін деп күтіліп отыр. 2012 жылы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры Кіші Арал теңізі мен Сырдарияның сағасын әлемдік маңызы бар сулы-батпақты жер-сулардың тізіміне қосты. Осы тізімге енген жер-сулар Рамсар конвенциясымен қорғалады.

Теңіздің оңтүстік бөлігі болса, өзінің ақырғы күндерін кешіп жатқанға ұқсайды. Осыдан бес жыл бұрын ресейлік ғалымдар ондағы су деңгейінің жылына бір метрге тартылатынын, ақырында «жер асты және қалдық өзен суларымен қоректенетін ащылы-тұщылы су айдынына» айналады деп болжам жасаған. NASA-ның фотосуреттеріне қарағанда, Үлкен Аралдың шығыс бөлігі бұл стадияны өткерді. Ендігі кезек, батыс бөлігінде. Әмударияның суы бұл бөлікке жетпейді. Су айдыны жер асты су көздерінің есебінен «бар» болып отыр. Түрлі бағалауларға сенсек, жер асты су көздерінен жылына екі текше шақырым су беріледі.
Сөйте тұра, Аралдың суын «тартып алып қойған» Тәжікстан, Өзбекстан мен Түркіменстан мемлекеттері суармалы жерлерінің жартысын қысқартып, Әмударияның айдынын толтыруға ешбір құлық танытар емес. Керісінше, халқын асырау үшін суармалы жер көлемін үздіксіз арттырып келеді. Экспортқа шығарылатын ылғалсүйгіш мақта өсімдігі де осы Әмударияның есебінен суғарылады. Аралдың ажалына кезінде осы мақта өсіру шаруашылығы тікелей себеп болған-ды.

Ғалымдар теңіз деңгейін толықтай бастапқы қалпына келтіру үшін Әмудария және Сырдариядан жылына құйылатын су мөлшерін төрт есе арттыру керектігін есептеп шығарды. Бүгінде, бұл қос өзеннен жылына 13 текше шақырым су құйылады. Арал теңізінің тартылуына үлкен зардап шеккен Өзбекстан үкіметінің ұйытқысымен ұйымдастырылатын конференциялардан келіп жатырған пайда аз. Бұған қоса, Аралқұм аумағында көмірсутектердің ірі қоры ашылған. Кейбір есептеулерге сәйкес Аралқұмдағы көмірсутек қоры Орта Азиядағы барлық мұнай қорының 31 пайызын, газ қорының 40 пайызын құрайды. Мұнда қазір ресейлік «Лукойл» компаниясы белсенді жұмыс істеп жатыр. Сондықтан да теңізді тірілту мәселесі көзделген пайданың ығында қалып, әзірге екінші орынға ысырылған сияқты.

Теңізді толтыру үшін ойластырылған қияли бір нұсқа бар. Ол — Памир тауларының тәжік жеріндегі аумағында орналасқан Сарез көлінің суы есебінен теңізді толтыру. Сарез көлінің су деңгейін 70-100 метрге төмендету арқылы Арал теңізінің айдынын 6-8 миллиард текше метр сумен толтыруға болатыны есептелген. Бірақ, Аралды қалпына келтіруге қатысты қандай әрекет болмасын, осыған мүдделі мемлекеттердің күші біріктірілу керек. Ал, бұған мүдделі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас әзірге жақсартуды қажет етеді. Арал теңізінің келешегі де осы жақсартуларға байлаулы.

Арал теңізі туралы әр кез түсірілген видеолар:

1958 жыл. Рыбаки Арала, Өзбекфильм


1963 жыл. Аральское море (Қазақфильм)


2014 жыл. Видео про Аральское море


slon.ru сайтындағы мақаладан қазақ тіліне аударған

Жәнібек Нұрыш

Әрі қарай

Атамның әңгімесі

"Әкесі тірілгенді де естіртеді" ©граф Дракула


Үйге қарсы бетте бейіт тұр. Жұрттың үйіне қарсы — үй тұратын болса, біздің атаны осылай қытай соққан: есігінен шыға сала төртқұлақ мола мөлиіп қарап тұрады. Атамның үйі де ескі, анау бейіт те омырыла бастаған, соған қарағандf, «біртүрлі көршіліктері» бағзы заманнан бері жалғасып келе жатса керек.

Жалпы, нағашы атам Нәжімеддинмен кештеу таныстым. Құдалар біруақыттары әлденеге араз боп араласпай қойған, типінақ, Монтекки мен Капульеттилер, шешесстің. Соған байланысты маған да нағашы атамның үйіне келуге тиым салынған екен. Біздің мақан мен пақан да Ромео мен Джульеттаны сомдап, бітіспес әулетаралық қақтығыстың зардабын біраз шегіскен. Кейінірек, онда да — өмір бойы барлығына оппозицияда болған радикал біздің шал Аид амигоға аттанып кеткесін, әжем Женевьеваның қолы ұзарып, шал кезінде гардобды жарып — боқтап жіберген, ұрып жіберген, мазақтап жіберген, малын жеп қойған, қолын алмай жібергендерді жинап, әулет атынан барлығынан кешірім сұрап, типінақ, қамшының сабындай ғана өміріміз қалды, әрі қарай тату болып өмірден өтейік деген. Жұрт жауап ретінде бас шұлғысып, несі бар, жетер осы қырқысқанымыз да, анау шалың ғой, әйтпесе біздің ұрыс іздеп неміз бар деген. Сөйтіп, дипломатиялық қатынастар қайта жанданып, Киссинджердің біздің үйдің бұрышында қызғаныштан қолдары дір-дір етіп, темекі шегіп тұратынын жиі көретінмін.

Сол енді: өз атам — Аидтің итін бағуға аттанып кеткесін, нағашы атамды жағалап қалдым. Барлығы керемет, тек жаман жері — біріншіден, үйіне мола қарап тұрады; екіншіден, шал — томаға-тұйық. Қорқыныштысы — осы үйде қонып қалу: төсекті терезенің алдына салып береді, ал ол терезеден — әлгі бейіт менмұндалап тұр. Тырс ететін, тарс ететін жер үйдің әдеттегі тынысы — бұл үйде басқаша мазмұнға қанығып, түніңді тозаққа айналдырады. Ал көршілер терезе қаққанда ше?! Зәрең ұшып, дамбалың ылғалданып сала береді! «Мен ғой мына моладан кеп тұрған, кешірерсіздер, осы жұмада жеті нан пісіріп, құран оқи қалсаңдар, менің де атымды атай салыңдарш, әйтпесе зайып ал шығып кетті» сықылды сарындағы хуйбыжық фильм көріп шығарсың түсіңде.

Үйреніп кетесің дегендері бекер болды, жылдап қатынасам да әлгі моланы көрсем тіксініп қалам. Ал нағашы атам болса, түнде суға барып келіп, сол моланың қасынан жүре береді. Бір күні шыдамай сұрадым:

— Ей, атасс, қалай қорықпайсыз осы моладан?

Жауап бермейтініне әбден етім үйреніп кеткесін бе, атам кенет:
— Несіне қорқам сонда? — деген кезде өзім шошып кеттім.

— Енді…

— Тәйт! Ішінде адам болса бірсәрі қорқатындай…

— А?

Менің тасым аңырып қала берді: лібә, ішінде өлігі жоқ мола тіптен қорқынышты сияқты ма, қалай өзі?

— Енді адам жоқ қой ішінде!- дейді шал оны-мұны шұқып жүріп.

— Қайда сонда ол?

— Қалай қайда? Қайдасы несі? Ішіне ешкімді көмбегесін қайдан адам болсын???

— Онда моланы тұяғыма салған ба?

— Біреуді көмеміз деп салған да енді…

— Е атасс… айтсайш енді нақ дұрыстап…

— Тап әкеңң, кел онда, мына шалапты жұтып тастайық сол әңгімені айтып — түстіктің орнына тамақ болсын — келістік пе?

— Әлкөтте ата! Жібер әңгімені нақ әкесс!

Электрик Мақбоздың Аидиссеясы

— Мынау мола сияқты мола салмайды қазірде. Қазірде өлгеніңді жүзпроцент айтатын доғдырлар бар, сосын ба, төбеңді рельспен-бетонмен жауып, біржола аттандырып жібереді қазіргілер. Ал ертеректе олай еместін. Кісі сиятын саңылау қалдыратын еді. Неге? Жалпы, қаззақ өлікті үйде неге үш күн ұстайтынын білесің бе? Білмейсің! Себебі үш күн ішінде марқұм қайта тіріліп келуі мүмкін. Сондықтан, қаззақ алдымен көмбейді, алдымен «жерлеп» көреді! Үш күн ішінде өзгеріс болмаса ғана аяғына дейін көміп тастайды!

— Ом манэ…

— падме хуум, солай нақ. Бала күнімде ол үйреншікті нәрсе еді, "Құдай кешіріп, кері жіберіпті" дейтін кісілер көп-тін. Қазір енді доғдырлар бар, өлді десе — өлгенің. Херқисса, бұл 1955-57 жылы болған охуйға, әкеңңаузы. Үкімет үйлерімізге тоқ жүргізе бастады. Электрик дегендер құдай болды ол кезде. Солай нақ: осы көшенің басында тұратын, маңдайымызға біткен жалғыз электрикті біз де, орталық та жұлмаладық, тоқ жүргізіп бер деп. Бір күні оянныйлар мәшинемен аяғын жерге тигізбей тиеп алып кетті Мақбозды. Аптаға жуық жоғалды шырақ со кеткеннен. Екінші апта ауып, үйге тоқ жүргізуді ұмыта бастағанда, әлгі оянныйлар тап осы үйге келіп тұр, таңғы үш жарымда.

— Сіздердің Мақбоздарыңды өлтіріп алдық… Ал… — дейді кәмәндирі.

Мақбозға ішегім жабысып қалғаны шамалы, бірақ әке-шешесі мен шиеттей баласын ойлап, жүрегіме шым-шым шаншу қадалып, сол жерде сұлқ етіп отыра қалдым. Бәрін былай қойғанда, «естірту» деген құрыған жоралғы маған түсіп тұр ғой! Қайтейін деп, естіртуге бардым үйіне…

Жалғыз сүйенішін жоғалтқан әке-шешені сен көрмей-ақ өт өмірден, ептібайымайд! Тұтас бір үйді боздаттым да қойдым таң ата, айтып-айтпай не керек.

Содан әлгі үн-түнсіз кәмәндир ақыл айтсын:
— Тоқ ұрып өлген адамды сақтауға болмайды. Тап қазір көміп тастасаңдар да артық емес…

Не шара, күрек-кетпенімізді алып, қабірді қаздық та тастадық. Түсте құран-намазын оқып жіберіп, көмуге шыға бергенде, жұрт әлдеқашан жынды деп шетке шығарып қойған Үсен тәуіп алдымызды кес-кестесін:

— Көмбеңдер, жерлеп көріңдер алдымен! Жалпы, сарайға үш күн қоя тұрсаңдар ғой… Тоқ соққандар тіріледі әдетте…

Жынды деп менсінбесек те, бала күнімізде сондай охуйғалардың болғаны есімізге түсіп, табытпен мелшиіп тұрмыз. Оған мына білгіш кәмәндир бақырып тұр ғой, бүгін көміңдер деп!

Әлқисса, баяғы жоралғыны там-тұмдап еске түсіріп, тәуіптің айтуымен ауа кіретін саңылау және тіріле қалса — өзі опырып шыға беретін қамыс жамылғы жасап, Мақбозды қойдық осы молаға…

— Қойсаңдар қайда енді?

— Тұра тұр әкеңң аузы, асықпа! Содан қойдық та, төрт күннен соң бастырып көміп тастармыз деп, уағдаластық. Ертеңіне әке-шешесі көзіміз барда моласын соғып тастаңдар деді, бір күн ішінде кірпішпен өріп тастадық. Ал үшінші күні… Үшінші күні сенің мақаның түн ішінде әке-әкелеп оятты. Аулада тұрған флягадан тырдай жалаңаш біреу қотарып су ішіп жатыр дейд!!!

— Мақбоз?!!!

— Жоқ ептібайымайд, ол емес! Міне, мына үйдегі көрші Дөңес екен. «Аузың кеуіп бара жатса — арағішкен жеріңнен неге суыңды да ішіп келмейсің!» деп ақырып, аулаға атып шықпаймын ба! Сүйтсем, Дөңес есі ауысқан кісіше жырқ-жырқ күлед. Шашының самай тұсы аппақ боп кеткен.

— Лібәәә Нәжімеддин, аулада жаюлы тұрған жұмыс киімдерімді Мақбоз таңдап тұрып киіп кетті жаңа ғана айдың жарығымен, мен терезеден қарадым да отырдым, ббуах-ха-ха-хааа!

«Еее шешесс» деп, бетінен шпалақпен тартып алайын деп ойлағанымша болған жоқ: көшенің бас жағынан абыр-дабыр шу көтеріліп, азан-қазан боп кетті. Біреулер жылап жатыр, біреулер күледі ме қытай-ау. Ішімде бірдеңе қылп етті, бірден осы молаға жүгірдім. Епті: қамыс жамылғыны жыртып, жалаңаяқ әлдекім шығып кетіпті, Мақбоздың тіріліп кеткенін бірден түсіндім.

Алпыстың екеуіне келіп қайтты ол кісі Ақтүе жақта. Сол жақта жерленді. Ал мынау — содан қалған естелік, кейде «бір басында екі моласы бар Мақбозың ерлеп тұр!» деп күлеміз, қытайдың өзі кешірсін…
Әрі қарай

Дайрабайдың қызыл сиыры

Керекшілер көмек керек!
Бұдан бұрын пруфридермен дау болған бір екі сөз үшін. Сommitment деген сөзді біздің білгіштер ұстанымдылық деп аударыпты, солайымен кетіп жатыр барлық аудармаларда енді. Бұл сөздің баламасы ретінде ісжанды, жұмысжанды деген сөздерді ұсынғанмын, бірақ safety commitment-ке онша келіңкіремейді ол балама. Басқа қандай нұсқаларыңыз бар?
Тағы бір келіспеушілік орыстың согласование деген сөзіне байланысты. Түсіндірме сөздікке жүгінсек, ол келісім алу дегенді білдіреді. Бірақ тап сол реңкін қалдыру үшін қазақшаға "… бойынша келісімге келу/келісу/келісіп шешу" дұрысырақ сияқты. Қалай ойлайсыздар?
Әрі қарай

Қазақтарға отчество керек пе?

Сауалнамадан тыс:

ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Н.Нығметоллин Мәжілістің кезекті бір отырысында бір министрге: «Я извиняюсь, что перебиваю, у меня к вам просьба: вы вот эту комплиментарность в нашем национальном стиле оставьте там для застолий — Уаке, Баке. Если обращаетесь к депутату — то по имени-отчеству, хорошо?»

«Парламент ресми орган, сондықтан ол жерде ресми түрде “обращаться нужно”» депті кейінірек осы жөнінде. Адамға қарата сөйлегенде оның есімін және «вич» жалғанған әкесінің есімін айту — орыс халқының ертеден келе жатқан ұлттық қарата сөйлеу формасы. Сәйкесінше қазіргі кезде ресми түрде де, бейресми түрде де кісіге қарата сөйлегенде орыстар оның есімі мен вичті әкесінің есімін атайды.

Иә, адамның толық аты-жөнін атағанда әкесінің атын атау қазақтарда да кездеседі — Махамбет Өтемісұлы, мәселен (сосын бұл жерде отчество ретінде емес, фамилия ретінде екенін ескеру керек). Бірақ кісіге қарата сөйлегенде әкесінің атын қосып айту қазақтарда жоқ. Ағылшындарда да жоқ, американдарда да жоқ, қытайларда да жоқ. Ендеше Нығметоллиннің ресми түрде «обращайтесь» деп отырған орыстардың обращениесінің ресми формасы (есім+вичті әкесінің есімі) қашаннан бері бізде де ресми түрдегі «обращение» болып белгіленген деген сұрақ туындады менде? Сендерде ше?
Әрі қарай

Шымкент IT-Астана бола ала ма?

  • KazNET
KazNET: Шымкент IT-Астана бола ала ма?

Биыл Шымқалаға 2 рет бардым. Шымкенттік жігіттермен де биыл жақын таныса түстім деп ойлаймын. Соңғы рет TechX форумында айтқанмын «Шымкент — еліміздің IT-Астанасы» деп. Неге бұлай ойлайтынымды айта кетейін.

Ұйымдастырушы және тех күш
Шымкентте ІТ саласында еңбек етіп жүрген біраз жігіт бар.
Әрі қарай