Шупакова Кызжибек: "Бізде жемқорлыққа жол бар!"

Білім күні қарсаңында Қармақшы ауданы бойынша жұмыспен қамту орталығына Жетіқаранан ауданына қарасты халал-әлеуметтік орталықтың бір топ қызметкерлерінің жолы түскен еді. Алайда Қызылорда қаласының Қарттар ісі жөніндегі комитет басшысы ақұдайлардың атынан ас беріп жатқандықтан, қызметкерлердің біразы ат басын сонда бұрды. Тек әріптесім Блялов Мадидің түрмеде бірге «отырған» жан досы Қармақшыдағы «Балықшы» балабақшасының басшысы болғандықтан, жол сапарын бірге жалғастырдық. Қуанышыма орай, Қармақшы ауданына қарасты жұмыспен қамту орталығының күні кеше сайланған басшысы Шупакова Кызжибек жұмыс орнында бейшара халықтың мәселесін шешіп жатты. Басшымен сұқбаттасудың да сәті түсті.
— Шупакова ханым, жаңа қызмет орныңыз құтты болсын! Жалпы, Қармақшы ауданы бойынша жұмыссыздық мәселесі қалай шешіліп жатыр?

— Көп-көп рақмет, молодец! Негізі, бұл сұрағыңа осы орталықтың экс-басшысы жауап беруі керек. Осы қызметке күні кеше ғана тағайындалған едім. Сонда да сұрағыңа жауап беруге тырысайын. Өткен жылмен салыстырғанда биыл халықтың жұмыссыздық көрсеткіші екі есе азайды десек те болады. Дегенмен, халықты жаппай жұмысқа орналастыру науқаны мүмкін емес жағдай. Марқұм папым айтушы еді, кезінде қазақ халқы жаппай сауаттандырылмағандықтан, толық-элементарлы сауаттандырылған сауаттандыру ісіне партия тікелей басшылық етті деп. Сондықтан біздің орталық қолдау жұмыстарын арттырғандықтан, жұмыссыздық мәселесі де оң нәтиже көрсетіп отыр.

— Жұмыссыздық мәселесінің екі есеге азайғанын дәлелдеп көрсететін статистика бар ма? Есепті кім жүргізді, қалай болды екен, жалпы?

Айтып отырмын ғой, жұмысқа кеше ғана қосылдым. Есепті ешкім жүргізбейді. Біз статистиканы орталыққа келіп түскен өтініштер бойынша анықтаймыз. Бүгін ғана базаны бір шолып шыққан едім, осы тамыз айында 48 адам өтініш өткізген екен. Ер адамдарға қарағанда әйелдердің өтініші көп. Түсінесіз ғой, ауылдың тұрмыс-тіршілігі қиын. Олар тем более балаларын оқытып жатыр. Сол себепті ауданға келіп жұмыс жасауға мәжбүр. Кредиттері де бар Kaspi Bank-тен алған. Статистиканы зерттеп отыратын уақытымыз да жоқ. Жұртқа жұмыс тауып береміз бе, әлде…

— Түсінікті. «Егемен Қазақстан» газетінде жемқорлық бойынша осы Қызылорда облысы бірінші орыннан түспей келеді. Оңтұстық Қазақстаннан да озық боп тұр. Жұмыссыздыққа тіркелген жұрт жұмысқа парасыз орналасатын шығар?

Оой… Қазір әлемнің кез келген жерінде жұмысқа парасыз қабылдану мүмкін емес. Қазақстанның қай жеріне барсаң да ақша беруіңе тура келеді. Бізді олай жемқорлық деп кемсітудің қажеті жоқ. Іі-і… Бізде, Қызылорда облысында, жемқорлыққа жол бар! Иә!..

— Тоқтай тұрыңыз. Жемқорлыққа жол бар? Қалайша… Сонда...

Осы журналистер де қызық. Газет оқымайсыңдар ма, телевизор көрмейсіңдер ме!? Қызылорда облысы заңнамалық тұрғыдан келгенде экологиялық аймақ болып табылады. Құжаттарда солай бекітілген. Ай сайын зымыран ұшатындықтан, зияны екі есе ұлғая түседі. Мына №30 мектепте Тұрымтаев Серік деген завуш бар. Соның жалғыз баласын Астанадағы әкімшілікке пара беріп орналастырдық. Заң жүзінде. Құжаттарға қол қойылған. Себебі біздің территория экологиялық апатқа ұшырайтын аймақ болып есептеледі. Журналис болғасын газет оқып, шамалы білімді болу керек қой…

— Түсінікті. Бірақ жұмыссыздыққа тіркелген жұрт пара ретінде беретін ақшаны қайдан табады?

Қайдан табады несі!? Үкімет бюджеттен бөлмей ме. Айтып отырмын ғой, біз экологиялық аймақты мекен етеміз. Жыл сайын Үкіметтен аталмыш нормаға сәйкес ақша бөлініп отырады. Ол да ретсіз таратыла бермейді. Әуелі мамандық бойынша, жалақы бағасына сәйкес бөліп отырамыз. Біздің бугалтер қыздар соны есептейді. Жасыратыны жоқ, осы облыс бойынша басшыларға да миллиондап ақша беріледі. Заңдағы көрсетілген нормаға сәйкес. Білесің, Қызылорда облысы дегенің нағыз қазақылықтың сақталған жері ғой. Заңға қайшы әрекеттер жасамаймыз. Осы сұрағаның да жетер. Біздің жұмыс істеуіміз қажет.
Блог - qonyrbai: Шупакова Кызжибек: Бізде жемқорлыққа жол бар!P.S. Шупакова Кызжибек ханым мені жылы шығарып салып, өзі түскі үзіліске шықты. Кабинет есігінің сыртындағы жазуда үзіліс уақыты 13.00-16.00 аралығында екен. Тағы да таң қалдым. Шупакова ханымды да суретке түсіріп үлгермеген едім. Ұжымды үнемі суретке түсіріп, оны әзірлеумен айналысатын Фоос Виктор деген жігіт бар екен. Әкесі қазақ екен де, шешесі неміс екен.
Әрі қарай

Менің кураторым да, эдвайзерім де - Жанар...

Иә, Жанар мен үшін кураторым да, эдвайзерім де саналады. Шыны керек, куратор, эдвайзер сөздерінің қандай мағына беретінін, қайдан пайда болған білмеймін, аса қызық та емес. Бір білетінім, әйтеуір, топқа жауап беретін басшы ғой.

Оспанов Еділ деген жас жігіт біздің топқа куратор болып тағайындалған еді. Алғашқы жылымыз аузымыз ашылып жүріп өтті, әйтеуір. Бірінші жартыжылдықта қазір күйеуге шығып кеткен Шелектің қызы Назерке тобымызға староста болған. О баста ойнап жүріп қыздар сол кісіні сайлаған ғой. Айбек пен Рауан да біздің топқа қосылмай, бірінші топта қалды. Сол топта жеті-сегіз жігіт болған. Ал Әлібек екеуіміз жиырма жеті қыздың арасында қалдық. Қазақ бөлімі. Екінші топ. Алғашқы 8-наурыздан аман шықтық. Екінші жылы ойыншықтар сыйладық-ау деймін. Ал үшінші жылы жиырмадан астам қызды әкемтеатрға апардық. "Қилы заманға".

Алғашқы жартыжылдықта көптеген қыздардың пәндегі бағалары төмен болып қалды, қол қоятын құжаттар уақытында толтырылмады. Қысқасы, Назерке пысық қыз емес ше! Сөйтіп, екінші жартыжылдықта қыздар ақылдаса келіп, білімімен көзге түскен, пысықтығымен мақсатына ұмтылған Абитова Жанарды сайлады. Жанар топтың көшбасшысы болды. Әлбетте, орыс тілі сабағында маған ешкім ілесе алмады.

Енді айтпағым, Абитова Жанар тек қана топтың жауапкершілігін арқалаған адам болған жоқ. Оқудың екінші жылында Оспанов деген «кісі» АҚШ-қа ұшып кетті. Тіл оқиды, тағы бірдеңе оқиды екен. Қалай кетті, солай оның да аты өшті. Сөйтіп, біздің топтың кураторы да, эдвайзері де өзіміздің Жанар болды. Қысқасы, бастық болды. Жанар өзінің қабілетін сол оқудың екінші жылында анық көрсете бастады.

Бірінші топтың жігіттері Жанарды «староста» деп мазақ еткен болатын. Бірақ кейінгі жылдары сол топтың екі қызы (старосталары) неше рет ауысып, неше рет тағайындалды. Күлме топқа, боласың оппа! Оппа! Жанар әуелі фәкөлтеттің атынан тіл жарыстарына қатысып жүріп, жүлделерге ие болып, кейбір оқытушылардың сенімін ақтап, кафедраның көзіне түсіп жүрді. Бір күні тіл ғылымына қатысты ашық сабақ, одан соң дөңгелек үстел дей ме, сондай бірдеңелер өткіздік. Жанар — ұйымдастырушы, топтан ақша жинаушы, жоспар құрушы, т.б.

Жанар басшы болғалы дауыс көтеріп, ұрысатынды шығарды. Үндемей құтыласың. Бірақ ол топты осылай тәртіпке келтіріп алды. Жақсы жері, келесіде өтетін іс-шараларда бастығымыз бір айтады, ал біз дереу айтқанына қосыламыз. Уақыт өте тобымызды кафедрадағы оқытушылар мақтай бастады, жақынырақ тани бастады. Басқа да фәкөлтеттердің оқытушылары «Абитова Жанар» дегенде "ҚБ/2-топ" деген ұғымды түсіне бастады. Сәйкесінше, "ҚБ/2-топ" дегенде біздің бастығымыз Жанарды түсіне қоятын.

Топтың білім көрсеткіші де өсе бастады. Кез келген оқытушымен Жанар тез тіл табыса бастады. Емтихандарда аса қиындық болмады. Әлібек екеуміз тіптен оқымайтынбыз да, тек барып-қайтып жүретін едік. Әйтеуір, Жанардың жүгіруімен емтихандардан аман өтіп жүрдік. Менің жақсы әдетім бар еді, ауызша тапсыратын емтихандарға түк дайындалмай баратынмын. Есесіне, фәкөлтетте тобымыздың белсенділігі арта берді. Ал мен «проходной» бағаларды алып жүрдім. Басқа топтағылар дайындалып келіп «3» алатын.

Тағы не жазсам екен… Жаза берсем, таусылатын түрі жоқ. Бір күні Жанар марқұм Нұршайықовпен кездесуді өткізді. Әдеттегідей, біз ақша жинаймыз, шар үрлейміз, плакат, анау-мынау. Күлкіге қақырынып барып келетіні, Жанардың өткізген іс-шарасын деканат өз атына еншілеп алған еді. Шүкір, Жанар сол кеште өзі жүргізуші болды. Қызығы, сондай кештерде ән айтатын, би билейтін, домбырада ойнайтын қыз-жігіттер біздің топтан шыға бермейтін. Бізден тек Наркез домбырада ойнайтын, Майлықожаның термесін орындайтын. Байсабаева ғой. Поэзияға қатысты болса, Сағыздағы Адайдың қызы Ақмарал ер мінезді тұлғасымен жарқ етіп, «махамбетшілдігі» қозып, Махамбеттің өлеңдерін оқитын. Биыл күйеуге шығатын шығар, Атырауда жүр ғой мұғалім боп. Алғашқы староста Назерке басшылыққа пысық болмағанымен, үстел теннисінен әрдайым бас жүлделерді алатын.

Оқудың екінші, үшінші жылдарында жағдайымыз жақсы болды, шүкір. Фәкөлтетте аты көп аталатын топ болдық. Көптеген іс-шаралар өткізілді. Әлбетте, топтың ішкі саясатында кемшіліктер орын алып тұрды. Бір қызымыз оқудың ақшасын төлей алмай, төртінші жылға өтпей қалды. Қазір күйеуге шығып кетті-ау деймін. Грантта оқитын Дина деген қызымыз сабақтарға келмей, ақыры орнында қалды. Биыл бітіретін шығар. Сырттайға ауысқан қыздар болды-ау деймін. Кезінде оқуды бітіру керек болған, бірақ бітіре алмай қалған, өзіміздің деканаттағы Гүлмира апайдың (ҚазҰУ-дың да филфағының деканының оң қолы Гүлмира апай емес пе еді, ол кісінің өз көзіммен көргем кабинетінде) туысқаны сияқты бір қыз тобымызға қосылған оқудың соңғы жылында. Ол да, әйтеуір, бізбен бірге жүріп бітірді-ау оқуын.

Оқу жылдарында екі-үш қызымыз күйеуге шыққан болатын. Сол кезде топтағы белсенді қыздарға кейде «спонсор» болатынмын. Бірақ өзім бірде-бір тойға бармағам. Элеватордан оқу орнына әрең кеп жүрген адам едім 71-автобуспен. Әлібек Гауһардың тойына барған. Оқудың соңғы жылында аттестация дей ме, сондай бірдеңе болған. Сонда бәріміз дірілдеп жүрдік. Жоға, деканаттың өзі ғой көп қорқытқан. Оразахынова Нұрша апайымыз да: «Екінші курста тест тапсырарда бір дірілдеген едіңдер, енді бітіретін жылы тағы да дірілдейсіңдер», — деп бізге сөзімен қолдау көрсеткен болатын. Нұрша апайдың көп айтатын сөздері: «КазПИ кезінде...», «Оқымайтын болсаңдар оқудан шығыңдар, оқитын біреудің орнын иеленбей...» болатын.

Оқудың соңғы жылында Жанар бастығымыз әбден жұмсарды. Бірақ топтың ісіне жауапкершілігі әлі де керемет болды. Топтағы студенттерге бұйрық беруге бұрынғыдай қажыр-қайраты қалмаған еді. Ең қызығы, бізді "әдемілеп" суретке түсіріп кеткен, әдемілеп шығарып беремін деген, ақырында "әдемілеп" лақтырып кеткен фотоға түсіруші арық жігіт біздің ақшамызды алып кетті өзімен бірге. Әрқайсысымыз 8 мың теңгеден жинадық қой деймін. Енді сол жігіт не қайтыс болды, болмаса түрмеге отырды, мүгедек боп қалды деген сияқты "қараңғы" версияларға үмітімді арнаймын. Жамандыққа қайда ұшыраса да, аман болсын. Әлі жер басып, дөнер жеп, бала-шағасын асырап жүрсе, бір күні оңбайтынын ұмытпаса екен деймін. Жамандық жасасаң, алдыңа жамандық боп қайтады ғой. Ол адамның өзіне қайтпаған күнде оның отбасына, болмаса туыстарына қайтады. Бізге де сол керек, қазір фотоәлбомсыз отырмыз.

Жалпы, Жанардың басқару қабілеті керемет. Жоға, ол тек Word-қа мәтін жазуды, ВКонтактеде әңгімелесуді ғана біледі. Айнабұлақта тұрады. Блог жүргізетін сайттарды білмейді, блог деген сөзді естімеген. Контент-менежір, өмірі интернетке байланған емес. Қазір Абай атындағы «Дарында» (№10-ау деймін шамасы) мұғалім боп қызмет етіп жүр. Ұлттық кітапханада дайындалып жүр. Биыл мәгәстірге тағы да тапсырады. Өткен жылы түсе алмай қалды «каким-то образом». Докторлықты қуатын түрі бар. Әзірге жігіті жоқ десең, ә!

Топта тағы да басқа белсенді қыздар болды ғой. Солардың бірі Ләззат пен Динара да қазір Жанармен бірге бір мектепте қызмет етіп жүр. Ләззат басқа жерде әдіскер болған еді, ал Динара 59-да мұғалім болған. Жанар бастық екеуін өзінің қасына жинап алды. Биыл Атыраудан Ақмарал келетін сияқты. Сондай ниеті бар. Атырауда маса шағып тастапты. Бір күні «Дарында» біреуі директор, біреуі зауыш боп отырса, мен таң қалмаймын. Бұл қыздар ғылыммен айналысамыз дейді ғой. Қайдам, бес жыл ішінде оқу орнына оқытушы боп орналасып алатын шығар. Анау Акрамның жүрісі: қазір ТарМУ-дың бір жерінде кафедрада жұмыс істеп жүр. Мәгәстірін де оқып жатыр. Бұл кісілер Twitter-де жоқ әзілдесе қояйын десең. Содан елге танымал адамдармен әзілдесіп отырасың, бейтаныс адамдармен әңгімелесіп отырасың Twitter-де. Олар блог жазбайды, Canon/Nikon фотоқұрылғылары жоқ. Телефондарына видео түсірмейді YouTube-қа салатындай. Бірақ оқып жүрген, қызметте жүрген адамдар. Менің де миымнан шәпәтәқ еткізіп, интернетті алып тастаса ғой, шіркін!

Нұрбол аға да алғашқы жылы мәгәстірге түсе алмай, «Жас Қазақта» жұмыс істеді ғой. Биыл мәгәстірді бітіріп жатыр. Жақында 250 мың теңге де жеңіп алды. Мәләдес-әй! Жанар да биыл мәгәстірге түсіп кетсе екен деп тілеймін ал. Өкініштісі, қазір топтың студенттері жан-жаққа шашырап кетті, бірлік жоқ, хабарласу жоқ, т.б. Осман империясы сияқты ыдырап кетті ғой, қасқа!

Мен сияқты сіздер жайлы бірге оқыған таныстарыңыз бір жерлерде жазып жатса, қызық шығар, ә-на!? Кім біледі, мен жайлы да топтағылардан біреу бір жерге бірдеңе жазған шығар… Қой, құрысын, аман болсын бәрі! Әрі жүрсін, әрі!..

Басшыға бағынғанның зияны жоқ. Басшыға құрмет көрсету — міндет. Басшыларымыз аман жүрсін! Ал Оспановты мойындай алмайды екенмін қай жерде жүрсе де. Оқудың соңғы жылында кураторымыз Жанар деген жас оқытушы болған, тіл білімі сабағын оқытатын. Ол кісі де екінші топтың басшысы болып мойындалмайды, түйіндемесі қарастырылмайды. Қария жасына жетсем де, топтың басшысы «Абитова Жанар» болды деп ыржаң етіп, қалған екі тісімді көрсетіп, таяғыма сүйеніп кете беремін пінсиә алуға…
Әрі қарай

Кесіртке адамдар


Кесіртке деген бауырымен жорғалаушының өз құйрығын тастап кете алатынын білетін шығарсыз? Егер көрмеген болсаңыз қысқаша тоқтала кетейін.

Бала кезімізде қызық көріп кесірткені аулайтынбыз. Қызығы сол – құйрығынан ұстасаң болды, кесіртке құйрығын үзіп тастап өзі құтылып кетеді. Әрине бізге ермек болғанымен, бұл олар үшін басын аман сақтаудың амалы ғой. Мен мұны не үшін айтып отырмын. Бүгінгі таңда дәл осы кесіртке іспеттес адамдар көбейіп бара жатыр. Ашып айтсам, қара басын қорғау үшін қарамағындағыларды шыңырауға итере салатын басшылар жайлы.

Олай дейтінім, кейінгі кездері бір мекемеде былық шықса, көп жағдайда басшысы емес, қарапайым қызметкер бәлелі болатыны әдетке айналғандай. Қаражат жөнсіз жұмсалса есепші кінәлі, мемлекет қаржысы жымқырылса күзетші ұры атанады. Әйтеуір басшыдан басқасы айыпты. Тек жұлып тастайтын «құйрық» табылмаса ғана басекеңдер тұтылуға мәжбүр. Ықлым замандарда бастың қылмысы үшін мойын байғұс айбалтаға түсетін еді. Қалай дегенде де бас пен денені дұрыс жалғамағаны үшін осылай жазалау жөн шығар. Бірақ бүгінгінің «құйрық лақтыру» әдісі қай жағынан алсаң да ақылға сыйымсыз. Өйткені, құзыреті шектеулі жұмысшының биік секіре алмайтыны бесенеден белгілі. Жоғарыдан бұйрық келмесе бас изегіш бағыныштының мұндай қадамға бара қоюы екіталай. Тіпті, бұйрықсыз өз құлқынын толтырды десек те, басшы қайда қараған деген сұрақ қажайды-ау!

Бүгін қазақ контентін дүр сілкіндірген "ҚазПочта" менеджерінің қазақ тілін суахили тіліне теңеуі де осындай жағдай. Тек менеджер-құйрық үзіліп түсіп қалатын сыңайлы. Оны жұмысқа алған басшы қайда қарады екен.

Түйіні сол, Абылай ханның түсіндегідей, «жәндік ұрпағының» дәуірі келгені да. «Бастан құлақ садаға» деген заманда, мойын – салғырт, бас – миқұрт болған кезең келгендей ме, қалай?
Әрі қарай

Бағыну қиын ба, әлде бағындыру...


Расында қалай өзі?
Бастығына бағынғысы жоқ жандар… Мұндай әрекет әдетте сол креслоны өзі көздеп жүргендер немесе басшысының қарым-қабілетін өзінікінен төмен санайтындар тарапынан байқалатын сияқты. Жә, қойшы! Бұған басшының өзі бас ауыртсын! Ал, менікі… менікі сол "құдай емес, құдайдан былай емес" жандардың қарамағандағы қатардағы жауынгерлердің жыры. «Бәрін бір өзім тындырып жатырмын!» деп көкірегін керетіндерге қаным қайнайды. Керісінше " Бәрі ұжымымның арқасы!" дейтіндер некен — саяқ. Өзіңмен оңашада адамша сөйлесіп, ал ел алдында үстемдігін байқатуға тырысатындар көп. Ол кімге керек десеңші?! Басшысымен келіспей, жылы орнымен қоштасуға мәжбүр болған талай адамды білемін. Әй, қазір қарамағандығалардың күйлерін күйттеп, қамдарын ойлайтын басшы қалмады-ау, сірә? Жұмысшының басы — Басшының добы. Қалай тепсе де, қалай айналдырып, қалай лақтырса да өз еріктері. «Басшыңды үндемей ғана жеңесің» дейді біреулер. Дұрысты бұрыс, бұрысты дұрыс деп, істеген ісінің шырайын шығармаса, ол бейшара қалай үнсіз қалсын? Ал, басшың сөз ұқпайтын біреу болсашы… Бәлкім, шынымен де үнсіздік ұпайды сенің пайдаңа шешер…
Әрі қарай