«Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны туралы постың жалғасы.
*Ескерту: суретке түсініктеме оқығыңыз келсе, курсорды суреттің үстіне апарыңыз
10-12 маусым аралығындағы үш күнде Қарағанды облысына қарасты «Спасск» оқу-жаттығу орталығының полигоннында әскери-патриоттық клубтарының өкілдері, әскери мектептердің оқушылары және ЖОО-ның әскери кафедраларының студенттері қатысқан «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастардың алғашқы жиыны болып өтті. Осы жиынның жабылу рәсіміне бірқатар астаналық журналистермен қатар KazTube порталының блогері де барып қайтқан болатын. Оларды Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери ұшақпен алып барды.
Бұл байқауға белсенді жастардың 800-ден аса өкілдері бас қосты. Қатысушылар өздерінің машығын, дене даярлығы мен қиындықтарды еңсере білу қабілеттерін көрсетуі тиіс болатын. Сонымен қатар белтемір мен серіпедегі жаттығулар, пневматикалық винтовкадан оқ ату, 100 м. қашықтыққа жүгіру, ұзындыққа секіру, арқан тарту, газтұмша (противогаз), жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию, АК-74 автоматын бөлектеу және құрастыру бойынша спорттың әскери-қолданбалы түрлерінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Жабылу салтанатына ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов келіп, Қарулы күштердің Жоғары Бас қолбасшысы — ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиынға қатысушыларға жолдаған хатын жеткізді.
Хатында Елбасымыз жастарға ыстық ықыласын білдіріп, "Әскерге, оның заманға сай қарулануына және әскери дайындығына қамқорлық — Қазақстанды нығайту жолындағы 100 нақты қадамның — Ұлт Жоспарының маңызды бөлігі. Оны жүзеге асыру ісі басталып та кетті" дей келе, жиынға қатысушыларға төзімділік, мықтылық, әскери бейімділік, командалық рух және өзара жолдастық көмекке адалдық тіледі.
Қорғаныс министрі Елбасы тілегін жеткізген соң, жеңіске жеткен командаларды марапаттады. Сайыстар барысында жалпы командалық бірінші жүлделі орындарды: әскери-патриоттық клубтар арасында Астана қаласындағы «Жасұлан» әскери-патриоттық клубының, ЖОО әскери кафедралары арасында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің, республикалық әскери мектеп-интернаттар арасында Т. Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық мектеп-интернатының командалары иеленді.
Сонымен қатар орын алған командаларды марапаттауға Ауған соғысының ардагерлері Бақытжан Ертаев пен Бақытбек Смағұл және Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков те қатысты.
Жиын соңы әскерилердің өнер көрсетуіне ұласып, байкерлердің, ұшқыштардың жаттығуларымен, парашютшілердің секіруімен аяқталды.
Толығырақ фото көргіңіз келсе, мына жазбада жарияланған.