Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері

Биыл білім саласында біраз өзгерістер болғалы тұр. Үш тілде оқыту туралы жазбай-ақ қояйын. Өзім ұстап, оқып, тексеріп көрген «жаңалықпен» бөлісейін. Балалары мектепке баратын ата-аналар жақсы түсінеді. Баланы мектепке жинау тек қалтаға ғана емес, жүйкеге де, қимыл-тірек аппаратына да салмақ салады. Киім-кешегін, портфелін, дәптер-қаламын сатып аласың ау, әупірімдеп. Содан соң кітап жыры басталады. Математиканы «Атамұрамен», орыс тілін «Алматыкітаппен», ағылшын тілін «Просвещениемен», ән «Мектеппен» кете береді осылай… Жүргенің сосын қаланың бүкіл кітап дүкенін жағалап…
Биылғы оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушылары бірыңғай оқулықтармен оқитын болады. Яғни, барлық мектептің бірінші сынып оқушылары бір кітаппен оқиды. Мейлі Nazarbayev зияткерлік мектебі болсын, Дарын мектебі болсын, Созақ ауданының Иманов атындағы орта мектебі болсын. Қателеспесем 2019 жылғы мектеп оқушыларының барлық сыныптары осындай бірыңғай оқулықтарымен қамтылады ғой деймін.

Кітаптардың авторлық құқықғы БҒМ тиесілі болады. Баспалар әртүрлі. Мысалы, «Сауат ашу» оқулығын «Атамұра» баспасы, орыс тілін «Алматыкітап» баспасы шығарады. Неге дәл осы оқулықтар десеңіз, бұл министрліктің еркелігі емес. Былтыр 30 мектепте өткізілген, 9 баспа үйінің оқулықтары сараланып, ата-аналар, оқушылар, педагогтар, сарапшылар қатысқан эксперменттің нәтижесі. Ең үздік кіаптарды Білім және ғылым министрлігі бекітіп, енді барлық білім беру мекемелеріне ұсынып отыр.

Білім және ғылым: Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері

Қызым биыл бірінші сыныпқа барады. Сондықтан бұл кітаптарды өзім сынап көрдім. Енді артықшылығы мен кемшіліктерін айтайын.
Артықшылықтары:
1. Енді әр баспаның есігін сығалап, дүкен аралаудың қажеті жоқ. Барлық кітаптарды мектептен аламыз.
2. Бір оқулық, бір бағдарламамен дайындалғандықтан, біріңғай ұлттық тестілеуде жауаптардың әр алуандығы болмайды. Былтыр мектеп оқушылары ҰБТның 289 сұрағына шағымданған болатын. Мысалы, Ұлы Отан соғысының басталуы бір оқулықта 22 маусым түнгі сағат 3-30 десе, енді бір оқулықта таңғы сағат 4-01 минут, енді бірінде 3-50 минут деп беріледі.
3. Оқулықтардың авторлық құқықтары ҚР Білім және ғылым минстрлігіне тиесілі. Енді кітаптан қателік кетіп жатса, бұрынғыдай баспаға ысыра салмайды. Барлық жауапкершілікті өз мойнына алады. Соған қарағанда оқулықтардың сапасына да сенімді болар.
4. Тең мүмкіндіктер. Маған білім және ғылым министрі Е. Сағадиев бір сұхбатында «элита мектептер немесе әлсіз мектептер болмауы тиіс! Қазақстан мектептерінің деңгейі әртүрлі. Қайсібірінің айырмасы жер мен көктей. Біздің барлық мектептердің деңгейі жоғары болуы қажет.» деген еді. Ауыл баласы қашанғы ауылдық квотасына алға тарта береді. Ауылдағы білім нашар деген стереотипті бұзатын уақыт жетті. Мақсат ауыл баласын квотадан айыру емес, тең мүмкіндіктер беру. Барлығы бір оқулықпен оқиды, қосымша білім алам десе, бәрекелді. Мұғалімдер оны да бере қояды.
5. Жемқорлыққа жол жоқ. Бұрын мейілінше көп мектептің бір баспа кітаптарын алғаны «біреулерге» жақсы болатын. Мысалы, бір мектеппен келіссеңіз, онда кемінде 5-6 мың бала білім алады. Оқулықтың ең арзаны 500 теңге. Бір ғана оқулықтан 25 000 000 теңге. Ал аудандық білім беру басқармасымен сөйлессеңіз, құдай жарылқады дей беріңіз. Тегін емес, әрине… Ал енді бірегей кітап болған жағдайда, кітабыңыз не тізімге енеді, не ешбір пара көмектеспейді. Сіздің кітабыңыз бекітілуі үшін еш конверт көмектеспейді, тек кітап сапасы маңызды.

Кемшілігі.
1. Бағдарлама бірдей. Сенде бар оқулық барлық мектептерде бар. Ал енді бәйгеден озып келер жүйріктерді дайындай ғой. Бұл жерде бар салмақ мұғалімге түсетін сияқты. Сондықтан енді элита мектептерге емес, білікті мұғалімге сұраныс арта түседі. Хм, мұны енді кемшлік деуге келе ме екен… Бірақ жақсы ұстаздар әрқашан аз ғой.
Білім және ғылым: Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері

Енді оқулықтардың өзін сынап көрейік. «Сауат ашу» оқулығы. 1-сынып оқушыларына арналған.
Артықшылықтары
1. Оқулық атауын байқадыңыздар ма? Әліппе де емес, Ана тілі де емес, Сауат ашу. Бұл оқу мен жазу оқулығының интеграциясы депті жасақтаушылар. Бұрын бірінші сыныпта мен өмірі естімеген ақын-жазушылар жүретін еді. Бұл оқулық мазмұнынан мін таба алмадым. Жарасқан Әбдірашев, Мариям Хакімханова, Бауыржан Жақып сияқты ақындардың өлеңдерін көріп қуанып қалдым.
2. Қате жоқ!!! Шынымды айтсам оқулықты ежіктеп екі күн оқыдым. Дәлірек айтсам қате іздедім. Таппадым)) Айтпақшы, екі томдық кітаптан түсінбегенім тек бір жұмбақ қана болды. Бір күн бойы бас қатырған жұмбақтың жауабын Аршат Ораз бірден тапты.
3. Кітап көлемі, бұрынғыдай кішкентай Б5 емес, Б4 форматы. Мәтін мен суреттер кеңінен орналастырылған. Дизайны көзді талдырмайды.
4. Бет көлемімен қоса, шрифті де үлкейген.
5. Суреттерінің сапасы тым жақсы. Түстер тым қанық емес, көзді шаршатпайды. Пастель тондар қолданылған. Бұл психикалық жағынан да балаға жағымды сияқты.
6. Кітапта топтық жұмыс, жұппен жұмыс, өз бетімен іздену, ойнау, ойлау, күрделі тапсырма, тыңдау, жазу, тағы басқа командалар белгіленген.
7. Авторлар. Беделді әрі білікті. Педагогика ғылымдарының докторы Әзия Елеупанқызы Жұмабаева, Абай атындағы ҚазҰПИ бастауыш сыныптарға білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры Гүлнар Инаматқызы Уаисова. Кітап сапасына, мазмұнына қатысты күмәнім қалмады. Сізде ше?
8. Жеңіл. Қағаз сапасы жоғары. Бір оқулық салмағы 100 грамнан аспайды.

Кемшіліктері
1. Мұқабасы жұқа. Ойлана келе кітап жеңіл болуы үшін мұқабасы жұқа болды ма дедім. Қалың мұқабалы кітаптарды рюкзаңына салып мықшыңдаған қызымды елестетіп, бұл пункт кемшілік емес, артықшылығы шығар дедім.
2. Ағылшын тілі оқулығының ғана электронды нұсқасы бар екен. Басқа кітаптардың электронды нұсқасы жасалса ше? Әй бірақ баланы онсыз да планшеттен айыра алмай отырғанда бұл дұрыс емес шығар. Оның үстіне ватсапта баланың есебіне жабылып шығаратын ата-аналар елестеп, мұның да болмағанына шүкір дедім.
Әзірше осы. Баланың да менің де болашағым олардың алған біліміне байланысты. Қартайғанда зейнетін көру үшін балаңыздың біліміне зер салыңыз. Айтпақшы, бала білім мен тәрбиені тек мектепте ғана емес, үйде де алады. Ертең балаңыз ержеткенде мұғалімін емес, сізді асырайды ғой иә? Сондықтан бала тәрбиесін мектепке, мұғалімге ысыра салмаңыз. Бірақ, бала үшін сабақ оқып, тапсырма орындаудың да қажеті жоқ.

Айтпақшы, қызық жұмбақтың жауабын тауып көріңіз ;)
Білім және ғылым: Бірыңғай оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері
Әрі қарай