Сөйлеші, бауырым!

Қазіргі таңда барлық дамыған елдерде блог жазу модаға айналды. Блог жазудың маңызы көп. Солардың бірін сізге ашсам деймін. Тілдің тірілігін білдіретін дүние – оның қолданылуы. Мысалға эскимос тілі өлуге жақын, ол тілде тек 2-3 адам сөйлейді. Ол тілде блог жазсаң, сол 2-3 адамнан артық ешкім оқымайтынына кәміл сенуге болады. Оған қарсы ағылшын тілінде бүкіл әлем сөйлейді. Сондықтан бұл тілде әлі күнге шейін жаңа сөздер пайда болып, Оксфорд сөздігіне еніп жатыр. Бұған дәлел “fog” (тұман) және “smoke”(түтін) деген екі сөзді қосып “smog”( тұманмен аралас түтін) деген жаңа сөз құрылды.

Кез келген тілді дамытатын — сол тілде сөйлейтін адамдардың ой бөлісуі, ойды дамытуы. Өзіңіз ойлаңыз, сіздің 5 минутта ойыңызға келген пікірді жазып, ғаламторда сақтадыңыз. Кейін оны 5-6 жылдан кейін бір қазақ керекке жаратып өмірінде, немесе саясатта еңбек ететін ағалар оқып мемлекет ісіне қолданар. Біз білмейміз

ертең не боларын. Бірақ осы жарқын елдің болашағы біз. Біз ойымызды ашып жазуымыз, сонымен ғаламторды толтыруымыз қажет. Біздің тіліміздің дамуы әлемдегі қазақтардың санына емес, олардың ана тілінде сөйлесуіне байланысты.

Интернет тіліміздің дамуына позитив амал жасауда. Себебі Моңғолия, Қытай, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан және Еуропадағы қазақтар елімізбен арасын үзбей, жергілікті қазақтармен ой алмасып отырады. Барлық қазақтар бір торапта жиылып, бір әліппеде тілдесіп сөйлессе қандай керемет болар еді! Біздің қазақтар қай жерде жүрсе де өзінің қандастарының ойын білу үшін жай ғана ғаламторға кіріп сол тораптың атын терер еді.

Сондай тораптың бірі Қытайдағы бауырлар тарапынан ашылды – senkazakh.com. Бірақ сайт жетілдірушілері кіріл әліппесіне аудару амалын нашар орындапты. Мысалға төте қазақшада «І» әрпі мен «Ы» әрпі бірдей жазылады. Соларды кірілшеде ажырату үшін скрипттер жазылмаған. Кейін сайттың интерфейсі онша келіспеген. Сондықтан, менің ойымша тораптың бастапқы нұсқасы латынша болуы тиіс. Оны кірілшеге де, төтеге де оп-оңай аударасыз. Сондықтан қазақ елінің тұтастығын аңсайтын АЙТИ мамандарының назарына салсам деп қолыма пернетақта алып осы мақаланы жаздым.

 Бейс Серікбай. Атырау қаласы
Әрі қарай