Құлшылыққа құлшыну – құтылу 3
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!
9 – Көп адамдардың айтуы бойынша, оларға құлшылық етуге, күнәларының көптігі кедергі болып табылады. Соған қандай жауап айтуға болады?
Құлшылық етіп жүрген көптеген адамдар, бұл жолға кішкентай жасынан-ақ түскен жоқ. Олардың қаншасы күнәлар жасап жүрді, Аллаһқа мойынұсынудан қашқан еді. Бірақ, Аллаһтың мейірімімен, олар тура жолға түсті, Аллаһқа бағыну керек екендігін түсінді. Ал енді жасап жүрген құлшылықтары олардың өмірлерінің ажырамас бір бөлігіне айналды. Сондықтан, күнәһар адамның жасап жүрген жамандықтары оған Аллаһқа құлшылық (ғибадат) етуіне бөгет бола аламайды.
Егер де күнә жасаған адамның құлшылық етуіне болмайтын болса, онда басқа дін өкілдері Аллаһтың алдында жалғыз хақ (шынайы) дін болған Исламға келуіне болмайтын еді ғой. Алайда, Мұхаммед пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының көбісі Исламға жат діндерден келген еді. Және олардың, бұрыннан жасап жүрген ауыр күнәлары, Исламды қабылдауға кедергі болмады.
Құлшылықты тек қана таза, күнә жасамаған адамдар ғана орындау керек деген ой – жалған. Өйткені, егер ол ақиқат болғанда, Аллаһ Тағала: «Расында, намаз арсыздықтар мен қайтарылған істерден тазартады», — деп айтпайтын еді. (`Анкәбут сүресі, 45-аят)
Осы жерде маңызды бір нәрсе айтқымыз келіп тұр. Көптеген адамдар намаз оқитын, немесе хиджап киіп жүрген адамның күнә, немесе жағымсыз бір қылық жасап қойғанын көретін болса, бірден Ислам дінін немесе бүкіл мұсылмандарды жамандауға кіріседі. Олардың ойы бойынша, егер адам дін жолына түссе, онда оның бүкіл істері күнә атаулыдан түгелдей таза болуы керек, әйтпесе дінді ұстанбау керек. Бірақ, әрине, бұл сөздерді тек Аллаһтың бұйырғандарын орындап, Оның тыйым салғанынан аулақ жүруді қаламайтын, одан қашатын адам ғана айтады. Ол: «Мен дініме салғырт қарап жүрмін. Менікі дұрыс емес!» — дей алмайды, бірақ соның орнына Аллаһқа бойұсыну жолына енді-енді тұрып келе жатқан адамды аяғынан шалып, әр қадамын аңдып жүреді.