Жақсы жігіттер туралы рефлексия

Жақсы жігіттер туралы рефлексия
Төмендегі жазбада жақсы.кз порталында жарияланған Философия бізге керек пе мақаласы қарастырылады.

Негізі жақсы жігіттердің зияткерлік қызметтерін құрметтеймін. Және жазбамда айтылатын ойлар авторлардың жеке басына қатысты емес, бірақ жазбаларын оқығанда олар өздері туралы қалыптастыратын образдар туралы.

Кеше түстен кейін өздеріңізге белгілі фэйсбук қысқа уақытқа қызмет көрсетуін тоқтатқан болатын. Бұл ретте жақсы порталда әлеуметтік желі туралы жарияланған мақала да есіме түсіп кетті. Бұл туралы сәл кейінірек, ал қазір философия тақырыбына жазылған мақаланы сараптасақ.

Автордың философияны жазғыруының басты себебі оны түсінбейтіндігімен байланысты сияқты. Ең кемінде, мәтіннен осындай қорытынды жасауға болады.

Физика мен философияның не қатысы бар делінген. Тағы да айту керек философия заңдары адам қызметнің барлық саласында қолданылады. Диалектиканың үш заңын алып қарасақ та. Сандық өзгерістер сапалық өзгерістерге әкеледі деген ең қарапайым постулатты мысалға келтіруге болады.

Адам баласы өзі түсінбейтін нәрсені сынайтыны, тіпті үрейленетіні де түсінікті. Ең қызығы, кезінде Кеңес үкіметінде елуінші жылдары генетика ғылымын буржуазиялық ілім деп таныған болатын. Нәтижесінде, генетика саласы бойынша Батыстан біршама артта қалушылық әлі күнге дейін байқалуда.

Бұл әлем біздің санамыздан тыс өмір сүреді. Философияға деген мұқтаждық осыдан туындайды.

Мақал мәтелдер философиялық танымның (тіпті ол қандай да бір қатаң философиялық концепция түрінде реттелмеген болса да) бөлігі ретінде қарастыруға болады Және ұл бір-біріне қарсы қоюды талап етпейтін ұғымдар.
Көшпенділерің философиясы болмады деп айтуға болмайды.

Гегельдің Рух феноменологиясы еңбегін Сіз оқыдыңыз ба? Бірақ ең бастысы түсіндіңіз бе?
Канттың еңбегін Сіз оқыған жоқсыз. Сондықтан ол еңбектердің ғылыми құндылығы туралы қандай да бір ұйғарым жасау қателік. Қажет болса Кантты түпнұсқада оқу керек және бұл бірнеше жылды талап етеді.

Ал оны түсінбегендіктен ол жерде өмірлік ақыл, ғұмырлық кеңестер жоқ деу әділетсіз.

Кейін дін исламға философияның қажеті жоқ деген батыл мәлімдемеңіз мүлде қисынға келмейді. Кез келген дін ең алдымен философиялық концепция ретінде. Тіпті ислам діні де.

Сізбен бір нәрседе келісуге болады. Дүние қиын, әрі түсініксіз. Өйткені біз өмірді түсіну үшін әлемді объектілер мен субъектілерге бөлеміз. Логикалық дәлелдерді талап етеміз. Жалпы, бұл әлемді танудағы біздің талпынысымыз бен әлемнің шын мәнінде қалай өмір сүретіні арасында үлкен алшақтық бар. Камюдің абсурдизм идеясы.

Философия діннің кемшіл тұстарын жасырушы, керек болса, ақылға томпақ тұстарын керемет етіп көрсетер қуатқа ие. Меніңше, керісінше философия діннің кемшіл тұстарын көрсетуші, сол арқылы логикалық қайшылықтарды айқындаушы бірден бір құрал.

Үндінің діні. Қандай дін туралы айтып отырсыз? Үнді діні деген ұғым жоқ. Индуизм немесе буддизм бәлкім. Маймылдың да құдай екендігін атап өткеніңіз, сірә буддизмді меңзегеніңіз болар. Буддизмде авраамдық діндермен салыстырғанда Құдай табиғаты өзгеше. Гаутама Будда ол адам.

Кейін христиандық бойынша айтқан уәжіңіз христиан ілімінің сіздің ақылыңызға сыймайтындығымен байланысты екендігін өзіңіз де атап өттіңіз.
Исламға келсек. Жеке менде сұрақтар көп. Мысалы, қадар ұғымы, яғни жазмыш немесе пешене туралы. Егер Құдай еркі абсолютті түрде таралған болса, егер адамның әрбір қылығы Құдай еркімен анықталса, онда күнә туралы айту қаншалықты орынды? Және бұл ең қарапайым сұрақ.

Дінге сүйене отырып, қандай да болсын өзге ақыл ой қызметін жоққа шығару Талибан қозғалысының қағидаттарына ұқсайды.

Жалпы, философия қажет пе деген сұрақ риторикалық сұрақ деп қабылдаған жөн.

Енді әлеуметтік желілер туралы.
Ең алдымен, әлеуметтік желіден бас тарту туралы үндеуді әлеуметтік желі арқылы тарату өте қызық құбылыс.

Әлеуметтік желілердің деструктивті әсері туралы айтқанда, әдетте Араб көктемі мысал ретінде кеңінен қолданылады. Біріншіден, себеп пен салдарды анықтап алайық. Толқуларға әлеуметтік желілер себеп емес. Фэйсбук құрал ретінде пайдаланылды. Орта ғасырлардағы революцияларда парақшалар мен памфлеттер таратылса, араб көктемі барысында мұндай қызметті әлеуметтік желілер атқарды. Фэйсбук адамдар арасындағы үнемі жасалатын байланыс, пікірлестік идеясының материалдық формасы деп қарастыруды ұсынамын.

Және Қиыр Шығыс бойынша мамандар араб көктемінің басты себептері демографиялық факторлармен байланысты екендігін атайды, яғни жоғары білімге ие, бірақ жұмыспен қамтылмаған жастардың үлесі өте жоғары болуымен. Көктем келген елдердегі ауыр әлеуметтік экономикалық жағдай туралы айтып қажеті жоқ шығар. Ливияны қоспағанда. Оған қоса, саяси элита арасында қақтығыстар орын алды. Мысалы, Египетте Мубарак билікті өз ұлына мұрагерлікке қалдырғысы келгендіктен, әскерилердің қолдауынан айрылып қалды.
Бұл ретте тек ішкісаяси факторлармен қоса, аймақтағы геосаяси теке тіресті атап өтуге болады. Мұсылман бауырлар шын мәнінде Катар мемлекетінің прожектісі екендігін, аймақтағы Түркияның неоосманизм саясаты, Сауд Арабиясының саяси мүдделері және т.б.

Мұның бәрі не үшін айтылып отыр? Араб көктемі мен әлеуметтік желілер арасында тікелей байланыс жоқ. Сондықтан фэйсбукты әлеуметтік тұрақсыздықтың басты себебі ретінде мысалға келтіру әділетсіз. Биліктегілердің саяси сәтсіздіктеріне деген наразылықты әлеуметтік желілерді жабу арқылы шешу мүмкін емес. Сонымен бірге, желілер арқылы таратылатын дезинформация мен арандатушылықпен күресті қолдаймын.

жалғасы бар
Әрі қарай