Астарлы астрология немесе қайдасың, менің филологым?

Махаббат машақатынан балшы-балгер, кемпір-сампыр жағалап кететін қыз-келіншектер аз емес. Қу сезім не істетпейді дейсің? Оның үстіне жауапсыз болса… Дәстүрлі «халық» балгерлеріне баруды өз басыма ар санаған мен, кәдімгі өзіміздің жатақханада тұратын, астрологиядан хабары бар докторантқа бармақ болдым (ғылымның көмегіне жүгінгеннің несі айып екен?).
Негізі, әлгі жігіт – экология ғылымдарының кандидаты, әйткенмен, астрологиямен шұғылданып жүргеніне 20 жылдай болыпты. Ақылы түрде келесідей қызмет түрлерін көрсетеді:
— сүйген жігітіңмен (қызыңмен) мінез сәйкестігі, ажырасу ықтималдығы;
— сенің жеке қабілеттерің, мінездемең;
— бизнес-серіктеспен сәйкестігің, бизнестегі жаңа бастамалар, келісім шарттардың сәтті-сәтсіздігін болжау, тағысын-тағы;
— белгілі бір мерзімге (1 жыл, 1 ай деген сияқты) жұлдыз жорамал жасау.
Көз таныс болған соң, ол маған ақысыз қызмет көрсететін болды.
Болаттың «атасының» рөлінде астрологиялық карта сызатын программа ойнайды. Сол картаға қарап қойып «пал аша береді» екен.
Ең алдымен, оған өз туған жылымды, айымды, күнімді (жобамен сағатына дейін) және туған жерімді айттым. Мені оған жетелеп апарған сезімімнің объектісі туралы дәл сондай мәліметті бердім (алдын-ала жасырын және астыртын түрде анықтап алғам). Ол барлық ақпаратты программаға енгізді.
Жауапсыз махаббатым екеуміздің астрологиялық картамыз мәз болмай шықты. Болаттың айтуынша, біздер бір-бірімізге мүлдем сай келмейді екенбіз. Жұлдыздарымыз қарсы болмақ түгілі, бір-бірінен теріс айналып кетіпті. Қосыла қалғанның өзінде, жолдың бәрі ажырасудың ауылына алып барады екен. Тура «шын «ғашықтар» қосылмайды, қосылғанмен бір болмайдының» кебі. Сезімімнің бір жақтылығына байланысты, Болаттың айтқаны жаныма майдай жағып, кәдімгідей жұбаныш болды)))).
Оны қойшы деп, жеке астрологиялық картама көштік. Қабілеттерім, потенциалым жағынан көп аса жаңалықтар ести қоймадым. Жалпы әдеттегі жұлдызнамадан оқып жүргендерді тағы қайталап айтып берді. Картам мінекей:
ОҒМ жазбалары: Астарлы астрология немесе қайдасың, менің филологым?
Әрі қарай

Пәтеріңді тонаудан қорға

2015 жылы жазда жақсылап тоналған соң бұл мәселеге ерекше мән беретіндердің бірімін. Супержүйе, ақылды үй орнаттым деп айтпаймын, әйтеуір, тоналудың алдын-алуға көмектесетін қарекеттер жасаудың о жақ, бұ жағы. Өзім қабылдаған және/немесе оқып білген сақтық шаралары мен профилактика жұмыстарын айта отырайын, мүмкін біреуге көмегі тиіп қалар.

Пәтерің тоналды ма? Ұры табылып, тиісті жазасын алатыны туралы, шығындарыңды қалыпқа келтіретің туралы армандамай-ақ қой. Бірақ полицей шақыру қажет — оларда тоналу статистикасы жасалады, ал ашылмаған қылмыс олардың жұмысы үшін минус екені белгілі. Дей тұрғанмен, полиция пәтер тоналу жағдайын ұсақ-түйек деп қарайды, сәйкесінше тергеу жүргізбейді, ұрыға іздеу салмайды. Олар мәселені қалай шешеді? Кездейсоқ қолға түсіп қалған қылмыскерге сол аудандағы фактілердің бәрін мойнына іліп жібереді, болды.

Сондықтан ешкімнен көмек күтпей бәрін өз қолыңа ал. Алдын-алу шараларын жүргіз.

Құлып
Мен тоналғаннан кейін бірден сенімді кілт іздей бастадым. Әлгі есікпен бірге келетін стандарт құлыпты ашу «шессекунт» екен. Сондықтан «штаттық» құлыптарды алып тастасаң да болады. Негізі бір есікте кем дегенде екі кілт болу керек дейді. Менің есігімде екеу — біреуі өзінікі, біреуін бөлек орнатқам (суретте: сол жақта стандартты құлыптың ашары, оң жақта «Меттэм» деген брендпен шығатын құлыптыкі).
ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Ұзын ашары бар құлыптарды аша алмайды деп ойлап қалма. Ашылмайтын құлып жоқ дейді халықта. Тек күрделі болған сайын ұры да шаршай бастайды, сақтық шараларын ұмытады, тықырлап-шылдырлап көршілердің назарын өзіне аударуы мүмкін.

«Меттэм» типтес құлыптың бір кемшілігі — кілтін жоғалтып алсаң есікті бұзуға туралы келеді. Есікке зақым келтірмей, отверткамен, басқа да құралдармен бұрап ашу мүмкіндігі төмен.

Айтпақшы, құлыптар нарығында ресейлік «Берьер» брендін мақтайды. Механизмдері күрделі, бұзып ашу, көшірмесін жасау мүлдем мүмкін емес дейді. Бағасы да сәйкесінше, 40-50 мың теңге тұрады.

Есік-терезе
Кілтім сенімді екен деп есікті де естен шығаруға болмайды. Бір тепкенде ашылып кететін жеңіл есік орнатсаң кілттеріңнен пайда жоқ. Есіктің материалы қатты металлдан болуы керек. Ақшаң жетсе екеуін орнатып таста. Ұрылар әдетте бір есікті ашуға 5-10 минут жұмсайды. Ал одан ұзаққа созылып кетсе тәуекелге барып жатпайды, құрысыншы деп кетіп қалу мүмкіндігі жоғары. Есіктің екеуі де сыртқа ашылған дұрыс, ішке ашылса — бір теуіп кіре салады.
ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Терезелердің ашылатын бөліктері адам сыймайтындай тар болғаны дұрыс. Әрине, бірінші кезекті әйнек пен жақтаудың беріктігі. Бір жаққа шыққанда терезелердің міндетті түрде жауып кет. Жоғарғы қабатта тұрам деп мақтанба, төбеден арқанмен түскен фактілер бар.

Блеф үркітулер
Ұрылар назар аударатын нәрселер бар: үйде адамдардың болуы, пәтердің күзет органдарымен қорғалуы, т.б… Яғни үйің немесе пәтерің қараусыз қалмағанын көрсетуің керек. Ол үшін сыртқы есікке танымал күзет фирмасының логосын жабыстырып қоюға болады (типі, бұл үйге «Сақшы» күзет фирмасы қызмет көрсетеді, телефон: ...). Әрине, эффектісі жоққа жақын. Бірақ өмірінде күзеттен қашып көрген адам болса, әлгі жапсырма қағазды көргеннен кейін ойланып қалуы мүмкін.

ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Дәлізде радио, музыкалық плеер секілді, әйтеуір дыбыс шығарып тұратын аппарат жұмыс істеп тұрғаны дұрыс. Сырттан келген адам үйде кісі бар деп ойлап қалсын.

Есіктің жоғарғы жағына камера орнатып қой. Қазір ешбір техникалық қызмет көрсетуді қажет етпейтін автономды камералар бар, солардың бірін сатып алсаң болады. Олардың жазбалары әдетте компьютерге немесе смартфонға келіп түседі. Дұрысы, әрине, бір фирманың көмегіне жүгініп сигнализация орнату. Бірақ бәрінде бірдей ондай мүмкіндік бола бермейді ғой. Шын камераға ақшаңды қимасаң муляж камералар сатып алуға болады, 2-3 мың теңге тұрады. Олар ештеңені түсірмейді, жай ойыншық қана. Бірақ сыртқы түріне қарап муляж екенін біле алмайсың.

Осы кезге дейін таныстарымнан небір тонау оқиғаларын естідім. Бәрінде дерлік ірі сомада ақша қолды болған. Үйде ешқашан ақша сақтама. Алысқа жол жүрсең бағалы заттарыңды табылмайтындай етіп жасырып кет, не сенімді біреулерге тапсырып кет.

Ең бастысы — үйдің сырын көршілеріңе айтпа. Әдетте ұрыларға хабар жеткізіп тұратын жансыз — өз көршің болып шығады.
Әрі қарай

Палшыға аһидың агрессиясы

Бақсы-балгерлік, көзбояушылыққа ислам діні қатаң тыйым салып, харам еткен. Бұл видеода әсіремұсылмандық кейпіндегі жігіттің бал аштырып отырған қызға оның харам іс екенін жеткізбек болып, өзінің анасындай жанға дөрекілік көрсетуі түсірілген.
Әрі қарай

Венчурлық капитал. Экономиканы әліп деп танымайтындарға арналған анимациялық фильм

Оcылай екен...: Венчурлық капитал. Экономиканы әліп деп танымайтындарға арналған анимациялық фильм

Көбімізге қаржылық айналымдар мен инвестиция түрлерін үйренуге экономикалық терминдердің күрделілігі кедергі болып жатады. Бірақ, «бақсам, бақа екен» демекші, көптеген күрделі терминдерді тіпті 5-ші сынып оқушысына да түсіндіруге болады.
Осындай оймен DFJ Gotham' компаниясының басқарушы директоры Дэниель Шульц бес оқитын баласына венчурлық капиталды түсіндірмек болып мынадай иллюстрациялы әңгіме жазған еді. Сол әңгіменің желісімен жасаған алғашқы анимациялық фильмімді назарыңызға ұсынамын. :)

Әрі қарай

Кофеханалар шеруі

Кофе мәдениеті елімізге енді-енді еніп жатқан секілді. Әлбетте кез-келген бұрышта сапалы кофені өзіңмен ала кететін дүңгіршек жоқ, дегенмен қаладағы арнайы кофеханалар саны көбейіп келе жатыр. Астанада 50-ден астам кофехана бар екен, ал Алматыда бұл сан 100-ге жетіп жығылады. Енді әзірге Алматымен сервис жағынан санаса алмаймыз, ну енД барымен базар.



ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруі
Әңгіменің түйіні – Астанадағы кофеханаларға өзімнің субъективті шолуымды жасағалы отырмын. Кофегурман пікірін күтпей-ақ қойыңыздар, рейтингке қаланың оң және сол жағалау орталықтарындағы кофеханалар ілінді және бағалары бойынша орналастырылды. Бағалары шамалас орындар дизайны мен қызметіне байланысты приоритетке ие болды. Аргумент ретінде бұрынғы отырыстардан естеліктер мен осы аптадағы рейд нәтижелері қолданылады (рейдке кетіп бара жатқаным туралы инстаграмда орысша хабарлап жіберіппін, кешірім өтінем). Фактілерден құр алақан емеспін десем де келісу-келіспеуді өздеріңе қалдырдым.




Эспрессо-бар

ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруі
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруі
Адам басына орташа шығын: 1000-2000 теңге
Асханасы өте дәмді. Әлгі бір сэндвичтері, мм… Интерьер – супер! Қызмет көрсету – жоғары деңгейде. Құр отырыстан ләззат ала-алмайтындар үшін – интернет, түрлі үстел ойындары қарастырылған. Артықшылық па, кемшілік пе, өздеріңіз саралаңыздар – мәзірде спирттік ішімдік мүлде жоқ. Әттеген-айы – Әуезов көшесінің қараңғы түкпірінде. Бірінші рет баратындар үшін түсіндіру қиындау, кейде өзім де қателесіп таппай қала берем (бұл енді өзімнің жеке проблемам, иә, иә, GPS-ім өте нашар). Сосын өте кішкентай болғандықтан орын аз, ал жоғарыдағы артықшылықтары үшін кісі көп баратындықтан, алдын-ала брон жасамай жай соғып тамақтанып кете салам деу – далбаса болып қалады. Бірақ телефон шалып уақыт белгілеп қойсаңыз, орныңызды ешкімге бермей күзетіп отыратындарына кепілдік беремін.




Coffee-corner
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруі
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруіАдам басына орташа шығын: 1000-2000 теңге
«Momento» мейрамханасының бір бөлігі болып саналатын бұл кофехананың ең басты артықшылығы – арзандығы дер едім. Мейрамхана екеуінің асханасы бір болғандықтан менюі де бай. Әлгі бір «қысқы шай» тамаша, Аятай екеуміз қанбастан ішкенбіз. Шәйнегі кішкентай екен бірақ. Ол кезде мына саксафоншы болмады, ә? Иә, иә, кофехана үшін бұл артықтау секілді ме? Жоқ, бұл мейрамхана ғой бірақ. Ой, шатасып кеттім. Уобшым, интерьер жұтаңдау (мейрамхана емес, демек). Жө, стилі өзі сондай болу керек, минимализмге құрылған. Бірақ үйде отырғандай жайлылықты сезіне алмадым. Эспрессодан бір саты төмендігі содан болса керек.



Costa-coffee

ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруі
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруіАдам басына орташа шығын: 2000-3000 теңге
Бұл енді бренд болып саналатын кофеханалар желісі. Орналасуы қолайлы – Республиканың бойында мен мұндалап тұр. Оның үстіне сол жағалауда Керуенде кішігірім филиалы бар. Өзіңе-өзің қызмет көрсетесің, әхәхә. Интерьеріне әңгіме жоқ, жиҺаз бен ыдыс-аяғы Англиядан келеді екен.Тіпті кей десертті қатырған күйі Англиядан әкелеміз дейді. Иә, чиз-кейктері өте дәмді! Бірақ қарын тойдыратын «существенный» нәрсе жегіңіз келсе Сosta Coffe-ге бармай-ақ қойыңыз, себебі онда салат пен клаб-сендвичтен басқа дым жоқ. Олары да онша арзан емес. Бірақ мына бір есіктен өтсеңіз КFC-ге топ ете қаласыз, ал онда әлгі тауықтар бар, хехе. Сол жақтан бірдеңе жеп алған соң, Сosta-дан тәттілеуге болады. Мен өткенде сүйттім өзім (тьфу, обжорка деп ойлап қалатын болдыңыздар).




Шоколадница
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруі
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруіАдам басына орташа шығын: 2000-3000 теңге
Шоколадницаның артықшылығы – тек қана орналасуында дер ем. Сол жағалаудың көрнекі жерінде, тура Керуеннің қасында. Айтпақшы, Момышұлының бойында тағы бір филиалы бар, ол бір плюс. Мәзір алуандығы мен интерьері жағынан қатардағы ортанқол кофеханалардан қалыспайды. Бәрі тамаша, тек порциялары аздау секілді. «Сен қызға не жоқ, өлдің бе тамақтан» демеңіздер енД, шамалы неғылсын да…
Мына фотоны Эфон түсірген, есінде шығар (сіңлім, қашан кофе ішеміз?)




Coffeertini
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруі
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруі
Адам басына орташа шығын: 2000-3000 теңге
Өзім тұратын ауданға жақын жерден бір кофехана қарастырмасам болмас. Қош, Мирзоян көшесінің бойындағы Сoffertini туралы не айта аламын? Интерьері қызық бір, жылтырақ па...(дизайнер болған түрім құрсын) Жақын да болса, сирек барады екем оған. Тіпті неше рет барғанымды біледі екем – 2-ақ рет. Соңғы барғанда лазаньяны ұзақ күтіп қалғаным әсер етсе керек.




Caramel
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруі
Адам басына орташа шығын: 2000-4000 теңге

Иманов көшесінің бойында көзге көрініп тұрған кофехана – осы Caramel. Мәзірге бай екен, бірақ бағалары алдыңғылардан қымбаттау. Интерьері әдемі, әсіресе перделеріне сындым. Сосын айнасы ұнады. Қызмет көрсету деңгейі жоғары. Эспрессодағыдай ойын тақталары мұнда да бар екен. Және түрлі газет-журналдар. Аноу тізілген сертификаттар мен мараппаттауларды көрдіңіздер ме?

Мадлен
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруі
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруіАдам басына орташа шығын: 2000-4000 теңге
Шымкенттегімен салыстыруға да келмейді, иә. Бірақ сол жағалаудағы Мадлен кофеханасы астаналықтар үшін танымалдығын жойған емес, өте сүйкімді жер. Әлгі бір тауық бәліші дәмді, Алматыдағы Моржық-Мадлен «отырғызып» қойған оған мені.




Marrone Rossa
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруі
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруіАдам басына орташа шығын: 2000-4000 теңге
Бұл кофехана сол жағалауда, Керуеннің ішінде орналасқан. Киноның түнгі сеансында ұйықтап қалмау үшін кіріп шығуға болады. Мұндағының интерьері қарапайым, Алматыдағысы әдемі болатын. Жол жүріп бара жатқанда Айкомен кездескенбіз ол жерде таңғы сегізде. Мәзірі стандарт, кофе түрлері және пісірмелер. Мадленмен бағалары бірдей болса да, екеуінің арасында таңдау болса, мәзір ауқымдылығы үшін Мадленді таңдар едім.




Rafe
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруі
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруі
Адам басына орташа шығын: 3000-5000 теңге
Rafe-нің қалада үш нүктесі бар (сол жағалаудағы Нұрсаяда, Есілдің бойы және Керуенге қарама-қарсы). Бұл оның басты артықшылығы. Сонымен қатар іші кең, орын кез-келген уақытта болады. Кең болса да даладай аңырап тұрған жоқ, бәрі өз орнында, өте сүйкімді жер. Мәзір бай, десерт пен тағамның сан-алуандығынан көз тұнады. Уобшым, жарнамаға зәру еместігін администратор фотоға түсіргенімді онша жақтырмағандығымен жеткізді. Жө, былай қызмет көрсету деңгейі жоғары, даяшылары сызылып-ақ тұр. «Алтын шанышқы» иегері екен тағы.
«Фью-фью, джігіттер, қыздарды Есілдің бойындағы Рафеге шақырыңыздар, шыққан соң теплоходпен жүзіңдер» десең, ә. Қыс түсіп кеткенін ұмытып кетіппін.

Pronto
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруі
ОҒМ жазбалары: Кофеханалар шеруіАдам басына орташа шығын: 3000-6000 теңге
Өй, орналасқан жері бар болсын, бағасын былай қойғанда. Орталық болса да, Ғабдуллин көшесінің бір қуысына тығылып қалған. Әлгі «Блогерлер» бағдарламасының футбол финалына қатысты түсірілімінде іздейміз деп, қатып қалғанымыз есімнен кетпес. Асаубек, ол үшін әлі жауап бересің! Ал пиццасы мен шайы «тақырып». Жұлдыздар жиі барады дей ме… Сол үшін шығар.



Тамақтану орындарынан ең бір жақсы көретін орындарым – кофеханалар. Себебі олардың интерьері ортанқол кафелерден әлдеқайда жағымды әрі ерекше, және әлгі бір мейрамханалардағыдай пафостан ада. Көбіне бағалары көңілге қонымды болып келеді, тағамдар тез дайындалады — бұл асыққандар үшін қолайлы.
«Кофе – тек қана сылтау» демекші, әрине біз кофеханаға тек кофе үшін бармаймыз.
Тыныш та жайлы кофехана — құрбылармен сырласуға немесе махаббатыңмен кездесуге таптырмайтын жер.
Әрі қарай

Ернар Патиктің ізімен немесе Corolla күнделігі

Toyota Corolla алғашқы әсер
Бірден айтайын, енді қайтып тура осы бағада, осы жағдаймен, осы жылдың Corolla-сын ала қал десе, бас тартатын едім. Көліктің жағдайы: 2010 жылғы, Алматыға осы жылдың шілдесінде келген, келгелі көз алдымда, досым айдаған, почти жаңа көліктің жағдайы. Қазір екінші деңгейлі автонарықтан көлік алуға қорқасың. Сырттан «свежий» кірмегелі көп болды. Мұнда жүргеннің ұрылып-соғылмағаны, моторы май жемейтіні аз. Ұрыныманы ба дейсің. Сосын өзің білетін көлікті аңдисың. Досым сатамын дегелі жабыстым. Осы жексенбі күні алып, дүйсенбі жұмысқа айдап шықтым. Күні бойы автотұрақта тұрды. Кешкісін келіншегімді алып кетуге 31 арнаға барғам. Оталмай сол жерге қалдырып, үйге таксимен кеттім. Енді алмаймын деудің бір себебі осы.
Әлі көлікті толық сезініп үлгерген жоқпын. Бірақ, бірінші әсер: ешқандай комфортты сезіне алмадым, жүрісі ұшқалақтау, еркін 1100-бен басуға тым әлсіздеу сияқты елестейді, металлы жұқа, сәл бассаң майысады, ходовкасы да әлсіз сияқты көрінді, өзіңді сенімді сезіне алмайсың, кәдімгі Лададан айырмашылығы аз, бірақ аты танымал бренд болғаны үшін өтіп жүрген сияқты көрінді. Мүмкін қателесемін. Болашақ көрсете жатар.
Енді оталмай қалу оқиғасы: Таңертең емін-еркін оталды. Әл-Фарабимен жоғары шыққанда сәл қиналғандай болды. Мотордың ышқынған даусы байқалды. Кешкісін 31 арнаның алдында өшіріп, 10 минуттай отырдым. Қайтып оталдырайын десем, кілт бір бұралды, датчиктер түгел жанды, екінші бұрасам тық-тық етеді, оталмайды. Кілтті бұрағанда винтеляторы гуілдеп істей бастады. Әдетте моторы қызған машинаның винтеляторын тура жалғап қояды. Кілт бұрасаң болды, гуілдей бастайды. Тура сол сияқты. Бірақ, білуімше менікі тура жалғанбаған. Фары, ішкі свет, магниофон, сигнал түгел істеп тұр. Демек аккумулятордан емес. Противоугонкасы әлде кілттегі чиптен ба деп, есікті ашып-жауып, коробканы қозғап, парковкаға қайта қойып, қайта оталдырсам да сол. Қызығы кілтті өшіріп суырып алсаң да, бүкіл датчиктері жанып, чинтеляторы гуілдеп тұра береді. Кез-келген машина кілтті суырсаң өшуі керек. Жолда датчиктер жанбады. Бұрынғы иесі де, ондай жағдай болмағанын айтты. Ақыры ойланып, ойланып, компьютері қуып кетті деген шешім жасадық. Вирус кіріп кеткен компьютер сияқты командаларды дұрыс орындай алмайды. Қуып тұр. Өзіміздің қолдан келер қайран жоқ, тастап кетуге тура келді. Кешкісін форумдарды оқып едім, ақпарат таппадым. Жасағыштар келіп, сканерлеп көріп еді, бір жерден короткий замыкание беріп тұр деді. Іздеп таппады. Екіншісі де. Бүгін СТО-ға кіргіздік.
Әлі іздеп жатыр. Табылса, ауруы неден болғанын жазармын. Біреу-міреуде сондай ауру шығып қалса, оқып, пайдаланар. Жапон алсаң, камридің 25-не дейінгілері, ниссанның 97 жылға дейінгілеріне жететін көлік жоқ түсінгенім. Одан бергілері электроникамен толтырылып тастаған қаңылтырлар.
Әрі қарай

kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық

Бүгін әлеуметтік желіде сайтқа тіркелу бойынша қиындықтар туралы бірнеше сұрақ алдым. Тіркелгісі келіп, бірақ тіркеле алмағандарға түсінікті болу үшін фото түрінде түсіндіруді жөн көрдік.

1. Браузерге (Chrome, Opera, Mozilla) kaspi.kz атауын жазамыз. Сайт ашылады.
Пайдалы сайттар: kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық
2.Оң жақ қапталдағы «Кіру/тіркелу»-ді, одан кейін «Тіркелу»-ді басамыз Пайдалы сайттар: kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық
3.Ұялы телефон нөмірін көрсетіп, «Ары қарай»-ды басамыз Пайдалы сайттар: kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық
4.Ұялы телефоныңыздың нөмірін енгіземіз. Ұялы телефоныңызға смс келеді. Смс-пен келген құпиясөзді енгіземіз. Пайдалы сайттар: kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық
5.Аты-жөн мен туған күнді енгіземіз. Пайдалы сайттар: kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық
6.ЕСКЕРТУ: ЕГЕР СІЗ БҰРЫН (НЕСИЕ АЛҒАН НЕМЕСЕ ДЕПОЗИТІҢІЗ БОЛҒАН) НЕМЕСЕ ҚАЗІРГІ КЕЗДЕ KASPI BANK-ТІҢ КЛИЕНТІ БОЛСАҢЫЗ, ОНДА ЖҮЙЕ ҚОЛЫҢЫЗДАҒЫ KASPI КАРТА НӨМІРІН НЕМЕСЕ КЕЛІСІМ-ШАРТ НӨМІРІН СҰРАЙДЫ. ЕГЕР БҰРЫН НЕСИЕ АЛЫП ЖАУЫП ТАСТАҒАН БОЛСАҢЫЗ, ҚОЛЫҢЫЗДА КЕЛІСІМ-ШАРТ ТА, КАРТА ДА ЖОҚ ЕКЕНІ ТҮСІНІКТІ. БІРАҚ, ОЛ ЖҮЙЕДЕ САҚТАЛЫП ҚАЛҒАН. СОНДЫҚТАН, ТІРКЕЛУДІ ЖАЛҒАСТЫРУ ҮШІН online@kaspibank.kz-КЕ ХАТ ЖАЗЫП НЕМЕСЕ 9999-ҒА ХАБАРЛАСЫП КЕЛІСІМ-ШАРТ НӨМІРІН АЛЫҢЫЗ. БАНК КЛИЕНТІ БОЛМАҒАН АДАМДАНАН ЖҮЙЕ КАРТА НЕМЕСЕ КЕЛІСІМШАРТ СҰРАМАЙДЫ.
7. 7 саннан кем емес құпиясөз ойлап тауып, енгіземіз. Құпиясөзді ұмытып қалмаңыз.Пайдалы сайттар: kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық
8.Болды! Сіз тіркелдіңіз. Енді сайт қызметі қолжетімді.
Пайдалы сайттар: kaspi.kz-ке қалай тіркелуге болады? Фото-нұсқаулық

Логиннің орнына телефоныңыздың нөмірі қолданылады. Келесі жолы сайтқа кіру үшін ұялы телефон нөмірі мен құпиясөзді енгізсеңіз болды. Сұрақтар болса, хабарласыңыздар!
Әрі қарай

Ақ халаты бар, анты жоқ дәрігер

Әбіләкімнің  ауылы: Ақ халаты бар, анты жоқ дәрігер«Адамның күні адаммен, жануарлардың күні мал дәрігерімен» деген қағиданы қос қолдап ұстап алып, мал дәрігерінен сұхбат алуды жөн санадым. Көп іздеп әуре болғаным да жоқ. Көптен бері ойымда жүрген бір адам бар еді…
Қаладан мал дәрігерлерін тауып алу сұхбаттасу қатты қиын шаруа емес. Бірақ бұл кісіге бүйрегімнің бұруын екі себеппен түсіндіре кетейін. Біріншісі, бұл кісінің ұлтының қазақ болуы, екінші себебім, ол кісі екеуміз фамилияласпыз. Сонымен, Жақыпов Жұмабай Қаппасұлының жұмыс орнына келдім. Сыртта итін, мысығын құшақтаған екі-үш адам кезек күтіп тұр. Ішке ендім. Кіре беріс бөлмеде жеңгеміз отыр екен.
-Сәлеметсіз бе? Жұмекең өзінде ме?
-Өзінде, бір итті тексеріп жатыр.
Әрі қарай

Жақым Қазанұлы және көліктегі үшеу

Тау етегінде мимырт жатқан кенттің локальды сенсациясы тарағанына біраз болды. Осы аймақтың маңдайына біткен «есі дұрыс» үш арудың қалаға тұрақты түрде кететінін ауылдың алты ауызы әңгіме қылып жүр. Ауылдың жеті өсекші қатынында факт жүзінде жеті ауыз, осы жеті ауыз — алты ауыз болып тұр. Бұлар барда Отау-тв ауылда әркез екінші орында. Сондықтан сенбеске шара жоқ.
Сұлулықтың әлемді құтқаратыны рас болса, біздің үш қыз бер жақта тылдағы гуманитарлық көмектің о жақ, бұ жағында қап қойғандар. Бұл үшеудің асып бара жатқан сұлулығы болмағанымен, не бай, не құдай алмайтын бикештердің қатарында таңдау да көп емес, негізі.
Есесіне, олар ауылға аты мәлім, аса белсенді-белсенді қыздар болатын. Азғын қиялдарыңа дерт бермесін, дегенмен, белсенділігі — бірі музыканың шебері еді. Там-тұм концерттерге шығып, баянда құйқылжыта ойнайтын қара торы қыз болатын. Даусы қыз үшін жуан болғанымен, әу дейтіні де бар. Әрине, Қайрат Нұртас емес, дегенмен, шешесі де «пезнес» біреу емес, бар болғаны қарапайым сауыншы ғой. Қарапайым ғана сауыншы. Жалпы, қысқаша айтсақ, айырмашылығы — баласын емес, зеңгібабалықтарды сауатынында.
Екінші қыз тігінші боп қызмет атқарған, салмақты (екі мағынасында да), алпамсадай шикіл сары қыз еді. Тігін жұмысынан алдына жан салмайтын. Әу баста бұны «кәсіп қылам» деп ойламаған; "әйтеуір қандай да бір сублимация ғой" деп кірісіп көрген еді, кейін кәнігі шеберге айналды.
Үшінші құрбы, шүйкедей ғана қайсар қыз балгерлікпен айналысатын. Негізі, бұл қыздың шешесі бал ашушы еді, содан үйреніп, шешеге қарап өскен түрі. Әу баста өзінің жап-жас басымен бал ашуға ары жібермей жүрген, алайда кейін бәрі сәбидің дәрет хикаясындай аяқталды… Жіберіп қойды. Айтпақшы, қызының қалаға болашақ сапарына орай шешей бал ашыпты. Жартысы қойдың нәжісі, жартысы көлдің майтасы секілді сенімді ақпарат көздеріне сүйенген ол қызының жолы болатынын болжапты. Негізі шешей клиенттерінің тоқсан пайызына жолы оңғарылатыныны жайлы сәуегейлене беруші еді… Бірақ туған қызына?.. Бәлки, шынымен жолы ашылатын шығар… Бәлки, туған қызы емес шығар…
Ә, иә, сонан соң екінші қыз бұл балшы аруға туыс боп келетін. Осындай бір үштік… Кедендік одағыңдысс!..
Айтып-айтпай не керек, ауылда осындай жол жүру жайлы әнгіме жүріп тұрған. Міне, бүгін дәл сол күн, қалаға жол жүретін шақ та келді. Әне-міне дегенше, ауыл іргесіндегі аялдамаға ұқсатып жасап қойған көліктің ескі тіркемесінің маңына сапарластар жиыла бастады. Ауылдағы жалғыз автобусты күтушілердің арасында біздің үш сылқым да бар. Көп күттірген жоқ, далаға мүрде, қалаға адам тасып жүрген сары пазик кемпір-шал, бала-шағаны тиеп, алып шаһарға жол тартты.
БЛОГИАДААРАЛЫҚ САЙЫС: Жақым Қазанұлы және көліктегі үшеу
***
Жақымның қала іргесіндегі көлік бекетінің маңында бекер келмегені анық еді. Әдеттегідей көгілдір шетелдік көлігіне отырып алып, қыз-қырқын қарамақ ниетімен торуылдап жүрген. Ескі пазиктың бекетке тоқтағанын көріп, мырс етті. «Ох пілә, винтаж!» деді ішінен.
Автобустан түскен үш қыз қолын көтеріп, такси тоқтатты. Көгілдір мәшине көлденең келіп тоқтай қалды. Күтімі келіскен көліктің рөліндегі бітімі келіскен жігіт қыздардың көзіне оттай басылды.
— Такси ма?-деді пысығырақ қыз.
— Да, тоски.
— Такси деңіз,-деп жымиды екінші қыз.
Жақым қара көзілдірігін сәл түсірді.
— Садитесь.
Қыздар айғырдай жұтынып тұрған жас жүргізушіге қарап жымың-жымың етті де, көлікке жапа-тармағай отыра бастады. Баратын жер жайлы базарласу да, жол құны жайлы саудаласу да жоқ. Сондай бір ақымақтық үйлесім, лирика. Мимими.
БЛОГИАДААРАЛЫҚ САЙЫС: Жақым Қазанұлы және көліктегі үшеу
Жақым көрер көзге етжеңді, денелі азамат еді. Фитнеске де фитна тудырмайды, штангіге де кет әрі емес. Тар мәйке кисе, өзін «качок» сезінетін кей жігіттердей емес, шынымен-ақ бұлшық етті жігіт болатын. Сонсоң қыз-қырқынға қыз-қырғын салатын жігіттің репутациясына сай, шашы артқа қайырылған, сақал-мұрты қиылған еркек болатын. Иә-иә, ол бір Аустрияда Еуробайқауға іріктеу әлі өтпеген, беттегі қиыңқы түк еркек үшін абыройлы кезең еді.
Қазанұлы жайында тағы не айтпадық? Жақым қазақша білмейтін жігіт еді. Бірақ қазір онымен кімді таңғалдырамыз, біз Қазақстандамыз ғой.
Қыздардың барар жерін межелеп алған соң, Жакым темекі қорабын алып шығып, ішінен бір тал суырды да, құшырлана тарта бастады. Милиграммдаған никотин басына шауып, құрыс-тырысы жазылғандай болды. Сонсоң алдындағы айнаға көз тастап: «Я вам не мешаю?»-деп сұрады.
— Жоға, тарта беріңіз.
Негізі, «Иә, кедергі, темекіні өшіріңіз» десе де, өшірмес еді. Әншейін әңгіме болсын деп сұрап жатқаны.
— Давайте знакомиться. Меня зовут Джакомо. Можно просто Джэк.
— Тура шетелдегідей ат екен.
— Сэндер де ат экэн. А как тебя зовут?-деді секси дауыспен пысық қызға.
— Гүлайым.
— ОО, гуляим, че, погуляем?
Қыздар шиқылдап күлді. А, я, біреуінің даусы жуан екенін айтқан ек қой, ол қарқылдап күлді. Келбетті жігіттің кескініне қарап, аккордеоннан басқа ешкім ештеңе тимеген музыкант қыздың төсі дір-дір ете қалды.
— А тебя как зовут?
— Бегайым.
— Оо, бегайым, че, побегаем?
Қыздар тағы да күлді. Бегайымның шикіл сары өңі қызарып кетті.
Осы кезде үшінші қыз Ибалы менің атымды қашан сұрар екен?-деп, жаутаң-жаутаң етіп отыр еді.
— А тебя как?
— Меня зовут Ибалы.
Бұл жолы Жақым үнсіз басын шұлғыды. «Очень приятносын» да айтқан жоқ. Моветон!
Мүмкін, ішінен айтқан да шығар. Тәуіп қой, қыз біле жатар.
— Какими судьбами в городе?
— Жұмысқа тұрамыз, сол, үшеуіміз жан құрбымыз. Бірге үлкен қалаға келіп, бірге жұмыс жасасақ деп едік.
— А, че, у вас одинаковая специальность?
— Жоға, мен әншімін, композитырмын.- Осы жерде «ох тырық, қатты айтып жіберген жоқпын ба композитырмын деп?», біреу ала көзбен қарағандай өзінен өзі күмілжіп кетті. — Бегайым тігінші болған, Ибалы бал ашады. Сооолл…
Әлгіннен үнсіз отырған Ибалы сөзге араласты.
— Ал сіз кім болып істейсіз? Биллайнда істейсз ба не?-деп сұрады айнаға байлаулы матаның жұрнағына қарап қарап.
Жақым мырс етті:
— Да нет, это Георгиевская лента.
— Сөйтіп кім болып істейсіз?
— Кэм болып эстемедим мен? И садовник, и шофер, медбратом болып эстэдым…
«Жылтырап тұрғанымен, қара жұмыстың да шетін көрген екен, ә» деп ойлап қойды ішінен Бегайым.
Жақым сөзін жалғады:
— И вот, карьерный рост у меня… Сейчас организатор я. Вот у вас же разные специальности. Кто вас щас возьмет всех трех на работу? Эшкэм алмайдээ… Вот я могу. Как раз ты певица, и петь будешь, и ртом работать. Ты гришь тігесің хорошо, а ты тастармен жұмыс жасайсың… и… и все подруги. Это работа прям для вас… На начальное время, қалада по крайней мере… Плачу хорошо. На место работы апарамын, алып қайтамын… Че, кэлэсыңдер мэ?
Үш ару үнсіз бір-біріне қарады да, "Әйтеуір бірдеңеден бастау керек қой, мұндай мүмкіндік көшеде жата ма?" деп тоқайласқандай:
— Біз келістік,-деді.
***
200 ат күші жауынгер ақын атындағы көшеге қарай жүйткіп бара жатты.
Әрі қарай

Селфи деген не?

Оcылай екен...: Селфи деген не?

Селфи сөзін жиі естиміз. Бұл терминнің қашан, қалай пайда болғанын білесіз бе?

Селфи (selfie) — өзін өзі фотоға түсіру немесе автофотопортрет. 2012 жылдары Фейсбукте танымал болған сөз алғаш рет 2002 жылы Австралияда өткен бір форумда қолданылған екен. 2013 жылы Оксфордтың танымал ағылшын тілі сөздігінде «Жыл сөзі» атанған.

Алғашқы селфилар елімізде Моймир желісінде басталды деуге болады. Инстаграм кең қолданысқа ие бола бастаған сайын және артқы/алдыңғы камералары бар смартфондардың көбеюі бізде де селфиді танымал қыла бастады. Бұрын тек артқы камера арқылы «соқыр селфилар» түсірілсе, қазір алдыңғы камера арқылы анық селфилар және топтық селфилар түсіріледі.

Селфилардың 30 пайызы 18-24 жас аралығындағы жастарға тиесілі екен. Жалпы әр интернет қолданушы 1 рет болса да селфи түсіріп көреді.

Селфилерімізді осында бөлісейік, керекшілер!

Оcылай екен...: Селфи деген не?
Әрі қарай