Түркия билігі домбыраға назар аударды
Күзде Измирге келген алғашқы күндердің бірі болатын. Бөлмедегі түрік қыздармен танысып, жатақханаға орналастым. Түрік жастары көбінесе Ресейдің боданында болған мемлекет ретінде таниды. Ал үлкендері қысық көзімізге қарап, жапон, қытай деп ойлап, жөнімізді білген соң «ее, өзімізден екенсің ғой» деп емірене жақын тартып сөйлесе бастайтын. Бір күні бөлмелес бір түрік құрбым жерден жеті қоян тапқандай, жаныма жетіп келді де, ұялы телфонынан музыка ойната бастады. Өзі мәз! Таныс дауыс. Кәдімгі домбыра! Өзіміздің! Бірақ әннің сөздерінде біраз тілдік ерекшелік бар. Бірден таныдым. Түркия қазақтары арқылы бізге танылған ноғай композиторы –Арсланбек Сұлтанбековтің «Домбыра» әні болатын бұл. Риза болдым әлгі құрбыма. Ұлтымды білген соң, ізденіп әлгі өлеңді мен үшін телефонына жүктеп алыпты. Енді бұл «Домбыра» әні өзгертілген нұсқада Түркияның билік басындағы Режеп Тайип Ердоған басқаратын «Әділет және өрлеу» партиясының сайлау алдындағы басты насихат әніне айналмақ. Мынау түпнұсқасы
Мынау өзгерген нұсқасы.
Сурет авторы: Жанасыл Болатбек