Дағдарыс дауасы - «Силициум-Казахстан»

Осыдан тұп-тура екі ай бұрын бір кездері елімізде салтанатты түрде Ресеймен бірлесе ашылған «Силициум-Казахстан» кремний зауытының қайта жандануы мүмкін деген сыбыс шығып, ол туралы мен де бірдеңе деген едім. Зауыт ашылғанда басшы ретінде тағайындалып, кейін істі болған Михаил Сутягинский «Ведомости» газетіндегі сұхбатында қазақстандық компаниялармен альянсқа қайта дайын екендігін айтқан болатын.

PhD мемуарлары: Дағдарыс дауасы - «Силициум-Казахстан»

Сол кездегі пікірлерге қарап мәселе дегенмен оңынан шешілетіндей көрінген. Дегенмен іс әлі де бір орыннан жылжымай тұрған секілді. Ғаламтордағы материалдарды шолсақ, «Силициум-Казахстан» кремний зауытына иелік еткісі келетіндер (Титан және БРК) әлі соттасып жатыр.
Ал бір кездері Сутягинскийге үкім шығарған қазақстандық сот өкілі енді өз шешімінен өзі айнып отырған сыңайы бар. Ресей болса өз кезегінде Сутягиннің Қазақстанда іске аспай қалған басқа да жобаларын мемлекеттік деңгейде қаржыландыруды жоспарлап отыр. Бұл дегенің «Титанның» кремнийсіз де тұралап қалмайтынының бір мысалы.

PhD мемуарлары: Дағдарыс дауасы - «Силициум-Казахстан»

Істің ақ-қарасы әлі де бұлыңғыр. Дегенмен бір ойым былай дейді: ақыры көршілес әрі экономикалық тәуелді елдер екенбіз. Неге шынында зауытты қайта іске қоспасқа? Девальвациялы дағдарыс кезінде ең болмаса халыққа жұмыс болар еді. Кремнийдің шикізат ретіндегі зор пайдасын қайталамай-ақ қояйын…
Әрі қарай

«Силициум-Казахстан» кремний зауыты қайта жандануы мүмкін

PhD мемуарлары: «Силициум-Казахстан» кремний зауыты қайта жандануы мүмкін

Ресейлік «Титан» компаниялар тобының басшысы Михаил Сутягинский «Ведомости» газетіндегі сұхбатында топ қазақстандық компаниялармен альянсқа қайта дайын екендігін айтыпты.

Ол кім тағы дейсіз бе? Бір кездері елімізде салтанатты түрде Ресеймен бірлесе ашылған «Силициум-Казахстан» кремний зауытының басшысы. Тіпті «Силициум-Казахстан» 2010-жылы ең жоғары сапалы кремний өніміне қол жеткізген көрінеді. Бірақ аталмыш зауыт қалай салтанатты ашылса, солай тып-тыныш жабылыпты-мыс. Енді Сутягинский сол тірлікті қайта жандандырғысы келіп отырған сыңайлы. Ол жақсы ма, жаман ба, әзірге белгісіз.

PhD мемуарлары: «Силициум-Казахстан» кремний зауыты қайта жандануы мүмкін

Михаил Сутягинский «Ресей мен Қазақстан – ынтымақтас мемлекеттер, олар бірнеше мемлекетаралық бірлестіктерде бірге жұмыс істеп отыр. Кремний секілді стратегиялық өнімді бірге өндіру жай пайда немесе табыстың мәселесі емес. Бұл сонымен қоса ұлттық мүдде мен қауіпсіздік мәселесі» деген екен. Сонымен қатар Ресей әзірге кремний өндірісінен көшбасшы болып отырған «қысықкөздерге» тәуелді болғысы келмейтіні анық ;)
«Екі оттың ортасында біз отырмыз», деп әлгі жерде саясат соғып кетсем, ә))) Қой құрысын, нем бар саясатта.

PhD мемуарлары: «Силициум-Казахстан» кремний зауыты қайта жандануы мүмкін
Қауіпсіздік мәселесі, шынында, өте маңызды мәселе. 2011 жылы Факультетімізге Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (Фримонт қ., АҚШ) профессор Т.Т.Палташев «Кристаллдардағы жүйелер» курсынан дәріс оқығанда айтқан ең басты ойы – «кез-келген мемлекет әскери және жалпы инфраструктурада пайдаланылатын электроника, цифрлық техниканы әр мемлекет өз ішінен өндіру керек деген болатын. Себебі алда-жалда қауіп төне қалса, өзге елдің цифрлық құрылғысына жай ғана «әмір» жүрмей қалуы ықтималдығы бар. Өзге елден алынған қарапайым бағдаршамның өзі ол елмен қарым-қатынас нашарласа, басқаруға көнбей кетуі мүмкін. Ал электрониканың маңызды шикізаты – кремний екені екібастан. Оны өзімізден ең болмаса өндіру — қауіпсіздікті біртабан арттыру деген сөз. Ал елдегі электроника өндірісін дамыту үнемі күн тәртібінде тұру керек деп ойлаймын.
Әрі қарай

Шайға шолу немесе Кеулімжайдың көңілі қалай жайланды?

«Шай ішсем көңілім жай» дейтін қазақпыз ғой. Үйде қыздармен қып-қызыл қылып шығарып алып, сүт қатып жіберіп сораптаймыз ғой, шіркін. Шәйнек қайта-қайта қайнатылады, шай үсті-үстіне үстемеленеді. Әңгіме легі таусылмайды. Осылай отырып литр-литр шай ішеміз. Пайдалы ма, зиян ба — ұрмайды. Ағзадағы тұзымыз шайылып кетіп жатқанында шаруамыз жоқ. «Шай ішпесем басым ауырады» деп қоясың ғой тағы. Білетініміз қара шай, ары кетсе көк шай. Басқа түрлерінен аздап хабарымыз бар — ара-тұра «ғыламұр» жерлерден ішеміз. Бірақ сорты мен түріне аса мән бермейді екенбіз. «Сусын» тақырыбының арқасында өзіміз жақсы көретін шай әлеміне саяхаттап қайттық.

Бұл жұпар иісі аңқыған саяхатта құрбым екеумізге «Чайкофский» брендінің Астанадағы территориялық директоры Константин гид болды. Аталмыш компанияда қызмет етіп келе жатқанына 5 жыл болған, шайдың гурманы десе болады.
PhD мемуарлары: Шайға шолу немесе Кеулімжайдың көңілі қалай жайланды?
«Шайдың отаны – Қытай. Шай жасалатын бірден-бір өсімдік «камелияны» қытайлықтар 5-6 мың жыл бұрын байқаған. «Шай» сөзінің өзі қытайша «ча» иероглифінен шыққан».

Константин бізге қытай шайының категориялары туралы айтып берді. Негізі шай ферменттелуіне байланысты көк, қызыл болып бөлінеді екен. Ферменттелу – қысқаша айтқанда ауа мен ылғалдың әсерінен шайдың қышқылдануы немесе «ашуы».

Көк шай түрлері

PhD мемуарлары: Шайға шолу немесе Кеулімжайдың көңілі қалай жайланды?Көк шай
Көк шай ферменттелмейді, немесе әлсіз ферменттеледі. Қытайларда көк шайдың мыңнан аса сорты бар. Оны әртүрлі жолмен термоөңдеуден өткізеді. Табаға жай қыздырылуы немесе қуырылуы да мүмкін. Өңделуіне байланысты түрлі дәмге ие болады. Құрғақ кездегі түсі жасыл, шығымы ашық жасыл. Иісінде шөптердің иісі басымдау, дәмі сәл тәттілеу. Нағыз сапалы көк шай ащы болмау керек.

Шығару әдісі:
Сүзгіге 2 шай қасық шай салып, ыдысқа батырыңыз. Үстіне 80 градустық қайнаған су құйыңыз. Шайды ыдыста 2-3 минуттан артық ұстамаңыз, шайдың дәмі ащыланып кетеді.

PhD мемуарлары: Шайға шолу немесе Кеулімжайдың көңілі қалай жайланды?
Сары шай
Сары шай әлсіз термоөңдеуден өтеді. Қышқылдану деңгейі 3-12 пайыз. Бұрын сары шайдың кейбір сорттары тек император ауласы үшін өндіріліп, Қытайдан басқа мемлекеттерге шығаруға тыйым салынған екен. Құрғақ күйдегі түсі ашық сары. Шығымы ашық сары түс. Бір ішкенде 3-5 рет шығарып ішуге болады.

Шығару әдісі:
200 мл ыдысқа 95 градус қайнаған су құйыңыз. Үстіне екі шай қасық шай салып, жапырақтары су бетіне қалқып шыққанша күтіңіз.

PhD мемуарлары: Шайға шолу немесе Кеулімжайдың көңілі қалай жайланды?Ақ шай
Ақ шайдың қышқылдану дәрежесі 12 пайызға дейін барады. Оны дайындау үшін әлі ашылмаған шай бүршігін немесе шай жапырақтарын жай ауада қақтайды және термоөңдеуден мүлде өткізбейді. Сондықтан барлық пайдалы қасиеттері сақталады. Құрғақ күйіндегі түсі ашық сары. Жапырақтар мүлде ширатылмайтындықтан шай түйіршіктері ірі және жеңіл болады және суда жақсы ашылады. Шығымының түсі сары-жасыл, тіпті көк шайдың түсінен де қоюырақ келеді. Бір шығарғанда сегіз ретке дейін шығарып ішуге болады.

Шығару әдісі:
Су температурасы 70-77 градустан аспауы керек. Ол үшін суды қайнатып, 5-8 минут күтіңіз. Ыдысқа 2 қасық шай салып, үстіне су құйыңыз. Алғашқы шығымын төгіп тастап, кейінгілерін ішесіз. Ақ шайға сүт, қант қоспаған жөн.

PhD мемуарлары: Шайға шолу немесе Кеулімжайдың көңілі қалай жайланды?
Улун
Улун – жартылай ферменттелген көк шай. Оның үстіне күштірек термоөңдеуден өткізіледі. Сондықтан шайдың дәмі көк шайға да, қызыл шайға да ұқсайды. Құрғақ күйіндегі түсі қою жасыл немесе қою көк. Шығымының орта жағы ашық жасыл, ал ыдысқа жақын жиегі ашық қызыл болып келеді.

Шығару әдісі:
Ыдысқа көлемінің 5 пайызын алатындай етіп шай салыңыз. Үстіне 100 градус қайнаған су құйыңыз. Бетіндегі көбігін алып тастаңыз. Ыдыстың бетін жауып, оны ыстық су құйылған үлкендеу ыдысқа бірнеше рет батырып алыңыз.

Қызыл (қара) шайдың түрлері

PhD мемуарлары: Шайға шолу немесе Кеулімжайдың көңілі қалай жайланды?Қызыл шай
Қытайда қара шай деген ұғым жоқ. Біз ішіп жүрген қара шай оларда қызыл шай деп аталады.
Қызыл шай толықтай ферменттелген шайға жатады, сондықтан қышқылдану дәрежесі көк шайдан жоғарырақ. Құрғақ күйдегі түсі қою қоңыр, қараға жақын. Шығымының түсі қою қызыл. Жұпарында гүл мен балдың исі басым келеді.
Шығару әдісі:
200 мл ыдысқа 1 шай қасық шай салыңыз. Үстіне 80-100 градус қайнаған су құйып, бірден төгіп тастаңыз. Сосын тағы су құйып 1-2 минут күтіңіз.

PhD мемуарлары: Шайға шолу немесе Кеулімжайдың көңілі қалай жайланды?
Пуэр
Пуэр – қытайдың ең қою шайы. Ол кәрі ағаштардың жапырақтарынан дайындалады. Жиналған шай жапырақтары ыдысқа салынып арнайы ашытқы (айран, сусындар) қосылады. Нығыздалып дайын болған соң бамбук немес күріш қағазының арасында сақталады. Бұл шайдың ерекшелігі — термооөңдеуден өткізілмейді. Пуэр – гастриті барларға ішуге болатын бірден-бір шай. Оның үстіне құрамында кофеин жоқ, соған қарамастан адамға сергектік сыйлайды. Пуэрді 15 рет шығарып ішуге болады, әр шығарған сайын иісі мен дәмі күшейе түседі. Құрғақ күйдегі түсі қараға жақын, шығымы қою қызыл. Пуэр шайы шарап секілді, сақталу уақыты ұзарған сайын қымбаттай береді. 15-20 жылдап сақталатын түрлері бар.

Шығару әдісі:
Шайдың шетінен баппен кесіп алыңыз. 3-5 грамм шайды 200 мл ыдысқа салып үстіне қатты қайнап тұрған су құйыңыз. 10-15 секунд ішінде жапырақтары ашыла бастау керек, сол кезде суын төгіп тастап, үстіне тағы құйыңыз. 30 секундтан соң сүзіп кеселерге құйыңыз.

Сұхбат соңында Константин бізге шайдың үш түрінен салып берді.
PhD мемуарлары: Шайға шолу немесе Кеулімжайдың көңілі қалай жайланды?
Міне сыйлық! Болмашы нәрсе болса да көңілге қуаныш ұялатады.

Үйге келе салып дәмін татуға асықтық. Ол үшін «Шай гүлдері» көк шайын таңдадық.
PhD мемуарлары: Шайға шолу немесе Кеулімжайдың көңілі қалай жайланды?
Ыдысқа мына бір түйір домалақты салып, үстіне температурасын 80 градусқа жобалатып су құйдық.

PhD мемуарлары: Шайға шолу немесе Кеулімжайдың көңілі қалай жайланды?
Вуаля!

PhD мемуарлары: Шайға шолу немесе Кеулімжайдың көңілі қалай жайланды?
Гүлайдын құрбым бәрімізге баптап құйып берді. Шай біразға дейін кесіле қойған жоқ.

Иәә, қарап тұрсаңыз шайлардың бағасы арзан емес. Дегенмен «шығымы жақсы шайды аз-аздан алып ішіп тұруға болады» деген қорытындыға келдім. Оның үстіне шайды шамадан көп ішу зиян
Әрі қарай

Миллионер болам десең ғылым қу!

Біздің университетте ғалымдардың өз «ғылымиадасы» бар. Иә, иә, олар да жылдың басынан бастап желтоқсанға дейін ғылыми мақала жазып, фавориттері жыл соңында ақшаға қарық болады. Бірақ мақаланың сапасын арнайы комиссия бағаламайды және сапа мақалаға қойылған «лайк» санымен анықталмайды. Мұндағы көрсеткіш – мақала жарық көрген журналдың импакт-факторы.

Импакт-фактор дегеніміз не?
Импакт-фактор (ағылш. impact – «әсер», factor – «коэффициент», «көрсеткіш») —ғылыми журналдың сандық көрсеткіші яғни «авторитеті» болып табылады. Қандай да бір журналдың биылғы 2014 жылғы импакт-факторы сол журналда 2012-2013 жылдарда жарияланған мақалаларға жасалған сілтемелер санын сол жылдары жарияланған мақалалар санына бөлумен есептеледі.
Қандай да бір журнал деп айтқаным әрине артықтау, себебі бұл басылымдардың нақты тізімі бар және оны америкалық Thomson Reuters компаниясы «Journal Citation Reports» қосымшасының көмегімен жасайды. Олардың басым көпшілігі ағылшын тілінде екенін ішіңіз сезіп отырған болар. Қазақстандық бір де бір журнал әзірге бұл тізімде жоқ. Әйтсе де үмітсіз шайтан ғана.
PhD мемуарлары: Миллионер болам десең ғылым қу!
Мұндай басылымдарға мақаланы «өткізу» оңай емес. Тіпті сол журналдың редакторымен әлдебір шетелдік конференцияда танысып, «фуршеттес» болсаңыз да ол сіздің шимайыңызды өз журналында басып шығарады деген сөз емес. Себебі ол алдымен журналдың беделін ойлайды және оның импакт-факторының төмендеуін қаламайды. Керісінше әр қабылданған мақала журналға жасалған сілтеме мен дәйексөз келтірулерді арттыра түсуі керек. Тіпті мақаланың басылымға қабылдану-қабылданбауын көп жағдайда редактор шешпейді, себебі әр түскен мақала тәуелсіз рецензенттерге жіберіледі. Ал рецензенттер ретінде сол саланың майын ішкен азуы алты қарыс ғалымдар тағайындалады. Мақаланың ғылыми маңызы мен оған жұмсалған еңбекті солар анықтайды. Кейбір журналдардың мақаланы қабылдау мерзімі 2 жылға дейін барады.
Осы бір импакт-фактор соңғы жылдары еліміздегі ғалымдардың және жалпы ғылымның халықаралық дәрежедегі әлеуетін анықтайтын басты көрсеткіш болып тұр. Ең аяғы PhD қорғау үшін де тым құрығанда 1 мақалаңыз импакт-факторлы журналда жарияланған болуы керек. Бұл талап негізінен PhD бітіруші жас ғалымдардың сапасын арттыру үшін қойылады дегенмен бір жағынан Қазақстан атынан импакт-факторлы журналдарға шығатын мақалалар санын көбейту үшін жасалған қулық сияқты, ИМХО.

«Ақша – басты қозғаушы күш»
Ғалымдарының импакт-факторлы журналдарда жариялаған мақала санының көбеюі университеттің де беделін көтере түседі. Сондықтан кез-келген ЖОО, ғылыми орталық бұл санның неғұрлым жоғары болуына мүдделі. Осы мақсатта біздің Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2010 жылдан бері импакт-факторлы журналға жарияланған әр мақала үшін сыйақы тағайындау дәстүрге енген. Осыған орай ғылым бөлімінің бастығы Әсел Сейпішеваны сөзге тарттым.
PhD мемуарлары: Миллионер болам десең ғылым қу!
«Университет ғалымдарға жарияланған мақалалары үшін журналдың импакт-факторына байланысты 50 айлық есептік көрсеткіштен 200 айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы береді. Сыйақы тағайындау туралы арнайы бекітілген ережеміз бар, содан ауытқымаймыз. Әлбетте, бұл ғалымдар үшін жақсы мотивация, жылдан-жылға сапалы мақала жазатын ғалымдар саны артып келеді. Олардың ішінде жас ғалымдар да бар».
Ал енді соңғы үш жылдағы мақалалар санының өсуін көре қойыңыз:
PhD мемуарлары: Миллионер болам десең ғылым қу!
Миллионер болам десеңіз...
ЕҰУ бойынша, тіпті жалпы Қазақстан бойынша бұл көрсеткіштен ең бірінші орында тұрған физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рәтбай Мырзақұл екен. Ағамыз халықаралық жоғары импакт-факторлы басылымдарда бас-аяғы 103 мақала жариялапты! Соңғы екі жылда жарияланған мақалалары үшін 10 миллиондай сыйақы алған екен.
Миллионер ғалым болудың құпиясын білу үшін көрші корпусқа Рәтбай ағайды іздеп бардым. Ол кісіні орнынан табу қиын болмады. Түскі асқа бармастан кабинетінде жұмыс істеп отыр екен.
«Мұнда тұрған ешқандай құпия жоқ, қызым. Кейбір әріптестерім «сен бір мықты канал тауып алғансың, сол арқылы мақаланы түйдек-түйдегімен шығарып жатырсың» деп әзілдеген болады. Бұл жерде еңбек пен табандылық қана қандай да бір нәтиже бермек» деді ол.
PhD мемуарлары: Миллионер болам десең ғылым қу!
«Негізгі мақсат ақша болмаса да оның стимул беретінін жоққа шығаруға болмайды. Бұрын жылына 3-4 импакт-факторлы мақала жариялап тұратынмын, ал қазір жылына 40 мақалаға дейін барады».
Әңгіме соңында өзімнің де жас ғалым екендігімді айтып едім, бірден «импакт-факторлы мақалаң бар ма?» деп сұрады. Биыл өліп-талып біреуін әзер шығарғанымды қысылып айтқанымда, «Несі бар, жастар үшін бұл да жақсы нәтиже. Әлі талай биікті бағындырасың. Тек осы қарқыныңнан тайма, ғылымды тастама!» деп батасын беріп шығарып салды. «Әумин!» дегеннен басқа не дейміз?
Әрі қарай

Қытай оқушылары оқулық орнына планшет пайдаланатын болады (Т.Т.Палташев дәрісінен)

Қытай үкіметі мынадай шешімге келіпті:
Мектеп оқушыларына арнап бәленбай оқулық басып шығарғаннан гөрі, оларды планшетпен қамтамасыз ету қолайлырақ.
Осыған орай Қытайдағы ең ірі фабрика мемлекеттік тапсырыс бойынша планшетті көптеп шығаруды қолға алып отыр.
Әрі қарай

Банк құпиясы (Т.Т. Палташев дәрісінен)

Факультетімізге Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (Фримонт қ., АҚШ) профессор Т.Т.Палташев «Кристаллдардағы жүйелер» курсынан дәріс оқуға келген болатын. Дәріс арасында тыңдаушылар зерікпеуі үшін тақырыптан ауытқып, өзге де қызық әңгімелер айтады. Соның бірі «банк құпиясы» туралы:
Әрі қарай

Пневматикалық микросхемалар

Өле қалыңдар, ептібайымайдтар!!!Адамзаттың іші пыса ма нақ, пневматикалық микросхемасы несі, түктібайымайдтың! — деп жеуіңіз мүмкін. Ендеше есік алдындағы үлкен бұтақты алып, қыдырып келе қойыңыз, ал біз оның неге қажет екенін шұлығымды жемей оқитын адамға жазамыз.
Әрі қарай

Тұрақты есте сақтау құрылғыларының интегралды микросхемалары

Тұрақты есте сақтау құрылғыларының (ТЕСҚ) интегралды микросхемалары тек оларға жазылған ақпаратты оқу режимінде ғана жұмыс істейді. Тұрақты есте сақтау құрылғыларынан ақпаратты оқу жылдамдығы әдетте жоғары, оны ЭЕМ процессорының жұмыс істеу
Әрі қарай

Жедел есте сақтау құрылғыларының интегралды микросхемалары

Жедел есте сақтау құрылғыларының интегралды микросхемалары ақпаратты жазу, сақтау және оқуға арналған және ақпаратты таңдауы еркін есте сақтау құрылғыларының тобына жатады. Олар үш түрге бөлінеді: өте жедел регистрлік, жедел динамикалық және жедел
Әрі қарай