Ернар Бекеновпен ("Patick") қайта танысу
Ең құрығанда, моральдік тұрғыдан абыройыңызды шұлықтан да төмен түсіріп, келесіде бәрі сізге қолын шошайтып көрсететіндей деңгейге дейін “танымал” етуге уәде берем.
— Ернар Бекеновтың контент ұрыларына соңғы ескертуі.
Ернарды 2011-ден бері жеке танитыныма қарамастан, ол туралы білмейтінім көп екен. Тіпті бар ғой, суреттерін қанша көрсем де, көзінің түсін де білмейді екенмін. Оның желідегі альтер-эгосы “Patick”-ті 2009-дан бері танысам да, лақап атының төркінін де сұрамаппын. Біз таныстарымыз, достарымыз, тіпті туыстарымыз жайлы көп дүниені ойлана бермейміз. Ол адам Ернар сияқты аз сөзді, ұяң жігіт болса, тіпті де қиын.
Дегенмен, тымық түннің ашық сырласуға болысатын әсерін пайдаланып, оның қайшылыққа толы тұлғасынан бір үйлесім табуға тырыстым.
БЛОГШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ
Түрлі тақырыптағы жазбаларын сарказммен жазады, жиі қаладағы қоғамдық мәдениетті сынайды, әділетсіздік туралы көбіне шарасыздық мәнерде баяндайды. Ернар мықты киносарапшы, Олег Борецкийдің қазақша нұсқасы деуге болады.
Сондай-ақ, “фанфик” (өнер туындыларының мотивтері мен сюжетіне еліктеу) және пародия жанрындағы әңгімелерін«хард-әдебиет» қауымдастығына жазып тұрады. «Жыным келеді», "үміт жоқ", "өмір көңілсіз" дейтін жазбалар интернетте өте көп. Тек, олардың көбі Ернардың жазбаларындай сәтті шықпайды. Блогиада сайысында Ернардың қазылар тарапынан ең жоғары ұпай алған жазбасы — “Мен жек көрем қазақтың эстрадасын” оның бұлай жазу мәнерін әбден меңгергенінің дәлелі болса керек.
Ернар "… ғаламтордан ештеңе жасырмаймын, барлығы жария" деген еді. Көрелік:
• Ең алғашқы жасаған сайты: patick.my1.ru
• Өзіндік жазу мақамы бүгінде бақилық Daruisholgen.com және Zhastar.biz танымдық, ойын-сауық порталындағы белсенділігі негізінде қалыптасты.
• Қазақтілді блог жүргізуге қызығушылығын “Сатыбалдының араққа арнаған блогы” оятты. Өз айтуынша, бастапқы жазулары да соған еліктеуден туған.
• Кейін Patick образы оның patickblog.wordpress.com жеке блогында жиі көрініс беріп отырды.
• «Туалет түйткілдерімен» бөлісіп, әжетханалардың моральдық-рухани бейнесіне алаңдаушылық танытады: №1 айғақ, №2 айғақ, №3 айғақ . Өмірде де “мәдениет — әжетханадан басталады” қағидасына берік.
• Грек мифологиясына арналған блогы бар.
• Алғашқы блог-құрылтайда тайм-киперлердің (уақыт сақшыларының) бастығы боп тағайындалды. Сол құрылтайдан соң Дінмұхаммед Зияддинмен сыйластығы артып, достығы бекиді. Нәтижесінде екеуінің Kinostan.kz деген жобасы дүниеге келеді.
• Kerekinfo.kz блог-тұғырнамасында рейтингісі бойынша 4-ші орында тұр. Қылмыс данышпандары туралы қызықты блог айдарын жүргізді.
• Бірде туған күніне орай Кинопати шарасын ұйымдастырып, оның жеңімпаздарына «Ағаш Асқар» үлестіріп, креативтың апогейін танытты.
• Тіпті ескі және жаңа көлігі туралы да жазылған.
• Ара тұра әңгіме жазу,үздік постер сайыстарына қатысты.
• Шарасыздық пен мезі болуға ода ретінде — Bliazaibal.wordpress.com блогын жүргізеді.
• «Бүгінде троллингты қойдым» дейді Ернар, алайда биыл ғана күлкі күніне орай“Мағауинның “Шақан Шері” атақты туындысының негізінде голливудта фильм түсіріледі” деп, тіпті жалған шетелдік сайт ашып, ресми БАҚ өкілдерін оңдырмай алдағанын қалай ұмытуға болады?!
АДАМДАРҒА АЛҒАШҚЫ ӘСЕРІ
«Патикті» көбі өмірде де сотқар деп ойлап, шын кездескенде оның ұстамдылығына таңырқап жатады. «Ернар қойдан жуас екен» дейтіндер де бар.
Шынымен де сондай ма? Егер солай болса, Патиктың тентектігі қайдан шығады? Осыны анықтау үшін біз Ернармен балалық шағы жайлы сырласып көрдік.
БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ
— Егер сен туралы биографиялық фильм түсірсе, қандай кадрлар көрерменді селт еткізер еді?
— Екі рет өлімнен аман қалғаным шығар: 6 жасымда машина қағып, бірнеше апта төсек тартып жатқаным, 9 жасымда 200 вольттық токқа соғылып, әрең аман қалғаным. Тек бұл ситуациялардың барынша комедия етіп берілгенін қалар едім.
— 200 вольт тоқ соққаны жайлы толығырақ есіңде ме?
— Үйдің артында ойнап жүргенмін жалаңаяқ. Турник секілді темірді көрдім. Ол — үйге тоқ кіргізетін түтік екен. Ішіндегі сымы тұйықталып тұрса керек, «Уо, турник!» деп асылғаным сол — жабысқан күйі қатып қалдым. Қолымды тартсам алынбайды. Әкем көріп қалғаны жақсы болды, болмағанда шейіт болып кетеді екенмін. Дем жетпей, сөйлеуге әлім келмей сірескен күйі көзім жұмылды, ашсам әкем сызды жерге жатқызып жатыр — тоқ күші жерге тарап кетуі үшін.
— Ата-анаңның мамандығы қандай?
— «Пақанның» мамандығы мал тұқымдатқыш (осеминатор ма), бірақ мамандығы бойынша істеген емес, әр кәсіпті бір шалып жүреді, қазір бос. «Мақан» балық зауытында вахтер.
— Ерте балалық шақтан не есіңде қалды?
— Нағашы атамның өз аяғымен тұрып жүрген сәттері есімде, ол кісі мен беске келгенде төсек тартып жатқан болатын. Негізі мен оларды ұмытуым керек, өйткені есі кірмеген бала жасындамын ғой. Мысалы, кеңес дәуірінің шет жағасы — «газ вода», темір ойыншықтар, балабақшадағы кездерім есімде. Балабақшаға 2-3 жасымда бардым, Тілек деген досымның болғанын білемін. Аппақ мысығымыз болды үстінде бірде-бір дағы жоқ. Тілім ерте шыққан, бір жасымда түсіндіріп сөйлей алатын болыппын. Әтіка. Ағам кішкентай кезінде тілі келмегенде мені солай атаған, немере бауырлар ол сөзді “пәтіка”, “патика” деп өзгертті.
— “Патика” демекші, сені жеке танымайтындардың көбі желідегі “Патик” образың арқылы бұзақы деп ойлайды. Мектепте нешінші атаман болдың?
— Өзімді төбелескіштер, сотқарлар қатарына жатқыза алмаймын. Басында емес, бел ортасында жүрген шығармын, өйткені батылырақ, агрессиялы жігіттер аз болған жоқ арамызда. Төрт ағайындының ішінде ең жұмсағы мен сияқты. Ағам мектепті қарады, екі інім де осал емес, кенже бала тіпті мектепте “смотрящий” ме бірдеңе екен.
— Бала кезіңде қатты сөгіс естіген, таяқ жеген кезің болды ма?
— Он оқимыз, он бірінші кластың балалары жинап алды да, сырт жаққа апарып аңымызды шығарды, бір сағаттай қорлады. Одан да көп шығар.
— Қатты ұялып-қысылғаның ше?
— Төменгі сыныпта. Қайсысы екені есімде жоқ. Сабақтан шығып келе жатырмын, күн қатты суық… Кіш еткім келді, тіпті үйге дейін шыдамайтынымды білдім. Бір тасаға шаптырып тұрсам, көрші тұратын сыныптас екі қыз қарап тұр… Ертеңіне бәріне айтып жеткізді.
МЕКТЕПТЕН КЕЙІН
— Ернар, сен әскерде болдың ба?
— Жоқ, шақырту алған емеспін. Мектепте «полейвой сборда» болдым 3 күн.
— Әскерден өтуге көзқарасың қалай?
— Қазақстанда әскерде болсын, басқа салада болсын жүйе жоқ, басқару жүйесі, менеджмент жүйесі жоқ. Жүйе болса да құрып кеткен… Барынша «беспредел» орнаған жерлерден алыс болғым келеді. Сондықтан әскерде болуды соншалықты абырой санамаймын.
— Өмірлік мектеп ретінде де ме?
— Кезекті рет офицерлік немқұрайлық пен жүйесізді көру уақыт жоғалту деп есептеймін.
— Сен бала кезде көп ауырдың ба?
— Қатты ауырғаным есімде жоқ, егер қызу көтерілу секілді ұсақ түйектерді есептемесе.
— Ерекше жақсы көретін туысың кім?
— Ағам шығар, менен бір жас үлкен болса да, әкемнен де қатты құрметтеймін.
— Аты кім? Саған ара-тұра ақша салатын ағаң ба?
— Ерлан. Ол салады, мен саламын, ақша айналым арамызда жақсы. Мені оқытқан сол адам. Оқу ақымды төлеген Атырауда.
— Осы тұста өкініштерің де бар сияқты…
— Өкінішім бар, ол менің балалық шағыма байланысты. Көбіне, әкеме қатысты. Мен ойлаймын, көбісі балаларының аяғына тұрып кетуіне, аз да болса бір серпіліс береді. Ал менің әкем маған ешқандай демеу бола алмады. Қаржылық болсын, рухани болсын. Бала үшін өте маңызды нәрселер болады. Еш тәжірибесі жоқ, өмірге жаңа аяқ басқан шағында әсіресе күтеді оны. Менде ол болған жоқ. Ата-анамда жас кезінде көп мүмкіндіктер болды. Олар өздері жіберіп алды. Әсіресе, әкем. Сәйкесінше, өзі де қазір нашар жағдайда және менің де сәтті қадам жасауыма кедергі болуда.
— Сол балалық реніштер мен комплекстер сені есейген шағыңда да бұрыс шешім қабылдауға итеретін кездері бола ма?
— Ондай кездер болады. Мысалы, менің қазір жалақыма көңілім толмайды. Өзім ойлаймын, егер ата-анам маған кішкене болса да, бір себін тигізіп, «толчок» берсе, басқаша болар еді. Сосын әкем мені кекшіл болуға үйретті. "Өшіңді қайтсең де ал" деген сияқты. Нағашыларыма қарсы қойды. Бала кезде әкемнің айтқанына иманымдай сенгендіктен, сол қасиеттер кейде жолымды бөгеп, адамдармен тіл табысуыма әсер ететін сияқты.
— Яғни, сені агрессия атмосферасында есейді деуге бола ма?
— Иә.
— Ернар, білуімше сені, ортақ таныстан Нұрберген бұрыннан таниды, басқа нағыз достарым деп кімді айта аласың?
— Иә, онымен бір группада оқыдым, бірінші курста Атырауда. Басқа достарым сол Жалғас Ертай, Дінмұхаммед Зияддин.
— «Оффлайнда», яғни желіден тыс танитын достарың бар ма?
— «Оффлайнда» да, «онлайнда» да достарым — осылар.
ЕРНАРДЫҢ ДОСТАРЫ
Нұрберген Мақым, журналист, блогер:
Үлкен аудитория. Шығармашылық конкурс. Ернарды бірден байқадым. Бірден көзге түсіп, назар аудартатындай сұмдық ерекшелігі болғандықтан емес, жай, сол жылы журналистика мамандығы бойынша оқуға ниет білдірген екі еркек кіндіктінің бірі сол еді. Оқуға түсіп кетіп жатса, төрт жыл бойына осы бұйрабаспен «дос» бола тұруға тура келетініне іштей дайындала бастадым… Бірақ, күдігім бекер боп шықты: Ернар екінші курстан соң оқуды тастап, Алматыға кетті, арақты «водка» дейтіні және оны іше алмайтынын есептемегенде, тым-тәуір азамат болып шықты.
* * *
Қателеспесем, ҰБТ-дан 79 балл жинаған ол, оқуға түсетініне сенімді болды. Жалпы, сырттай сәл аңғалдау, жасқаншақтау көрінгенімен, өз-өзіне сенімді болатын. Тіпті, менің қалалық екеніме сенбей, іштей болса да «мына ауыл баласының қап-қаралығына қоса, өтірік айтатыны да бар екен» дейтіндей сенімділік болды бойында. Сол сенімділігінің арқасында ма, әлде, менің «ауылбайлығымның» арқасында ма, әйтеуір, тез тіл табысып кеттік…
* * *
...әңгіме жазатыны бар екен. Ең бірінші маған оқытатын. Жазуының әдемілігіне бір қызығып, әдемі жаза алатынына бір қызығып, бүкіл топтың алдына шығып оқытушы ек. Көзіміз тиді ме, өзіміз бұздық па, ұяңдау бала, кейін сол әдетін қойып кетті. Күні кешеге дейін, ең алғаш жазған әңгімесінің қолжазбасы үйдегі қағаздарымның арасында жатушы ед. Қапелімде іздеп таба алмай қалдым. Жоғалмаған шығар…
* * *
Бірінші курстың қысы. Әлі көше романтикасынан ажырай қоймаған мен «малолеткамен» қоштасудағы игі рәсімдердің бірі – «восмиугольникті» Ернардың басына кигіздім. Бозбала шақтағы талай шатақ пен төбелестен басымды аман алып шыққан уа нелер келіп, нелер кетпеген уақыттарды бірге қарсы алған «восмиугольнигім» өзіме ыстық болатын. Кейін, Ернардың басынан көргенде, бір-екі рет қайта сұрап алғым кеп кеткен кездер де болды… Тағы да біраз уақыт өткен соң, сол бозбала шағымның, сол шақтағы ең ыстық та ынтық назымдардың куәсі – Ернардың өзі болды. Мен сыйлаған «кәртөзді» әлі тастамай, анда-санда киіп тұрады екен…
Дінмұхаммед Зияддинге (интернет-жобалар менеджеры, блогер) сұрақты басқаша қойдым:
— Димаш, «Гопник», Әдебиетші, Сұлу мен Кастинг-директор пойызда келе жатырсыңдар. Кенет «Гопник»: «Ернар қалай, нәрмәлні жігіт пә өзі, а?» дейді. Әдебиетші де қосарласып: «Ернар Бекеновтың шығармашылығы несімен ерекше?» дейді, Сұлу: "Қандай «джигит» ол?— деп көзін айналдырады. Кастинг-директор: «Фактурасы мен темпераменты қандай бұл кандидаттың? Қай кейіпкерге келеді? Қандай рольдерді алып шығады?» дейді.
— Түсінікті. Әрқайсысына жауап берейін. Сұмдық екен. Қашанға дейін қажет жауаптарым?
— Міне, станцияға жақындап қалдық, сөмкелерді жинап қойып, аузыңа қарап отырмыз төртеуіміз.
— Ыха-ха-ха. Кейбір адамдар болады. Қаның қарайып, ызаға булығып, тиісе кетейін десең маңына жуытпайтын. Себебі… себеп жоқ. Кемшіліксіз емес, әрине, бірақ, мынауың мынау деп оң қалтаңнан бір, анауың анау деп сол қалтаңнан екі шығарып алып, алдына тартып, жерге бір түкіріп, бұрылып кететіндей айыбы жоқ. Ернар осындай адам.
Оның шығармашылығы арғы-бергі әдебиет тарихының алтын жауһары ретінде мойындала қойған жоқ. Дәруішөлген жазушысы болғандықтан ресми түрде мойындала қоюы да екіталай деп ойлаймын. Ернардың жазғаны Сатыбалды сатирасы секілді айызыңды қандырып, қышыған жеріңді дыр-дыр қасымайды, Нұрбергеннің жазбаларында кездесетін әлдебір лирика мен сезім ноталарын байқамайсың, тіпті дәл сол сәтте, сол орында оқып болған соң, есіңде қалу-қалмауы да белгісіз. Сұрқай тартқан, кеңестік кедір-бұдыр, қалай болса, солай ақталған қарабайыр бетон қабырға тәрізді.
Алайда… күндердің-күнінде көз алдыңда болып жатқан бір дүниеге қарап тұрып, «Ау, осы туралы әлгі Патик жазып еді-ау, ә! Дәл осылай жазып едіп-ау, ә!» деп күбірлей жөнелесіз.
Қандай жігіт екеніне сұлу қыз ретінде баға бере алмаймын. Бірақ, біраз жерде бірге жүрген қандыкөйлек жолдас ретінде қарсы жыныстағылар үшін бір тартымдылығы бар екенін білемін. Оңбаған… Фактура, темперамент тұрғысынан Ернардың ерекше екені сөзсіз. Тарантиноның фильмдеріндегі циник, аяусыз, жақыны болмаса, жатты аямайтын кейіпкерлерді еске түсіреді. Бірақ, бұл бетпе-бет бірнеше ауыз сөз алмасқанда туатын әсер. Оның үстіне, әлгі қатігез қаһарманның сценарий бойынша финалда мейірім мен адамшылық белгілеріне ие болып, бақытқа кенеле жөнелуін де жоққа шығара алмаймыз. Қартайғанда Вьетнам-АҚШ соғысына қатысып, контузия алған, артық күлкі мен орынсыз сөзді ұнатпайтын қазымырлау шалдардың рөлін жақсы алып шыға алатын секілді (Клинт Иствуд, сәлем!).
Жалғас Ертай, Qazaqmedia құрылтайшысы, блогер:
— Ерекше қасиеті — қазақтарда кездесе бермейтін жоспаршылдығы, жоспарынан сирек ауытқиды, принциптің адамы, «интеллигент» деген «советтік» термин бар ғой, сол.
— Қарызға ақша берер ме едің оған?
— Қарызды аламын да, беремін де. Қажет кезде. Кіммен бір жоба жасағың келеді десе, ойланбай Ернарды айтуға болады. Шынында, Ернар бірінші ойыма келер еді.
— Үмітсіздік тән бе оған?
— Жоқ. Тек өз айналасындағы әділетсіздік пен мәдениетсіздікті байқап, онысын жасырмай жазып та жүреді. Демек әлі үміті бар деген сөз.
— Айналасындағы мәдениетсіздікпен күресудің тағы қандай әдістерін қолданады?
— Өзі сол тәртіпті сақтайды, өзгелерге сақтауды айтып, жазып жүреді.
— Ернарды мұңсыз дей аласың ба?
— Мақсаткер дей аламын.
— Болашақта оны кім ретінде көргің келеді?
— Интернет жобаның жетекшісі. Жаңалықтық, тақырыптық, мүмкін «Киностан». Әйтеуір, контент тудырушы сайт.
АВТОПОРТРЕТ
Ернардың желідегі жолын шарлап, балалық шағы мен есеюінің басты моменттерін шолып өттік, достарының пікірін де білдік. Енді өзінің өзі туралы пікірін білсек...
— Сен өзіңді келбетті санайсың ба?
— Жоқ. Мен өзімді ешқашан сұлу жігіт санаған емеспін. Нағашыларыма тартқанмын. Олар, әсіресе еркектер жағы, сұлулығымен аса ерекшеленбеген.
— Сен өзіңді ақылды санайсың ба?
— Мен танитын кейбір адамдармен салыстырғанда 80 пайызға ақылдымын деп ойлаймын. Ақымақ емеспін, әйтеуір.
— Ереке, ал киімге қалай қарайсың, қалай киінесің көбіне?
— Киімді… көбіне әйелім таңдайды, оның сөзінше, мен талғамсызбын.:-)
— Кемшіліктерің бар ма?
— Көп сөйлеймін деп артық нәрселер айтып қоюым мүмкін. Адамдарға «жоқ» деп айтуға ұяламын. Уайымшылмын. Кейде айтқым келген нәрсені дәл тамағыма келгенде «тормозить» етіп қаламын. Ұмытшақпын, кейде жақын араласып жүрген адамның атын есіме түсіре алмай ұялам.
— Қызғаныш тән бе саған?
— Әлбетте. Іште сақтауға тырысамын, бірақ білдіріп қоюым да ғажап емес.
— Ақшаға қалайсың?
— Қолыма ақша тисе, үнемдемей, санамай қажетіме жаратқым келеді. Экономикалық тұрғыдан сауатсызбын, сондықтан өз пайдамды білмей, ұтылып қалатын кездерім көбірек.
— Үй шаруасына қалайсың?
— Істен шыққан сантехника, электр приборларды шұқылаудан қашпаймын, қолымнан келгенінше шұқылаймын.
— Нұрберген сенің бұрын әңгімелер жазғаныңды айтып еді.
— Қазір есіме алсам күлкім келеді, романтикалық, әлжуаз бірдеңелер.
— Қазір романтиксің бе?
— Күнде ғашық болатын едік қой, әр ғашығыңа бір әңгіме арнайсың. Қазір де сондаймын, бірақ құндылықтарым өзгерді.
— Қаһармандық тән бе саған?
— Зорланып жатқан бейшара қызды бандиттің қолынан құтқару ма?
— Иә.
— Тырысар едім, бірақ денсаулығыма орай әлім жете бермес әрбір бандитке
— Өзіңе мүлде тән емес қылық көрсетіп, өзіңнен өзің шошыған кезің болды ма?
— Болады. Ашу үстінде. Қазір енді ақыл тоқтаттық ғой. Бала кезімде «психтау» болдым. Адамды ұрып жіберу, пышақ алып жүгіру болды. Өте-өте сыйлы адамды боқтап жіберу сияқты әрекеттер болды. Мысалы, әжемді (өте сыйлы, ешкім оған қарсы сөйлемейтін) боқтап жібердім. Ал қазір енді өзіңді ұстайсың ғой.
— Адам өлтіруге қолың барар ма еді?
— Сот болмаса — әрине, мысалы елсіз аралда болса
— Яғни, біреуге өлім тілеген кезің болды ғой?
— Болды. Үш адам есімде. Бірақ олай болмайтынын түсіндім.
— Өзіңе өзің қол не аяқ жұмсау туралы ойлап па едің?
— Мен өмірді қанша жек көрсем де, өзіне қол жұмсау «вариант» емес екенін білемін. "Қалай болар еді?" деген оймен ғана елестетіп көріппін. Жай сюжетті өрбітіп, сырттан қараушы ретінде.
— Саяси ұстанымың бар ма? Оңшыл не солшыл, демократ-либералмын, діншіл не зайырлымын деген сияқты?
— Белгілі бір саяси бағыт ұстанбаймын. Құдайға сенем, бірақ діни сауатсызбын.
— Тәуекелге тез бел буасың ба, жоқ оңы мен солын ұзақ саралайсың ба?
— Ұзақ ойланғанды жақсы көрем, әлде бұл шешімсіздігім ба екен?!
— Қатаң ұстанатын қағидаларыңды айтшы.
— Әділдік, қоғамдық тепе-теңдік. Адалдық.
— Құндылықтарыңның өзгергенін айттың… Қазір бірінші орында не сен үшін?
— Карьера, отбасы, денсаулық.
— «Салт», «мораль», «этикет» дегендерге көзқарасың қандай?
— Салт-дәстүр — ұлттың бас ерекшеліктерінің бірі деп білемін, сол себепті супержаһандану кезінде де, егер ұлт сен үшін маңызды болса — салт-дәстүрдің қолданбалы элементтері сақталуы тиіс деп есептеймін: мысалы, жерге төсек жаю, үлкенді сыйлау. Мораль туралы бірдеңе айту қиын мен үшін. Этикет — өркениеттің басты қозғаушы күші секілді, бір елдерде тіпті басты белгісі. Бірақ, этикет пен салт-дәстүр өзара үйлесім таба ала ма, әңгіме сонда… ең бастысы тепе-теңдікті сақтау.
БЛОГИАДА
— Ернар, блогиада басталмай тұрғандағы ойың мен қазіргі ойың қандай болды?
— Мен үлкен бақталастықты күткен жоқпын. Өзімді блогер санаймын ғой енді. Бірақ үздік жазбаларды көріп, өзімді одан әрі қамшыладым. Басында, әрине мен блогиаданы әдемі басталып, аяғы сұйылып кететін көп жобаның бірі деп ойладым. Қазір олай емес екеніне көзім жетті.
— Блогиада сен үшін не? Қандай өзгеріс әкелді күнделікті өміріңе?
— Миллионға қол жетпейтінін сезінген сәттен бастап, мен үшін ол, Қазнеттің басты оқиғасынан, яғни үздік блогшылардың «карнаваланынан» қалып қоймау. Яғни, «тусовканың» ішінде болу. Екіншіден, өзімнің қаншалықты сапалы контент жасай алатынымды көрдім, мықты тұстарымды, әлсіз тұстарымды білдім. Басқалардан креатив жағынан да, техникалық жағынан тәжірибе алмастым.
— Блогиада біткен соң қалай болады? Көрмегенім блог болсын деп мүлде тастап кетесің бе? Жоқ, керісінше одан да қарқынды жаза бастайсың ба?
— Меніңше, мен ғана емес, әрбір қатысушы, блогиада біткеннен кейін, кез келген тақырыпта сапалы контент жасай алатын болады, кез келген дүниеден сюжет өрбітіп әкете алатын дағды қалыптасады.
— Бұл бәйгеде сегіз озаттың бірі атануыңа сенің қай қасиетің жеткізді деп ойлайсың?
— Шынымды айтсам, бір кездері елемей жүрген блогерлердің мықты жазбаларын көріп, ұялып қалған кезім болды. Сегіздікке тұрақтылықтың арқасында жеттім деп ойлаймын. Қанша ұпай алсам да, блогиаданы тастап кету, оған қолды бір сілтеу ойыма да келмепті. Мысалы, «Киностанды» да сол тұрақтылықтың арқасында жүргізіп келе жатырмын. Басында таза коммерциялық оймен жасалған жоба болатын, «старт-апты ұтсақ та, ұтпасақ та ашамыз» деп келістік Димаш екеуміз, бізге ақша әкелмесе де, ол менің күнделікті әуестігіме айналды. Ешқашан, оны жауып тастауды ойламадым.
***
Ернар бір сөзінде, «Блогиаданың сегіздігіне іліну — мақсатым» деген еді. Ал мен Ернардың әр жазбасы тек блогиада шеңберінде емес, дүбірлі дода мәресінен кейін де өз оқырманын табарына сенемін және Ернарға өзінде онсыз да жетіп артылатын төзімділік пен кейде жетпей қалып жататын сәттілікті тілеймін.