«Астана-Теміртау» бағытындағы жол құрылысы 2016 жылы аяқталады
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол». Осы бағдарлама аясында елімізде 11 жоба бойынша ұзындығы 7 мың шақырымнан аса жол құрылысы жүзеге асуда. Бүгін осы жолдардың бір нысаны Сенат депутаттарының назарына ілікті. 178 шақырым шығатын «Астана-Теміртау» автожолын аралап көрген сенаторлар құрылыс жағдайына қанықты. Бағасын берді. Нұрбек Байбосын, тілші — «Астана-Теміртау» бағыты 2016 жылдың аяғында толық тапсырылады. Бұл ақпарды депутатттар алдында осы жолға жауапты мекеме «ҚазАвтоЖол» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Темірхан Меңдіғалиев жеткізді. «Орталық-Оңтүстік» деп аталатын жолды жаңғыртуға 1000-ға жуық техника мен үш мыңнан астам адам жұмылдырылған. Аталған жолдың бағыты Қарағанды, Балқаш және Қапшағай қалалары арқылы Астанадан Алматыға дейін ұзындығы 1282 шақырым бойынша жүріп өтеді. Қазіргі уақытта ұзындығы 250 шақырым болатын 9 бөлікте қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның 150 шақырымы пайдалануға берілген. Бірнеше мердігер мекемелер жұмыс атқаруда. Ғани Өтепбайұлы, жүргізуші -Осы жерде менде тағы бір сауал туындады. Жоспарға еніп, әзірге салынбай қалған жолдар бар ма? Нұрбек Байбосын, тілші -Орынды сұрақ. Естеріңізде болса, Елбасы жолдауына енген Жезқазған мен Қызылорда арасын жалғайтын автожолдың құрылысын бастау жоспарда болатын. Дегенмен де қазір экономикалық ықшамдаудың әсерінен бұл жоба 1-2 жыл кейінге шегерілген. Ал Сенат депутаттары көзбен көрген «Астана-Теміртау» бағытының былтыр 12 шақырымын қолданысқа берген. Биыл 10 шақырымын аяқтау жоспарда бар. Жалпы «Астана-Теміртау», «Астана-Павлодар», «Алматы-Қапшағай» автожолдарына Ұлттық қордан 178 млрд теңге бөлінген. 4 жолаққа дейін кеңейтіліп салынатын жолдарға өзіміздің отандық өнімдердің 95%-ы қолданылуда. Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты — Сонау Ақтаудан шығатын битум зауытының өнімі осы жерге пайдаланып жатыр. Яғни бұл жолдың сыртында бірнеше мыңдаған адамдар жұмыс істеп, еңбек ақысын алып, жанұясының тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік алуда.
cілтеме
Пікір жоқ әзірше