Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейлі той аяқталды


Күллі Қазақстанның қазыналы халқы мен өнерпаз жұртын елордаға жинап, дүбірлеткен торқалы той бүгін мәресіне жетті. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейлі тойдың соңғы күні «Халықтар достастығы» атты концертпен қорытындыланды. 3 күн қатарынан 2 бірдей сахнаны күмбірлеген күй мен сазға толтырып, ән мен биге бөлеген өнерпаздар жұртшылықтың жүрегіндегі елге деген махаббатты маздатып, бай тарих пен мәдениетінімізге деген құрметті еселеткен көрінеді. Сауық-сайранның соңғы күнінде Астанадағы күн райы мың құбылды. Жаңбыр жауды. Жел күшейді. Күздің ызғары білінді. Алайда бас шаһардың қақ ортасында тігілген қазақ ауылындағы салтанат бар сәнімен жалғасып жатты. Көңілді концерт, ән мен би алаңның екі бүйірінен құрылған екі сахнаны да жаңғыртып жатыр. Ал құлақты сахнаға түріп қойған жұрттың назары қала халқына таңсық көрінетін мынадай зергерлік, қолөнер бұйымдарында. Әсіресе Қарағандыдан келген Бөскей атаның балшықты илеп отырып, асқан ықтиярлықпен қалаған мүсіндері көз тартады. Бұл сирек өнерді шебер бала кезінен серік еткен екен. Бөскей Қыздарбеков, мүсінші -Бұл Қарағанды балшығы. 15 метр қазып, үйге әкеліп, кептіремін. Сосын елеген кезде балшығы түбіне түседі. Үстінде қалқып жүргенін алып, қолмен дайындаймын. Мұның жұмысы қиын шын айтқанда. Ал Астанаға бар кәдесыйларын, яғни үздік ән мен би, көріністерін алып келген өнер ұжымдары әлі де сергек, жүздері жадыраңқы. Күннің қытымырлығы талант иелерін тоңдыра алмаған сыңайлы. Кәусар Аяпбергенқызы, тілші -Ал бірнеше ғасырды артқа тастап, бабаларымыздың шынайы тұрмыс-тіршілігін көру үшін мынадай киіз үйдің ішіне кірсеңіз болғаны. Мұнда ХХ ғасырдан қалған саптама етіктер, аттың ер-тұрманы, батырларымыздың найза, шоқпар, қорамсақтың ішіндегі жебе-садағына дейін ілінген. Ал мынау бүгінгі күні өте сирек кездесетін бұрынғының киім-ілгіші адалбақан деп аталады. Дастархан басында сонау ХІХ ғасырда қолданылған көнек пен нағыз теріден жасалған саба тұр. Мұның бәрі Солтүстік Қазақстан облысында табылған жәдігерлер.
Авторлары: Кәусар Аяпбергенқызы, Абдулла Ибраев

cілтеме
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше