Жетісу өңірінде «Орбұлақ шайқасының ізімен» атты ақпараттық квест өтті
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Алматы облысында өткен шараға Орбұлақ шайқасын зерттеп жүрген бір топ азаматтар қатысты. Атап айтсақ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Жазылбеков, Орбұлақ шайқасы негізінде жазылған «Воскрешающие легенды» атты романның авторы Т.Ермашев, «Табиғат» эко-бірлестігінің, Қазақстандық караванинг пен кемпингтің төрағасы Б. Шапагатова, «Ауылды көтереміз – Возродим село» қоғамдық бірлестік төрағасы К.Жанабилов, ғалымдар, жазушылар, белгілі журналистер мен республикалық блогерлер топ құрамында болды.
Ел есімінде мәңгі қалған Орбұлақ шайқасы туралы толыққанды ақпаратты белгілі жазушы, «Алаш» халықаралық премияның лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иесі Бексұлтан Нұржекеев таныстырды. Қатысушылар Орбұлақ шайқасы болған орындарды, Жетісу өңірінің этнотуризмімен және тамаша табиғатымен танысты. Алматы облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен 2017 жылдың 22 шілдесінде «Қазақ Елінің тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін, жоңғар басқыншыларымен шайқаста жеңіске жеткен айбынды қазақ сарбаздарына ұрпақтары атына» атты жазбасы бар арнайы тасбелгі Белжайлауда орнатылды. Ескере кететін бір жайт, тасбелгіге орнатылған QR-код пайдалану арқылы «Орбұлақ» шайқасы туралы жайлы егжей-тегжейлі ақпарат алуға болады.
«Біз 374 жыл бұрын Орбұлақ шайқасы болған жерде тұрмыз. Қазақ батырлары 50 мың әскері бар жоңғарларды бірнеше күн бойы Жалантөс батырдан көмек келгенше шекараға кіргізбей ұстаған. Арнайы жер асты тактикаларын қолдана отырып, жоңғар әскерлерін тұзаққа түсіріп 10 мың әскерін жойған. Осындай ақыл-айламен өткен шайқас үлкен өнер болып табылады. Себебі, небәрі 600 адам 50 мың әскерге төтеп беру мүмкін емес жағдай еді», — деді Б.Нуржекеев
«Қазақ батырлары өзінің ерлігімен елін, жерін қорғай алатын алып тұлғалар екенің дәлелдеп кетті. Бізде осы жайлы талай мысалдар бар. Соның ішінде «Орбұлақ шайқасы» келешек ұрпаққа мақтан ете алатын шайқас. «Мың рет естігенше, бір рет көр» демекші арнайы шайқас өткен жерге барып өз көзімізбен көріп қайттық. Өз тарихын білу — әрбір азаматтың міндеті», — деді Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев.