Астанадағы өмір немесе ғаламтор үшін күз жоқ...

Астанаға келіп, орналасып оны-мұныны түгендегенше қоңыр күздің де келгенін байқамай қалыппын. Қарбалас тірлік келе сала басталып кетті. Бұрын Астанаға бір-екі рет келіп кеткенім болмаса, көп дүниені бағдарлай қойған жоқ едім. Қазір көшелерін таптап, жұмыстан үйге қатынап жүргеніме бір айдан астам уақыт өтті. Шыны керек, жерсіне алмай жүргендікі ме, әлде Семейдегі тыныш жұмысымнан кейін шулаған мәдениет саласының ортасына келгеннің әсері ме, өзге бір ғаламнан келгендей күй кешудемін. Сағат алтыға он-он бес минут қалғанда дайындалып отырып, тура алтыны көрсеткенде шығып жүре беретін заман мен үшін арман болды. Таң бозынан келіп, қас қарайғанда, жоқ, қас қарайғанда емес, ел ұйқыға жатқанда бірақ шығасың. Бітпейтін ұшы-қиыры жоқ бір жұмыс. Бір жағы пайдасы да тиіп жатқан шығар.Арнайы күн арнамасам да, мәдени шараларды атқару барысында бірталай жерлерді көріп таныстым. Есесіне, мені үйдегілер көрмейтін, дауысымды естімейтін болды. Семейде елге «квартирант» болсам, енді үйдегілерге «квартирант» болдым))). Келесің… кетесің… пайдаң жоқ…

Жә, оны қойшы, жалпы осы бір айдың ішінде:
-ең әуелі, біз тұратын қала сыртында орналасқан ауылдағы адамдардың сені танысын танымасын, бас изеп амандасатыны мені таңқалдырады…
-дәл сол жерде өзге ұлт өкілдерімен араласып кеткен, ана тіліне шорқақ қазақ отбасыларының сенімен таза қазақ тілінде тілдесетіні мені таңқалдырады, тіпті соған бірінші күннен өте разы болдым.
— Шыны керек, балаң жылап жатқан жоқ, уақытымен жұмысыңа барасың да қайтасың, такси дегенді бұрын керек қыла бермейтінмін. Астанаға келгелі амалсыз тек таксимен қатынауға тура келгендіктен, жүргізушілердің тоқтай қалып, «қанша төлейсің» дейтіні мені таңқалдырады… керісінше, Семейде «қаншаға апарасыз» деп жолаушылар сұрайтын…
— Астанада найман екенімді жиі-жиі «ескертетіндер» мені таңқалдырады… , шығыста руға бөліну дегенді біле бермейді көпшілігі…
— Сосын қызмет көрсету саласының /сервис/ әлі де болса дами қоймағаны мені таңқалдырады. Үй алған кезде жиһазбен, тұрмыстық техникамен жабдықтау жұмыстарында ең бір байқағаным сол болды…
— Көшедегі көлік жүргізушілердің бір-біріне деген қайырымсыздығы мені таңқалдырады. Бір-біріне жол бермеу, қасындағы көліктің алдын ору т.б.

Тағы не бар еді, осындайда ойға да келмейді ғой… Жазбамды күзден бастаймын деп, бас қаламызға шолу жасап кеткенімді өзім байқамай қалыппын ғой. Әйтеуір, болашаққа тек сеніммен қараған дәуірде Астанамыз гүлдене берсін деп тілейік. Ғаламтор оқуға да қол тимей кетті. Бүгін біраз «Казжур» мен «Керек» ауылдарын аралап, «шайға қанып» қайттым. Блогшылармен де кездесудің реті келмей жатыр. Болашақта жұмыс ауыстыратын жоспарым бар, бәлкім сол кезде бір сәті түсер. Блогшы қауымның ішіндегі ең жақын досым Бүркіт мырзаның отбасында ұл бала дүниеге келген. Бұл да күздің бір жақсы жаңалығы болды. Күз адамды көңілсіздікке итермелегенмен, ғаламтор аясы жазғы сылбырлықтан керісінше жандана түсетін шақ. Ғаламтор үшін күз жоқ… Жазыңыздар, достар! Күз тек жеміс әкелсін сіздерге!
Әрі қарай