Кесенелер тарихына қарай отырайық...

Бүгінде бұл кесене ЮНЕСКО тізіміне алынған. Сан ғасырлар соқпағынан аман өткен кесененің тек батыс бөлшегі ғана сақталып қалған болатын. Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2001-2004 жылдар аралығында жүргізілді. Кесенені қайта қалпына келтіру үшін Түркістан филиалының қайта жасаушы шеберлері тер төкті. Қолы ұсынақты шеберлер үш жыл бойы ескі технологиялы пештерді пайдаланып, 72 түрлі белгі салынған плиткалар дайындады. Кесененің іргетасын қатайтып, қабырғаларын көтеріп, алғашқы кейпіне келтірді. Күмбездің ішкі және сыртқы желкендерін жөндеу де ұзақ уақытты талап етті. Көнеден жеткен кесененің бұрынғы қалпын бұзбай, бүгінгі күнге үйлестіру де асқан шеберлікті талап еткен-тін. Ақыры сеніп тапсырылған ауқымды жұмыс ойдағыдай атқарылып, халық игілігіне ұсынылды.
Қараханидтер сәулет ескерткіштері ішінен бұл ескерткіш ең кереметі болып саналады. Ескерткіштің сыртқы бетіне қаланған кірпіштердің әртүрлілігінің өзі таңғалдырарлықтай… Аңыз бойынша, Айша бибі асқан сұлулығымен қатар, ақылдылығымен де елге есімі жайылған ару болған деседі. Ол әйгілі шығыс ақылшысы Зеңгі бабаның қызы болып келеді. Сұлу Айша мен батыр Қарахан арасындағы шексіз махаббат та осы күнге аңыз бойынша жеткен. Айша бибінің кім екені жөнінде ғасырлар сорабынан жеткен аңыз болмаса, тарихи деректер жоқтың қасы. Айтулы аңызға құлақ түрсек, Айша бибі киелі Түркістан жерінде жас батыр Қараханмен кездесіп, бірін-бірі ұнатқан екі жас бас қосып, өмірлік қосақ болуға уағдаласады.