Әбдішев ісіндегі күмәнді жайлар

«Журналистер сәлем! Жігіттер, жақсылап жазыңдар!» Бұл – облыстың бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтің сот залынан шығып бара жатқанда айтқан сөзі. «Маған әділ бағаны халық береді», – деген экс-әкім өзінің ісі туралы барлық мәліметтің халыққа дұрыс жеткізілуін қалайды. Мұнысы өзінің ары таза екенін елі білсін дегені болар. Расында Б.Әбдішевтің қылмысқа қатысы бар екендігі үлкен күмән туғызады. Сот барысында қорғаушылар мен күдіктілер тарапы тергеу амалдарында заңбұзушылықтың болғанын айтқан болатын.

Блог - tomarlik: Әбдішев ісіндегі күмәнді жайлар
Экс-шенеуніктерге қатысты тергеу амалдары заңға сай жүргізілмеген. Тергеушілер айып тағу үшін заң бұзудан еш тайсалмапты. Бұл туралы сот тыңдалымының бірінші отырысында қорғаушы М.Шаймерденов мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Б.Әбдішев пен С.Ахметовтің ісіндегі басты эпизодтардың бірі «Сталь Цинк» бойынша тергеу екі рет жүргізілген. Әуелі облыстық прокуратура тексеріс жүргізіп, «бұл істе қылмыстық сипат жоқ» деген қаулы шығарған. Ал екінші рет тексеру барысында тергеушілер прокуратура шығарған қаулының күшін жоймаған. Оны тек іс қозғалып, тергеу қорытындысы шығарылған соң барып бір-ақ ескереді. Бірақ өздерінің заңды белшеден басқанын ескермей, қаулының күшін өтіп кеткен күнмен жойған.

«Сталь Цинк» эпизоды бойынша жүргізілген тергеу амалдарындағы заңбұзушылық тек бұл ғана емес. Сот барысында Б.Әбдішев өзіне тергеушілер тарапынан қысым жасалғанын, сондықтан осы іске байланысты Серік Ахметовке жала жапқанын айтты. Тергеушілер экс- әкімді көшедегі жарық бағаналарын ауыстыру мен құрылыс үшін жер телімдерін С.Ахметовтің туыстарына ол кісінің айтуы бойынша алып бергенін айтуға мәжбүрлеген. Тіпті, бейнежазбаға мойындауды жазғызу барысында оған айтар сөзін жаттатқызыпты. Бас тартқандай жағдай болса, үстінен ҚР ҚК 235-бабы бойынша қосымша іс қозғалатынын айтып қорқытады. Егер Б.Әбдішев тергеушілердің айтқанына көніп, жалған мәлімдеме бермеген болса, оған «Қылмыстық топтың басшысы» деген айып тағылатын еді. Экс-әкімнің мәлімдемесін Серік Ахметов толығымен қолдап шықты.

Ал Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин болса, қысымның тек Б.Әбдішевке ғана емес, өзіне де жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, тергеушілер оны Б.Әбдішев пен С.Ахметовке жала жабуға мәжбүрлейді. Тергеушілер А.Телғаринды айтқандарына көндіру үшін оған моральдық қысым көрсеткен. Бас тартып, айтқандарына көнбесе, үлкен ағасы мен қайын атасының үстінен қылмыстық іс қозғайтынын, ал өзіне ҚР ҚК 235- бабы бойынша айып тағатынын айтып қорқытады. Оған қоса жала жабатын түсінік бергенше жеті сағат бойы ешқайда шығармай, департаментте қамап ұстаған.

Осы жерде назарларыңызға тағы бір қызық фактіні ұсынғым келіп отыр. Осыдан бір апта бұрын Солтүстік Қазақстан облысында Мұрат Кушубаев есімді қаржы полициясының беделді әрі мықты маманы құрықталды. Оған ірі көлемді пара алды, айыпталушылардың пара беруге мәжбүрледі деген айып тағылып отыр. Ол СҚО жүріп заңсыз жолмен алькоголді өнімдерді саудалаумен айналысқан “АлкоПремиюм” ЖШС басшысы А.Заргарянның ісін қарайды. Бұл азаматтың қоймасында расымен де заңсыз әкелінген спирттік өнімдердің бары дәлелденеді. Заң орындары оны тұтқындап, мүлкін тәркілеуі керек еді. Бірақ, М.Кушубаев олай істемейді. Ол кәсіпкерді өзіне шақырып алып, он мың доллар көлемінде сыйақы берсе іске көз жұма қарайтынын айтқан. Тіпті саудаласа келе параның көлемін сегіз мың долларға дейін түсіреді. Ақшаны алған соң, кәсіпкердің заңсыз тауарын қоймасынан алып кетуге жағдай туғызады. Алайда әріптестері оның бұл әрекетін байқап қалып дереу шара қолданған. Заң құрығынан сытылып кетуге тырысқан әрекетінен түк шықпай, ақыр соңында М.Кушубаев тұтқынға алынды.

С.Ахметов пен Б.Әбдішевтің ісіне бұл адамның не қатысы бар деп ойлап отырған боларсыз? Айтайын. Қарағандылықтарға қатысты аты шулы қылмыстық іс қозғап, экс-премьер мен экс-әкімге айып таққан осы адам. Сол үшін екі бірдей мемлекеттік награда алған. Енді келіп өзі қылмысты болып отыр. Бұл күдік туғызбай ма? Парақор адам жүргізген тергеу амалдарының әділ болуы мүмкін бе? Бәлкім оған Қарағанды билігіндегі шенеуніктерге күйе жағу үшін тапсырыс берілген болар?

С.Ахметов пен Б.Әбдішев бастаған бір топ адамның қылмыстық ісіне қатысты өткен алдын ала тыңдау сот отырысында экс-әкімнің қорғаушылары оны тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстыруды сұраған болатын. Бірақ олардың шағымын сот төрағасы ескерусіз қалдырды. Айыптаушы тарап, қылмысы ауыр болғандықтан, облыстың бұрынғы басшысын үйқамаққа шығаруға қарсылық танытты. Алайда Б.Әбдішев пен оның қорғаушылары соттың бұл шешімімен келіспейді. Себебі осы іске қатысы бар, бірақ қазіргі таңда үйқамақта немесе кепілге ақша қою арқылы бостандықта жүрген кейбір шенеунікке тағылған айып экс- әкімдікінен анағұрлым ауыр. Әйтсе де оларды тергеу изоляторында қамауға алуды сот пен айыптаушы тарап қажет деп санамайды. Сонда бұл қалай болғаны?
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше