Блогиада #19. Қазақ эстрадасында әзіл бар ма?
Бала кезімде есімде: теледидардан «Тамаша» көрсетілсе, үлкендердің бәрі шаруаларын тастай салып, үймелеп отырып алады да экранға үңіледі. Бұл жерде "қыңқ" етіп артық дыбыс шығарған бала — әлемдегі ең жексұрын адам. Кейін кассеталы видеомагнитафон, дискілі DVD-плеер пайда болғанда да ата-аналарымыздың буыны үшін жағдай көп өзгере қойған жоқ — жинала қалып теледидарға телміреді. Осындай «басқосулардың» талай рет куәсі болдым, жанама түрде болса да өзім де қатыстым, сонда байқағаным — ешкім шек-сілесі қатып күлмейді, жер тепкілеп, көзден жас шыққанша қарқылдаған бірде-бір жанды көрмейсіз. Тек езу тартып, мырс еткен әке-шеше мен «М-м-м, дұрыс айтады», "Өй, бәлем тауып айтты", «Тапқыр-ай осылар» деген мақұлдау стиліндегі ата-әженің сөздерін ғана естисің.
Әзіл-сықақ театрлары
Ол кезде «Тамаша» мен «Бауыржан шоудың» комедия театрлары екенін мен білмеппін де, білсем де мән бермеппін. Кеше ескілеу бір видеоны тағы бір қарап шықтым. Түсінгенім — бұл жерде юмордан гөрі, астары бар сөздермен көңіл көтеруге көбірек назар бөлінетін секілді.Сіздерді білмеймін, мен күлкілі ештеңе көрмедім. Тіпті нені сараптау керек екенімді білмей қалдым.
Жарайды, бұл ертеректе болған жағдай ғой. Қазір мүмкін өзгерген шығар? Мысал үшін, халық көп мақтайтын Нұржан Төлендиевтің қатысуымен болған скетчке назар аударайықшы:
Артықшылықтардан сахнаның безендірілуі секілді техникалық қырларын атар едім. Қойылымды бірнеше әрекетпен (телефонның екі жағындағы оқиғалар) күрделендіре түскендері ұнады. Демек, бұдан он шақты жылмен салыстырғанда аздап болса да өрлеу бар. Нұржанның харизмасы мықты, әртістігі жоғары (әзіл-сықақ театры үшін) деуге болады. Бірақ скетчте күлкі шақырар әзілдер саны 0-ге жақын.
Әзіл мүлдем жоқ деген тым артық болар. Бірақ, әлгі бала кезімізде "Ә-ә-ә, ананы қараңдар — бұтына жіберіп қойды", — деп тарқылдап күліп, әжуа еткен секілді, келемеждің деңгейінде қалып қойған. Мектептің «Алтын күзі» үшін керемет скетч болар еді, бірақ республикалық дәрежеде емес.
Менің ойымша, театр деп өздерін атағаннан кейін, LED экранмен және 3 микрофонмен шектеліп қалмай, көрнекі құралдар жұпынылығынан арылу қажет. Бұл сахнадан да, теледидардан да қарағанда қойылымның визуалды қырын ажарландырып, тартымды болуға септігін тигізеді. Екіншіден, бала деңгейіндегі әжуа, орысша араластырып сөйлеу секілді тым арзан әзілдерден арылу керек. Бұндай халтурамен балалар айналыссын. Осы тұрғыда үлгі ретінде «Уральские пельмени» шоуын мысал ретінде ұсынар едім:
Стендап
Стендап юмор саласының ең танымал форматтарының бірі. Бізде стендаптармен жарқырап жүрген Тұрсынбек Қабатовтың театры бар.Иә, тапқыр ойлар бар. Бірақ сөздер редакцияланбаған, дайындық жоқ па? Артық сөздер, орысша қоспалар көп. Егер сол арқылы юмордың сапасын арттыруға болады деп ойласа — автор ұзаққа бармайды. 6 минуттың роликтен 2-3 рет езу тартқан шығармын. Қалғандары бастауышынан баяндауышының қандай екенін алдын ала біліп алуға болатын тым қарабайыр әзілдер.
Сосын, әзіл-сықақ театрларында ұжымның фронтмені шығып, концерттің алдында 5-10 минут сөйлейтін дәстүр бар. Әдетте, олар да аса бір тапқырлықпен ерекшелене қоймайды. Қол шапалақтауға тұрарлық бірнеше әдемі ой айтылады, бірақ бұларды әзілден гөрі халықтың көкейінде жүрген бір мәселені дөп басып айтуға балар едім. Театрлардыкі қаншалықты стендап, оны нақты анықтау да қиын.
Маған ТНТ арнасының «Stand Up» шоуы ұнайды. Жалпы стендап болсын, басқа жанр болсын, әзіл айтқанда өзіңе күле білу қажет деп ойлаймын:
Стендаптың ең басты қағидасы мынау екен: «Алғашқы он секундта күлдірте алмасаң — сен комик емессің». Бізде осы талапқа сай комик бар ма? Мен кездестірмеппін.
КВН
Өз заманында атақты командалардың бірі болған «ТехАС» көрсеткен мына үзіндіге назар аударайықшы:Қойылымдары әзіл-сықақ театры мен көңілді тапқырлардың гибриді істетті. «Тамашизмге» тән театрландырылған детальдар (киім-кешек, басқа да атрибуттар) мен КВН-ға тән әзілдер бар. Бірақ бәрібір таза әзілден гөрі, клоунада көп: бет-аузын қисайту, әжуалау. Жұрт қыран-топан әйтеуір, оған да рахмет.
Қазақ КВН қазір қалай әзілдейді екен:
КВН-нің форматының ерекшелігі сол — әр айтылған ойдың соңы міндетті түрде күлкіге немесе тапқырлыққа алып келуі тиіс. Мен басқа да видеоларды қарап шықтым және бұл тұрғыда алға ілгерілеушіліктер бар секілді. Дегенмен, даурыға айқайлап сөйлеу, бір сөзді немесе сөз тіркесін бірнеше рет қайталап айту секілді кемшіліктер әлі де қалмапты. Неге екенін білмеймін, тартымдылығынан гөрі, көрерменді кері итеріп тұратын бірдеңесі бар: мүмкін атмфосферасы, мүмкін басқа да көркемдік ерекшеліктер. Езу тартқаным болмаса, есте қаларлық бір мықты әзілдер кездестірмедім. Кейбір айтылған сөздер мүлдем түсініксіз. Мүмкін, телевизиялық нұсқасы әдемі шығуы үшін техникалық моменттеріне (дыбыс, көрініс) көбірек көңіл бөлу керек шығар.
Экранға шығып жүрген осы бағдарламалардың бәріне ортақ бір нәрсені байқадым — барлығы әлеуметтік, отбасы төңірегіндегі әзілдерден әрі аса алмайды. Жоғары интеллектуалды, ақылды юморлар жоқ. Мысалы былай:
Юмор — жай адамдардың көңілін көтеріп қана қоймай, тәрбиелегіш, эрудициясын өсіру сипатына да ие болуы керек деп есептеймін. Қазақтың әзіл саласындағы кәсіпқойлар әзірге бұндай міндетті атқармақ түгілі, өздері жетілдіруді көп қажет ететін сияқты. Бір өкініштісі сол, мысалы жаңадан әзіл-сықақ театры ашылса, бұрынғылардан өзгеше болуды, ерекше бір жаңалық алып келуді мақсат етпейді. Шоу жасауға талпынбайды. Үйреншікті болып кеткен — бір қойылым, бір ән формасынан ауытқуды қажет деп санамайды. Мәселелердің ең бастысы да осыған келіп тірелетін тәрізді.
P.S. Мынау неге Ресейдің бағдарламаларын үлгі етіп отыр деп сөкпеңіздер, ана тілімнен бөлек тек орысша ғана түсінеді екенмін.