Астанамда болса осындай көлігім...
Көліктің тарихы сонау көшпенділерден бастау алады. Жылқыны алғаш қолға үйретіп, оны пайдасына жаратқан көшпенділер екені белгілі. Атқа мініп, қолына қаруын алған сақ әскерлерін көрген Еуропа жұрты «төрт аяқты, адам денелі ерекше құбылыс» деп шошынған. «Кентавр» ұғымы осылай дүниеге келген деседі. Содан бері ел аузында Кентаврға байланысты түрлі аңыз тарап, оның өмірде бар екеніне қатысты түрлі дау да туындады.
Ал, әлемдегі ең алғашқы бензинді мотормен жұмыс істеп, өздігінен қозғалатын автомобильді 1885 жылы неміс инженері Карл Бенц жасап, оны 1886 жылы патенттеген. Бенцтің үш дөңгелекті, екі адамға арналған экипажы адамдарды моторының дауысымен шошытып, ашуына тиетін болған.
Қазір «айшылық алыс жерлерге» жылдам апарып тастайтын көлік түрлері өте көп. Қозғалыс ортасына қарай су көлігі, әуе көлігі, ғарыш көлігі, құрлық көлігі деп бөлінеді. Пайдалану мақсатына қарай жалпы пайдаланымдағы көлік, арнайы көлік және жеке көлік болып үшке бөлінеді.
Құрлық көлігі, оның ішінде темір жол көліктеріне жататын метрополитен жайлы болмақ әңгіме.
Метрополитен француздың «chemin de fer métropolitainә» сөзін қысқартқанда «métropolitain» сөзінен шыққан, «астаналық темір жол» деген мағынаны береді.
Әлемдегі ең алғашқы метро — Лондон метросы. 3 км 600 метрге созылған, 7 станциясы бар Лондон метросының алғашқы желісі 1863 жылы ашылды.
Метрополитен желісі жер астында тоннель арқылы, жердің үстімен және жерден биік эстакада (суретте) арқылы жүргізіледі. Әлемдегі маршрут ұзындығы және станция саны ең көп метрополитен Нью-Йоркта, ал, ең ұзын метрополитен Шанхай (538 км) мен Бейжіңде (465 км).
КСРО кезінде іске қосылған метроның бірі — Ташкент метросына жолым түсіп, сол туралы жазба жазу бұйырыпты.
Ташкент метросы — Орта Азиядағы бірінші метро. 1968-1970 жылдары құрылысы басталып, 1977 жылы пайдалануға берілген. Ол кезде 9 станциясы болған, желі ұзындығы 12,2 км созылған.
Қазір Ташкент метросы 3 желіден тұрады: Чиланзар, Узбекистон, Юнусабад. 29 станциясы бар. Ұзындығы — 36,2 шақырым. Бір қызығы, барлық станциясына барып көрер болсаңыз, 3 рет жердің бетінен өтесіз. Яғни, жердің бетінде станциясы болмағанмен, кей жолдары жердің бетімен өтеді.
Өзімізге қажетті мекен-жайды жақсылап сұрап алдық та, сол жерге метромен баруды ұйғардық. Жақын жердегі «Тошкент» станциясына кірдік.
Метроға кіру сомасы — 800 сум (48,7 теңге).
Жетондары мынадай.
Ташкент станциясының іші
Ташкент метросына екінші рет мініп тұрғаным. Алғаш рет қыста мінгем. Әйгерім екеуміз қақ ортасына тұра қалып, суретке түстік. Фотоға түсіруге тыйым салынғанын қайдан білейік Артынан тәртіп сақшылары біртіндеп тұрып өшіртті. 2-3 ай ішінде ол ережелері өзгеріп кетпегеніне сенімді болдым да, суретке білдіртпестен, байқатпастан, жасырын түсіруге тырыстым
Отырып алып, келесі станциядан түсеміз. Сіңілім жан-жаққа қарап, тәртіп сақшыларының бар-жоғын айтып тұрады да, мен сол сәтте суретке түсіріп үлгеремін Жалпы, Ташкентте тәртіп темірден де мықты екен. Аттап бассаң, тәртіп сақшылары тұрады. Тіпті, көшеде топырлап жүреді.
Дұрыс бағытқа қарай отырмаппыз, Достлык станциясынан ары қарай қаладан шығып кетеді екенбіз
Адасқан адамға әдемі нұсқау бар мұнда: қай беттен отырсаң — қайда баратының анық көрсетілген.
Қажетті станциямызға қанша уақытта жететінімізді анықтау үшін вагон інішдегі мына сызбаны суретке түсіріп алдық.
Ойбек станциясында арнайы жол арқылы келесі желіге ауысу керек екенбіз. Бұл жолмен жүрген сайын ауа тарылып, иісі нашарлай бастады. Шаңның иісі шығатын сияқты. Тері ылғалданып, терлей алмай қысылып жатқандай сезім болады.
Жүріп отырған жолымыз келесі желіге алып келді. Ол төменірек орналасқан екен, ауаның тарылуы түсінікті
"Әр станцияның дизайны бір-біріне ұқсамайды, бірінен бірі асады, әрқайсысы өзінше әдемі," деген еді. Келесі станцияны да көрейік деп шештік. Бұл жерде ең ұзын эскалатор бар.
Вагонның кеткеніне неше уақыт болғанын көрсетіп қойған. Мысалы, мына жердегі вагон 1 минут 11 секунд бұрын кеткен. Қасындағысы — жергілікті уақытты көрсетіп тұр.
Вагондар таңертең 4 минут сайын, түсте 6 минут сайын, кешке 8 минут сайын жүреді. Жұмысқа асыққандарға өте ыңғайлы
Біз жұмыс аяқталған уақытқа түсіппіз, адам өте көп болды. Жалпы, күніне Ташкент метросымен 450 мыңнан аса адам жүреді екен. 2,5 миллионға жуық халқы бар Ташкент үшін орташа көрсеткіш дер едім.
Ескі болса да, әр станцияның өзіндік әдемілігі бар. Әсіресе люстраларына қатты мән береді ғой деймін. Мына Алишер Навои станиясының «потологы» қатты ұнады
Бізге Пахтакор станциясында үшінші желіге ауысу керек. Баратын жеріміз — осы желідегі Хамид Олимджон станциясы.
Міне, «соңғы аялдама» — осы станция Сыртта милли интерьерлі Тумор рестораны бар .
Шығу
Айтпақшы, Ташкенттің көшелерінде жүретін көліктердің түрі санаулы-ақ. Матиз, Шевроле Спарк пен «булка нан» өте көп, «блатной» көліктерді өте-өте сирек көресің. Бәрі де ақ не ашық түсте. Ташкент ыстық болған соң күн тартпасын деп, бәрі ашық түске жүгіреді екен. Қара түсті көліктер ақ түсті көліктен 1000-2000 АҚШ долларына арзан болады-мыс.
Неге қымбат көліктердің жоқ екенін сұрағанымызда: — «Бізде қытбат көлік мінуге болмайды. Президентіміз қатал, алып қояды. Елімізде шіріп кеткен байлар көп, бірақ, олар да Матизбен жүреді. Әйтпесе, „қайдан алдың“ деп тексереді. Сосын байлығы белгілі боп қалады да, тартып алуы мүмкін. Қымбат көліктер тек қана кешке шығады. Кеш — көшеде бақылайтын адамдар үйіне қайтатын уақыт,» — деп жауап берді Мурод таксист.
Шынында да, қас қарая көшеден Матиз бен «булка нандар» жоғалып, тек қана қымбат көліктер пайда болды
Ташкент — өте таза қала. Жап-жасыл қала. Еңбекқорлар қаласы. Еңбегінің өнімділігіне метроның тигізер пайдасы орасан. Біздің астанамыз — Астанада да «астаналық темір жол» болғанын армандаймын…
Көлік тарихына қатысты ақпараттар мынау, мынау, мынаужәне мынау жерден алынды.