Екі көз, екі құлақ, бір тіл, адам баласына қоғаммен байланыс орнату үшін берілген. Ал, кейде, табиғат заңдылығы қатал болады. Біріне артығымен беріп жатса, бірінен екі есе қылдырып тартып алады. Аяқ киім жөңдейтін тамаша бір кісіні танимын. Биыл үшінші жыл кетті. Есімін жазбаймын. Жай ғана «Х» десем қарсы болмайтын шығарсыздар. «Х» мырзаның қолынан келмейтін ісі жоқ. Аяқ киімді жөңдеп береді, даладағы шаруаға да пысық. Салмақты әрі әзілқой адам. Тек… жүрегі қанша жерден кең болғанымен, есту мен сөйлеу қабілетінен айырылған. Бастапқыда ақ қағаз арқылы тілдесетінбіз. Қазір ыммен тез-ақ ұғып алуға тырысам. Үй ішіміздегі бар аяқ киім осы кісінің қолынан өткен шығар. Басқаларына барғымыз келмейді, бауыр басып қалады ғой, сондай сезім. «Х» мырзаның жасы шамамен 40-тан асқан. Сұп-сұлу келіншегі мен балалары бар. Олардың отбасына қарағанда жанымда тыныштық орнайды. Сыйластық пен құрметті осы жанұяда көргендеймін. Етікші ағай, еңбегінің арқасында үй сатып алды. Барлығы бірден болмайды дейді ол. Адамды тану үшін көп сөздің керегі жоқ. Бар жоғы осындай жандарды түсіне білу керек екен. Сонда өмірді басқа қырдан көруге болады.