«Астана-Теміртау» бағытындағы жол құрылысы 2016 жылы аяқталады


«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол». Осы бағдарлама аясында елімізде 11 жоба бойынша ұзындығы 7 мың шақырымнан аса жол құрылысы жүзеге асуда. Бүгін осы жолдардың бір нысаны Сенат депутаттарының назарына ілікті. 178 шақырым шығатын «Астана-Теміртау» автожолын аралап көрген сенаторлар құрылыс жағдайына қанықты. Бағасын берді. Нұрбек Байбосын, тілші — «Астана-Теміртау» бағыты 2016 жылдың аяғында толық тапсырылады. Бұл ақпарды депутатттар алдында осы жолға жауапты мекеме «ҚазАвтоЖол» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Темірхан Меңдіғалиев жеткізді. «Орталық-Оңтүстік» деп аталатын жолды жаңғыртуға 1000-ға жуық техника мен үш мыңнан астам адам жұмылдырылған. Аталған жолдың бағыты Қарағанды, Балқаш және Қапшағай қалалары арқылы Астанадан Алматыға дейін ұзындығы 1282 шақырым бойынша жүріп өтеді. Қазіргі уақытта ұзындығы 250 шақырым болатын 9 бөлікте қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның 150 шақырымы пайдалануға берілген. Бірнеше мердігер мекемелер жұмыс атқаруда. Ғани Өтепбайұлы, жүргізуші -Осы жерде менде тағы бір сауал туындады. Жоспарға еніп, әзірге салынбай қалған жолдар бар ма? Нұрбек Байбосын, тілші -Орынды сұрақ. Естеріңізде болса, Елбасы жолдауына енген Жезқазған мен Қызылорда арасын жалғайтын автожолдың құрылысын бастау жоспарда болатын. Дегенмен де қазір экономикалық ықшамдаудың әсерінен бұл жоба 1-2 жыл кейінге шегерілген. Ал Сенат депутаттары көзбен көрген «Астана-Теміртау» бағытының былтыр 12 шақырымын қолданысқа берген. Биыл 10 шақырымын аяқтау жоспарда бар. Жалпы «Астана-Теміртау», «Астана-Павлодар», «Алматы-Қапшағай» автожолдарына Ұлттық қордан 178 млрд теңге бөлінген. 4 жолаққа дейін кеңейтіліп салынатын жолдарға өзіміздің отандық өнімдердің 95%-ы қолданылуда. Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты — Сонау Ақтаудан шығатын битум зауытының өнімі осы жерге пайдаланып жатыр. Яғни бұл жолдың сыртында бірнеше мыңдаған адамдар жұмыс істеп, еңбек ақысын алып, жанұясының тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік алуда.

cілтеме

Астанада Құрбан Айт мерекесі кезінде малды қайдан аламыз?

Астана жаңалықтары: Астанада Құрбан Айт мерекесі кезінде малды қайдан аламыз?
Исі мұсылманға қасиетті Құрбан айт та жақындап қалды. Биыл бұл мереке 24-26 қыркүйек күндері аталынып өтіледі. Қазақстан Републикасы Еңбек Кодексінің 96-бабы 4-тармағына сәйкес Құрбан айт мейрамының бірінші күні демалыс күні болып саналады.

Құрбан айт мерекесінде күллі мұсылман қауым айт намазынан кейін құрбан шалуға асығатыны белгілі. Астанада қала тұрғындарына қолайлы болуы үшін мал сатып алуға және құрбан шалуға арналған арнайы орындар белгіленді. Олар барлық санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен талаптарға сай жасақталып отыр. Сонымен, малды қайдан аламыз, құрбанды қайда шаламыз:

Қарағанды – Астана тас жолының бойындағы «Метро» сауда орталығы, «Нұрбереке 555» ЖШС, Алаш тас жолы, 30 («Көк базар» нарығының артында), «Шаушен» шаруа қожалығы, «Астана — Софиевка» тас жолы, 9 км; «Мақсат 2010» ЖШС, Теміржолшы тұрғын алабы, Ақжар к-сі, 20.

Жастардың бизнеспен айналысуға құлшынысы зор

Жасұлан Адаев, «Бастау» бизнес мектебінің үйлестірушісі: АСТАНАЛЫҚ ЖАСТАРДЫҢ БИЗНЕСПЕН АЙНАЛЫСУҒА ҚҰЛШЫНЫСЫ ЗОР
Астана жаңалықтары: Жастардың бизнеспен айналысуға құлшынысы зор
– Таяуда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен Астанада «Бастау» бизнес мектебінің ашылғаны белгілі. Жоба кімдерге арналған, мақсаты қандай?
– Бүгінгі таңда Қазақстан халқының басым көпшілігін жастар құрап отырғаны мәлім. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, белсенді бөлігі. Олардың алаңсыз-қамсыз білім алуына, еңбек етуіне мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отыр. Қазірде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға ынталандыратын жобаларды көптеп жүзеге асыруда. Палата жанынан жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі арнайы кеңес құрылды. Сондай-ақ, жақында «Бастау» бизнес мектебі ашылды. Жобаның мақсаты – 29 жасқа дейінгі жас азаматтарды еңбекке баулып, кәсіпкерліктің қыр-сырына қанықтырып, жеке бизнесін ашу үшін жан-жақты бағыт-бағдар беру. Әзірге Астана қаласында ғана жұмыс істей бастаған бизнес мектептегі оқыту жүйесі 3 сатыдан тұрады, әр саты бір ай мерзімді қамтиды. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Бірінші сатыда ынталандыру курстары өткізіледі, онда дәріс алушылар сөйлеу шеберлігі, яғни адамдармен қарым-қатынас жасаудың мәдениетін, сауда жасау негіздерін меңгереді. Сонымен қатар, кәсіптік курстар барысында жастар алып-сату менеджері, ивент-менеджер, дизайнер секілді қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтарды игеруге мүмкіндік алады. Айта кету керек, бірінші саты тегін оқытылады. Тек оқытудың екінші сатысынан бастап 20 мың теңге көлемінде ақы алынады. Басқа оқыту курстарымен салыстырғанда, мұны анағұрлым арзан деуге болады. Екінші сатыда дәріс алушы нарықты зерттеу арқылы болашақ бизнесінің стратегиялық жоспарын жасап, оны әлеуметтік желілер арқылы жан-жақты танымал етудің қыр-сырын үйренеді. Команда құруды, оны басқаруды меңгеріп, нарықтың заңдылықтарын, тұтынушылар сұранысын түсіне бастайды. Ал соңғы үшінші саты – тәжірибеге бағытталған. Бұл кезеңде тыңдаушы арнайы сарапшының кеңес-көмегімен алдыңғы сатыда жасаған бизнес жоспарын жетілдіріп, іске асыруға әзірленеді. Айта кету керек, сарапшылыққа белгілі бір сала бойынша айтарлықтай табысқа жеткен, тәжірибелі кәсіби маман, кәсіпкер шақырылады. Сарапшы өз тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып, жас кәсіпкерді бизнесті неден бастау керек екенін және табысқа жетудің алғышарттарымен таныстырады. Бизнес мектептің тыңдаушысы өзінің жобасын толыққанды жетілдіріп, яғни барлық сатыдан өткен соң оған кәсіпкерлікті заңды түрде тіркеу ұсынылады. Жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелгеннен кейін біз жас кәсіпкерді «Даму», «ҚазАгро», екінші деңгейлі банктер секілді бизнесті қолдауға бағытталған институттармен, яғни инвесторлармен кездестіріп, бизнес жоспарын қорғатамыз. Ары қарай инвесторлар жобаның тиімділігі мен маңыздылығына қарай оларды қаржыландыру туралы шешім қабылдайтын болады.

– Меніңше, жол көрсетіп, жөн сілтеп жіберсе, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін талапты жастар жетерлік. Осы тұрғыдан алғанда «Бастау» бизнес мектебіне қызығушылық танытатындардың қатары аз болмауы тиіс деп топшылаймыз. Жалпы, осы уақытқа дейін бизнес мектепте қанша адам дәріс алды және жыл соңына дейін неше адамды оқыту жоспарланып отыр?
– Дұрыс айтасыз, жастардың жеке бизнесін ашуға деген ынтасы жоғары. Тек кейде неден бастау керек екенін білмей, сәтсіздікке ұшырап қалудан жүрексініп, кәсіпкерлікпен айналысудан тартынып тұратындары да жоқ емес. Ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да «Бастау» бизнес мектебі қазірдің өзінде еңбексүйгіш, табанды да талапты жастардың өзіндік ортасын қалыптастыра білді. Қызығушылық танытып, тілеулес болып жатқандар баршылық. Аймақтардан хабарласып, жергілікті жерде де осындай бизнес мектептердің ашылғанын қалайтындықтарын айтуда. Әрине, мұндай мектептерді бірден барлық өңірде ашуға мүмкіндігіміз бар еді. Алайда біз санға емес, сапаға мән беріп отырмыз. Сөйтсе де, жер-жердегі жастар тіпті Астанаға арнайы келіп оқуға ниет білдіріп жатқанын айта кету керек. Мәселен, жақында Түркістан қаласынан хабарласып, 20 азаматтың «Бастау» бизнес мектебінде оқығысы келетінін жеткізді. Алдағы уақытта Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде және Қарағанды секілді ірі қалаларда осындай бизнес мектептерін ашуды жоспарлап отырмыз. Ал дәл қазіргі уақытта дәріс алып жатқан білімгерлеріміз туралы айтар болсақ, оқытудың бірінші сатысына 100 адамнан екі толқын қабылдаған болатынбыз, олардың әрқайсысы 3 топқа бөлініп оқыды. Бірінші толқыннан 58 адам екінші сатыға өткен болатын, тағы да 15 адам екінші толқынмен бірге келесі сатыға өтуге ниет білдіріп отыр. Сонымен қазіргі таңда бизнес мектепте барлығы 158 адам оқуда. Бірінші толқынның екінші сатысында дәріс алған 58 адамның 45-і үшінші сатыға өтуге әзірленуде. Екінші толқынның ішінде бастапқы сатыда оқыған 100 адамның 70-і екінші сатыға өтуге қызығушылық танытып отыр. Ал үшінші толқынға тағы да 100 адамды қабылдағалы отырмыз, біздің есебіміз бойынша үшінші толқын қосылғаннан кейін «Бастау» бизнес мектебі бір мезгілде 215 адамды оқытатын болады. Жалпы, жыл ішінде бірінші сатыда барлығы 900 адамды, оның ішінде 540 адамды екінші сатыда оқытуды жоспарлап отырмыз. Ал 450 адам оқытудың толық курсын өтеді деген ойдамыз. Біз қазірде 600-ге жуық жұмыссыз жүрген жастардың дерегін алып, оларды өз дәрістерімізге шақыра бастадық. Осылайша бизнес мектепке жастарды, әсіресе жұмыссыз азаматтарды жұмылдырмақ ниеттеміз. Топтарға бөлгенде мақсатты түрде жұмыссыз жастарды, студенттерді және өз кәсібін жаңадан бастап жатқан жас кәсіпкерлерді аралас оқытатын болдық. Бұл жастардың бір-бірімен тәжірибе алмаса оқуға, өз мақсаттарына жетуге талпынуға түрткі болады деп ойлаймын.

– Сөз жоқ, бастамаларыңыз орынды, мақсаттарыңыз құптарлық. Дегенмен де, бизнес мектепте оқыту жүйесі несімен ерекшеленеді?
– Әлбетте, оқыту үдерісі жалықтыратын, іш пыстырарлық болса, одан нәтиже шығара қою неғайбыл. Бизнес мектепке ешкім мәжбүрлі түрде, еркінен тыс келмейді. «Білсем, үйренсем» деп ынталанып келеді. Олардың ынта-ықыласын өшіріп алмас үшін, керісінше жан-жақты қызықтыра түсу үшін біз оқытудың әрі қызықты, әрі пайдалы түрлі әдістемелерін қолданамыз. Мәселен, әр сенбі сайын аптаның қорытындысын жасап, түрлі бизнес ойындар өткіземіз, онда әрбір дәріс алушы өзінің ойлау қабілетін жетілдіріп, іскерлік ортада өзін ұстау дағдысын қалыптастырады. Оқу процесі білімгерлердің көңілінен шыға ма, ұнайтын немесе керісініше кемшілік жағы қандай, осының барлығын саралап, арнайы бейнероликтер түсіреміз, оны содан кейін әлеуметтік желілерге жариялап, қоғамның жалпы талқылауына шығарамыз. Ғаламтор арқылы басқа да жастармен байланыс орнатып, олардан да түрлі қызықты ұсыныстар қабылдап отырамыз. Қазіргі уақытта біздің әлеуметтік желідегі жазылушыларымыздың саны 3 мыңнан асып үлгерді. Жалпы, жастардың уақыты текке өтпей, өзіне керекті, өміріне, алдағы қызметтік жолына азық болар дүниелерді алуы тиіс. Дәріске шақырылатын сарапшы-мамандарды тәлім алушылардың өз ұсыныс-тілектері бойынша бекітетінімізді айта кету керек. Мәселен, бизнес мектепте жүргізілген сауалнама нәтижесінде білімгерлердің 90 пайызы «Қазақстандық арман» («Казахстанская мечта») кітабының авторы, жас миллионер Марат Әбиевпен кездесуді қалайтындықтарын білдірген. Көп ұзамай бұл кездесуді ұйымдастырдық та. Сонымен қатар, бизнес мектепте Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстанның әйел-кәсіпкерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Меруерт Қазбекова, тәуелсіз журналист, бірнеше жобалардың, деректі фильмдердің авторы Юлия Сенчук секілді өз саласының шеберлерімен кездесу өтті. Алдағы уақытта да осы секілді өмірі, қызметі, табысқа жету жолы тағылымды тұлғалармен кездесуді жиі ұйымдастырып тұрмақпыз.

– «Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деп дұрыс атап өттіңіз. Десек те, осы күшті біз кейде нақты, нәтижелі істен бұрын, жастарға берері аз, алаулатқан-жалаулатқан науқандық шараларға жұмсап жататынымыз жасырын емес. Кейде пайдалы бастама қолға алынып жатса да, олар әлгіндей аты бар да, заты жоқ іс-шаралардың кесірінен көрінбей қалып қойып жататыны бар. «Бастау» бизнес мектебі сондай жалтетпе жобалардың қатарынан болмайды деп сенеміз, әйткенмен, бастаманың нәтижесін қашан көруге болады?
– Иә, бүгінгі менің замандастарымда күш те бар, ерік-жігер, ақыл-ой да жетерлік. Еңбекке деген құлшыныс, ынта-ықылас та жоқ емес. Жерге шыбық шаншып, күтімін қалай жасасаң, ертең оның өсіп-өнбегі де, я керісінше, солып-сөнбегі де соған байланысты ғой. Бұл тарапта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қадағалауымен жастарға айрықша көңіл бөлініп жатқаны бекер емес. Жастарды жұмыспен қамту, олардың білім алуы, шығармашылық әлеуетін жетілдіруі үшін қарастырылып отырған мүмкіндіктер шындығында көп-ақ. Кейде өзіңіз айтпақшы, жастардың уақыты, мол потенциалы пайдасыз, болымсыз істерге жұмсалып кетіп жататын сәттер де болады. Әйткенмен, бұл уақытша жағдай деп ойлаймын. «Өтті-кетті» науқандық іс-шаралардың ғұмыры қысқа болады ғой, әдетте. Ал біздің бизнес мектепке келетін болсақ, өзіңіз көріп отырғандай, алаулатқан-жалаулатқан ештеңеміз жоқ. Астана қаласында алғашқы пилоттық жобамызды сәтті іске асыра бастадық. Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз «Ел бүгіншіл, біздікі ертең үшін» деген ғой. Яғни, жобамыздың нақты бағасын да, жемісін де ертеңгі күні көретін боламыз, бұйырса. Ал әзірге бізді қуандыратыны, бастамамыздың расында да жастардың кәдесіне жарайтын, пайдалы іс екеніне қазірдің өзінде көз жеткізе бастадық. «Бастау» мектебінде тәлім алған Азат есімді жас кәсіпкер Астана қаласында өзінің ивенттік агенттігін ашып, шаруасын дөңгелете бастады. Сол сияқты бір білімгеріміз Work and trаvel агенттігін ашты, ал Жанұзақ есімді жігіттің өз дәріханасы табысты жұмыс істеп тұр. Жанұзақ осы бизнес мектепте алған білімін нақты тәжірибеде ұштап жүргенін айтады. Бұл біздің алғашқы қарлығаштарымыз деуге болады. Әйтсе де, кәсіпкерлікпен айналысуға үлкен төзім, табандылық, уақыт керек. Кейбір замандастарым бір іспен айналыса бастаса, ай өтпей нәтижесін, табысын күтеді. Нәтижесін көре алмаған соң, салы суға кетіп жатады. Әрине, кәсіпкерлікпен айналысу оңай шаруа емес, оның жемісі қажырлы еңбекпен, асқан төзімділікпен келеді. Және де бір ескеретін жайт, «Бастау» бизнес мектебінде дәріс алған жастардың барлығы түгел кәсіпкер болып кетуі шарт емес. Жұмыссыз жүрген жастар болса, жұмыс табуына көмектесіп, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндер болса, оған қолұшын беріп, әйтеуір, біздің мектепті бітірген соң да олармен байланысты үзбей, нақты бір жетістікке жеткеніне куә болып жатсақ, еңбегіміздің еш кетпегені дер едім.
– Әңгімеңізге рахмет!

Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейлі той аяқталды


Күллі Қазақстанның қазыналы халқы мен өнерпаз жұртын елордаға жинап, дүбірлеткен торқалы той бүгін мәресіне жетті. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейлі тойдың соңғы күні «Халықтар достастығы» атты концертпен қорытындыланды. 3 күн қатарынан 2 бірдей сахнаны күмбірлеген күй мен сазға толтырып, ән мен биге бөлеген өнерпаздар жұртшылықтың жүрегіндегі елге деген махаббатты маздатып, бай тарих пен мәдениетінімізге деген құрметті еселеткен көрінеді. Сауық-сайранның соңғы күнінде Астанадағы күн райы мың құбылды. Жаңбыр жауды. Жел күшейді. Күздің ызғары білінді. Алайда бас шаһардың қақ ортасында тігілген қазақ ауылындағы салтанат бар сәнімен жалғасып жатты. Көңілді концерт, ән мен би алаңның екі бүйірінен құрылған екі сахнаны да жаңғыртып жатыр. Ал құлақты сахнаға түріп қойған жұрттың назары қала халқына таңсық көрінетін мынадай зергерлік, қолөнер бұйымдарында. Әсіресе Қарағандыдан келген Бөскей атаның балшықты илеп отырып, асқан ықтиярлықпен қалаған мүсіндері көз тартады. Бұл сирек өнерді шебер бала кезінен серік еткен екен. Бөскей Қыздарбеков, мүсінші -Бұл Қарағанды балшығы. 15 метр қазып, үйге әкеліп, кептіремін. Сосын елеген кезде балшығы түбіне түседі. Үстінде қалқып жүргенін алып, қолмен дайындаймын. Мұның жұмысы қиын шын айтқанда. Ал Астанаға бар кәдесыйларын, яғни үздік ән мен би, көріністерін алып келген өнер ұжымдары әлі де сергек, жүздері жадыраңқы. Күннің қытымырлығы талант иелерін тоңдыра алмаған сыңайлы. Кәусар Аяпбергенқызы, тілші -Ал бірнеше ғасырды артқа тастап, бабаларымыздың шынайы тұрмыс-тіршілігін көру үшін мынадай киіз үйдің ішіне кірсеңіз болғаны. Мұнда ХХ ғасырдан қалған саптама етіктер, аттың ер-тұрманы, батырларымыздың найза, шоқпар, қорамсақтың ішіндегі жебе-садағына дейін ілінген. Ал мынау бүгінгі күні өте сирек кездесетін бұрынғының киім-ілгіші адалбақан деп аталады. Дастархан басында сонау ХІХ ғасырда қолданылған көнек пен нағыз теріден жасалған саба тұр. Мұның бәрі Солтүстік Қазақстан облысында табылған жәдігерлер.
Авторлары: Кәусар Аяпбергенқызы, Абдулла Ибраев

cілтеме

Қарағандыда азық - түлік бағасы қандай?

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгінгі күні азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ең өзекті тақырыптардың бірі болып табылады. Әлемде аштықта өмір сүріп жатқандардың 60 пайызы Азия аумағына тиесілі. Сол себепті аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АӨСШК желісі бойынша азық-түлік өндірісімен байланысты нақты механизмдер жасау қажет» — деп айтқан болатын.

Азық-түлік адамдарға ауадай қажет болып табылатыны сөзсіз. Күнделікті азық алу үшін күніне қаншама адам сауда жасайды. Қазір бірі: "- азық-түліктің бағасы қымбаттады" — деп шырылдаса, екіншісі "-баға сол қалпы, осы күйінде қалады" — деген пікір айтуда. Әсіресе, бензин құны өскеннен кейін көп жұрт осыдан кейін бәрі қымбаттайды" — деп дүрлікті. Сонымен, Қарағанды қаласындағы 2-3 дүкендерді аралағандағы бағаны салыстырып көрген болатынмын.

Блог - KerimAyankyzy: Қарағандыда азық - түлік бағасы қандай?

Барлық азықты емес әрине. Соның ішінде көкеністердің бағасын салыстырсақ: «Абзал» сауда үйінде:
Картоп бағасы — 65 теңге;
Пияз — 68 тг;
Қызанақ Тапарлық — 176 тг;
Қызанақ — Қызылорда — 230 тг;
Қияр Тапарлық — 177 тг;
Қияр Миринда — 90 тг:

Блог - KerimAyankyzy: Қарағандыда азық - түлік бағасы қандай?

«City Mall» сауда үйінде:

Картоп — 255 теңге;
Пияз — 78 тг;
Қияр Тапар — 255тг
Қызанақ — 189 тг;

Блог - KerimAyankyzy: Қарағандыда азық - түлік бағасы қандай?

«ТАИР» сауда үйінде
Картоп — 61 теңге;
Пияз — 55 тг;
Қызанақ өзбек — 195тг;
Қияр Тапарлық — 125 тг;
Қияр Миринда — 150 тг;
Капуста — 82тг;
Сәбіз — 76 тг:

Осылай салыстыратын болсақ, «ТАИР» сауда үйінде азық-түлік бағасы әлдеқайда арзан екен. Ал, үй маңындағы кішігірім дүкендерді қарасақ. оларда үнемі сауда-үйіне қарағанда жоғары болады. Көкеністерден өзгелері де солай. Ал, ең төмен баға, әрине Базарда деп ойлаймын. Бірақ онда барып сауда жасауға көпшіліктің уақыты бола бермейді. Біздің жақта баға шамамен осылай, сізде ше?

Жеңімпаз

Олимпиада ойындары – адамзаттың ойлап тапқан ең тамаша жаңалықтарының бірі. Күллі әлем назарын салатын бұл дода антикалық заманда елдер арасындағы соғыстардың тоқтатылатын айрықша кезеңі болғаны да белгілі. Жер-жаһанда діні мен ділі, ұлты мен ғұрпы бөлек адамдардың бәріне ортақ, бәрі қызыға қарап, сағына күтетін, бір мәрте өз көзіммен көрсем деп армандайтын дәл осындай бұдан басқа шара — жоқтың қасы.
Қазір ғой, жазғы ойындардан спортшыларымыз жылдан-жылға (дәлірек айтсақ, кібіседен-кібісеге) жүлделерін ұлғайтып келеді. Бірақ соның өзінде тәуелсіз Қазақстаннан су спорты түрлерінен бір де бір медаль алып көрмепті. Спецификалық, күрделі түрлер болғандықтан шығар.
Алайда Қазақстанда су ішінен жалпы Олимпиада медалисі шықпады деуге болмайды. Қарсы алыңыздар, су спорты түрлерінен Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада ойындарының жүлдегері – Виктор Андреевич Абоимов. Ол – біздің тұңғыш! Қарағанды жүзі мектебінің түлегі, еркін стильде жүзгіш, КСРО құрамасына жарқ етіп енген атлет.
Әрі қарай

Жұманы асыға күтетіндер

Аптаның қай күнін адамдар асыға күтеді? Егер жексенбі десеңіз қателесіз. Елдің сағына күтетін әрі жақсы көретін күні — жұма. Бұл күнді тақуа мұсылмандар мен христиандар, тақыр кедей қайыршылар мен қарапайым жұмысшылар асыға күтеді. Жақында олардың қатарына ұстаздар мен мектеп оқушылары да қосылып қалуы мүмкін. Неге дейсізғой? Мән-мағынасын ашып көрейін.


Мұсылмандар үшін маңызы

Блог - tomarlik: Жұманы асыға күтетіндерӘлемдегі ең ірі діндердің бірі исламды ұстанушылар аптаның дәл осы күнін ерекше қастерлейді. Себебі бұл күннің қасиеті туралы құран кәрімнің «Жұма» сүресінде: «Ей, мүминдер! Жұма күні жұма намазына азан шақырылса, Алланы еске алуға асығып, өздерің барыңдар. Сауданы тоқтата тұрыңдар. Біле-білсеңдер сендерге сол жақсы» — делінген. Сонымен қатар Мұхамет Мұстафа (с.ғ.с): «Егер мүмин, жұма күні жамағатпен намаз оқып, имамға ұйыса оның екі жұма арасында жасаған күнәсі кешіріледі» — деп өсиет еткен. Осыны негізге алған мұсылмандардың көпшілігі аптаның бесінші күнінде кәсібін тастап мешітке ағылады. Кейбір ірі қалаларда тіпті жұма күндері мешіт орналасқан көшелер бірер сағатқа жабылып та қалады. Мешітке симаған жұрт, бай-кедей деп бөлінбей, көшеде тұрып та сап түзеп, намаз оқиды. Осы арқылы күнәларынан арылып, ана дүниеге сауап жинап қалмақ. Қарап отырсаң адамдар теңдігі, демократия дегеннің нақ көрінісі осы жерде байқалады емес пе?

Христиандар үшін маңызы

Блог - tomarlik: Жұманы асыға күтетіндерҚұдайдың жоқтан бар жасайтын құдіретінің дәлелі ретінде осыдан 2015 жыл бұрын жер бетіне Иса пайғамбар түсірілген. Ол айналасындағы жұртқа бірғана құдайдың бар екенін және оның алдында барлық адам тең екенін насихаттай бастайды. Бұл сол кездегі Иудей дін басыларына ұнамай қалған. Олар Исаның аз уақыттың ішінде танымал болып, соңына жұртты ертіп алғанынан қорқып, оны тоқтату туралы шешімге келеді. Өздерінің күші жетпейтін болғандықтан биліктегілерге арыз жаудыра бастады. Ал ол заманда қазіргі Израиль жері Рим империясының бодандығында еді. Сондықтан иудей дінбасылары Римнен келген прокурор Понти Пилатқа шағым түсіріп, жалған пайғамбарлығы және өзін патша жариялағаны үшін Исаны өлтіруді сұрайды. Олардың тілегін қабыл алған прокурор Иса Мәсіхті айқышқа керіп өлтіру туралы бұйрық шығарады. Бұйрық жұма күні орындалған. Арада үш күн өткен соң тіріліп, көкке ұшып кетеді. Содан бері ол салған жолмен жүрушілер аптаның екі күнінде шіркеуде құдайға жалбарыну өткізеді. Біріншісі, жұма күні "құдайдың" (Исаны құдайға балайды) жарық дүниеден өткенін, ал жексенбі күні тіріліп келгеніне байланысты…

Жұманың қайыршылар үшін қадірі

Блог - tomarlik: Жұманы асыға күтетіндерЖұманы тақуалар сауап жинау үшін асыға күтсе, қайыршылар тиынға қалтасын толтыру үшін күтеді. Бұл күні мешіт айналасы адамға толатындығын жоғарыда айтып өттім. Ал дінде садақа беру үлкен сауап әкелетін амал. Осыны білетін әккі қайыршылар жұртпен бірге мешітке қарай ағылады. Ел тәрізді намаз оқып, сауап жинау үшін емес алақан жайып, тиын жинау мақсатында.
Теміртаудан Қарағандыға барып күн сайын қайыр сұрайтын Эдуарт деген жігіт бар. Екеуміз күнде бір автобуспен барамыз, кешке бірге қайтамыз. Күнде-күнде көре берген соң дос болмасақ та ара-тұра әңгімелесіп қаламыз. Айтуынша күн сайын шамамен 1500-2000 теңге табыс табады екен. Ал жұма күні екі есе артық табады. Ол ел тәрізді мешіт жаққа бармайды. Себебі ол жақты меншіктеп алғандар бар. Бара қалса ұрып-соғып қуып жібереді. Бұл ақша сұрайтын аймақ Қарағандыдағы 45-орам мен ЦУМ дүкенінің ортасы. Басқа жаққа бара алмайды. Соның өзінде садақа беруге құлшыныс білдіретіндердің қатары жай күндерге қарағанда жұмада әлденеше есеге көп болады екен. Бұл туралы Берік Сұлтанның қайыршы қыздан алған сұхбатынан да көрсеңіздер болады.


Жұмыскерлер неге күтеді?

Блог - tomarlik: Жұманы асыға күтетіндерЖұманы асыға күтетіндер қарапайым жұмысшылар, мына сіз бен біз. Расқой? Дүйсенбі басталмай жатып елдің көбі жұманың келуін аңсайды. Сағынады… Неге? Себебі ертең жұмыс деп алаңдамай, түнімен отырып тв көруге немесе қыдыруға болады. Қонаққа бара қалсаңыз, ұйқым қанбай қалып, таңертең көзім іседі деп алаңдаймсыз. Алда бақандай екі күн демалысыңыз күтіп тұр. Осыны білген соң көңіліңіз де орнында болады. Ал жексенбі керсінше жұрт жақтырмайтын күн. Ертең аптаның алғашқы күні, жұмыс күні екені есіңізге түсіп, еңсе көтертпейді.
Бұл күнді әр ұлттың өкілдері әрқалай күтетіні тағы бар. Қазақтар жағы сенбі болатын тойды немесе баратын қонағын ойлап қамданады. Ал орыстар болса армансыз ішуді ойлайды. Бұл туралы әзілдері жеткілікті.
Айтқандай жақында бұл күнді жұмыскерлермен қатар мектеп оқушылары мен ұстаздар да асыға күтіп қалуы мүмкін. Соңғы кездері ел арасында оқу күні бес күндік болып қалуы мүмкін екендігі жайлы қауесет белең алуда. Бұл алда-жалда рас болып шықса, жұма күнін асығушылардың қатары қалай өсетінін ойлай беріңіз. Әсіресе оқымайтын оқушыдан бір күнге болса да артық демалатынын ойлағанда ұстаздар қалай қуанады десеңізші…

Рабинзон мен Жұма

Блог - tomarlik: Жұманы асыға күтетіндерАғылышындық танымал жазушы Даниэл Дефоның қаламынан шыққан «Робинзон Крузо» романын оқығансыз ба? Онда әлемді саяхаттауға құмар болған ағылышын жігітінің кеме апатына ұшырап, елсіз аралда қалып қойғаны суреттеледі. Робинзон өркениеттен жырақта 28 жыл ғұмыр кешкен. Алғашқы жылдары жалғыз өзі болады. Үй салып, егін егіп, ешкі асырайды. осы жұмыстарды толық ыңғайлап болған соң аралды толық зерттеуге көшкен. Арада біраз уақыт өткен соң аралдан адам ізін табады. Бұл адам жегіш жабайлыр болатын. Олармен алғашқы кездесуі аптаның жұма күнінде орын алған. Дәл сол күні жабайлыр тұзағынан өзіне серік болуға жарайтын жігітті құтқарып алады. Жабайыға тіл үйретіп, өркениетке баулыған соң тапқан күннің құрметіне «Жұма» деп атау берген.

Ел тілегі - елу миллион

Кеңес заманында шаруашылықты көтеру үшін түрлі ұрандар қабылданып, социалистік жарыстар өткізіліп жататын. Соның бірі шопандар арасындағы: «Ел тілегі- елу миллион» бәсекесі. Бұл туралы қазір көп айтыла бермейді. Тіпті ешкім білмейді деуге де болады. Бірақ, бұл бағдарлама елдің экономикасын көтеру мен республикадағы азайып кеткен малдың санын қайта қалпына келтіруде үлкен рөл атқарған еді.

«Ел тілегі- елу миллион» қайдан шықты?

Блогиада: Ел тілегі - елу миллион1928 жылы Ф.И.Голощекин бастаған «Кіші Қазан» реформасының салдарынан Республикадағы мал басы саны 45 миллионнан 4,5 миллионға азайып кетті. «Асыра сілтеу болмасын! Аша тұяқ қалмасын!» ұранын бетке ұстаған шолақ белсенділер қазақ шаруаларының қолындағы малдың бәрін етке өткізген болатын. Оларды орталыққа тасымалдайтын көлік болмағандықтан, үйілген етті өртеп отырған. Бұл біріншіден адамдардың ашығуына алып келсе, екіншіден, мал басы санының азаюуына соқтырды. 1928-1932 жылдары Қазақстанда адам мен мал ресурстары адам сенгісіз дәрежеде азайып кеткен. Оның орнын толтыруға ұзақ жылдар қажет болды. Тек соғыстан кейінгі жылымық дәуірінде ғана республика бойынша мал шаруашылығында өсім байқалған болатын. Бірақ, ол ұзаққа бармады. 1954 жылы «Тың және тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулы қабылды. Оны да шолақ белсенділер көтеріп әкетіп, мал шауашылығына пайдаланылып келген шабындық және жайылымдық жерлерді жыртып, егін салды. Көптеген агрономдардың қарсы болған пікірлері ескерілмеді. Нәтижесінде мал азығына қажетті жер ресурсының болмауынан бұл сала кенжелеп қалды.
Мал шаруашылығының азаюы салдарынан республикада ет пен жүн тәрізді өмірлік қажеттілігі жоғары шикізат көздерінің тапшылығы сезіле бастады. Осы тұста жоғары жақтағылар, мал шаруашылығын көтерудің жаңа бағдарламасы ретінде, «Ел тілегі-елу миллион!» ұранын бекітті.

Ұранның орындалуы

Блогиада: Ел тілегі - елу миллионРасында бұл бағдарлама дер кезінде қабылданған болатын. Сонау тың игеру басталған жылдары дүрмекке ілесіп, егін салумен айналысып кеткен совхоздар біртіндеп мал шаруашылығына қайта бет бұра бастады. Неге? Себебі агроном мырзалардың болжағаны келіп, бей-берекет жыртылған жерлер бір-екі жылдан соң түсім беруді қойды.
Егін салып, қарық боламыз деп ауыздары күйген шаруашылықтың бірі менің туған ауылым Томар совхозы. Дүрмек кезінде дәл ауылдың іргесіне дейін егін салынған. Ал біраз жылдан соң нәрінен айырылған жер түсім беруді қояды. Амалсыз егін салу тоқтатылды. Бос атыраптарды қодыра (жусанның түрі) басып кетті. Ол жарықтықты қойдан басқа ешкім жемейді. Сондықтан, совхоз башылығы ұранға үн қосып қой шаруашылығы болып қайта құрылуды қолға алған. Нәтижесі жаман болған жоқ. Аздаған жылдың ішінде ауданды былай қойып облысқа дейін аты кеңінен танылған үлкен шаруашылыққа айналып шыға келеді.
Блогиада: Ел тілегі - елу миллион«Ел тілегі — елу миллион» ұраны шын мәнінде шопандар арасында бәскененің басты нысанына айналды. Жақсы нәтиже көрсетіп, төлді көп алғандары мақтау мен мадақтаудың астында қалған. Кейбір кісілерге «Социалистік еңбек ері» атақтары беріледі. Бұдан бөлек озат шопандар үнемі түрлі бағалы сыйлықтармен марапатталып отыратын. Төл алуда жақсы нәтиже көрсеткені үшін менің атам екі рет мәшине алған.
Аға буын өкілдерінің айтуынша сол жылдары шопанның баласы болу қазіргі министірдің баласымен тең болыпты.
Совхозға қарасты 28 қыстаудың әр қайсын иеленіп алған шопандар төл алудан бірінен-бірі асып кетуге тырысып жататын. Жүз саулықтан жүз жетпіс, екі жүз қозы алған шопандар да болыпты. Ешқандай технологияның көмегінсіз, табиғи жолмен. Расында қолда бар қойдың бәріне егіз таптыру ақылға қонымсыз жағдай. Сонда бұл қалай?
Шопандар төл алу барысында өздерінің жекеменшік қойларының төлінде санаққа қосып жіберіп отырған. Осылай ша көктемгі санақ кезінде «Бәлен қойдан түген төл алдық» деп көрсетеді. Бұлай жасаса құрмет пен қошеметтің астында қалады. Ал егер төл алуда көрсеткіші төмен болса сөгіс етіп, жоғарыдан таяқ жейді. Осыған байланысты ел арасында мынадай бір әзіл әңгіме бар:

Қой фермаларын тексеріп жүрген аудандық өкіл бір шопанға ұрсып жатыр дейді:
— Ана саулық неге екіз тапқан да мына қой негі жалқы тапқан? Малға алалап қарағанды қашан қоясыңдар? Екеуін де егіз тапқызбағаныңыз үшін сізге сөгіс беремін!
Сөйтсе шопан әлгі өкілге қарап тұрап:
— Қарағым қалағаныңа егіз тапқызатын қасиетің болса үйдегі келінге неге жылда егіз тапқызбайсың? — депті. (Өкілдің ұзақ жылдар бойына баласы болмай жүрсе керек.). Шопанның бұл бір ауыз сөзі елірген өкілді сабасына түсіріп, кешірім сұрап жөніне кеткен еткен.

Қарт шопанның өкініші

Блогиада: Ел тілегі - елу миллионМал шаруашылығы қазақ халқының ежелден маманданған саласы болатын әрі жеріміз де қой өсіруге оңтайлы еді. Алайда жобаның жетпей жатып желкесі үзілді. Одақтың шаңырағы шайқалып, Горбочевтің басынан бақ таяған соң нұсқаумен жүріп үйренген софхоздар әрі қарай не істерін білмей дағдарысқа түсті. «Бармақ түгіл бас қайғы» болған тұса, оларға нұсқау беріп жөн сілтеген жан болмады. Совхоз мүлкін әркім өз ыңғайына қарай талан-таражыға салған. Пысықай шопандардың бір бөлігі малдың бәрін басып қалып, өз алдына жеке шаруашылық құрып алады. Ал енді бір бөлігі үкіметтің қаржыландыруынсыз қалған совхоз қажеттілігін өтеу (жанар-жағар май, техника бөлшектері, айлық) мақсатында арзан бағаға сатылымға қойылады. Бұдан аман қалғанын кезінде комсомолдық жолдамамен қойға қуылған жастар араққа айырбастап құртады. Сол малды өсіріп-өнідірген шопандардың кеудесінде салдыраған темір мен қолдарында жарамсыз алғыс хаттан өңге дым қалмаған. Бұған наразы болған қариялар біраз жерге шапқылап, малды аман алып қалуды сұрап басшылыққа жалбарынады. Бірақ, олардың сөзін елеп-ескерген жан болмаған. Айтар ақылын тыңдар құлақ таппай сабылған ақсақалдардың жайы күйі туралы "Қой мен гүл" әңгімесінен оқысаңыз болады. Біздің ауылдағы қариялардың да күйініші сол, миллионға жетеміз деп жиған малдың ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі.

Сілтеме:

Қой мен гүл (Деректі әңгімесі): kazgazeta.kz/?p=5483

Әбдішев ісіндегі күмәнді жайлар

«Журналистер сәлем! Жігіттер, жақсылап жазыңдар!» Бұл – облыстың бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтің сот залынан шығып бара жатқанда айтқан сөзі. «Маған әділ бағаны халық береді», – деген экс-әкім өзінің ісі туралы барлық мәліметтің халыққа дұрыс жеткізілуін қалайды. Мұнысы өзінің ары таза екенін елі білсін дегені болар. Расында Б.Әбдішевтің қылмысқа қатысы бар екендігі үлкен күмән туғызады. Сот барысында қорғаушылар мен күдіктілер тарапы тергеу амалдарында заңбұзушылықтың болғанын айтқан болатын.

Блог - tomarlik: Әбдішев ісіндегі күмәнді жайлар
Экс-шенеуніктерге қатысты тергеу амалдары заңға сай жүргізілмеген. Тергеушілер айып тағу үшін заң бұзудан еш тайсалмапты. Бұл туралы сот тыңдалымының бірінші отырысында қорғаушы М.Шаймерденов мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Б.Әбдішев пен С.Ахметовтің ісіндегі басты эпизодтардың бірі «Сталь Цинк» бойынша тергеу екі рет жүргізілген. Әуелі облыстық прокуратура тексеріс жүргізіп, «бұл істе қылмыстық сипат жоқ» деген қаулы шығарған. Ал екінші рет тексеру барысында тергеушілер прокуратура шығарған қаулының күшін жоймаған. Оны тек іс қозғалып, тергеу қорытындысы шығарылған соң барып бір-ақ ескереді. Бірақ өздерінің заңды белшеден басқанын ескермей, қаулының күшін өтіп кеткен күнмен жойған.

«Сталь Цинк» эпизоды бойынша жүргізілген тергеу амалдарындағы заңбұзушылық тек бұл ғана емес. Сот барысында Б.Әбдішев өзіне тергеушілер тарапынан қысым жасалғанын, сондықтан осы іске байланысты Серік Ахметовке жала жапқанын айтты. Тергеушілер экс- әкімді көшедегі жарық бағаналарын ауыстыру мен құрылыс үшін жер телімдерін С.Ахметовтің туыстарына ол кісінің айтуы бойынша алып бергенін айтуға мәжбүрлеген. Тіпті, бейнежазбаға мойындауды жазғызу барысында оған айтар сөзін жаттатқызыпты. Бас тартқандай жағдай болса, үстінен ҚР ҚК 235-бабы бойынша қосымша іс қозғалатынын айтып қорқытады. Егер Б.Әбдішев тергеушілердің айтқанына көніп, жалған мәлімдеме бермеген болса, оған «Қылмыстық топтың басшысы» деген айып тағылатын еді. Экс-әкімнің мәлімдемесін Серік Ахметов толығымен қолдап шықты.

Ал Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин болса, қысымның тек Б.Әбдішевке ғана емес, өзіне де жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, тергеушілер оны Б.Әбдішев пен С.Ахметовке жала жабуға мәжбүрлейді. Тергеушілер А.Телғаринды айтқандарына көндіру үшін оған моральдық қысым көрсеткен. Бас тартып, айтқандарына көнбесе, үлкен ағасы мен қайын атасының үстінен қылмыстық іс қозғайтынын, ал өзіне ҚР ҚК 235- бабы бойынша айып тағатынын айтып қорқытады. Оған қоса жала жабатын түсінік бергенше жеті сағат бойы ешқайда шығармай, департаментте қамап ұстаған.

Осы жерде назарларыңызға тағы бір қызық фактіні ұсынғым келіп отыр. Осыдан бір апта бұрын Солтүстік Қазақстан облысында Мұрат Кушубаев есімді қаржы полициясының беделді әрі мықты маманы құрықталды. Оған ірі көлемді пара алды, айыпталушылардың пара беруге мәжбүрледі деген айып тағылып отыр. Ол СҚО жүріп заңсыз жолмен алькоголді өнімдерді саудалаумен айналысқан “АлкоПремиюм” ЖШС басшысы А.Заргарянның ісін қарайды. Бұл азаматтың қоймасында расымен де заңсыз әкелінген спирттік өнімдердің бары дәлелденеді. Заң орындары оны тұтқындап, мүлкін тәркілеуі керек еді. Бірақ, М.Кушубаев олай істемейді. Ол кәсіпкерді өзіне шақырып алып, он мың доллар көлемінде сыйақы берсе іске көз жұма қарайтынын айтқан. Тіпті саудаласа келе параның көлемін сегіз мың долларға дейін түсіреді. Ақшаны алған соң, кәсіпкердің заңсыз тауарын қоймасынан алып кетуге жағдай туғызады. Алайда әріптестері оның бұл әрекетін байқап қалып дереу шара қолданған. Заң құрығынан сытылып кетуге тырысқан әрекетінен түк шықпай, ақыр соңында М.Кушубаев тұтқынға алынды.

С.Ахметов пен Б.Әбдішевтің ісіне бұл адамның не қатысы бар деп ойлап отырған боларсыз? Айтайын. Қарағандылықтарға қатысты аты шулы қылмыстық іс қозғап, экс-премьер мен экс-әкімге айып таққан осы адам. Сол үшін екі бірдей мемлекеттік награда алған. Енді келіп өзі қылмысты болып отыр. Бұл күдік туғызбай ма? Парақор адам жүргізген тергеу амалдарының әділ болуы мүмкін бе? Бәлкім оған Қарағанды билігіндегі шенеуніктерге күйе жағу үшін тапсырыс берілген болар?

С.Ахметов пен Б.Әбдішев бастаған бір топ адамның қылмыстық ісіне қатысты өткен алдын ала тыңдау сот отырысында экс-әкімнің қорғаушылары оны тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстыруды сұраған болатын. Бірақ олардың шағымын сот төрағасы ескерусіз қалдырды. Айыптаушы тарап, қылмысы ауыр болғандықтан, облыстың бұрынғы басшысын үйқамаққа шығаруға қарсылық танытты. Алайда Б.Әбдішев пен оның қорғаушылары соттың бұл шешімімен келіспейді. Себебі осы іске қатысы бар, бірақ қазіргі таңда үйқамақта немесе кепілге ақша қою арқылы бостандықта жүрген кейбір шенеунікке тағылған айып экс- әкімдікінен анағұрлым ауыр. Әйтсе де оларды тергеу изоляторында қамауға алуды сот пен айыптаушы тарап қажет деп санамайды. Сонда бұл қалай болғаны?

Бауыржан босатылуы керек

Бүгін Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында Бауыржан Әбдішевтің қылмыстық ісі бойынша алдын-ала тыңдау сот отырысы басталды. Негізгі сот процесі келер аптада болады деп күтілуде. Бүгінгі отырыстың бірінші ауысымында экс-әкімнің адвокаттары оны тергеу изоляторынан босату мәселесін көтерді.

Блог - tomarlik: Бауыржан босатылуы керек

Бауыржан Әбдішев Қарағандының тізгінін не бәрі екі-үш жылдай ғана ұстаған әкім. Алайда, осы аз уақыттың ішінде ел арасында үлкен абыройға ие болды. «Әкім ұсталыпты» деген хабар тарағанда Қарағанды жұртшылығының көпшілігі наразылық танытқан болатын. Ол билікте отырған кезінде тек жақсы жағымен ғана танылды. Бірнеше мемлекеттік марапатқа ұсынылып, ел ертеңі үшін еңбек етушілер қатарына қосылды. Бірақ, басына қара бұлт үйірілген сәтте оны жақтаушылардың біразы сырт айналып шыға келді. Әкім тағын босатқан сәтте, БАҚ беттерінде экс-әкімді даттаған материалдар көбейе бастады. Неге? Кеше ғана жақсы болған адам бүгін жаман болып шыға келгені ме?
Мәселенің бәрі оған жағылған күйеде болып тұр. Қара күйе шоқ тәрізді күйдірмейді, бірақ, кетпейтін қара дақ қалдырады. Бүгін адвокаттары мәлімдегендей экс-әкімге тек бір ғана нақты айып тағылып отыр. Ол «қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану». Бірақ, оның өзі дәлелдеуді қажет етеді.
Экс-әкімнің өзі де оның жақтастары да оған тағылып отырған айыппен келіспейді. Бұл жерде қасақана жала жабуға тырысу байқалады. Мәселен, Серік Ахметов пен Бауыржан Әбдішевтің ісіндегі басты эпизодтардың бірі болып табылатын «Стал Цинк» төңірегіндегі шуды алып қарайық. Тағылған айыпта, экс-шенеуніктер қызметтік өкілеттілігін пайдалана отырып, қаланы жарықтандыру бағаналарын орнатуды осы фирмаға алып берген-міс. Бірақ, осы айыпты таға отырып, прокуратураның өзі заңды белшеден басқан болып шықты. Адвокат Шаяхметовтың айтуына қарағанда қарағандылық шенеуніктерге қарсы аты шулы іс қозғалардан бұрын облыстық прокуратура «Сталь Цинк» эпизодына байланысты С.Ахметов пен Б.Әбдішевтің үстінен іс қозғайды. Алайда олардың әрекетінен қылмыстық сипат байқалмағандықтан арнайы қаулы шығарып, істі тоқтатқан. Ал бертін келе, экс-шенеуніктердің үстінен жаппай іс қозғап, іздерінен шам алып түскен шақта тергеушілер «Сталь Цинк» эпизодына байланысты істі тағы қозғайды. Алайда, бұрынғы шығарылған қаулының күшін жоймаған. Демек, олардың жүргізген тергеу амалдары заңсыз болып табылады. Рас-өтірігін кім білсін, тергеушілер облыстық прокуратура шығарған қаулының күшін жойған істі сотқа берерден біраз уақыт бұрын ғана жойған. Ал құжатқа іс басталардан бұрын күші жойылды деп көрсетіпті. Яғни заңды бұзып қана қоймай, алдауға дейін барған. Осыдан соң, тергеу амалдары әділ өтті дегенге кім сенеді?
Блог - tomarlik: Бауыржан босатылуы керек
Облыстың бұрынғы басшысының қорғаушылары сот процесі аяқталғанша Әбдішевті тергеу изоляторынан босату керектігін айтуда.
-Ешкімге зорлық жасамаған адамды он ай бойына тергеу абақтысына қамап қою әділдікке жатпайды. Оның кәмелет жасына толмаған екі баласы мен сексендегі қарт анасы бар. Әрі менің қорғалушым қоғам алдында үлкен абыройға ие адам. Бірнеше мемлекеттік марапатқа да ұсынылған. Әрі қылмысы толық дәлелденген жоқ. Рас, тағылып отырған айып ауыр. Бірақ, заңнамада күдіктіні тергеу изоляторынан бөлек үй қамаққа алу және кепілге ақша қою арқылы қолхатпен босату шараларының барын да ескеру қажет. Б. Әбдішевті әрі қарай да тергеу изоляторында ұстап отыру адамгершілікке жатпайды. Ол бостандықта болса тергеу амалдарына кесірін тигізеді деп қорқудың да қажеті жоқ. Себебі, біреуге ықпал етерліктей оның қолында өкілетті билік те бұрынғыдай күште жоқ,- дейді адвокат Нұрлан Бекбергенов.
Сот алдында сөз алған Б.Әбдішев өзінің тергеу изоляторында отырғанына наразылық танытты. Әрі өзінің қылмысқа қатысы жоқ, арының таза екенін тағы бір мәрте айтып өтті.
Расында қылмысқа қатысы бар деп күдік келтірілген 21 адамның тек бесеуі ғана қамауда отырғаны күдік туғызады. Олардың барлығына тағылып отырған айыптың ара салмағы бір-біріне жақын емес пе? Сонда біреуінің қамауда болуы мен келесі бірінің бостандықта жүруі әділдікке жата ма? Күдіктілерді бұлайша алалау неге және кімге керек?