Менің елім - бейбіт өмір бесігі

Блог - quatadis: Менің елім - бейбіт өмір бесігі

Тәуелсіз ел атандым,
Жұрт сүйсініп қарайды.
Шаттық сыйлап батар күн,
Таңы нұр боп тарайды.

Айтам оны ән қылып,
Даңқы алысқа кетеді.
Менің елім мәңгілік,
Тыныштықтың мекені.

Мақтан етем жерімді,
Таусылмаған несібі.
Тербетеді елімді,
Бейбіт өмір бесігі.

Бал жүзінен ананың,
Бақыт нұры тамады.
Елдегі бар баланың,
Жадырайды қабағы.

Азаттықты қолдағы,
Тыныштық деп танимын.
Шошытпайды бомба үні,
Бесіктегі сәбиді.

Тыныштықта мүлгиді,
Даламның әр тау, тасы,
Бәрі осының әрине,
Тәуелсіздік арқасы.

Жарық қылып түн бетін,
Келді азаттық таңға еріп.
Енді менің міндетім –
Қорғау соны жан беріп.
Әрі қарай

Жауаптымын бәріне

Блог - quatadis: Жауаптымын бәріне

Егемен елімнің,
Кең байтақ жерімнің.
Орман, тау, көлімнің,
Жазира төрімнің.
Құм, дала, шөлімнің,
Иесі – өзіммін.

Көлдерім құрғаса,
Орманым сиресе.
Тауларым күңіреніп,
Жазирам қураса.
Мекені тарылып,
Аң-құсым шуласа.
Осының бәріне,
Жауапты – Өзіммін!
Әрі қарай

Содырбек пен Қоңырбек

Блог - quatadis: Содырбек пен Қоңырбек
Шолжаң, сотқар Содырбек:
«Менің жүрер жолым», — деп.
Алдындағы балаға,
Ербеңдетті қолын кеп.

Сөзінде бар көп ілмек,
Естуші еді содыр деп.
Соқтыққысы келмеді,
Қойдан жуас Қоңырбек.

Әкесі айтқан әу баста:
«Сотанақпен жауласпа».
Басқа жолға түсті тез,
Дау тілемей сау басқа.

Бар айбаты – қолында,
Сотқар тұрса жолында.
Соқтықпаған Қоңырбек,
Ақылды ма, момын ба?
Әрі қарай

Шынықсаң шымыр боласың

Блог - quatadis: Шынықсаң шымыр боласың

Ұйқыдан күліп тұр,
Денеңді шынықтыр.
Ерінбе, жаттығып,
Ертеңге үміт қыл!

Иіліп оңыңа,
Иіліп солыңа.
Гір тасын ойнатып,
Күш жина қолыңа!

Асықпа аптығып,
Қозғал тек, мойыма!
Ерінбей жаттығып,
Күш жина бойыңа!

Сүресің ғұмыр көп,
Тершісе маңдайың.
Шынықсаң шымыр боп,
Жүресің әрдайым.

Ұйқыңнан күліп тұр,
Денеңді шынықтыр!
Ата, әжең мақтансын:
«Болды деп жігіт бұл!».
Әрі қарай

Қуыршағым бар менің

Блог - quatadis: Қуыршағым бар менің

Жасырынып менен бұл,
Асырды ма айласын?
Тілдесейік, кел, енді,
Қуыршағым қайдасың?

Шомылдырып алайын,
Шашыңды да тарайын.
Тамағыңды берейін,
Сабағыңды қарайын.

Болма тентек, жылауық,
Ойнатайын бір ауық.
Төсегіңді қамдайын,
Кетпей тұрып түн ауып.

Кешірейін қатеңді,
Тыңдашы тек тәтеңді.
Ертегі айтып берейін,
Кел, жаныма жат енді!
Әрі қарай

Гүлдің аты - қыз аты

Блог - quatadis: Гүлдің аты - қыз аты

Қызыл, сары, аппақ гүл,
Тамаша бір тақпақ бұл.
Тыныштығын әлемнің,
Осы гүлдер сақтап тұр.

Далада да өсірдік,
Үйге де оны көшірдік.
Жауып жатыр гүл болып,
Өлкеміздің төсін құт.

Сән беретін далама,
Сән беретін қалама.
Әсем гүлді сыйлаймын,
Мерекеде Анама.

Гүлдің тілін ұғатын,
Жырға қосты мың ақын.
Халқымызда қыздар көп,
Иеленген гүл атын.

Есім берсе қызға арнап,
Тұтар едік біз де ардақ.
Әпкем аты – Райхан,
Қарындасым – Қызғалдақ.

Інжу, Лала… көп тағы,
Раушан – сынып мақтаны.
Нағашы әпкем – Жауқазын,
Бәрі гүлдің аттары.

Еркешора «інім» боп,
Еркелейді Шырын көп.
Жақсы көрер оны да,
Кейде әкеміз: «Гүлім» деп.

Кең даланың құшағы,
Гүлге толса, мысалы:
Бұл – тыныштық белгісі,
Бейбіт өмір нышаны.
Әрі қарай

Шөл

Блог - quatadis: Шөл

Гүл шықпайды белге де,
Бұл жерде жоқ көл неге?
Қанша қатал болғанмен,
Тіршілік бар шөлде де.

Күн де қанша төксе нұр,
Шықпайды ешбір ексе гүл.
Шөл далаға өседі,
Тек төзімді сексеуіл.

Топырағында торқалы,
Құлан ғана жортады.
От қарымас тұяғын,
Құм даланың тарпаңы.

Жазық па жоқ шеті, ені,
Не құмдардың етегі…
Бұл шөл дала бағзыдан –
Ақбөкендер мекені.

Бұл жерде жоқ ну алап,
Бірер тамшы су – азап.
Күнге қақтап қанатын,
Осында жүр Дуадақ.

Шөлден тауып тұрағын,
Мекені боп құба құм.
Кесіртке де көтерген,
Табиғаттың сынағын.

Сағым арбап көзіңді,
Ұмытасың өзіңді.
Шөлдегі осы тіршілік,
Шыңдай түсер төзімді.
Әрі қарай

Асықтарым көп менің

Блог - quatadis: Асықтарым көп менің

Қатал кейде қала тым,
Аула да тар, тар үй де.
Ойнап асыр салатын,
Ауыл жақсы әрине.

Жүр ем жазда барам деп,
Ертіп кетті ағам кеп.
Атам, әжем жинапты,
Бір қалта асық маған деп.

Шиырласам үй маңын,
Берер маған сыйға кім?
Сақамды атып тағы да,
Бір қалта асық жинадым.

Қайтып үйге олжалы,
Қуанттым көп атамды.
Асығынан құлжаның,
Сайлап берді сақамды.

Әжем үшін дәл бүгін,
Ойыншылар алдымын.
Бояп берді сан түске,
Асығымның барлығын.

...Қалада енді күй бөтен,
Ауламыз тар, қиын-ақ…
Сонда да «асық» үйретем,
Достарымды жиып ап.
Әрі қарай

Ауылда

Блог - quatadis: Ауылда
Келді күткен жаз енді,
Қамданайын жолға алыс.
Қуантайын әжемді,
Етіп оған қолғабыс.

Жатып алмай ұзақ күн,
Шаршадым деп сапардан.
Үйренейін сұрап шын,
Шаруа жайын атамнан.

Айналасы көкпеңбек,
Көз тоймайды қараса.
Ауласында шектеу жоқ,
Ауыл неткен тамаша!

Атаммен бір мінгесіп,
«Торы төбелмен» қой бақтым.
Оңашада тілдесіп,
Күшігімді ойнаттым.

Шиқылдаған ұрыншақ,
Балапанға шаштым жем.
Анау жүрген құлыншақ,
Ол да менен бас білген.

Ботақан жүр ойнақтап,
Үстінде екі түйіншек.
Ондай бота қайда аппақ?
Ол да маған үйірсек.

Арам шөптен тазартып,
Бақшаны да баптадым.
Қора-жайды жаңартып,
Тезекті де қаптадым.

Бұзауымды суардым,
Қозы-лаққа шөп бердім.
Ата-әжемді қуантып,
Жаз айын да өткердім.

Әжем берді құрт, майын,
Және атамнан бата алдым.
Біліп жер мен жұрт жайын,
Үлкен жігіт атандым.

Аңсап келсем, саялы,
Ауыл құшақ жаяды.
Қайтпас едім, әттең-ай!
Қыркүйек те таяды.

Жиғанымды даладан,
Енді есімде сақтармын.
Міне, бүгін қалаға,
Азамат боп аттандым.
Әрі қарай

Нөсер

Блог - quatadis: Нөсер

Бұлт торлады аспанды,
Көк жүзінен жас тамды.
Сап тиылып долы жел,
Нөсер жауын басталды.
Көк аспанның күркірі,
Тал-теректі сілкіді.
Адамзатқа – несібе,
Жаздың осы бір күні.

Қара нөсер құйды бір,
Жер-Ананы сүйді нұр.
Ауырсынып тамшыны,
Басын төмен иді гүл.

Ақ күшігім бұғынды,
Үйшігіне тығылды.
Балапандар пана іздеп,
Әрлі-берлі жүгірді.

… Аспан қайта нұрланды,
Шуақ шашты күн нәрлі.
Нөсерден соң дүркіреп,
Әсем гүлдер бүр жарды.

Ауыл да енді ажарлы,
Дала да енді базарлы.
Бақшадағы бар ағаш,
Шаң-тозаңнан тазарды.

Жапырақтан ән құлап,
Бір жаңарып қалды бақ.
Саф ауамен тыныстап,
Дала жатыр балбырап.

Тіршілік те жанданды,
Нұр көмкерді бар маңды.
Жер мен көктің арасы,
Жібек жіппен жалғанды…
Әрі қарай