Пәтеріңді тонаудан қорға

2015 жылы жазда жақсылап тоналған соң бұл мәселеге ерекше мән беретіндердің бірімін. Супержүйе, ақылды үй орнаттым деп айтпаймын, әйтеуір, тоналудың алдын-алуға көмектесетін қарекеттер жасаудың о жақ, бұ жағы. Өзім қабылдаған және/немесе оқып білген сақтық шаралары мен профилактика жұмыстарын айта отырайын, мүмкін біреуге көмегі тиіп қалар.

Пәтерің тоналды ма? Ұры табылып, тиісті жазасын алатыны туралы, шығындарыңды қалыпқа келтіретің туралы армандамай-ақ қой. Бірақ полицей шақыру қажет — оларда тоналу статистикасы жасалады, ал ашылмаған қылмыс олардың жұмысы үшін минус екені белгілі. Дей тұрғанмен, полиция пәтер тоналу жағдайын ұсақ-түйек деп қарайды, сәйкесінше тергеу жүргізбейді, ұрыға іздеу салмайды. Олар мәселені қалай шешеді? Кездейсоқ қолға түсіп қалған қылмыскерге сол аудандағы фактілердің бәрін мойнына іліп жібереді, болды.

Сондықтан ешкімнен көмек күтпей бәрін өз қолыңа ал. Алдын-алу шараларын жүргіз.

Құлып
Мен тоналғаннан кейін бірден сенімді кілт іздей бастадым. Әлгі есікпен бірге келетін стандарт құлыпты ашу «шессекунт» екен. Сондықтан «штаттық» құлыптарды алып тастасаң да болады. Негізі бір есікте кем дегенде екі кілт болу керек дейді. Менің есігімде екеу — біреуі өзінікі, біреуін бөлек орнатқам (суретте: сол жақта стандартты құлыптың ашары, оң жақта «Меттэм» деген брендпен шығатын құлыптыкі).
ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Ұзын ашары бар құлыптарды аша алмайды деп ойлап қалма. Ашылмайтын құлып жоқ дейді халықта. Тек күрделі болған сайын ұры да шаршай бастайды, сақтық шараларын ұмытады, тықырлап-шылдырлап көршілердің назарын өзіне аударуы мүмкін.

«Меттэм» типтес құлыптың бір кемшілігі — кілтін жоғалтып алсаң есікті бұзуға туралы келеді. Есікке зақым келтірмей, отверткамен, басқа да құралдармен бұрап ашу мүмкіндігі төмен.

Айтпақшы, құлыптар нарығында ресейлік «Берьер» брендін мақтайды. Механизмдері күрделі, бұзып ашу, көшірмесін жасау мүлдем мүмкін емес дейді. Бағасы да сәйкесінше, 40-50 мың теңге тұрады.

Есік-терезе
Кілтім сенімді екен деп есікті де естен шығаруға болмайды. Бір тепкенде ашылып кететін жеңіл есік орнатсаң кілттеріңнен пайда жоқ. Есіктің материалы қатты металлдан болуы керек. Ақшаң жетсе екеуін орнатып таста. Ұрылар әдетте бір есікті ашуға 5-10 минут жұмсайды. Ал одан ұзаққа созылып кетсе тәуекелге барып жатпайды, құрысыншы деп кетіп қалу мүмкіндігі жоғары. Есіктің екеуі де сыртқа ашылған дұрыс, ішке ашылса — бір теуіп кіре салады.
ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Терезелердің ашылатын бөліктері адам сыймайтындай тар болғаны дұрыс. Әрине, бірінші кезекті әйнек пен жақтаудың беріктігі. Бір жаққа шыққанда терезелердің міндетті түрде жауып кет. Жоғарғы қабатта тұрам деп мақтанба, төбеден арқанмен түскен фактілер бар.

Блеф үркітулер
Ұрылар назар аударатын нәрселер бар: үйде адамдардың болуы, пәтердің күзет органдарымен қорғалуы, т.б… Яғни үйің немесе пәтерің қараусыз қалмағанын көрсетуің керек. Ол үшін сыртқы есікке танымал күзет фирмасының логосын жабыстырып қоюға болады (типі, бұл үйге «Сақшы» күзет фирмасы қызмет көрсетеді, телефон: ...). Әрине, эффектісі жоққа жақын. Бірақ өмірінде күзеттен қашып көрген адам болса, әлгі жапсырма қағазды көргеннен кейін ойланып қалуы мүмкін.

ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Дәлізде радио, музыкалық плеер секілді, әйтеуір дыбыс шығарып тұратын аппарат жұмыс істеп тұрғаны дұрыс. Сырттан келген адам үйде кісі бар деп ойлап қалсын.

Есіктің жоғарғы жағына камера орнатып қой. Қазір ешбір техникалық қызмет көрсетуді қажет етпейтін автономды камералар бар, солардың бірін сатып алсаң болады. Олардың жазбалары әдетте компьютерге немесе смартфонға келіп түседі. Дұрысы, әрине, бір фирманың көмегіне жүгініп сигнализация орнату. Бірақ бәрінде бірдей ондай мүмкіндік бола бермейді ғой. Шын камераға ақшаңды қимасаң муляж камералар сатып алуға болады, 2-3 мың теңге тұрады. Олар ештеңені түсірмейді, жай ойыншық қана. Бірақ сыртқы түріне қарап муляж екенін біле алмайсың.

Осы кезге дейін таныстарымнан небір тонау оқиғаларын естідім. Бәрінде дерлік ірі сомада ақша қолды болған. Үйде ешқашан ақша сақтама. Алысқа жол жүрсең бағалы заттарыңды табылмайтындай етіп жасырып кет, не сенімді біреулерге тапсырып кет.

Ең бастысы — үйдің сырын көршілеріңе айтпа. Әдетте ұрыларға хабар жеткізіп тұратын жансыз — өз көршің болып шығады.
Әрі қарай