«Бір елдің сөзін айтып жүрген қызыңызға Бір үйдің отын жағу қиын деп пе ең?!»
Отырған қыздарды сөкпеңіздер… Көптің көз алдында жүріп отыздан асып не қырыққа таяп қалған қыздарды көріп сонша ет-жүрегі езіліп (не езілгендей боп) аяуға, мүсіркеуге тырысатын əйелдерді түсінбеймін. Олардың сұрағынан, көзқарасы мен эмоциясынан өзіңнен өзің ұялып кетесің. Сондай əйелдер, əсіресе өзі шығарын шығып ап, енді шаруаның бəрін тындырғандай, осындай оң жақта отырған қыздарды сұрақ астына алғанда, көбі өзінің семіріп, түрі қашып, жүйкесі тозуын бір ақтап алады-ау… Ей, сен таңдаған жігітті мен армандасам, əлдеқашан тура өзің құсап «бақыттан басым айналып» жүруші ем" — дегің келеді. Шынымды айтсам, сол күйеуге тиген əйелдердің өзі шын сезімді армандап, қиялданып, не байын бақытты ете алмай, не баласын баға алмай талайы жүр арамызда… Кезінде көштен қалмайын деп, өйтіп-бүйтіп «теңіздің ар жағына шығып алғандар» бүгін санын соғып, сол байдан не пана таба алмайды, не тастап кете алмайды. Бірақ əрбір қазақ əйелі жүрегінің түкпірінде, бір минутқа болса да, сол қосағынан жырақта өмір сүрсем деп қиялдап көреді. Неге? Өткені бүгін «арқа сүйердің», «бөріктінің» заманы өткен. Расында да. Себебі еркектер бүгін əйелдердің «ауруына шалдыққан». Психоз, невроз, истерика, ұрысқақтық, ұсақтық. Бəрі емес, көбі. Балабақшаға өзі барады, азық-түлік өзі алады, өндіріс азайғандықтан, еркек кіндік (масса) не "қағаз тасумен", не «бет-жүзін бояп, əдемі сөйлеумен», одан қалса желіде философиялық тебіреністерімен, терең психологиялық ойларымен бөлісіп, анда-мұнда жеген асын жарнамалаумен айналысады. Табатыны (масса) 100 мыңның ар жақ-бер жағы. Олардың күшін жұмсар жер жоқ. Шүкір, заман тыныш, соғыс жоқ, аңшылық көптің қолы жете бермейтін сəн-салтанат боп кетті, əскерге 80-нен төменнің көбі бармаған… Сондықтан соғыстың бəрі от қасы, ошақ басында. Мұндай «батырларды» қалайтын қыздар бар, қаламайтындары тағы жетіп артылады. Отбасының шырағы бола білуде емес, шаңырақтың тірегі, арқа сүйер азаматтың аздығында ма мəселе деп қаласың.
Әрі қарай