Әбдішев ісіндегі күмәнді жайлар

«Журналистер сәлем! Жігіттер, жақсылап жазыңдар!» Бұл – облыстың бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтің сот залынан шығып бара жатқанда айтқан сөзі. «Маған әділ бағаны халық береді», – деген экс-әкім өзінің ісі туралы барлық мәліметтің халыққа дұрыс жеткізілуін қалайды. Мұнысы өзінің ары таза екенін елі білсін дегені болар. Расында Б.Әбдішевтің қылмысқа қатысы бар екендігі үлкен күмән туғызады. Сот барысында қорғаушылар мен күдіктілер тарапы тергеу амалдарында заңбұзушылықтың болғанын айтқан болатын.

Блог - tomarlik: Әбдішев ісіндегі күмәнді жайлар
Экс-шенеуніктерге қатысты тергеу амалдары заңға сай жүргізілмеген. Тергеушілер айып тағу үшін заң бұзудан еш тайсалмапты. Бұл туралы сот тыңдалымының бірінші отырысында қорғаушы М.Шаймерденов мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Б.Әбдішев пен С.Ахметовтің ісіндегі басты эпизодтардың бірі «Сталь Цинк» бойынша тергеу екі рет жүргізілген. Әуелі облыстық прокуратура тексеріс жүргізіп, «бұл істе қылмыстық сипат жоқ» деген қаулы шығарған. Ал екінші рет тексеру барысында тергеушілер прокуратура шығарған қаулының күшін жоймаған. Оны тек іс қозғалып, тергеу қорытындысы шығарылған соң барып бір-ақ ескереді. Бірақ өздерінің заңды белшеден басқанын ескермей, қаулының күшін өтіп кеткен күнмен жойған.

«Сталь Цинк» эпизоды бойынша жүргізілген тергеу амалдарындағы заңбұзушылық тек бұл ғана емес. Сот барысында Б.Әбдішев өзіне тергеушілер тарапынан қысым жасалғанын, сондықтан осы іске байланысты Серік Ахметовке жала жапқанын айтты. Тергеушілер экс- әкімді көшедегі жарық бағаналарын ауыстыру мен құрылыс үшін жер телімдерін С.Ахметовтің туыстарына ол кісінің айтуы бойынша алып бергенін айтуға мәжбүрлеген. Тіпті, бейнежазбаға мойындауды жазғызу барысында оған айтар сөзін жаттатқызыпты. Бас тартқандай жағдай болса, үстінен ҚР ҚК 235-бабы бойынша қосымша іс қозғалатынын айтып қорқытады. Егер Б.Әбдішев тергеушілердің айтқанына көніп, жалған мәлімдеме бермеген болса, оған «Қылмыстық топтың басшысы» деген айып тағылатын еді. Экс-әкімнің мәлімдемесін Серік Ахметов толығымен қолдап шықты.

Ал Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин болса, қысымның тек Б.Әбдішевке ғана емес, өзіне де жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, тергеушілер оны Б.Әбдішев пен С.Ахметовке жала жабуға мәжбүрлейді. Тергеушілер А.Телғаринды айтқандарына көндіру үшін оған моральдық қысым көрсеткен. Бас тартып, айтқандарына көнбесе, үлкен ағасы мен қайын атасының үстінен қылмыстық іс қозғайтынын, ал өзіне ҚР ҚК 235- бабы бойынша айып тағатынын айтып қорқытады. Оған қоса жала жабатын түсінік бергенше жеті сағат бойы ешқайда шығармай, департаментте қамап ұстаған.

Осы жерде назарларыңызға тағы бір қызық фактіні ұсынғым келіп отыр. Осыдан бір апта бұрын Солтүстік Қазақстан облысында Мұрат Кушубаев есімді қаржы полициясының беделді әрі мықты маманы құрықталды. Оған ірі көлемді пара алды, айыпталушылардың пара беруге мәжбүрледі деген айып тағылып отыр. Ол СҚО жүріп заңсыз жолмен алькоголді өнімдерді саудалаумен айналысқан “АлкоПремиюм” ЖШС басшысы А.Заргарянның ісін қарайды. Бұл азаматтың қоймасында расымен де заңсыз әкелінген спирттік өнімдердің бары дәлелденеді. Заң орындары оны тұтқындап, мүлкін тәркілеуі керек еді. Бірақ, М.Кушубаев олай істемейді. Ол кәсіпкерді өзіне шақырып алып, он мың доллар көлемінде сыйақы берсе іске көз жұма қарайтынын айтқан. Тіпті саудаласа келе параның көлемін сегіз мың долларға дейін түсіреді. Ақшаны алған соң, кәсіпкердің заңсыз тауарын қоймасынан алып кетуге жағдай туғызады. Алайда әріптестері оның бұл әрекетін байқап қалып дереу шара қолданған. Заң құрығынан сытылып кетуге тырысқан әрекетінен түк шықпай, ақыр соңында М.Кушубаев тұтқынға алынды.

С.Ахметов пен Б.Әбдішевтің ісіне бұл адамның не қатысы бар деп ойлап отырған боларсыз? Айтайын. Қарағандылықтарға қатысты аты шулы қылмыстық іс қозғап, экс-премьер мен экс-әкімге айып таққан осы адам. Сол үшін екі бірдей мемлекеттік награда алған. Енді келіп өзі қылмысты болып отыр. Бұл күдік туғызбай ма? Парақор адам жүргізген тергеу амалдарының әділ болуы мүмкін бе? Бәлкім оған Қарағанды билігіндегі шенеуніктерге күйе жағу үшін тапсырыс берілген болар?

С.Ахметов пен Б.Әбдішев бастаған бір топ адамның қылмыстық ісіне қатысты өткен алдын ала тыңдау сот отырысында экс-әкімнің қорғаушылары оны тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстыруды сұраған болатын. Бірақ олардың шағымын сот төрағасы ескерусіз қалдырды. Айыптаушы тарап, қылмысы ауыр болғандықтан, облыстың бұрынғы басшысын үйқамаққа шығаруға қарсылық танытты. Алайда Б.Әбдішев пен оның қорғаушылары соттың бұл шешімімен келіспейді. Себебі осы іске қатысы бар, бірақ қазіргі таңда үйқамақта немесе кепілге ақша қою арқылы бостандықта жүрген кейбір шенеунікке тағылған айып экс- әкімдікінен анағұрлым ауыр. Әйтсе де оларды тергеу изоляторында қамауға алуды сот пен айыптаушы тарап қажет деп санамайды. Сонда бұл қалай болғаны?

Бауыржан босатылуы керек

Бүгін Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында Бауыржан Әбдішевтің қылмыстық ісі бойынша алдын-ала тыңдау сот отырысы басталды. Негізгі сот процесі келер аптада болады деп күтілуде. Бүгінгі отырыстың бірінші ауысымында экс-әкімнің адвокаттары оны тергеу изоляторынан босату мәселесін көтерді.

Блог - tomarlik: Бауыржан босатылуы керек

Бауыржан Әбдішев Қарағандының тізгінін не бәрі екі-үш жылдай ғана ұстаған әкім. Алайда, осы аз уақыттың ішінде ел арасында үлкен абыройға ие болды. «Әкім ұсталыпты» деген хабар тарағанда Қарағанды жұртшылығының көпшілігі наразылық танытқан болатын. Ол билікте отырған кезінде тек жақсы жағымен ғана танылды. Бірнеше мемлекеттік марапатқа ұсынылып, ел ертеңі үшін еңбек етушілер қатарына қосылды. Бірақ, басына қара бұлт үйірілген сәтте оны жақтаушылардың біразы сырт айналып шыға келді. Әкім тағын босатқан сәтте, БАҚ беттерінде экс-әкімді даттаған материалдар көбейе бастады. Неге? Кеше ғана жақсы болған адам бүгін жаман болып шыға келгені ме?
Мәселенің бәрі оған жағылған күйеде болып тұр. Қара күйе шоқ тәрізді күйдірмейді, бірақ, кетпейтін қара дақ қалдырады. Бүгін адвокаттары мәлімдегендей экс-әкімге тек бір ғана нақты айып тағылып отыр. Ол «қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану». Бірақ, оның өзі дәлелдеуді қажет етеді.
Экс-әкімнің өзі де оның жақтастары да оған тағылып отырған айыппен келіспейді. Бұл жерде қасақана жала жабуға тырысу байқалады. Мәселен, Серік Ахметов пен Бауыржан Әбдішевтің ісіндегі басты эпизодтардың бірі болып табылатын «Стал Цинк» төңірегіндегі шуды алып қарайық. Тағылған айыпта, экс-шенеуніктер қызметтік өкілеттілігін пайдалана отырып, қаланы жарықтандыру бағаналарын орнатуды осы фирмаға алып берген-міс. Бірақ, осы айыпты таға отырып, прокуратураның өзі заңды белшеден басқан болып шықты. Адвокат Шаяхметовтың айтуына қарағанда қарағандылық шенеуніктерге қарсы аты шулы іс қозғалардан бұрын облыстық прокуратура «Сталь Цинк» эпизодына байланысты С.Ахметов пен Б.Әбдішевтің үстінен іс қозғайды. Алайда олардың әрекетінен қылмыстық сипат байқалмағандықтан арнайы қаулы шығарып, істі тоқтатқан. Ал бертін келе, экс-шенеуніктердің үстінен жаппай іс қозғап, іздерінен шам алып түскен шақта тергеушілер «Сталь Цинк» эпизодына байланысты істі тағы қозғайды. Алайда, бұрынғы шығарылған қаулының күшін жоймаған. Демек, олардың жүргізген тергеу амалдары заңсыз болып табылады. Рас-өтірігін кім білсін, тергеушілер облыстық прокуратура шығарған қаулының күшін жойған істі сотқа берерден біраз уақыт бұрын ғана жойған. Ал құжатқа іс басталардан бұрын күші жойылды деп көрсетіпті. Яғни заңды бұзып қана қоймай, алдауға дейін барған. Осыдан соң, тергеу амалдары әділ өтті дегенге кім сенеді?
Блог - tomarlik: Бауыржан босатылуы керек
Облыстың бұрынғы басшысының қорғаушылары сот процесі аяқталғанша Әбдішевті тергеу изоляторынан босату керектігін айтуда.
-Ешкімге зорлық жасамаған адамды он ай бойына тергеу абақтысына қамап қою әділдікке жатпайды. Оның кәмелет жасына толмаған екі баласы мен сексендегі қарт анасы бар. Әрі менің қорғалушым қоғам алдында үлкен абыройға ие адам. Бірнеше мемлекеттік марапатқа да ұсынылған. Әрі қылмысы толық дәлелденген жоқ. Рас, тағылып отырған айып ауыр. Бірақ, заңнамада күдіктіні тергеу изоляторынан бөлек үй қамаққа алу және кепілге ақша қою арқылы қолхатпен босату шараларының барын да ескеру қажет. Б. Әбдішевті әрі қарай да тергеу изоляторында ұстап отыру адамгершілікке жатпайды. Ол бостандықта болса тергеу амалдарына кесірін тигізеді деп қорқудың да қажеті жоқ. Себебі, біреуге ықпал етерліктей оның қолында өкілетті билік те бұрынғыдай күште жоқ,- дейді адвокат Нұрлан Бекбергенов.
Сот алдында сөз алған Б.Әбдішев өзінің тергеу изоляторында отырғанына наразылық танытты. Әрі өзінің қылмысқа қатысы жоқ, арының таза екенін тағы бір мәрте айтып өтті.
Расында қылмысқа қатысы бар деп күдік келтірілген 21 адамның тек бесеуі ғана қамауда отырғаны күдік туғызады. Олардың барлығына тағылып отырған айыптың ара салмағы бір-біріне жақын емес пе? Сонда біреуінің қамауда болуы мен келесі бірінің бостандықта жүруі әділдікке жата ма? Күдіктілерді бұлайша алалау неге және кімге керек?