ІЛЕ. Қайсар ҚАУЫМБЕК

Менің жыр сұлтанатымнан таңдап тағы бір шайырды алдарыңызға әкелдім. Жыр оқып, әділ бағалаңыздар. Бұл ақын ҚазҰУ-да оқиды.

Ілем менің,
Түнермегін — шерлі анам,
Сені күтіп жатыр алда кең далаң.
Мен де қалдым арман — тауға бара алмай,
Сен де қалдың арнаң толмай сорлаған.
Сен жыладың Балқашыңа кете алмай,
Мен жыладым қалқашыма жете алмай.
Жұртын аңсап бота көңіл боздайды,
Бұлқынады бұғаудан бір босанбай.
Сен де ортайдың, сан тарау боп бүліндің,
Мен де ортайдым, мың сүріндім, жығылдым.
Жағалаудан үні естілер іңірде,
Үйірінен адасқан бір құлынның.
Толқыныңды ұзатып сап сан асау,
Тарылдың ба, беу, ілемнің жағасы — ау!
Сені күткен қасіретті Балқашың,
Мені күткен қасиетті Алатау.
Түнермегін!
Ілем менің — мұңлығым,
Сізге пана, бізге пана кім бүгін ?!
Бетонжүрек, безбүйрек бұл заманда,
Бауырлар да іздемейді бір -бірін!
Толқып -толқып сенен де енді құм қалар,
Өртей -өртей менен де енді күл қалар.
Арғы жақтан жүрек жылытар тым құрса,
Екеумізге келмей қойды -ау бір хабар!..
Әрі қарай