Нәзия Жоямерген, журналист: Қазақ журналистерінің кәсіби шеберлігі ешкімнен кем болмауы тиіс
Қазір әлемде 3 миллард адам, ал елімізде 10 миллион жан ғаламтордың құрсауында. Бұған, елімізде кеңінен қолданылатын Фейсбук, Инстаграмм, Вконтакте, Твиттер секілді әлеуметтік желілерді қосыңыз. Желі қолданушылары үшін, газет сатып алу, немесе телеарна жаңалықтаын күтіп отырудың қажеті жоқ. Ал, журналист қауымы сауатты һәм жедел жұмыс істейтін, кәсіби шебер болуы тиіс.
«Егер сіз твиттерде тіркелген болсаңыз, онда сізге газет оқудың қажеті жоқ». Лондонда шығатын «Avrupa» газетінің құрылтайшысы, түрік және ағылшын тілінде шығарылатын бірнеше интернет сайт пен онлайн радио және телеарнаның иесі, медиа-тренер Ватан Өз мырза осылай дейді. Оның пікірінше, бүгінгі ақпараттық жаңа технологиялардың даму қарқынына сәйкес, болашақта біз білетін дәстүрлі радио-телеарналар мен газеттер азая беретін болады. Сондықтан да, электронды ақпарат тарату үшін ең маңыздысы — заманауи гаджеттер арқылы тез әрі оңай хабар тарату, әлеуметтік желілер ұсынатын мүмкіндіктерді пайдалана білу, бүгінгі журналистердің ең алдымен мән беруі тиіс нәрсесі.
Шұғыл, сауатты һәм түсінікті жазылған, әрі фото немесе видеомен негізделген ақпаратты тез арада ғаламторға саласыз, іс осымен бітті! Айуға ғана оңай шаруа. Негізінде осы айтылған талаптардың барлығына бірдей сай болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан да, өз ісін тиянақты атқаратын кәсіби біліктілікке жету – бүгінгі журналист қауымға қойылатын басты талап.
Сондай-ақ, суретке түсіру, оны газет немесе электронды ақпарат құралына сай өңдей алу, видеоны түсіріп, оны тез арада монтаждау да журналист үйренетін дүние. Сонда ғана, шұғыл да қызықты материал дайындауда еш қиналмайсыз. Түркиялық медиа-тренер Хедие Ероұғлы сондай-ақ, газет-журналдың дизайнын да назардан тыс қалдырмай, мүмкін болса бет қаттау бағдарламаларын журналистердің өздері меңгергені дұрыс екенін айтады. Ақпарат, маңызды мәселелелер көтерген мақалалалар мүмкіндігінше қысқа да нұсқа, ал суреттерден мақаланың мазмұны анық аңғарылса, бұл да журналистің шеберлігі болмақ.
Бүгінгі кәсіби шебер журналист – сегіз қырлы болумен бірге кез-келген ақпарат алаңының пайда табуына да баса мән беру керек. Ғаламтор әлемінің заңдылығы сол – кез-келген жаңалық немесе мақала сайтқа мыңдаған оқырмандарды алып келуі тиіс. Рейтинг жоғары болса – жарнама бар, қалта да қалың. Дегенмен, рейтинг керек екен деп тек қана жеңіл-желпі жаңалықтардың соңынан қуа беретін ақпарат құралдарының ғұмыры ұзақ болмайтыны тағы бар.
Түркі тілдес журналистер қорының басшысы, белгілі журналист Нәзия Жоямергеннің айтып отырған «кәсіби шеберлігі» де міне осы! Ақпарат құралының мазмұнына да, рейтингісіне де, әрленуіне де мән бере білетін, ненің дұрыс, ненің теріс екенін тани білетін маман ғана – кәсіби деңгейге қол жеткізе алады. Ол үшін іздену керек, үйрену керек.
Жалпы, Нәзия ханым бас болып, Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен 2014 жылдан бастап, журналистердің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында «жаңа медиа» тақырыбында бірнеше семинар тренингтер өткізіп келеді. Үстіміздегі жылы қаңтар айының 22-сі мен 23-і Алматы қаласында Шеврон компаниясының қолдауымен «Авропа» газетінің бас редакторы Ватан Өз мырза мен Түркиялық журналист медиа-тренер Хедие Ероұғлы ханым өткізген шеберлік сабағына Алматы, Шымкент, Тараз Қызылорда қалаларынан жиналған тәуелсіз БАҚ журналистері қатысты.
Түркі тілдес журналистер қоры ұйымдастырған «Жаңа медиа» тақырыбындағы семинар тренингтері, 29-30 қаңтар Астана қаласында өтсе, ақпан айының 5-і мен 6-ы аралығында Атырау қаласында өтіп жатыр