Туу VS туылу немесе лингвофашизм

Ара-тұра «туылуға» қарсы шығып жатқандарды оқып қаламын.

Сөзінің растығын дәлелдемек болып тіпті қуып кетіп жатқандар да бар. Былай деп:
*«Туылу» дұрыс емес. Егер туылу десек, онда өлуді де «өлілу» дейміз бе?* — деп лағып кетіп жатқандар да бар екен. Соларға:

Жоқ, олай демейміз. Баланы анасы туады. Бала анадан туылады. Ал адам өлгенде оны анасы (немесе әкесі немесе басқа біреу) өлмейді ғой. Өзі жасы жетіп өледі (егер біреу оған дейін өлтіріп қоймаса). Сондықтан «өлді дегенді өлілді дейміз бе?» деп лағуға еш негіз жоқ. Екеуі екі түрлі құбылыс. Біріншісінде ана мен бала, екіншісінде екі адамның болуы міндетті емес.

«Бала туылды. Анасы оны туды» десең, «ана тумайды, ана баланы табады» деп тағы да басқа бір жаққа айдап әкете жөнеледі. Жарайды, олай болса, мысықтар туралы айтайықшы. Ұрғашы мысық марғауын туды. Ал енді марғаудың дүниеге келуін не деп айтасыңдар? Ол да туды ма? «Марғау туды, ұрғашы мысық оны туды». Сонда екеуі де туыпты. Қате. «Марғау туылды, ұрғашы мысық оны туды» – десек бәрі де түсінікті бола қалады.

Жаңағы айтылған «әйел тумайды, табады» дегенге қайта оралсақ. Иә, тура айтпай, басқаша сөздермен жеткізу қазақтарда бар. Мәселен, өлген адамды «өлді» деп айтпай «қайтыс болды», «одүниелік болды», «көз жұмды» деп айтады. Осыған қарап «өлу» сөзі адамға қатысты айтылмайды десек қателескен боламыз. Еске түсіре берсек, осылай тура айтпастан басқаша жеткізу мысалдарын көптеп кездестіруге болады.

Мұхтар Мағауинның осы туралы жазғанын көзім шалып қалды. «Арғыдағы мың жылдық эпостарымызды айтпайық, қазақ әдеби нұсқалары таңбаға түскен соңғы екі ғасыр бойы… Абай… Шәкәрім… Мұхтар Әуезов… Мысал келтіріп, дәлелдеп жатудың өзі артық болар еді...» деп келіп мысал келтіреді. Күлкім келгені «Арғыдағы мың жылдық эпостарымызды айтпайық...» деген жері. Бейне бір «туды деп сөйлегені талас тудырмайтын мың жылдық эпостарды айтпай-ақ мына соңғы ақын-жазушыларымызды-ақ мысал ретінде қарайықшы» деген секілді айтыпты. Қайта дәл сол мыңжылдықтардан мысал келтіріп жіберсе қатып кетер еді. Керісінше, бұл кісінің сол мыңжылдық деректерден мысал келтіре алатыны күмәнді. Атап өткен ақын-жазушылары, жалпы қазақ тілінде алғашқы боп бірдеңе жазған адамдар негізінен солтүстік, орталық, шығыс Қазақстаннан болған. Яғни әдеби норма ретінде сол алғашқы жазғандардың тілі қабылданды. Аталған өңірлердің адамдары ананың баланы дүниеге әкелуін де, баланың анадан шығып дүниеге келуін де бір сөзбен айтып кеткен. Оңтүстіктегілер болса, «туылды» деген сөзді бұрыннан қолданады. Дәлірек айтсақ, дұрыс формасын сақтап қалған осылар. Мұхтар Мағауин бұл сөзді бес-алты жыл бұрын пайда болды депті. Олай емес. Бәлкім, бес-алты жыл бұрын естіген шығар. «Бұрын естімегем, значит ондай сөз болмаған» деген принциппен қорытынды шығарса керек.

Сонымен не істеу керек? Ештеңе істемеу керек. Бәрін осы қазіргі күйінде қалдыру керек. Әдеби нормаға еніп кеткен қате нұсқадан енді құтыла алмаймыз. (Ендігіде оны қате деп те айтуға болмайды, негізі. Уже қате емес). Бір жақсысы, ешкім ол нұсқадан құтылайық деп жатқан жоқ (оңтүстіктің халқы кең ғой, негізі). Ал қолданыста бар «туылу» сөзіне атойлап қарсы шығып шаш ағартудың да қажеті шамалы. Өйткені, біріншіден, бұл сөз бұрыннан қолданыста бар. Екіншіден, логикасы бар. Үшіншіден, бастапқы дұрыс нұсқа осы.

Сондықтан бетжыртысқанды қойыңдар. Ұят болады.
Әрі қарай