Орынгүл

"Қауырсын қалам" үйірмесіне жазылған көкшөптердің, жоғә, шөпжелкелердің асханадан ішкен тамағына төлеген сегіз жүз теңгесінің орынын толтырмақ ниетпен аялдамада адам аңдып отырған. Такси қызметі ғой сол…
Артқы есігі сарт етіп ашылып, тарс етіп жабылды да, шашы жалбыраған бір қыздың елесі пайда бола кетті. Тәтті әтірге араласқан темекінің ашқылтым иісі машинаның ішін баурап алды.
-Привокзальный бес жүз! — деп қысқа қайырды елес қыз.
-Жап жас жүрегіңді түтінмен қарайтпасаңызшы, қарындасым,- деп жымиып, айнадан артқа көз тастаған, тілі байланып, дем жетпей қалды. Қорқыныш, таңданыс, қуаныш араласқан түсініксіз сезім ішін мұздай қарып, төбесінен ып-ыстық тер бұрқ ете түсті. Төбесінен тер бұрқ ете түскенін әп сәтте қайдан байқай қойдыңыз десеңіз, Итбайдың басы таз екенін тағы да қайталап айтып өтейін.
-Орынгүл? — деді таңдана.
Тарсыдатып шайнап отырған сағызына дамыл беріп, Орынгүл бұған да назар аударды. Кірпігі бір қарыс көзін аз-кем сығырайтып ойланып алды да:
-Ааа… Мұқағали? — деді езуін оң жаққа қарай қисайта тартып кекесінмен.
-Қарғам-ау, жаным-ау, сені көп іздедім ғой, — деді Итбай айнадай артқа елжірей қарап. Көзіне мөлдір мұң атты өрмекші тор құрып та үлгеріпті…
-Таба алмай аласұрдым,- деді сосын жүрегіне оқ тиген жаралы солдаттай қинала ауырсынып ішінде умаждалған бір-екі мың теңгесі ғана бар былғары әмияны салынған төс қалтасының тұсын сипалап.
Авторы әйелзаты екенімді пайдалана отырып, Орынгүл жайлы аз-кем өсегімді қыстыра кетейін. Бүгінде шаштараз болып, сән салондарының бірінде қызмет етіп жүрген Орынгүлдің жағдайы, табысы да жаман емес еді. Шаш күзеп ақшаны күреп тауып жүр десек қателесерміз. Қырық айласының әзріге жиырма бірін ғана іске қосып, бір-екі майлы шалдың маңдайынан сүйіп, доллар санап жүрген жайы бар. Өсек айтқаным емес енді…
-Ағаңмын сол қалқам, — деді Итбай тағы елжіреп.
Бір екі өлең оқып беруuе бекініп еді, алайда бір кездердегі сезімтал Орынгүлінің өзгергенін байқады да тіліп тістей қойды.
-Жағдайыңыз қалай?- деді сағызын тоңқ еткізіп үріп-жарып.
-Институттан қосымша сағат алып, үйірме ашып, ақындар дайындап жүрмін. Ағаң сол баяғы бұлақтың көзін ашумен айналысады.
-Ну, че там, бұлақтарыңыз көп пе екен?- деді Орынгүл қып-қызыл помада жағылған еріндерін шүртитіп, тағы да мысқылдады.
Итбай қалай сөйлеп,қалай ғана Орынгүлін қайтадан баурап, бауырына басатынын ойлап абыржып, амал таппай қынжыла бастады.
-Жұмыс таптың ба? Ақшаң жетіп жүр ме? Көмек керек болса ұялма сұра,- деп сынай қарады.
Көмек деген сөзді естіген Орынгүл күрт өзгеріп:
-Көмек болса артық етпес еді… деді жұмсақ жымиып, жүзіне жылу жүгіртіп. Итбай ақ жүрегі жарыла:
-Көмек керек болса… Қазір қалқам… Ана бір тамада жігіт өткенде қарызға үш мың теңгемді алған. Қазір звондап, сұрап, сол ақшамды алып саған бере қояйын,- деді де телефонын алып, әлдекімнің нөмерін тере бастады.
-Үш мың теңге? Аахахахахх… — деп шалқалай күлген Орынгүл құлағына дейін жайылған екі езуін орынына қайтарып алды да сағызын шырт етіп түкіре салды. Сыртқа да, еденге де емес, домбыраның киелі үні үріп жатқан машина магнитафонына барып жабысты да қалды сағызы.
Есіктің тұтқасын өршелене қайырды да, биік өкшелі туфлиін асфальтқа нығыздап қадап түрды да:
-Үш мың теңгеңізге пирожки пісіріңіз,-деді. Пирожкиді не мағынада айтқанын өзі де, мен де түсініп, талдап жатуға ерініп отырған жайымыз бар.
-Қалқам, тоқташы,- деп машинадан шыға бергені сол еді, жолаушы жақ қапталында тұрған қыздың дәл жанына лезде жетіп келгенін байқап та үлгермеді. Ортан терек саусағын шошайтып шығарды да, Итбайдың мұрынына тақады. Тырнағы мұнша ұзын болар ма еді. Қанға малынған найзадай қып-қызыл үшкір тырнақ жарқ етіп жүрегін осып өтті.
Арман үміті, сезімі, сағынышы әп сәтте күл болып машинасына сылқ етіп отыра кетті.
«Тырнағы мұнша ұзын болар ма еді?....»
Әрі қарай