Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс

Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс

Бүгінгі лекциямды мен қазіргі істеп жүрген жұмыс орнымдағы тәжірибеме арнаймын.
Қалай келдім, нендей проблема болды, онымен қалай айналыстым, қандай көрсеткіштерге қол жетті. Егжей-тегжейлі.
Facebook-тағы парақшамда көрсетілгендей, мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында істеймін. Мерзім: 1,5 жыл.
Осы уақытқа дейін жұмыс істей жүріп, көзім жеткен нәрсе: журналистерге керегі эксклюзив, мереке сайын сыйлықтар емес, жақсы қарым-қатынас. Сәлемің түзу болса, олардың да компанияға қатынасы басқаша болады. Жалпы, PR-дың мәні де сол — компания басына күн туғанда бұқараның пікіріне бірден-бір әсер ететін нәрсе — дағдарысқа дейінгі қарым-қатынас, медиа мен қоғамдағы қалыптасқан беделі.

Сонымен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қарағандыдағы өкілдігінің бірден көзге түсетін проблемалары мыналар еді:
— кәсіпкерлік тақырыбында жазылатын дүниелердің сапасы нашар (шаруа қожалығы ашылды, Табан ауданындағы Ұлтарақ ауылында кәсіп ашылды деген тәрізді);
— джинса (жергілікті медиақұрылымдар жаңалықтарды тек қана ақылы негізде жариялайды);
— палатаның өз баспасөз қызметінің ұйым мақсаты мен міндеттерін насихаттаудағы кемшіліктері;
— көпшіліктің назарын аудартатын лайықты ақпараттың жоқтығы;
— әлеуметтік желіде жұмыс жүргізілмеуі (кәсіпкерлердің біразы желіде отыратындығына қарамастан);
— мультимедиа материалдардың жоқтығы;
— баспасөз өкілдерімен жүйелі жұмыс құрылмағандығы.

Проблемалардан бөлек, жайлы факторлар да бар еді:
— ұйым өкілдері — жоғары білікті мықты мамандар, яғни спикерлердің әрдайым өз саласы бойынша мүдірмей пікір айта алуы;
— ұйым басшылары кез келген уақытта баспасөз сауалдарына ашық, дайын;
— екі тілде сөйлейтін мамандар;
— баспасөз хатшысының басшылармен араласуына кедергі жоқ (алдын-ала жазылу, бастықтың қабағын бағу деген шикіліктің жоқтығы), тең дәрежеде сөйлесу, пікір алмасу мүмкіндігі;
— баспасөз хатшысы статусын, баспасөзбен дұрыс қарым-қатынас орнатудың маңызын жақсы түсінуі;
— бастамашыл мамандар — баспасөзге тақырып беріп, оның акцентін талқылап, мән-жайын түсіндіруге әзірлігі.

Сонымен, палатаға келгенде ең алдымен танысу хатын жаздым.
Аты-жөнім, тағайындалған қызметім, осыған дейін істеген қызметтерім, тәжірибем, сөйлейтін тілдерім, ұсынатын тақырыптарым. Жылы лебіз — ақпарат беруге әрдайым (тәулік бойы маған хабарласуға болады деп) дайын екендігіміз, барлық байланыс көздері (телефон, пошта, вацап, әлеуметтік желі, скайп, агент).
Нәтиже: Жасым қатарлас журналистердің бірен-саранымен универде бірге оқығандықтан сырттай таныстығым болмаса, көпшілігі менің атымды да естімеген кісілер. Сондықтан, танысу хатыма (40 шақты адресат) жартысынан көбі жауап берді, негізінен, "қош келдің, қуаныштымыз, хабарласамыз, сәттілік!" деген сипатта. Біразы бірден вацап бойынша қосылып, сәлемін айтты. Бөле-жара атап өтетін нәрсе — хабарласқандардың барлығы орысша жазатын журналистер.
Сонымен, таныстық.

Енді, тақырыптар аясын шолу керек.
Палата деген немене? Несие беретін жер ме, әлде акимат сияқты нәрсе ма?
Бұл ең қиыны еді. Жалпы, аймақтарда палатаның миссиясын насихаттау, қызметі туралы ақпараттандыру шаруасы ауыр жүрді. Өйткені біз Даму сияқты ақша бермейміз, әкімдікіндей құзырымыз жоқ, партия сияқты ойбайлап келушілерге де көрсете алар көмегіміз шамалы. Біздің ұйым:
— кәсіпкерлердің құқығын қорғайды, негізінен бизнестің меморгандармен туындаған мәселелерін шешеді, істі болғандардың соттағы ресми өкілдері (адвокаттық қызмет) болады;
— мемлекеттік сатып алу, тендерлерде орын алған әділетсіздікпен күресуге атсалысады;
— бизнес-бастаманы сүйемелдейді (идеямен келесіз — сізге бизнес-жоспар, бюджеттік жоспар жасап, маркетингін, нарығын анықтайды), соңына дейін, жоба қаржы алғанға (Даму, Казагро немесе басқа қаржы институттары арқылы) дейін кәсіпкермен бірге жүреді;
— мемлекеттен алынатын қаражат — субсидия, несиелерді ала алмаған жағдайда көмектеседі;
— шетелдік әріптестермен қарым-қатынас орнатуға көмектеседі;
— бизнес жүргізуге қатысты барлық заңнама бойынша түсіндірме береді;
— статистикалық, деректер базаларын жасақтайды.
Палатаның істейтін жұмысы одан да көп, ең негізгілері ғана осы. Яғни, маған жұмыс аясының кеңдігі, міндеттердің көптігі, жұмыстың бастан асатындығы қатты ұнады. Сондықтан, келісім беріп, айылығының көңілімнен шықпай тұрғанына қарамастан, астананы тастап, осы ұйымға келдім.

Басты проблема — экономика, кәсіпкерлік тақырыбы аймақтарда (провинцияда) өтпейтіндігі.
Газетті ашып қалсаң — бауыздап кетті, сойып тастады (Қарағандының бағзы заманғы репутациясы әлі тірі), несие үшін бала-шағасымен үйінен қуылды, біздің майқұдықский ГГГ жеңді, әкім тұрды, әкім отырды, әкімнің орынбасары әкімге жәрекмалла айтты, Әбдішев сотталды, Әбдішев босатылды, көше атын өзгертуге халық қарсы, жөнделмеген жол, автобус жолақысы, әкім жаман, жоғи әкім күшті… Болды. Анда-санда әкімдіктің өзі «экономикалық өсім қарқынды» деп, қыртқан, түсініксіз цифрларды жариялайды. Жаңа кәсіпорындар ашылғанда, шын мәндегі аймақ экономикасына қандай мультипликативті ықпалы мен пайдасы болды, Арселор Қытайға темір-терсек өткізгенінен не пайда, оның салығы қайда жұмсалады — ондай ақпарат мүлдем жоқ. Сабдарлы саясат, 1000 қадам, кәсіпорын ашылды, кәсіпорын жабылды.
Енді ТВ қосайық — әкім келді, әкім жеді, әкім ұрысты, балабақшада утренник болды, Талқанбай Бұлтаңбаевтың арғы атасы Қошбол батырға ескерткіш қойылды, оны әкім салтанатты түрде ашты. Жаңа мектеп ашылды. Әкімдік адамының сөйлеген сөзі: «президентіміз елбасының тапсырмасымен осылай етватрмыз» (тапсырма болмаса, пысқырмайтын да болар).

Бұдан шығатын міндеттер:
Экономика, кәсіпкерлік тақырыбына, кәсіп жүргізудегі қиыншылықтарға көпшілік назарын аудару керек.
Журналистердің кәсіпкерлік айналасындағы мәселелерге қызығушылығын арттыру керек.
Аймақта қалыптасқан "әдет-ғұрыптан" — релиздер форматынан, сауал жіберу, жауап алу тәртібінен, ешкім түсініп болмайтын құрғақ түсініктемеден, анау-мынау адамның қолы жете бермейтін ұйым статусынан бас тарту керек.
Еш хабарламада «елбасы тапсырмасымен», «100 қадам», «ойбай, бітті, құрыдық» деген шаблон, құр статистика болмау керек.
Палата мамандарының барлығын эксперт ретінде ғана таныстыру, құрғақ комментарий беруден бас тартқызу керек.
Релиздерді сторителлинг форматында ғана жасап, тұрақты ету керек.
Журналистерге пайдалы шаралар ұйымдастыру керек.
Барлық байланыс көздері бойынша үнемі желіде болу керек.
Баспасөз шақырылмай қалған жұмыс топтарының шараларынан үнемі релиз тарату (яғни, не болып, не қойып жатқандығынан хабардар етіп отыру) керек.
Баспасаөз шақырылған шараларға келе алмай қалған журналистерді қажетті материалдармен қамтамасыз ету — аудиожазба, фотосуреттер, қосымша ақпаратты жіберу керек.
Әріптестердің жұмысын жеңілдету, жеделдету мақсатында аудионың сөзжазбасын жіберуге тырысу керек.
Материалдарының тақырыптары бойынша қажетті кәсіпкерлердің байланыстарымен бөлісу керек.
Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс
Шынын айту керек, бұл жұмысқа әбден төселгенше 4 айдай уақыт өтті. Өйткені орталық аппараттағы бұқарамен байланыс департаментінде 10 адам істеп отырған жұмысты аймақтарда жалғыз баспасөз хатшылары істейді. Жұмыс көлемі азырақ деуге келмейді. Жалпы, жұмыс тақырыбын, стратегияны, ережелерді түсіну үшін, жұмыс қарқынын оңалдырып, өзіңе ыңғайлап алуға 3-4 ай кетуі — қалыпты нәрсе. Ал ұжыммен 1 айдан аз уақыт ішінде тіл табысып үлгеру қажет. Ол жұмыс істеу кезінде психологиялық жайлылықты қамтамасыз ететін бірден-бір фактор.
Палатада баспасөз хатшыларының жұмысының бағасын көрсететін KPI жүйесі жасалған. Төрт ай бойы мен ол бойынша аутсайдерлер қатарынан табылдым. Үздіктер қатарынан табылу үшін мына шарттар орындалуы керек:
— аптасына сайтқа 5 мақала
— мәтіндердің 2 тілде жазылуы
— мәтін сапасы
— арнайы айдарлар бойынша айына 4 мақала, интервью, аналитика
— басты жаңалықтарға айына кемінде 4 материал шығару
— баспасөзбен қарым-қатынас: сауалдар саны, жауап берілген уақыты
— журналистерге арналған арнайы шаралар (оқыту, пресс-турлар, ойын-сауық)
— ТВ-контент
— баспасөз мониторингі бойынша көрсеткіш
— кампанияларды аймақтарда өткізу
— басшылық имиджін көтеру бойынша шаралар
— баспасөз конференциялары айына 3-4 рет.
Аутсайдер кезімде қызметімде қалуым-қалмауым екіталай шаруа еді. Осы шарттарды орындауға шамам жеткен соң, үздіктер қатарына кіріп, департамент бастығының ұсынуымен жалақым өсті.
Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс

Алғашқы нәтижелер.
Сонымен, жарты жылдан соң жұмысымыздың алғашқы нәтижелері көріне бастады:
Релиздер күнделікті жіберіліп отырғандықтан, журналистердің «кәсіпкерлер палатасы» деген тіркеске, кәсіпкерлік проблемалары деген тақырыпқа көздері үйрене бастады.
Кәсіпкерлік бірден несиеге белшеден батып тұрып бастайтын нәрсе еместігін түсініп, сол туралы жаза бастады.
Бизнестің мемлекеттік органдармен арасындағы көптеген мәселелердің беті ашылды, баспасөзде ол туралы кеңінен жазыла, айтыла бастады.
Бизнестің қызметіме зияны тиеді деп қоя салатын мәселелері бойынша ой-пікірлері енді басқаша — сенімдірек шыға бастады, жалтақтамай, бар проблеманы бар деп, ашып айта бастады.
Баспасөз беттерінде «палата көмегінің арқасында» деген сөздер жиіледі.
Журналистер түрлі сауалдарымен жиірек хабарласа бастады, нақты, түсінікті, көңіл толатын жауаптарын алып жатты.
Сауалдарға бірден, тез арада, 3-4 сағат ішінде жауап беру әдетке айналды, кері байланыс реттелді.
Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс

Тура жарты жыл өткенсін, мен еңбегімнің құнын білу үшін сауалнама жүргіздім. Оған бас аяғы 20 шақты адам қатысып (неге аз екенін білмеймін), жұмысыма бағасын берді. Сұрақтармен де, жауаптарымен де таныса аласыз:
Сұрақтар: docs.google.com/a/palata.kz/forms/d/1Fq0phKqdkGunx09CtnNE4B0zt7UjH8wxnnjfdZuhOfg/viewform?c=0&w=1
Жауаптар жиынтығы: docs.google.com/forms/d/1Fq0phKqdkGunx09CtnNE4B0zt7UjH8wxnnjfdZuhOfg/viewanalytics
Сауалнама жұмысыма айтарлықтай нақтылық енгізді. Тұрақты түрде жасайын десем, не сұрай берем, мазаларын алып деген ой келеді. Мүмкін, палатадан кетер алдында жасармын.

Журналистермен байланысты нығайту
Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс
Біраз уақыт өткен соң, журналистерге танымдық-пайдалы шара өткізбек боп шештім. Жұмысына пайдалы не істеуге болады? Әрине, семинар немесе мастер класс! Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрысАяқ астынан бұл ойымды жүзеге асыруда үлкен көмегімен келе қалған — Александр Данилов деген жолдасым еді. Адам саны көп болды, 30 шақты журналист қатысуға тілек білідіріп, барлығы келіп, қатысып, сертификаттарын алды. Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс
Сашаның өзі де, мен де, тыңдаушылар да өте риза болдық.

Бәрі сондайлық керемет, ың-шыңсыз ба сонда? деген сұрақ мазалап отырса, жауабым — әрине, жоқ. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, жұмыс сипаты сондай — бірде күшті, бірде боқ, әлбетте, таяқ жеген кездер болды.
1. Палата қызмет ете бастаған алғашқы жылы (мен екінші жылында келдім) журналистерге тақырып өткізе алмағандықтан, ақы төлеп жаздырып, жаман үйретіп алған. Нәтижесінде, медиақұралдар арасында «палата бай, ақша төлейді» деген пікір әбден қалыптасып қалған. Соның салдарынан алғашқы кездері журналистердің қатысуынсыз өткен шаралар көп болды. Ол үшін, әрине, регулярно таяқ жеп отырдым. Тіпті төлейік деген тапсырманы орындаудан бас тартып, аяғында мониторинг дым жарияланымсыз қалғаны да бар. Бұл — джинса, ол жөнінде бөлек пост жазамын.
2. Осы уақыт ішінде журналистердің жіберген 2 сауалын ақыры жауапсыз қалдырдым. Қол тимеді, ұмытып кеттім, істегім келмеді. Үнемі хабарласыңдар, жауапсыз қалдырмаймын деп қақылдағаныммен, менде де осындай жағдайлар болды. Ол үшін жек көріп кеткенім жоқ өзімді, жұмыс қой, түрлі жағдай болады…
3. Аккредитация жасамайтын әдетім үшін әлі күнге дейін сөз естимін. Бірақ, аккредитациядан саналы түрде бас тартқан адам болғандықтан, қалай болған күнде менің релизім міндетті түрде жарияланатынын білетіндіктен, қанша таяқ жесем де, оны жасамаймын. Мәжбүрлегім келмейді әріптестерді.
4. Шығармашылық адамымын, мені қинамаңдар, қалай жұмыс істегім келеді — солай істеймін деген ауру қағидам бар. Түн ортасына дейін жұмыс істеп, таңертең қатты кешігіп (кейде түс ауа) келетін әдетім де бар. Сол үшін маған 4 рет сөгіс жарияланған. Оның екеуі — қатаң сөгіс. Технически, менімен уже баяғыда қош айтысуы керек еді. Бірақ, әзірге орнымдамын.
Блог - MeihuaZheng: Жаңа жұмыс орнындағы баспасөз хатшысы: нені неден қалай бастаған дұрыс5. ҰКП орталық аппаратының талабы бойынша мен күнде 1 релиз/мақала сайтқа жариялап отыруым керек. Шыны керек, «шығармашылық адамы» болғандықтан, шабытымды тосып жүріп алатын кездер баршылық. Кейде бүтін 1 апта мүлдем мақаласыз болатын кездер де баршылық. Ал кейде тыныштала алмай, аптасына 10-12 релиз жазылатын кездер болады. Мұнымды басшылық түсіне бермейді, ырбыңдатып алдық, көзіңді құртам дейтін кездер болады.

Қазіргі істеп жүрген жұмысымның түрі осы. Сұрақтарың болса, сұраңдар. Біраз нәрсе айтылмай қалды ғой деймін.

Журналистер мен баспасөз хатшылары: тіл төңірегіндегі текетірес қашан бітеді?

Блог - MeihuaZheng: Журналистер мен баспасөз хатшылары: тіл төңірегіндегі текетірес қашан бітеді?

Кеше бір отырыста болдым. Журналистер мен баспасөз хатшылары бір-біріне деген наздарын айтқан.
Енді, қалай, негізгі базынасы — қазақша релиздер мен спикерлердің тапшылығы ғой. Орыс тілінде ғана жазатындардың бірі менмін. Оны мойындаймын.

Неге бұлай болды?
Былтыр, жыл басында Кәсіпкерлер палатасына баспасөз хатшысы болып келгенімде, облыс көлеміндегі барлық медиаға танысу хатын жібердім — мен деген Гүліммін, осы қызметке келдім, екі тілде сөйлеймін, жазамын, хабарласыңдар, тіпті тәуліктің кез келген уақытында хабарласыңдар деп. Вацап бар ғой, өзім түнде ұйықтай қоймаймын.
Сосын бұл релиздер екі тілде жазылатын. Алдымен орысшасын жіберіп алайын, сосын қазақша тастаймын деген ойдан ада едім, бірдей жіберілді. Төрт-бес айдай солай жүрді. Одан соң тек қана орысша жазылатын болды. Себебі басылымдардан қазақша бізде тек бір ғана облыстық газет шығады, 4-5 канал бар, онда қазақ редакциялары бар, әлбетте.
Бірақ сол мерзім ішінде маған бір де бір қазақ журналисі хабарласып, мынау не, анау неліктен, оның себебі қандай, енді не болады деген сияқты сұрақ қойып хабарласпады. Осы аралықта жіберген релиздер қазақ басылымдарында жарық көрмеді де. Бір де бір шарамызға келіп қатыспады. Есесіне, орыс тілінде жазатындар танысу хатына бірден фидбек жасап, вацабыма сәлемдерін айтып, «бұл менің номерім, міндетті түрде базаңызға қосып, хабар беріп тұрыңыз» дегендей жаза бастады. Шаралардың барлығына қатысуға тырысып, қатыса алмаса, келе алмаса «міндетті түрде релиз жіберіңіз!» деп ескертеді. Әр релиз, жүз демей-ақ қояйын, бірақ 60-70 пайыз көлемде баспасөзде жарияланып отырды. Яғни, бас-аяғы 15 баспасөз құралы болса, соның 10 шақтысы жаңалығымызды жазады, одан бөлек республикалық деңгейдегі ақпарат көздері жиі бөлісіп отырады.
Шынымды айтсам, кешегі жерде жиналған журналистер (тек қана қазақтар) санын көріп, таң қалдым! Мұншамасы бар екенін сезбеппін.

Релиздер қазақша жарияланбайтынына қарап, қазақ басылымдары кәсіпкерлік тақырыбына қызықпайды, ол турасында ештеңе жазбайды деп ұғынғаным рас.
Одан бөлек, біздің облыс «орысша аймақ» боп саналатыны бар.
Осы ретте бір жайтты айта кетейінші. Палатаға келген алғашқы апталарда офисте бір жиын өтті. Зал толы кәсіпкерлер. Сол кезде бір бастығым: "Қарашы, отырған бизнесмендердің барлығы орыстар. Қазақтар — акиматта", дейді. Әзілмен айтылған осы сөз мен үшін өмір бойғы дәлелдене беретін қағидаға айналды десем де артық айтпаймын.
Әлбетте, барлық жиын-шарамыз орыс тілінде ғана өтеді. Шалғай аудандарда болатындары — қазақша.

Содан кешегі отырысымыздағы әңгіменің өзегі — қазақ журналистерінің баяғы жыры «лауазымды тұлғалар неге қазақша сөйлемейді». Қазақша сөз айтатын спикер жоқ. Не істейміз? Қашан аудармашы болғанды қоямыз? деген сықпыттағы сұрақтар.
Бұл сұрақтар негізінен мемлекеттік органдар, әсіресе әкімдік баспасөз хатшысына қойылды. Палата — олардың қатарында емес. Біріншіден, біз мемлекеттік орган емес, қоғамдық ұйымбыз. Екіншіден — қазақша спикер жоқ деген әңгіме біз туралы емес. Ептеп шала болса да, қазақша сауатты әрі ұғынықты сөйлейтін мамандар бізде бар.

Екі проблема
1. ДДТ синдромынан арыла алмай жүрген журналистер.
ДДТ — танымал әріптесіміз Жалғас Ертайдың «бекіткен» термині.
Жалғас Ертай: «Дін, Діл, Тіл — осы үш мәселе төңірегінде жазылған дүние ғана қазақтарға өтеді»
Кез келген тақырып айналып келгенде қазақтардың «жапа шеккен мүддесін» қаузап кететіні рас. Журналистердің, айталық, салық туралы заңнамадағы жаңалықтар мен туғызатын кедергілері туралы материалдары ақыр-аяғында «енді қазақтар қалай күн көрмек? үкімет қайда қарап отыр?» деген ойбайға айналдыратыны неліктен? Осыны түсінбей өтетін шығармын. Конструктив, тақырыптың байыбына бару, өзі де ізденіп, қосымша дерек көздерін қарау деген жоқ.
Бұл мәселе жиі айтылады, талқыланады. Бірақ, баспасөз қатысатын жиындарда «осы айтқандарыңызды қазақша қайталаңызшы» деген сұрақтар тиылар емес. Қазақша қайталап бермесе, бітті, материал тақырыбы автомат түрде тіл мәселесіне байланады да қалады.

2. Баспасөз хатшыларының басшыларына сөзі өтпейтіндігі, өз саласында қазақша сөйлейтін спикерлерді дайындамайтын жаман әдеті.
Қазақша сөйлейтін лауазымды кісілерді қажет ететін баспасөз құралдарының бар екендігінен 25 жыл өтсе де, хабарсыз келе жатқан баспасөз хатшыларының тірлігі қарын аштырады. Мұндай селқостық, ақпаратпен қамтамасыз етудегі салғырттық танытатын әріптестерді мен біліктілігі төмен деп қарастырамын. Баспасөзбен байланыс орнатудың, дұрыс ақпарат жеткізудің маңызын құрылымдағы мамандарға түсіндіріп бере алмайтындығы — кәсіби еместігінен. Қанша жерден жұмысы бастан асқан, түкіруге қолы тимейтін маман ара-тұра журналистердің сұрауына жауап беру үшін камера алдына шығуға дайын болуын қамтамасыз ету — баспасөз хатшысының тікелей міндеті. Егер пікір газетке қажет болса — маманды мазаламай, өзі жазып беруі тиіс.

Қалай дұрыстаймыз?
Жағдайды оңалту турасында менің өз ойым бар. Қателік екі тараптан да бар. Жоғарыда айтқандарымды жинақтай келе, әріптестерге мына кеңестерімді айтар едім.

Журналиске кеңес:
— Жиын басталмас бұрын, тіпті анонс түскен бетте шақырушы мекеме-ұйымның баспасөз хатшысымен алдын-ала байланысып, қазақша сөйлейтін спикер дайындауын тапсыру. Өтіну, сұрау, талап ету емес, ТАПСЫРУ. Ол оның міндеті. Егер ондай спикері жоқ, барлығы орыс/неміс/ағылшын болса — өзі аудармашы ретінде болсын. Яғни әдетте шетелдік қонақтардан пікір алғандай, жанындағы аудармашы сөздері ілеспе түрде камераға жазылатындай жағдай жасалуы керек. Бірақ ешқашан өз беделдеріңді түсіріп, "қазақша айтып беріңізші" деген сөз айтпаңыз.
— Тақырыпты зерттеу, жан-жақты хабардар болу, дұрыс сұрақ қоя білу. «Осы жиын туралы пікіріңізді айтыңызшы, осы шара туралы не ойлайсыз?» емес, нақты тақырып бойынша сұраңыз. Өзіңізді дымбілмес, теманы қақпайтын, сауатсыз, кәсібилігі төмен адам ретінде көрсетпеуге барынша тырысыңыз.
— Кінәны басқаға арта бермей, жағдайды түзетуге құлшыныс таныту, әрекет ету. Ұсыныс жазыңыз, баспасөз қызметімен тығыз қарым-қатынаста болыңыз, спикерлермен мүмкіндік туған бетте осы мәселе төңірегінде пікір алмасып көріңіз. Тек онысын камераға, диктофонға жазып алудан аулақ болыңыз.
— Белсенділік керек! Барлық жиын-шара кезінде белсенді түрде сұрақ қойыңыз, сауатты, эксклюзив сұрақ қойыңыз. Орысша жазатын журналистер "қап, осыны неге мен сұрамадым!" деп сан соғатын сұрақ қойыңыз! Спикер «Мәссаған!» дейтін сұрақ қойыңыз. Ал ол үшін біліміңізді, біліктілігіңізді шыңдаңыз, белсенді болыңыз.

Баспасөз хатшысына кеңес:
— Қандай да бір құрылымда өзге ұлт өкілдері көп болғанымен, қазақша сөйлейтін адам құрып қалыпты деген шындыққа жанаспайтын, мүмкін емес нәрсе. Жақсы, қазақшасы шала маман ғана табылған күнде де, онымен тығыз жұмыс істеу керек. Өз саласы бойынша әдетте айтатынын қағазға түсіріп, дежурный «ақпараттық парағын» дайындап беріңіз. Ол кісімен офисте тек қана қазақша сөйлесіңіз.
— Кез келген шара кезінде қазақша сөйлейтін спикер болуын міндетті түрде қамтамасыз етіңіз. Тіпті ол нақты сіздің компания/органнан болмаса да, сіздің сала бойынша сөйлей алатын сырттан шақырылған маман болса да жақсы.
— Беделіңізді көтеріңіз. Басшыңызға сөзіңізді өткізе алатын деңгейда болыңыз. «Ләппай тақсыр» ғана емес, бұқарамен байланыс орнату бойынша пікір алмаса алатындай, қандай да бір әрекет ету/етпеу туралы ойыңызға құлақ асатындай статусқа ие болуға талпыныңыз.
— Журналист сұрақ қойғысы келсе, бастығыңызды көлегейлеп, оққағары болмай, жауап беруін ыңғайлаңыз.

***
Отырыста айтылған тағы бір сын жеке басыма қатысты еді: «Шалақазақсың, орысша-қазақша араластырып сөйлейсің».
Мен монотілді ортада жүрген адам емеспін, сөйлеген кезімде екі тілдің сөздері қосылып кетіп жатуы заңды. «Араласшамды» бетіме басушыларға айтарым бір ғана — мендей болып алыңдар.
Әрі қарай

Негатив мақала: зиянын болдырмау және салдарын жою

Блог - MeihuaZheng: Негатив мақала: зиянын болдырмау және салдарын жою

Журналистер компанияңыз туралы жағымсыз мақала жазса нендей әрекет ету керек?

Жағымсыз мақала үш жағдайда жазылады:
1. Нақты себеппен – сіздің компания шынымен косяк жасап, сынайтын ісіңіз жария болғанда.
2. Редакциялық ұстаным – газеттің не арнаның сондай бір жынды принципі бар – кім туралы болсын бірдемесін қисық айта салу.
3. Тапсырыс – бақталас компаниялардың, үкіметтің, қандай да бір стейкхолдердің мүддесі үшін сіздікіне наезд жасау.

Тағы бір фактор бар – топас журналистің біліксіздігі, яғни тақырыпты жете түсінбегендіктен кей ақпаратты бұрыс не теріс түсініп, не болса соны жазуы мүмкін. Бірақ біз мұны «редакциялық ұстаным» категориясында қарастырғанымыз жөн, өйткені соңғы сөз дегенмен бас редактордың еншісінде.

Әрине, компанияның басшылығы жағымсыз мақалаларды өте ауыр қабылдайды. Кей бастықтар болады, арнайы жиналыс ашып, бүкіл коллективпен талқылап, ақыры баспасөз хатшысын жұмыстан шығарып жіберуі де мүмкін. Жалпы, шыны керек, бастықтардың 90%-і – натуральный қояншықтар. Түкке тұрмайтын көп нәрсені трагедия деп санайды. Ол енді бөлек әңгіме, оларға мүмкіндігіңше жоламауға кеңес берем. 500 мың төлеймін десе де келіспе ондай адаммен жұмыс істеуге – жұмыс сияғы болмайды, 146% ГАРАНТИЯ!

Сонымен, компанияңыз туралы жағымсыз мақала жарияланды немесе сюжет көрсетілді.
Алдымен шыққан материалдың зияндық шегін анықтап алайық
.

Төмен деңгей:
Компания өкілінің сөзін бұрмалауға тырысу, қандай да бір жағымсыз сипат беру (Мысал: Бәленшеев мырза оқулықтардың уақытында жеткізілмеуінің себебін айтып ақталмақ болды, Пәлен Түгеншеев сұрақты түсінбегенсіп, ары кете барды ). Тақырыпқа қатысы жоқ дерек келтіру (Мысал: Денсаулық сақтау министрі Пәлен мырза дәрінің бағасы өспейді деп уәде етті. Өссе де, өспесе де, министр айлығы азайып қалмасы анық).

Орташа деңгей:
Компания өкілінің қате ақпарат беруі (әрине, қасақана емес болса), қойылған сұраққа мардымды жауап бере алмауы, журналиске дөрекі жауап беруі, журналистік сауалға дер кезінде жауап бермеуі (ҮШ КҮН!!!), компания өкілі қандай да бір шараға шақырып алып, қатты кешігіп келуі, басқа тараптың сіздің компания/компания өкілі туралы жаңсақ дерек беруі.

Қауіпті деңгей:
Компания өкілінің компания саясатына немесе мемлекет заңына қайшы әрекеті, компанияның заңсыз әрекеті, компанияның табысының төмендеуі, халықаралық рейтингтің төмендетілуі, стейкхолдерлердің (компания қызметін реттейтін құзырлы орган, тұтынушы, акционер, серіктес, бұрынғы қызметкер, т.с.с.) компания қызметіне сенімсіздік білдірген пікірінің жариялануы

Осы ретте маңызды ремарка жасай кетейін: егер сіз баспасөз хатшысы бола тұра, ең басты басшымен тікелей қатынаспасаңыз – бекер жұмыс істеп жүрмін дей беріңіз. Имиджге қатысты кез келген мәселе, сұрақ, ұсыныс гендирмен тікелей талқылануы қажет. Әрине, егер сіз баспасөз қызметіндегі кіші хатшының үшінші көмекшісі болсаңыз, бұл қағиданың сізге қатысы жоқ. Ал егер жалғыз болсаңыз – осы есте болсын.

1. Төмен деңгейлі опасян материал бойынша сіз өзіңіз әрекет етіп, оны қалай реттегеніңіз жөнінде басшыны ескерте салғаныңыз да жарайды. Мысалы, жоғарыда айтылған мысалдағыдай еткен болса, журналиспен тікелей хабарласып, не себепті олай жазғанын сұрауға болады. Қандай да бір қосымша сұрағы бар ма екен, соны анықтап, алдағы уақытта эксклюзив ақпарат берем деп «құпия» айтуыңызға болады. Бірақ, уәдені орындауды ұмытпаңыз! Мұндай приемнан кейін журналист әдетте жаман жазбауға тырысады, егер қисық жазуды редакторы талап етсе, сізге мүмкіндігінше хабарлауға тырысады. Ал кей жағдайда ешқандай әрекет етіп те қажеті жоқ – әлдебір ешкім танымайтын газет-сайттың сандырағына жауап беру міндетті емес, жай ғана игнор.

2. Мақала зияны орташа деңгейде болса, әдетте арнайы релиз дайындап таратқан жеткілікті болатын кездер де болады. Жаңсақ дерек? Окей. Дұрыс деректі келтіріп, релиз жазасыз, таратасыз. Жақсы араласатын журналистермен тікелей байланысып, осы ақпаратты бөлек жариялауды өтінсеңіз, әдетте олар беттен қақпайды. Егер ешкім жариялағысы келмесе – асылып өлетін түгі жоқ, сайтыңызға әдемілеп іліп қоясыз, әлеуметтік желіде таратасыз. Бірақ бұл ШҰҒЫЛ түрде жасалуы керек. Бір жұмыс күні ішінде.
Компания өкілі журналиске дұрыс жауап бермесе (қазақша не орысша сөйлей алмады, дөрекі жауап берді, т.с.с.), ол журналисті жеке кездесуге шақырған дұрыс. Шайға. Барынша сыйыңызды көрсетіп, барлық сұрағына тайсалмай жауап берсеңіз, әдетте негатив өзінен жоқ болады. Тек сыйластық орнату жеткілікті. Ал дөрекі жауап берген қызметкермен өзіңіз жеке инструктаж жүргізіңіз.
Өз шарасына өзі кешігіп келген компания өкілі барлығы өткенсін редакцияларға шағын презент беріп жіберсе – норм. Кешірім сұрап, хат жазу қажет емес, ұяты болса оқиға орнында сұраған шығар. Коробкадағы пряник, тәттілер жинағын беріп жіберу – журналистердің көңілін көтереді, ал компания одан кедейленіп қалмайды. Мұндай жағдайлар ілуде бір ғана болады ғой, сондықтан қалаңыздағы редакцияларды кәмпит жегізіп семіртіп алам деп қорықпаңыз.

3. Компанияңыздың қызметіне, беделіне, келешегіне, табысына шын қауіп төндіретін материалдар әдетте жылдық айналымы миллиардтаған теңгеден асатын табысы бар компанияларға, әсіресе банктерге төнеді. Қауіпті деңгейдегі зияны бар мақаланың ықпалын жою үшін жалғыз сіздің немесе басшылық тарапынан ғана әрекет етуі жеткіліксіз. Мұндай жағдайда компаниядағы антикризистік стратегия бойынша қимылдау қажет. Көп жағдайда салдарын жою үшін арнайы компания жалданады. Жеке басымнан мұндай оқиға өтпегендіктен, бұл жөнінде айтарым болмай тұр.
КЕЙС: Былтырлары Каспи банктің үлкен кризиспен (банктің банкрот екендігі, депозиттерді тез арада шешіп алу керек деген жаппай смс таратылуы) қалай күресіп, оны қалай жеңіп шыққан жөніндегі материалдарды іздеп қарап шығуыңа болады.

!!! Есіңізде болсын: Журналистермен дұрыс қарым қатынас орнату – баспасөз хатшысының ЕҢ бірінші және ЕҢ басты принципі.
Әрі қарай