«Құттық» отбасының шырқын бұзатын дәстүр ме?

Перзент үшін деп жиған-тергенің баланың бақытынан артық болса… Не деуге болады?!

«Кенже ұлымның таңдағаны бір үйдің жалғызы болды. Ұлдан да, қыздан да жалғыз дегенде іштей секем алдым. Жалғыз перзентін ата-аналары еркелетіп, бетінен қақпай өсіреді емес пе? Мұндай қыздардың басқа отбасыға барып, сіңуі, тәртібіне көндігуі өте қиын. Балам «ойлан, асығыс шешім қабылдама, әлі жассың» деген ақылымды тыңдамады. Қайтсін, жақсы көріп қалған да. Бұл ойымды отағасы да құптай қоймады. Сонымен көңілім күпті болып, ұлымызды үйлендірдік. Ағайын-туғанды жинап, келін түсірдік.»

Бұл Таразда тұратын апайымның айтқаны. Ұлының шаңырақ көтергенін сүйіншілеп, қуанышты жаңалығымен бөліскен апайымның қуанышы ұзаққа бармады. Жас отбасының шаңырағы шайқалды. Мыңжылдық құдалық бір жылға да жетпеді. Оған себеп жаңа құдалардың «жаңа» көзқарастары мен пайым-парасаты болды. Оқиғаның анық-қанығын Айжан апай айтып берді.
"… Жаңа құдаларымызбен алғашқы таныстығымыздың өзі бүтін бір өмірді шешіп тастады. Әлі де босағамыздан аттамаған қыздарына үй сыйлайтынын, олардың бөлек тұрғанын қалайтынын жеткізді. Не керек, танысу кешінде болашақ құдаларымыз сөйледі, біз тыңдадық. Келіскендей кейіп танытып, үш сағаттан соң тарқастық. Той қамына кіріскеніммен көңілім еш жай таппады. Бақуатты отбасының қызын келін етіп жатқаныма қуана қоймадым. Біздің де жерге қарап отырған жайымыз жоқ. Барлық балаларымызды үйлендіріп, кемі 2-3 жыл қара шаңырақта ұстап, балалы болып, өз-өздерімен көбейген кезде еншілерін беріп шығарып салғанбыз. Ал кенжемізді қолымызда қалдырып, мына үйдің иесі боласың деп жастайынан құлағына құйғанымыз әдірем қалды. Сүйгеніне қосылып, бізден сытылып шығуға асықты. Балалардың бақыты үшін оған да көндік. Қартайып, қуаттан айырылған жоқпыз. Бастысы, балалар бақытты болсын деп шештік.
Содан құдалар қыздарын дәстүрге сай ұзатты, біздер келін түсіріп мәзбіз. Алдымен құдалық шақырдық. Келіннің жасаулары мен жиһаздарын сыйға тартқан үйлеріне апарды. Артынан тек киім-кешек, алтын бұйымдары мен косметикалық заттары келді. Ағайын-туыс жиналып, құдалықты атқарып алдық. Жаңа құдаларымыз да риза болып, жастарға бақыт пен махаббат тілеп елдеріне қайтты.
Құда-құдағиларды шығарып салған соң, абысындарым келіннің жасауын көргісі келді. Мұндай қызыққа ауылдағы бойжеткендер де жиналады. Келінім барлық бұйымдарын өзі таныстырып, бағаларына дейін айтып мақтанып алды. Үлкен абысыным жас келінге батасын беріп, құтты болсын айтты. Соңынан «жалғыз ғана қайынбикеңе атағаныңды бер, бұл көңілдің, сыйластықтың белгісі. Қазақ дәстүрінде «Құттық» деген бар. Ол келін болып түскен үйіңнің қыздарына беретін сыйың» деді. Мұны естіген келінім ешқандай қарсылықсыз үлкен қораптағы гауһар білезікті ұсынды. Ал қызым мұндай бағалы сыйлықтан бас тартып, басқа алтын жүзікті таңдады. Одан бөлек бойдақ қыздарға жұғысты болсын деген ырыммен мойынорамал, косметикалық заттар үлестірді. Сыйлыққа қарық болған қыздар мәре-сәре болып, дастарқанға жайғасты, дәмнен ауыз тиіп, ән айтып, би билеп, таңға таяу тарқасты.

Бұл тойдың соңы дауға, сыйдың соңы ұрысқа ұласатынын білгенде, жастардың басын қоспаста едік деген өкішін бүгінде өзегімді өртейді.

Апта өткен жоқ судай жаңа құдағиым телефон соғып тұр. Айтқан уәжі мынау болды. Амандық-саулықтан соң бірден, қызын өз үйлеріне жіберуімді айтты. Сол сәтте аузыма сөз түссінші. Сасқанымнан әлі де қонақ келуде, жас келінді көріп, шайын ішуге келіп жатқандар бар. «Бөлектеуге асықпаңыз. Отбасыммен жақын таныссын, абысындарымен аралассын, ертеңгі үйі осы болған соң отбасына сіңсін», — дегенім сол еді, құдағиым кетті оталып. Мұны естіген отағасы да құдағидың сөзін құптап, келінімізге ұлымызды жетектетіп, шығарып салдық. Осымен тынышталамыз деген ойымыздың көп уақыт өтпей күл-талқаны шықты.
Бұл тынышымызды да құдағиымыз бұзды. Айтуына қарағанда дым көрмеген бейшара екенбіз, қызымның алтын жүзік таққысы келсе, өзім әперуім керек екен. Келінімізді тонап, дымсыз қалдырыппыз. Мұндай туыстың барынан-жоғы деп үйретіп отырған құдағидың қызынан, өз келінімнен не қайыр күтейін. Ағайынның ақылымен бастары көбеймей тұрғанда баламды арашалап алуды жөн көрдім. Әкесі де қарсылық танытпады. Содан «мұндай тілемші дәстүрлеріңе түкіргенім бар» деген құдағиымызбен араны ашық қылдық. Ортада ұлыма қиын болды. Жар құшқан құшағы бос қалды, төсек мұздап, көңіл суыды. Баламды да ақылсыз етіп тәрбиелемеппін. Туысқаннан дүниені жоғары қойған адаммен бір шаңырақ астында тұра алмайтынын айтып, ол да қолын сілтеді", — дейді ашынған ана.
Иә, «жастардың татулығын «бұзуға» себеп болған «Құттық» дәстүрін өшірмей, қайта жаңғырта береміз» деген апайыма жақсы күндерде жолығайық деймін. Шын мәнінде «Құттық» емес «құлқын» шайқалтты шаңырақты. Сезімге сызат түсірді, жалындаған махаббатты сөндірді.
«Құттық» — «құтты болсын», «құт әкелсін» деген ізгі ойдан туған қазақи дәстүр. «Құттық» алғандар да құралақан келмейді. Олар да жас келінге жақсылықты ырымдап, сый-сияпат жасайды. Бағалы заттар, киім, алтын бұйымын жақынына қиып беру тек көргенді, тәрбиелі, текті ұрпақтың қолынан келеді екен.
Жан қалтаң бай болғанымен, жан-сарайың кедей болса, көзің тоқ болғанымен, көңілің аш болса қиын екен. Балам үшін деп жиған-тергенің балаңның бақытынан артық болса… Не деуге болады?!

Жазып алған — Ләззат АХМЕТОВА, ERNUR.KZ.

ЖАҚСЫ ЕНЕнің 15 әдеті

«Келінімнің мен «мама» деп атағанын қаламадым. Өйткені, анасы жалғыз, ене ешқашан ананың орнын баса алмайды. «Келінді де қызымдай көрем» деп шатаспау керек, келін келін болғаны секілді, ене де ана болмайды, ене болып қала береді».

Біреудің үкілеп өсірген қызы келін етіп алғаннан соң, аяқты созып, қолды жылы суға малып отыруды қалайды енелер. «Бір отбасы мүшелерін отырғызып қойып, барлығын өзі істейтін, зыр жүгіріп аяғы жерге тимейтін» келінді тек ертегіден ғана еститін шығармыз.
Сондықтан, енелер мен болашақ енелер өмірге шынайы көзбен қарағаны дұрыс шығар.
Себебі, ұл сіздікі болса да, оның өмірі сіздікі емес.
Отбасындағы тыныштықты қалайтын, ұлының бақытты өмір сүргенін қалайтын бір ананың қолданған 15 түрлі амалын сіз де қолданып көріңіз, бәлкім пайдасы тиер…

1. Сананы шарлап кететін түрлі жаман ойларға жол бермедім. Құрбыларым, абысындарым өздерінің келіндері жайлы айтқанда салқынқанды қалпымнан таймадым. Олар өздерін келіндерінің ұнатпай жүргенін айтып налығанда көңіл жұбатарлық сөздерімді айтқаныммен, оларды азғырмадым, келіндерін өздеріне қосыла жамандамадым. Өйткені, бір-біріне бөтен адамдар (алғашында ене мен келін бір-біріне бөтен болмай ма? Жылдар өте олар бір-бірінен жақын адамды таппайды) бірден қалай бір-бірін жақсы көріп кете алады? Құрметтеуді, иілуді, тіпті, қорқынышын түсінуге болады, бірақ, адамға бауыр басу үшін уақыт керек. Мен сол үшін келінімді келген күннен бастап мені жақсы көруін талап етпедім.
2. Келінімнің мен «мама» деп атағанын қаламадым. Өйткені, анасы жалғыз, ене ешқашан ананың орнын баса алмайды. «Келінді де қызымдай көрем» деп шатаспау керек, келін келін болғаны секілді, ене де ана болмайды, ене болып қала береді.
3. Ұлымның махаббатын, көңіл аударуын келініммен таласып талап етпедім. Отбасының әуелгі анасы менмін, сондықтан, ұлымның келінімді менен жоғары ұстамайтынына сендім. Екіншіден, ұлымның ақыл-парасаты бұл мәселеге жетеді. Ананы қалай сыйласа, жарына да қамқор болуы тиіс деп ұқтым. Ол ешқашан мені ренжітпейді, отбасын да, сүйген жарының да көңілін таба алады. Үшіншіден, келінмен жағаласып, таласудан да басқа қызықтар бар бұл өмірде.
4. Келінімді «балам» деймін. Жағымпаздану емес, баламдай жақын болсын деген ниет. Өзін еркін сезінсін деген тілек. Өзімсінгенім, менікі екендігін сездіргенім.
5. Жас отаудың ішіне тұмсығымды орынсыз сұға бермеймін. Келін неше күнде төркініне бару керек, қанша жалақы алады (жұмыс істесе), тапқан табысының қаншасын менен жасырады деген секілді сұрақтарға басымды қатырмаймын. Мен балаларымды өсіріп-жеткіздім, ендігі кезек келінім де өз өмірін сүрсін, отбасының арбасын өздері сүйретіп үйренсін. 6. Ұлым бойдақ кезіндегідей ұзақ уақыт менімен әңгіме-дүкен құрып отыруын немесе жұмысына ерте тұрып кетіп бара жатқанда үстіне киген киімінің немесе галстугінің жарасып-жараспай тұрғанын сұрауын талап етпеймін. Енді ол менен басқа тағы бір әйелдің көңілін табуы, тыныш өмір сүруі қажет. Баламды қинағанда не ұтамын?
7. Өзі сұрамаса ешқашан кеңес бермеймін. Насихат айтпаймын. Осы кезге дейін айтылған насихатты санасына тоқып үлгергеніне сенімдімін. Егер анасымен ақылдасуы керек шаруалары болса өзі айтады.
8. Егер өзі мені қуантуға асығып, бір жерге ертіп барғысы келсе барамын. Ал, келінмен бірге оңаша қыдырып қайтқысы келсе жолын бөгемеймін. Өйткені, осындайда әңгімелесіп, сырласпаса қашан бір-біріне жақын болады?
9. Келінімді ешкімге жамандамаймын. Мейлі ол жаман бола қойсын, басқалар кемшілігін түзетіп берер ме еді?! Қолынан келсе, әркім өзінің келінін түзеп, тәрбиелеп алсын. Керек болса, өзім тезге салып аламын. Тек жылы сөзімен, жылы қабағымен ағайын-туғанға жақса болды.
10. Ұлымның отбасында шешімі табылмай тұрған мәселе пайда болса, бір бұрыштан қарап отырмай, көмек көрсетуге ұмтыламын. Келініме шұлығы, қол орамалы немесе жейдесі жуылмағаны үшін ұрысып жатса, тазасын шығарып беремін. Ұлымның да мейірімі артады, келінімнің де… Ең бастысы, жанжалдың алдын аламын.
11. «Ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түседі»… Егер де ұлым мен келінімнің бөлмесінен қатты дауыстар шығып жатса, теледидардың даусын көтеріп немесе көршінің үйінен шәй ішуге кетемін.
12. Ұлым мен келінімнің арасында сөз тасымаймын. Ешқашан ұлымнан естіген сөзді келініме, келінімнен естіген сөздерімді ұлыма айтпаймын. Әзірше, олар мені өздеріне сырлас адам деп біледі.
13. Екі жасты өзара жақындастырудың жолдарын іздедім. Отбасылық өмірдің кейбір тұстарында бір-біріне ренжіп, ол реніштерін маған айтып, мұңын шаққанда «сенікі дұрыс» деп соңына дейін тыңдадым. Соңынан ұлыма әйелдің көңілі нәзік болатынын, оның тілін таба білу керектігін, келініме ұлымның мінезін қалай етсе ыңғайластыруға болатынын айтып, бір-біріне жақындастыруға тырыстым.
14. Ең алдымен жүйке жүйемді, денсаулығымды ойлаймын. Келінімнің пісірген асы ұнамаса, жекіріп, айқайлап шаршамаймын. Оған жұмсаған энергиямды тез бірдеңе пісіріп жеуге жұмсамаймын ба? Қиналатын жұмыс жоқ, кірімді машина жуады, үйімді шаңсорғыш тазартады. Келін өз отбасын ептеп алса болғаны.
15. Немерелі болғанда «талай баланы өсіргенмін» деп әр нәрсеге кіріспеймін. Ол заманда басқа еді, қазір басқа. Бесікті тербетіп отыруым мүмкін, бірақ, бала сырқаттанып қалса «өзім-ақ емдеп аламын» демеймін. «Неге дәрігерге жүгіреді болмашыға?», «неге бағасы удай дәрілерді сатып алып, балаға беріп жатыр?» деген сұрақтармен басымды қатырмаймын. Өйткені, баласы үшін ненің жақсы екенін менен гөрі туған ата-анасы жақсы біледі.
Кейбір аналар ұлын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келеді, есесіне келін жәбір көреді. Ұл болса анасының «разылығы» үшін әйелін мазасыз күйге түсіреді, қорлаудан да тайынбайды.
Сондықтан, ұлының бақытты отбасы болғанының куәсі болған ана да бақытты екендігін естен шығармағаныңыз жөн.

Дайындаған: Г.ЖҰМАДІЛДАЕВА, ERNUR.KZ

Гаста жоқта

Солай. Асқардың вахтада болғанын пайдаланып, Айна-Альмира ханымға Айанамен жағаласып, үп-үлкен басыммен от души еркелеп, Астанадағы Solai.deліктерді сағынып қайтып отырмын. Осындағы көпшілік бұрынғы керекті еске алып, қатарының сирегенін айтады. Ал, мен астаналық солайделіктерді іздеймін, сағынамын. Біздің басымыз жиі қосылатын, қиыншылық болғанда бір-бірімізге көмектесуге ұмтылып тұрар едік. Аяғым гипсте болып, үйде жатқанымда, шыны керек, туыстарымнан артық Зухра мен Альмира көмектескен еді. Ешқашан ұмыта алман.
Әрі қарай