Студент қалай күн көреді?
«Біздің кезімізде стипендия бәріне жететін, тіпті, ұшақпен Москваға барып келетінбіз» © Үлкен кісілер
Эх, шіркін десеңші! Жақсы оқығанымыз үшін жұрттың балаларынан мың теңге артық алып, 7 мың теңге шәкіртақыға мәз болған кезіміз-ай! Айдың соңы тақаса, карточкамызды қайта-қайта тексеріп, минусқа кіргізіп жіберетінбіз. Стипендия түсті деген күні жатақханада той
Қазір шәкіртақы біздің кезден әлдеқайда көп. Ресми деректерге сүйенсек, биыл 31 наурыздан бастап мемлекеттік ЖОО оқитын білімпаздар алатын стипендия сомасы былай өзгерді:
Студент — 16 759 теңге;
Интерн — 30 356 теңге;
Магистрант — 42 824 теңге;
Докторант — 65 599 теңге;
Назарбаев университетінің магистранты — 100 000 теңге.
Басқаны қойшы, СТУДЕНТКЕ 16 759 ТЕҢГЕ ЖЕТЕ МЕ? Ол ақшаға не келеді?
Ата-анасына жиі ақша салдыртып тұратын еркетотайларға білінбес, ал, өз нанын өзі тауып жейтін намысқой балаларға бұл ақшаның жетпейтіні анық. Жоғарыда көрсетілген соманы 30 күнге шақсақ, студент күніне 558 теңге ғана жарата алады. Қазіргі нарықта 558 теңге — бір түскі астың өзіне әупірімдеп әрең жететін ақша.
Шәкіртақысы жыртығын жамауға да жетпеген студент амалсыз оқуымен қатар жұмыс істеуге көшеді. Сабағының уақытымен сәйкес келетін жұмыс тапса — жақсы, таппаса, оқу құрбандыққа кетуі де ықтимал.
Оларға арналған жұмыстың түрі көп: даяшы, бармен, бала бағушы, курьер, жүк тасушы, оператор, сатушы, промоутер, гардеробшы, тағысын тағы жалғаса береді. Тіл білетіндері аудармамен күн көреді, өз мамандығы бойынша жарты ставкамен жұмыс істейтіндер де бар. Табан ақы, маңдай теріне 30 — 90 мыңның арасында ақша алады. Мысалы, Астанадағы KFC фастфудтар желісінде еңбек өтілі жоқ адамды жұмысқа қабылдап, оған 40 мың теңгеден басталатын айлық беріп отырады екен. Ал, Ханшатырдағы сатушы-консультанттардың минимум айлығы — 60 мың.
Еңбек еткені, шыңдалғаны дұрыс десек те, СТУДЕНТТЕР САБАҒЫН ҚАЙ УАҚЫТТА ОҚИДЫ, ЖҰМЫСЫНА ҚАЙ УАҚЫТТА ҮЛГЕРЕДІ?
Бұл сұраққа оқуы мен жұмысын қатар алып жүрген студенттердің өзі жауап берсін.
Бақдәулет Мухимов, Астана медициналық университетінің 3 курс студенті
«Астана қаласы Жедел жәрдем стансасында жұмыс істеп жатқаныма биыл үшінші жыл. Ақшаның жетіспеуінен емес, өзім қызығып, тәжірбие жинақтағым келгеннен жұмыс істеуге көштім. Мамандығым үлкен жауапкершілікті қажет етеді, сондықтан теория ғана емес, көп тәжірбие де керек. Бәріне үлгеріп жатырмын. Стипендия алған бойда тоя тамақ жеп алатынымыз болмаса, ол тіпті бір қыдырғаныңа да жетпейді ғой.»
Сандыбаев Ерлан, ЕҰУ 3 курс студенті
"Өзім білім алып жатқан осы универде веб-программист болып, 0,25 ставкамен жұмыс істеймін. Осындағы сайттардың бәріне жауаптымын десем де болады. Кейде жұмыс тым көбейіп, сабаққа келмей қалатын кезім болады. Ата-анаммен тұрғандықтан ақшадан қысылмаппын, егер жатақханада тұрсам, шәкіртақы мүлде жетпейтін еді. Шәкіртақым бір рет қана қыдырғаныма кетеді."
Өмірбекова Гүлнұр, ЕҰУ 3 курс студенті
«Imperial бинго-клубында оператор болып жұмыс істеймін. Сабағым түстен кейін, ал, жұмысым кешкі сегізден таңғы сегізге дейін. Он бес күн істеп, он бес күн демаламыз, сабағыма өте ыңғайлы. Осы семестрде стипендиядан айрылып қалсам да, жұмыстан алатын 70 мың теңге өзіме жетеді. Жұмыс істеуіме стипендияның жетпеуі, үйге ақша керек болғаны және бос уақытымның көбірек артылғаны әсер етті».
Сұлтанбай Кәмшат, ЕҰУ 3 курс студенті
«Таңертең сағат тоғыздан бірге дейін 1 жастағы баланы бағамын. Жарты айлыққа 30 мың теңге береді. Сабақтың бәрін түнде оқимын, тапсырмаларды ертерек тапсырып тастауға тырысамын. Жоғарылатылған стипендия алам, жетпейді. Оның үстіне, өзім — ақшаны көп жұмсайтын адаммын. 1 курс оқитын ініме көмектесемін. Көп қыдырмаймыз да, стипендия түскенде айына 1 рет киноға барып қоямыз».
Сабыров Талғат, ЕҰУ 3 курс студенті
«Бір компанияда инженер-программист боп жұмыс істеймін. Еркін график, берілген тапсырманы тапсырсам болғаны. Сабағыма еш кедергі келтірмейді, қайта тәжірбие жинақтауыма көмегі бар, әрі қызық. Ақша жағынан таршылық жоқ. Егер жұмыс істемесем де, шәкіртақыны бір айға жеткізер едім».