Сіз жедел жәрдем қызметіне хабарласып тұрсыз

Жампозым екеуміз серуендеп келе жатқанбыз. Түн жарым болып қалған кез. Дәл қасымыздағы жолаушылар жолағының үстінен өтіп бара жатқан жігіт құлап қалды. Сүрінген жоқ, жансыз дене сияқты қиралаң етіп, сұлап түсті. Мен есімді жиям дегенше көшенің арғы бетінен бір бозбала жүгіріп келіп, әлгіні көтере бастады. Көліктер тоқтар емес, тіпті кейбірі жолдан кет деп дабылдатып қояды. Жүгіріп біз де жеттік. Жап-жас жігіт екен, көтеріп жол жиегіне шығармақшы болғанда есін жия бастады.

Қалтафонды алып 103-ке қоңырау соға бастадым. Ар жақтан дауыс естілді. «Сіз жедел жәрдем қызметіне хабарласып тұрсыз. Сіздің дауысыңыз жазылып алынатынын есіңізге саламыз. Вы дозвонились в службу скорой помощи. Напоминаем Ваш голос будет записыватся». Мұны айтып болған соң, әлдебір түсініксіз музыка ойнап тұрып алды. Боқтап жіберуге шақ қалдым. Абырой болғанда патрульдік полиция бригадасы жетіп келді. Жедел-жәрдемді де солар шақырды.

Кетпес бұрын құлаған жігіттің қолдары қимылдап, жымию мен тілін шығаруға әлі келетініне әбден көзімді жеткіздім. Есіңізде жүрсін, адамның құлауына инсульт пен инфаркт себеп болса, жоғарыдағы ең қарапайым әрекеттерді де жасай алмайды. Ондай кезде мейілінше жылдам дәрігер шақыру қажет. Алайда, осы жолы жедел жәрдем нұсқаулығын айтып, музыкасын ойнатып болам дегенше аса қат минуттарды жоғалтып алды. Әлгі жігіттің тек басы айналып кеткеніне қалай қуанғанымды білсеңіз ғой.
Әрі қарай