Менің әпкем

Бұрынырақта жазып жеке блогыма ілген жазбам екен.Сіздермен бөліссем деп едім.

Бұны әңгіме дейсіз бе, әлде шағын естелік дейсіз бе оны өзіңіз біліңіз. Анық білетінім, қолыма қалам алғызып отырған сағыныш. Балалық шаққа деген, қазіргі уақытта Балқаш қаласында ұстаздық қызмет атқаратын әпкеме деген сағыныш. Біздің Қарағанды төңірегнінде өзінен үлкен қыз баланы апа деп те айта береді. Жалпыға түсінікті болу үшін жазып жатқаным ғой. Әпкем екеуміздің қызығымыз көп.
Алғаш әріп үйретіп, есеп амалдарын шығару жолдарын үйреткенінде мен 5 жастамын. Газеттерді судыратып оқитын дәрежеге жеткізді. Үйге келген қонақтарға көлдей «Лениншіл жасты» оқып берем. Не жазылғанын түсініп жатқан мен жоқ, мақтауға марқайып жүре беремін. Әріп үйренгенім өзіме сор болды. Әпкем енді «Жарты сағатта қыс туралы өлең шығар, жаз туралы өлең шығар»деп қинайтын болды. Аңда-санда қалам алып, қағазға өлең жолдарын түсіріп жататынымыз да сол әпкеміздің арқасы.
Әпкем бала кезінен ұйымдастырушылық қырынан таныла білді. Біздің шағын Талдыбұлақ ауылының шеткері үш үйінің балаларын жиып, мереке сайын концерттік бағдарлама дайындайтын. Үй арасындағы бағаналарға жарнама ілгенді мен сол кезде әпкемнен көргем.
Таудың бауырын жанамалап тас жол өтетін. Сол тас жолға қызық үшін әпкем біздерге тас төсеткізеді. Жүргізушілердің тоқтап, тасты тазартқаны, ашуланып боқтағаны өзіне қызық шығар. Бірақ маған қорқынышты еді.Ши арасында жасырынып жатқан біздер, боқтықтан соң қашпақ болсақ әпкем жұдырығын көрсететін. Әпкемнің жұдырығы өзіме мәлім, одан да жүргізушіге ұсталған жеңілірек.
Жаз келді дегенше поход басталды дей бер. Походымыз тауға шығып, үйден дайындап алып шыққан тамақтарды жеп қайту. Көрші Ербол деген бала екеуміздің міндетіміз жол жиегіндегі белгілерді алып (дорожный знак), тау басына стол дайындау. Қанша жол белгі апарғанымызды бір Алла білер.
Әпкем әйтеуір жаңалық тапқыш. Кімнен естігенін қайдам, бір күні жатарда басына домбыра және нан қойып жатты. Себебін сұрасақ түсіне нан кірсе нан соғар болады-мыс, домбыра кірсе теңдессіз домбырашы болмақ. Анығы әпкеміздің түсіне екеуіде кірмегені.
Әпкемнің ұйқысы қатты. Кеңестік ұйқыдан оятқыш сағаттарға ояна қоймайтын. Адамнан айла артылған ба, оның да емі табылды.Өзінің аяғына жіп байлап, бір ұшын менің аяғыма байлады. Ондағысы әпкем аунағанда мен ұйқыдан оянып сағатты қарауым керек. Құдайға тәуба сабақтан қалып көрмедік.
Әпкемнің жатарда айтатын тақпағы да өзгеше:

Жаттым, жаттым жан Алла

Тұрғыза көр Иншалла

Тұрғызбасаң Иншалла

Лә илләһа Иллалла.

Жел тұрса күзге салым ауылдық жерде қаңбақ домалайды. Қораның артында үлкен қазан шұңқыр бар болатын. Сол жылы шұңқырды қаңбаққа толтырдық. Әпкем жиналған қаңбақтармен аспанға ұшпақ болған еді. Алыстан қаңбақ көрінсе, түлкіге ит қосқандай қосып жіберед. әкелген қаңбағың бүтін болмаса еңбегіңнің еш кеткені. Әйтеуір аспан әлеміне сапар шектіретіндей қатты жел тұрмай жанымыз қалды ғой.
Ауылдық жерде тірлік жермен тікелей байланысты. Жауын жаумаса шөп, егін шықпайды. Әпкем оның да оңай жолын тапты. Жаңбыр жаудыру үшін бақа өлтірсеңіз болды, кешке я болмаса ертеңіне жауын жауып береді-ай бір. Әлде бұл жай ғана сәйкестік пе екен? Әйтеуір сол жылы жаз жаңбырлы болды.
Кесіртке атты бауырымен жорғалаушылар класына жататын жәндік бар. Менің білетінім олардың түсі қара-қоңыр және жасыл (шөп түстес) болады. Сол кесірткелер де екіге бөлінеді екен. Оны әпкем болмаса мен сорлы білмей өтер ме едім.Олардың да мұсылманы мен кәпірі болады екен. Анықтау да онша қатты қиын шаруа емес. Көзіңізге көрінген кесірткеге «Мұсылмансың ба, кәпірсің бе?» деп айқайлайсыз, қаша жөнелсе кәпір болғаны. Оған жер бетінде орын жоқ. Әпкем айтты бітті, өлтіру парыз және сауапты іс. Кеңестік-атеисттік жүйенің әсері ме екен, сол кездерде мұсылман кесірткелер көп кездесе бермеуші еді.Қазір ойлап қарасам қашпай қалғандарының аяғы біздің айғайымыздан қарысып қалған болар.
Әрі қарай

Үзік-үзік ойлар

***
Денсаулық-зор байлық. Осындай ұран іспеттес, нақыл деуге де келетін мәтелді денсаулық мекемелерінен жиі көремін. Кейде осыған қарап отырып «Зор байлық-денсаулық» деп жазса не болар еді деген сынды ойға шомамын…
***
Бұл денсаулық дегеніңіз адамзатқа Құдайдан берілетін сый секілді. Сый деген әркімге беріле бермейді ғой. Денсаулық та дәл солай. Қанша жерден күтінсең де ауыруға шалдыға беретін кездер болады. Қарапайым ғана мысалдар келтіре кетсем.
Біздің үйдің балалары қыста далаға шыққанда жемпірдің сыртынан свитір қабаттап, қалың пәлтесін киіп, мойнына шарпы орап, киіз ұлтарақ салынған етіктерін аяғына іліп, буынып-түйініп шана тебуге шығады. Көрші үйдің балалары күзгі күртемен, жеңіл – желпі киіммен қалай болса солай шыға салады. Біздің үйдің ең кішкентай баласы астына көрпе төселген, одеялмен қымталған шанада отырады. Көрші үйдің сол шамалас баласы астына сабан төселген боқ шығаратын кәритада жатады. Ертеңіне, тымауратып, суық тиіп, сабаққа бармай қалатын біздің үйдің балалары. Ауырмайсың деп тұмшалай беруге де, өбектей беруге де болмайтын шығар. Бірақ, дәл ана балалар секілді жеңіл –желпі киініп шығып, ауырып қалып жататын да сол баяғы біздің үйдің балалары.
***
Біздің ауылда Тайкен деген азамат болды. Мен ес білгелі жалғызбасты. Тайкеннің отбасысы болған еді деген әңгімені естімеппін және ол жағына бала болған соң ба бас ауыртпаған екенмін. Сол Тайкен тереңдігі 3-4 метр болатын құдықтарды жалғыз өзі бір күнде қазып тастайтын. Біз ол кісіні күші қайта бастаған кезде көргенбіз. Құдықтың түбінде тұрып, дымқыл сазды құдықтың ауызынан ары 4-5 метр жерге лақтыратын жарықтық. «Денсаулығы бар кезде Тәйкендерің бұндай саздарды 10-12 метрге лақтырушы еді. Қартайыпты.» деп үлкендер бас шайқап отырушы еді. Денсаулығы қайтқандағы түрі қылшылдап тұрған жігіттерді жолға қалдырып кететін. Құдайдың сыйы емес деп көріңізші енді…

***
«Ақша болса болды, қалғанын сатып аламыз» деген қалжың-шыны аралас тіркесті жиі естіп қаламын. Бос сөз секілді. Рас, қатты ауырып жүрген, қымбат дәріге, қымбат отаға ақша таба алмай жүрген адамдарға солай болса солай шығар. Бірақ, жағдайлы адамдарға да медицинаның көмектеспей қалатын кездері көп. Менің атамның немере інісі ҰҚК ұзақ жылдар қызмет еткен болатын. Мен білетін шені полковник. Сол кісі зейнеткерлікке шыққан соң өзін-өзі керемет күтті. Оған дейін де күтініп жүрген адам деп естігенмін. Мен ол кісімен қызметінен кетер кезден бастап араласа бастадым. Қарағандыға оқуға келген кезімнен бастап дегенім дұрысырақ болар. Ия, сонымен, ол әкеміз өзін қатты күтетін. Тағамдарды талғап жейтін. Жылына екі-үш мәрте денсаулығын тексертіп отыратын. Шипажайларға бас сұғуды да ұмытпайтын. Өзі менің атамнан бір он жас шамасында кіші. Менің атам қайтыс болғаннан кейін үш айға жетер-жетпес уақытта ол кісі де кетті ғой…
***
Жұрттың күтініп жүрген қатындары бала туатын кезде түрлі аурулары шығып, ем қабылдап барып бала көтеріп жатады. Ақ қар, көк мұзды к*тімен ерітіп қайыр сұрап отыратын анабір халықтың қатындарына таң қаламын. Жылда бала туатын секілді өздері. Емшегінде бір бала, жетегінде жеті, етегінде екі бала. Әлде, ол балалар олардікі емес пе? Әй, сонда да денсаулықтары мықты әлгілердің…
Әрі қарай

Қарбалас

Көктемді түрліше сипаттауға, суреттеуге және жазуға болады. Бұған әрине, біздерге жылулық сыйлайтын осынау мезгілмен қоса келетін түрлі мерекелер мен мейрамдардың да әсері баршылық. Не десек те «Өлмеген құлға келді жаз» дегендей қытымыр қыстан әйтүп-бүйтіп шыққандар көктем мен жаздан бір үміт күтері анық.
Салыстырмалы түрде қарасақ қала көктемі мен дала көктемі мүлде бөлек. «Сәуір болмай тәуір болмас» дегенге салар болсақ біздің Арқаның нағыз көктемі осы сәуірде келеді. Сай-салаға жайқала шыққан қызғалдақтар мен сарғалдақтар сәуірдің орта белінен аса, мамыр айының басында дала көктеміне ерекше бір сән беретіні рас. Көкке ауызы тиген қозы-лақ бір мезгіл енесін ұмытып, асыр салатын мезгіл де осы. Бірақ, бұның бәрі сәуір айында.
Наурыз айы далалықтарға ең қарбалас шақ. «Жуанның жіңішкеретін, жіңішкенің үзілетін» мезгілі. Қора маңына жинаған шөбінің таусылуға таяйтын, әлдеқалай қыс ұзарып кетсе саусағын мұрнына тығып қалу қауіпінің жоғарылайтын кезеңі.
Дегенмен, биылғыдай қар күрт еріген жылдары дала қазақтары қорадағы ірі қараларын, қой-ешкілерін қарайған қырат жаққа бағыттап жібереді. Жілік майы азайып шыққан малдар сай-саладағы іргесі сөгіле қоймаған қарларға үйелеп қалып жататын оқиғалар да кездеседі. Ертеңгілік инедей жылтырап жатқан жылғаның суы, сай-саладан келіп қосылған қар суымен өткел бермес өзенге айналатыны да көктемнің осыбір айына сәйкес келеді екен. Таңертең жайылымға кеткен малдарын кешке өзеннен бері өткізе алмай, ат сауырынан асатын, сең-сең мұздар жүріп жатқан өзеннен бес-алты атты адам сиырларды қақпайлап өткізтудің азабын сөзбен жеткізті мүмкін емес. Оны көзбен көру керек. Екі көлік соғылып қалса, таяққа сүйенген адам тайып құласа қалта телефондарымызды суырып алып, қызық үшін видеоға түсіріп, интернетке салатын біздердің ол жанталасты, қарбаласты видеоға түсіріп тұрғанымыз ауыл адамдарының алдында ұят қылық. Биылғы көктемнің осы қарбаластарының барлығын өзім арқылы тағы бір сезініп шыққаныммен мен сіздерге бұл жазбамдағы қарбаластардың барлығын суретпен немесе видеомен бере алмауымның себебі осы.
Бұл мал шаруашылығымен айналысатын дала қазақтарының көктемгі тірліктерін суреттейтін жазба. Бұдан бөлек ауылдағы ағайындардың көктеммен қоса келетін егін науқанына дайындық секілді басқа да бітпейтін тірліктері бар.
Әрі қарай

Сынықшы

Комедиялық бір киноға тамаша эпизод бола алатын әңгіме айтайын. Менің әкем жасында киік аулап, аңшылық құрған адам, оның әкесі де. Әңгімеге арқау болып отырған оқиға әкемнің бір досымен бірігіп киікке шығуы. Ол замандарда киіктер сайын далада жосып жүре беретін. Әкемнің «Планета» деген матасекілі болатын. Сол матасекілімен киік аулауға шығады. Артында Серғазы деген құрдасы әлде досы, опшым киік атушы. Киіктердің ипподромда жайылмайтыны белгілі. Екі аяқтылардың екі аяқты матасекілмен келе жатқанын көрген жануарлар ойлы-қырлы жерлермен, жыра-жыраның арасымен қашпай ды ма. Қанша жерден жер мұғдарын біліп жүрген адам болса да рөлде отырған әкемді қара басып, екі аяқты көліктері аударылып қалған екеудің төрт аяғы аспанна келіп тоңқалаң асады. Орындарынан атып тұрып, киіктерді қайта қумақшы болады. Бірақ, Секеңнің оң жақ қолы көтертпей қалса керек. Содан, қолы шығып кеткен Секеңді артына салып алып, ауылға, сынықшыға келеді әкем. Сынықшының әкесі де өз кезегінде аудан көлеміне аты мәлім сынықшы болған кісі екен.Баласының сынықшы болып жарытып жүргені шамалы екен сол уақытқа дейін. Дулат деген бір кісінің ойнамалы білегін 5-6 рет салып берген тәжірибесі бар, одан бөлек кесірткенің құйрығын жалғап көрмеген жан деседі. әлгі сынықшы, Секеңнің білегін олай қарап, былай қарап, әкеме: "Ұста мынаның қолын" депті. Әкем Секеңнің шығып кеткен қолын барынша созып тартып тұрыпты (созылған қолдың шамасында айтуларына қарағанда). Сынықшы иықтан тебетін көрінеді. секең жан дауысы шыға айқайлайты, анау екілене тепеді. Бір кезде бірдеңе шатыр ете қалады.«Болды, сүйек орнына түсті. сынықшы олай дегенмен, Секеңнің ауруы басыла қоймапты. Болмаған соң аудандық ауруханаға апарыпты. Сөйтіп, „тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айрылыпты“ демекші, Секең екі жерден сынған қолын иықтан гипстетіп қайтса керекті…
Әрі қарай

Дала заңы

Мен әкеммен шешіліп сөйлесіп көргенім жоқ. өтірік айтамын. Екі-үш мәрте ғана ашық сөйлескен болармыз. себебі, мен әке-шешемнің емес ата-әжемнің қолында өстім. Бұрынырақта да жаздым ғой, қайталап айтын не қылайын. Айтпағым басқа.
Сол, атының артына мінгесіп өскен атам былтырдан бері қаты ауырып жүр. Былтыр қыстың аяғына қарай «Келмесстанға» кететін болар деп жүргенімізде саумал мен қымызға ілігіп, жілігіне май барып аман қалған болатын. Орнынан тұрып, қонаққа да өз аяғымен және таяғымен баратын дәрежеге жеткен еді. Сол, даланың қыңыр шалдарының тұяғы, менің атам, былайғы жұртқа «сары шал» биыл тағы да төсекке таңылды. Жұрт жаңа жылды қарсалып жүрген кездерде біз атамызды шығарып салармыз-ау деген уайыммен жанында отырдық. Ия, іштей дайын болғанымызбен, қимайсың. Сол сары шал, барлық ұл-қызын жинап алып, соңғы сөзін айтқандай болды. Бұдан кейін айта аламыфн ба жоқ па деп уайымдаған болкуы керек.
Өзінің үлкен ұлын, менің әкемді қасына шақырып үш рет басынан иіскеп «Айналайын» деп кеудесіне басты. «Сені, иіскей де алмап едім, басқаларын жақсы көрдім еркелеттім, сен „әкем мені неге жек көреді?“ деп ойларсың. Мен сені жек көрмеймін, жақсы көремін. Қу Нұрқанның көңілі үшін өмір бойы маңдайыңнан сүймедім» деп әкеме өзінің тәспісін табыстады. Әкемнің де көңілі босап, жылап жіберді. Мен де маңқам аққанша жыладым-ау деймін. Себебі, сол… Әкем екеуміздің арамыз қалай болар екен?! Ол менің басымнан қашан иіскейді, мен оның кеудесіне қашан басымды қоя аламын, қашан ол киген шапанды иығыма жамылып тұра аламын?! Менің баламның ішкі жан дүниесі ертең осы сезімдерді бастан өткерер ме екен?! Ол да менің жылы сөзімді күтіп, менің еміренуімді аңсар ма екен?!
Әрі қарай

Сиам егіздері

Бүгінде «сиам егіздері» дегеннің кімдер екенін көп адамға түсіндіріп айтудың да қажеті шамалы. Бұл жайлы инет бетін ақтарсаңыз түрлі мәліметтерге тап боласыз. Біздің қазақ тілді баспасөз бұл жайлы қашан жазды деп ойлайсыздар. Біреулеріңіз соғыстан соң, біреулеріңіз тәуелсіздіктен соң деп ойлауларыңыз да мүмкін. Бірақ, бұндай мәліметтер тұңғыш рет «Түркістан уәлияты» газетінің 1871-ші жылғы 30-шы маусым күнгі нөмірінде жарияланған екен. Белгісіз автор 1811-ші жылы Сиам қаласында дүниеге келген Чанг пен Энг жайлы(аттарын көрсетпеген екен) жазып өтеді. Мәліметтерді жүрдім — баодым бере салмай екеуінің кейінгі өмірлеріне де шолу жасап, олардың 20 жастарында палысіңлі қыздарға үйленіп 24 бала сүйгенін, олардың 5-уі шетінеп, он тоғызының тірі екенін де жаза кетеді. Жастары келген соң дәрігерге барып ота жасауын өтінгендіктерін, бірақ өмірлеріне қауіп төніп тұрған соң ота жасалмағанын да айтып өтеді. 1871-ші жылы осынша жазылғанда біздің қазіргі кезімізде бұл тақырыпқа кеңінен тоқталмасақ ұятты болып қалармыз. Сонымен…
Әрі қарай

Тарихи кино түсірем деушілерге

Қазақтың әргі-бергі тарихынан өз орнын ойып алатын сәттердің бірі Жоңғар-қалмақтармен соғысқан кезеңдер. Отандық киноөндірушілер жұрттан қалыспас үшін тәуелсіздік алғалы бері бұл тақырыпта да камера тербеп көрген. Олар өздеріңіз білетін «Көшпенділер» мен «Жаужүрек мыңбала». «Көш жүре түзеледі» деген осындайда айтылса керекті. Соңғысы алғашқыға қарағанда сәтті әрі табыстырақ болып шықты.Рухтанамын деген адам «Көшпенділерден» де өзіне қажеттіні ала алар бәлкім?! Бірақ, барлығының шынайырақ болғанына не жетсін? Дегенмен тарихи киноларды түсіргенде тарихтан көп ауытқымаған да жақсы. Тартымды етіп түсіре алсаң бұл кинолардың жұртқа берер әсері мол. Білгіштердің айтуынша біздің телеарналарды жаулап алған кәрістің тарихи сериалдарының 50 пайызы өтіріктен құралған дейді.Бірақ біз көріп отырып сенеміз, себебі шынайы.Кәрістердің сол заманда атқа мінген, мінбегені де көріп отырған көрермен үшін маңызды емес.

Енді, негізгі айтпағыма келсем. Тарихи оқиғаларға сүйенген фильмдер түсіріле беруі керек. Тарихтағы кішкене оқиғалардың өзінен үлкен фильм жасап шығаруға болатын секілді. Кейде кішкене оқиғалардың өзінің ауқымының үлкейіп кететіні тағы бар.
Әрі қарай

Ат құлағында ойнау

Екінші не үшінші класс бітірген жылғы жаз. Жайлаудамыз.Асау аттарға міне алмасам да үйдегі бір-екі аттың жалын тартып мінетін дәрежеге жеткен ем. Бізден 10-15 шақырым жердегі жайлаудағы құда балалар келе қалды. Қанжығаларында киік. Жолай иттері алған екен, бізге бұйырған сыңайлы. Содан кешкілік құда балалар өз жайлауларына қайтпақ болды. Менен 4-5 жас үлкен кіші құда бала біраз жерге дейін еріп баруымды өтінді. Үйдің іші егіс алқабына дейін еріп баруға рұқсат еткен соң «Шалқасқа» атанып кеткен күрең қасқа атқа мініп алдым. Құда балалардың жарысайық деген ұсынысын қабыл алып, солардан қалмай құйғытып келемін. Менімен қатарласа шауып келе жатқан кіші құда бала «Сен аттың құлағында ойнау білесің бе?» деп сұрады. Мен «Жоқ, сен ше ?» деп сұрағына жауап беріп, әрі өзіне сауал тастадым. Шауып келе жатып қолын аттың құлағына созып саусағының ұшын бір құлағына тигізген құда балам «Міне, аттың құлағында ойнау деген осы» демесі бар ма?
Әрі қарай

Тегін ғибрат

Еліміздің солтүстік, шығыс және орталық аймақтарында аяз күшейіп тұр дәл қазір. Осы аяздар есіме бір ғибратты әңгімені түсіріп тұрғаны.
Бір торғай қатты аяз күні әрі қарай ұшуға шамасы келмей жерге(қарға) құлап түсіпті. Қардың ызғарына аяз қосылғанда оның өмірін әрі қарай жалғастыруы еш мүмкін емес еді. Сол маңайдан өтіп бара жатқан бір сиыр торғайдың дәл үстіне жапалатып кетіпті. Ыстық жапаның әсерінен торғайдың денесіне жылу тарап, өмірі сәл де болсын ұзарыпты. Бірақ, торғайдың дегені емес Алланың дегені болады емес пе? Сиыр өткен жерден мысыққа неге өтпеске?! Өтіп бара жатқан мысық жапа арасында отырған торғайды көріп, оны шығарып алыпты. Шығарғанда қайбір жаны ашыды дейсіз, жеп қойыпты сосын.
Бұдан туар қорытынды: Сені боққа тастап кеткеннің бәрі жау емес, боқтан шығарып алғанның бәрі дос емес.
Сурет мына жақтан алынды
Әрі қарай

Ұсталып қалу

Бұл жазбам өзімнің оңбай ұсталып қалғаным жайлы. Күйеуі вахтаға кеткен әйелдің күйеуіне ұсталып қалған болар деп ойласаңыздар қателесесіздер. Біреудің хатын оқып отырып та ұсталғаным жоқ.Сонымен…
Мектептегі кез. Сегіз оқымасақта жеті оқимыз шамасы. Сабақ беріп тұрған завучіміз (күйеуге шықпаған қатал кісі):
-Балалар, сендер шуламай отыра тұрыңдар, мен қазір келемін" деп шығып кетті. Осыны күтіп тұрғандай мен партаның үстіне атып шығып:«Білесіңдер ме ол қайда кетті.Осырып келуге кетті» деп кластастарымды күлдіріп тұрғанмын.ана мұғаліміміз шынымен есіктің сыртында осырып тұрған болуы керек, есікті жұлқи ашып кіріп келді де, жағымнан тартып-тартып жіберді…
Әрі қарай