Астанадағы қыс: коммуналдық қызметшілердің бір күні

Қыс келді, демек көшелер, даңғылдар, жолдар мен тротуарларды қар мен мұз басады. Көмекке «тазалықты сақтаушылар» келеді. Астана әкімдігі сайтының тілшісі қала тазалығына жауапты адамдармен бір күнін өткізді.


Коммуналшылардың жұмыс күні таңғы сағат 6-да басталады. Жұмысшылар екі ауысымда шығады. Бірі сағат 6:00-ден 15:00-дейін, екіншісі сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Жұмысшыларды үйінен жұмысқа дейін және қайтадан апарып тастайтын арнайы қызметтік тасымалдау ұйымдастырылған. Егер қалада тұратын болса, олар күндіз үйлеріне өздері қайтады. «Астана Тазалық» ЖШС-де негізінен 45 пен 55 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер еңбек етеді. 



 «Әрбір аудан көше орамдарына бөлінген. Орамдағы жолдардың өткізу қабілеті мен қысқы маусымдағы бір учаскеде қардың қаншалықты жаууына байланысты кем дегенде 4 адам шығуы мүмкін. Біздің Сарыарқа ауданында 5 бригада жұмыс істейді. Осыған орай көше мен даңғылдардың 5 айналымын тазалайды. Алдымен қарды машиналар тазалайды, тротуарларды сыпырып әкетеді. Содан соң адамдар КамАЗға арту үшін қарды бір жерге күреп жинайды. Әрбір көлік 7 текше метр қарды тасып шығарады. Жол төсемдерін тазалайтын көліктердің рейсін патрульдік машина сүйемелдеп алып жүреді», — деді Сарыарқа ауданының «Астана Тазалық» қолмен жинау бойынша учаскенің бастығы Раис Құрамшин.



Көлік толған соң ол қардың қалдығын төгіп келу үшін жоспарлы рейсті жасап келеді. Сәуір-мамырға дейін жатқан қардың қалдығы еріп, қалған қалдығы қалалық қоқысқа тасылады. Аудандағы маусымдық қалдық орны мекен-жайын ауыстырғанын айта кетейік. Қазір ол Талапкер жақтағы Астрахань тас жолы маңайында орналасқан.



Қоқыс тастайтын жерге келген әрбір жүргізуші будкадағы кезекшіге келіп белгіленіп кетуі тиіс. Арнайы есептейтін машина арқылы оның әрбір рейсі есепке алынады. Жол парағына уақыты, күні, көліктің номері жазылады. Ары қарай рейс журналға жазылып қойылады. Сосын көлік қарды түсіруге барады.



  «Біздің жұмысымыз – маусымдық жұмыс. Оның көлемі қардың көп жауғанына байланысты. Осы күндері қар жауып тұрды, күніне 5-7 рейс қар тасыдым. Кейде қар қалың жауса, одан да көп рейс тасымалдаймыз», — деді жүргізушілердің бірі тілшіге. 



Ары қарай қарды түсіріп жатты. «КамАЗдар» кезекпен текше метр қарды төксе, ал жүк артушы көп орын алмас үшін қарды сыпырып жинап жатты. Ауысымнан кейін әрбір аудан жиналған қар, техника, елорда көшелерін тазалауға шыққан жұмысшылардың саны туралы мәліметті жолдайды.



 «Бізде тек қана компания қызметкерлері ғана емес, ұсақ бұзушылықтары үшін жазасын еңбекпен өтеушілер де жұмысқа шығады. Алғашында олар бұл жұмысқа салғырт бей-жай қараса, «еңбек терапиясынан» кейін қала көшелеріндегі тазалықты сақтап тұратын адамдардың еңбегін бағалай бастайды», — деп түйіндеді Раис Құрамшин.



Қазіргідей қарбалас заманда жұмыс күндері коммуналдық қызметкерлердің еңбегін елемеуі де мүмкін,  елорда көшелерін тазалауға кедергі келтіріп, жол берместен, тіпті дөрекілік танытып, күш қолданатындар да жоқ емес.


Ендеше адамдардың тырмысып жасап жатқан еңбегін бағаласақ, қаладағы даңғылдар да уақтылы тазартылып тұрар еді. Ал адамдардың бір біріне деген өзара сыйластығы мен құрметі әрбір мамандық иесіне шыдам мен мәдениетті тереңнен сіңіре түспек.


Мәтін: Екатерина Тыщенко


Фото: Бекзат Ғали

Қарттар мен ардагерлерге қандай жеңілдіктер қарастырылған

Бірде-бір зейнеткер қалалық биліктің назарынан тыс қалмайды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Жыл басынан бері санаторлық-курорттық емдеу қызметтерімен 2 мыңнан астам астаналық қамтылды. Демалыс қызметтері Қатаркөл жағалауындағы Щучинск-Боровской курорттық аймағында орналасқан қарттар, мүгедектер мен мүгедек балаларға арналған Оңалту орталығнда орналасқан.


Атап айтқанда, зейнеткерлер үшін 35% жеңілдік (50 750 теңге), 25% жеңілдікпен (36 250 теңге) ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген адамдар мен мүгедектерге тегін қызмет көрсетіледі.


Сонымен қатар, 2018 жылдың 15 қазанынан бастап 2019 жылдың 15 сәуіріне дейін жылу беру маусымына дейін қатты отын сатып алуға өтемақы төленеді. Жыл басынан бері бұл аталмыш қызмет 698 отбасына берілді.


Сондай-ақ, жеңілдікті санатта тегін тіс протездеу қызметтері ұсынылады. Жыл басынан бері осы қызметті 2803 адам пайдаланған. Жыл сайын Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген 2 мың адамға дәрілік заттарға біртұтас материалдық көмек пен коммуналдық қызметтер үшін ай сайын ақшалай өтемақы төленеді.


Жылына бір рет қаладағы зейнеткерлерге мерекелік материалдық көмек көрсетіледі:
– 8 наурыз (Халықаралық әйелдер күні) көпбалалы аналарға;
– 7 мамыр (Отан қорғаушылар күнін қорғаушы) — Қазақстан Республикасына арнайы қызмет көрсету үшін зейнетақы алушыларының зейнеткерлік жастағы адамдар;
— 31 мамыр (Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні) — саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен мүгедектігі бар азаматтар немесе зейнеткер;


30 тамыз (Қазақстан Республикасының Конституциясы күні) — ең төменгі зейнетақы алушылар арасында зейнеткерлік жастағы адамдар;
1 қазан (қарттар күні) қарттарға (ең төменгі зейнетақы алушылардан басқа);
Қазан айының екінші жексенбісі (Мүгедектер күні)  мүгедектер мен он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар;


– Ұлы Жеңістің 73 жылдығын мерекелеу аясында 9 мамырда (Жеңіс күні) Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген 4 мыңға жуық адамға Жеңіс күніне біржолғы төлем түрінде әлеуметтік қолдау көрсетілді:


Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне — 67 АЕК (161 135 теңге), ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктерге теңестірілген тұлғаларға – 9 АЕК (21 645 теңге), тыл еңбеккерлеріне – 4,5 АЕК (10 822 теңге).


Қазақстандағы киберспорт немесе электрондық спорттың ресми түрде спорт түрі деп танылуы!

Киберспорт жанашырларының құрған Qazaq Cybersport Federation республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан қолдау мен ықыласқа ие болды. «Бүгінде электрондық спортты дамытуға кешенді мақсатты бағдарлама жасалып, халықаралық бейіндік ұйымдарға қосылу үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Ресми түрде танылған және Федерациядан аккредитациядан өткен ұйым енді ресми түрде елімізді халықаралық алаңдарда өкілдік ете алады», — делінген Федерацияның интернет-ресурсы (www.qcf.kz интернет) таратқан хабарламада. 2017 жылдың қазан айында киберспортты Халықаралық олимпиада комитеті олимпиадалық спорт түрі ретінде тану мәселесін қарауға алды. Сарапшылардың мәліметі бойынша, 2017 жылы киберспорт нарығының айналымы 655 миллион доллар болған, ал 2021 жылы оның айналымы 1,6 миллиард доллардан асады деген үміт бар.
Қазіргі таңда елімізді осы киберсопрт жағынан әлемдік деңгейде танытып жүрген бірнеше қазақстандық командалар бар, айта кететін болсақ «Gambit», «Avangar», «Mantegos». Осылардың ішіндегі «Gambit» командасының ойыншысы Бектияр Бахытов өз сұқбатында айтып өткен болатын «Мен осы ойынды кішкентай кезімнен ойнайтынмын, ең алғаш осы ойынды маған үлкен ағам көрсеткен болатын. Кішкентай кезімде осы ойын бойынша профессионалды түрде айналысамын деп ойламаған едім. Осы командаға келген кезімнен өмірімдегі ең үлкен жеңіске жеткен болатынмын, ол PGL Major Kraków 2017, болатын, бұл мен үшін үлкен жеңіс болды. Ол жердегі жүлде қоры 1 млн АҚШ долларын құраған болатын. Қазақстандағы жаңалықты естіп өте қатты қуанып қалдым, бұл әрине үлкен шешім.» деп өз ойын білдірген болатын.

Елордалық студенттерге есірткінің зияны туралы айтылды

Бүгін жоғарғы медицина колледжінің студенттері үшін «Химиялық заттарға тәуелділік» тақырыбында тренинг-дәріс өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Дәріс өмірлік қиын жағдайға тап болған әлеуметтік жағынан қорғалмаған жастарды қолдауға бағытталған профилактикалық іс-шаралардың әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылды.


Астана полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі есірткі қолданудың салдары және нашақорлықтың алдын алу шаралары туралы айтып берді.


«Қазір жастар арасында интернетте жарнамаланатын есірткенің синтетикалық түрлері және шегуге арналған түрлі қоспалар туралы айтылады. Есірткі қолданудың алдын алу мақсатында біз үздіксіз жұмыс жүргіземіз. Осындай кездесулерде біз есірткі мен түрлі белсенді қоспаларды қолданудың зардабы туралы айтамыз. Дәріс барысында бейне роликтер мен слайдшоулар көрсетеміз. Менің ойымша мұндай іс-шаралар студенттерге есірткіден алшақ болуды үйретеді. Дәріс соңында олардың бізге ұсынылған  ақпаратымыз үшін алғысын білдіретіні осыған дәлел болса керек», — дейді Әлия Қибатқызы.


Айта кетейік, осындай тренинг-дәрістер Астанадағы барлық орта оқу орындары мен ЖОО-да жүргізіледі. Қорытынды шара ретінде нашақорлықтың алдын алуға арналған дөңгелек үстел өтеді. Аталмыш іс-шаралардың барлығын «Астана жастары» мен Полиция департаменті ұйымдастырады.


«Астана Операда» Бродвей хиттері шырқалады

«Астана Опера» театрының Камералық залында өнер сүйер қауым Бродвейлік шоу әлеміне саяхат жасай алады. 27 қарашада мұнда «Әлемдік рок-опералар мен мюзикл хиттері» концерті өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Концерттік бағдарлама барысында елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына Э.Л.Уэббердің «Иисус Христос – суперзвезда», В.А.Моцарттың музыкасына Д.Аттья, Ж.П.Пило, О.Шультез, В.Руссоның «Моцарт. Рок-опера», А.Рыбниковтың «Юнона және Авось» сынды танымал рок-опералардың хиттері, сонымен қатар Queen тобының репертуарынан Ф.Меркьюридің «Bohemian Rhapsody», Б.Кингтың «Stand by Me» және «Ain’t Now», «We Shall Overcome» әндері ұсынылады.

Туындыларды Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы Камералық хорының әртістері шырқайды. Вокалдық партияларды орындайтын солистермен бірге сахнада гитарашылар және өзге де рок-музыканттар өнер көрсетпек. Көркемдік жетекші әрі дирижер – ҚР мәдениет қайраткері Гүлмира Құттыбадамова. Басталу уақыты: сағат 19:00-де.

Астанада қызылшаға қарсы тегін вакцинациялау басталды

Қалада жоспарлы түрде 1 жас, 6 жастағы балаларды, сондай-ақ қызылша ауруына шалдыққандармен байланысқа түсіп, бірақ вакцина алмаған тұлғаларды иммундау шараларын жүргізу үшін вакцина дозасы жеткілікті (25 мың), деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Жыл басынан бері қалада қызылшаға қарсы 19 144 балаға (яғни 83,3 %) алғашқы екпе және 6 жастағы 15220 балаға (мақсатты топтың 78,6 %) қайталама вакцина салынды. ОКҚ-де өткен брифингте Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтауды қорғау департаментінің басшысы Садуақас Байғабылов вакцинацияның қызылша ауруына қарсы бірден бір тиімді шара екенін айтып өтті. 


 «Астана қаласында қызылша ауруының маусымдық жандануы байқалады. Қызылша – жұқпалы инфекция, ол адамға ауру адамнан ауа тамшылары арқылы таралады. Эпидемиологиялық процесс барысында 90 % — 1 жасқа дейінгі егілмеген балалар мен 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер ауырады. Қызылша асқынған жағдайда, оның салдары отит, пневмония, энцефалит сияқты ауруларға әкеп соқтыруы мүмкін», — деді С. Байғабылов.


Қызылшаның негізгі симптомдары мен белгілері: 4-тен 7 күнге дейін созылатын 38-40 градус жоғары температура, әлсіздік, тәбеттің жоғалуы, ӨРЖИ белгісіндегі тұмау, жөтел, көздің қызаруы мен жасаурауы, терінің біртіндеп бөртуі, алдымен маңдай, кейін құлақ және барлық дене бөртіп кетеді. 


«Вакцина тегін. Қызылшаға қарсы профилактикалық екпе 1 жастағы және 6 жастағы балаларға жүргізіледі. Сондай-ақ, эпидемиологиялық көрсеткіште алғашқы 72 сағатта 30 жасқа дейінгілерге де салынады. Қызылшадан күдіктенген жағдайда тез арада қаладағы жұқпалы стационарға медициналық көмекке жүгіну қажет. Қаладағы жағдай Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен АМСК ұйымдарының бақылауында», — деді Садуақас Байғабылов.


Аталған қоғамдық денсаулық сақтауды қорғау департаментінің мәліметінше, 2018 жылы қарашада Астанада 38 қызылшаға күдікті жағдай тіркелген. Оның 20-сы – сәби, 8 – жасы бойынша вакцина алмаған балалар, 5 – ата-анасы вакцина салдырудан бас тартқан балаларға қатысты жағдайлар. 2 жағдай бойынша екпенің егілмеу себептері анықталып жатыр.  


Қазіргі таңда балалар жұқпалы аурулар ауруханасында 35 бала ем қабылдауда. Жағдайлары қалыпты. Үш баланы шығарды. Зертханада 15-іне «қызылша» деген диагноз қойылды. Екпемен 37 адам қамтылды.


Астанада әлеуметтік көмек көрсетуге жыл сайын 5 млрд-тан астам теңге бөлінеді

Елордада қарт адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді, тұрақты негізде әлеуметтік қолдау және өмір сапасын арттыру жүзеге асырылады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Астанада 80 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың 89-ы – соғыс ардагері бар, 24 мыңы – мүмкіндігі шектеулі жан (4644-і – мүгедек бала). Соғыс ардагерлерінің барлығы үймен қамтылған. Астана қаласының жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов Есіл ауданында зейнеткерлермен мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша өткен кездесу барысында атап өткендей, барлық санаттағы әлеуметтік жағынан осал азаматтарды әлеуметтік қолдау бағдарламасы аясында тегін қызмет түрінде немесе қаржылай түрде көрсетіледі.

Әлеуметтік көмек көрсетуге жыл сайын 5 млрд-тан астам теңге бөлінеді. Астана қаласының әкімдігі тегін жол жүруді жеңілдік санаттары бар алты категория қарастырған: зейнеткерлер (жасы және еңбек өтілі бойынша), сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар, жасы бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша, зейнетақы жасына жеткендер, көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар және бірге жүретін тұлғаларға, соғыс ардагерлері және соларға теңестірілген адамдарға. Тегін жүрумен 115 мың адам қамтылды.

Көне қала - Отырар

Отырар — Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Араб жазбаларында бұл қаланы Фараб деп атаған. Отырар жеріндегі алғашқы қоныстар VIII ғасырда пайда болған. Жібек жолының бас тармақтарының бірінде орналасқандықтан қала дамып, тез арада көркейе бастады. ХІІ жылға қарай Отырар қаласы шеберлер мен өнерпаздар шоғырланған үлкен сауда орталығына айналды. Бұл жерде сарайлар, керуен сарайлары мен қала көшелері пайда болды.

Отырар қақпасы

Шығыстан Батысқа жол жүрген барлық ортағасырлық саяхаттанушылар міндетті түрде Отырар қаласына ат басын бұрған. Осы себепті, қаланың орнында қираған үйінділер қалса да, ортағасырлық Отырар қаласының бұрынғы мәртебесіне куә бола аламыз. Саяхаттанушылар Отырарды үлкен сарайлар, мешіттер мен өзге де алып ғимараттар орналасқан, керуен жолдары қиылысқан үлкен сауда орталығы ретінде сипаттаған. Сондай-ақ, бұл қала Шығыстың ең танымал әрі ұлы ғұламаларының бірі Әбу-Насыр әл-Фарабидің атымен тығыз байланысты. Себебі, ұлы философ Отырар қаласында туып-өскен. Оның танымал шығармаларының ішінде Аристотель туындыларының аудармалары мен мінсіз қала туралы трактат бар.

Отырар қаласы іші

Отырар қаласы 2 мыңға жуық жыл болған. ХІХ ғасырда құрғақшылықтың кесірінен адамдар қаланы тастап кетеді. Осылайша қала біртіндеп босап, кейін бұзылады. Қаланың қираған үйінділері ұзақ уақыт ешкімге белгісіз болады.

Отырар қаласы

Кейін 1969 жылы бұл жерде археологиялық зерттеулер басталады. Көптеген құрылыстар мәңгілікке құм астында көміліп, жоқ болып кетсе де, археологтар кейбір мешіттердің, сарайлар мен моншалардың кескінін келтіре алды.

Отырарда

Осылайша археологиялық зерттеулердің арқасында Отырар қаласының мықты қамалы мен үш қақпасы болғаны анықталған. Аталмыш қақпалар аспалы көпірлермен жабдықталған. Бұл қақпалар арқылы өзге жақтан жол жүріп келген кісілер қаланың орталығына кіре алған. Сондай-ақ, қолөнер, ағаш шеберлері мен ұсталардың болуы, қаланың ішінде су құбырлары мен канализация жүйесінің орналасуы Отырар қаласының жоғары маңызға ие қалалардың бірі болғанын көрсетеді.

Отырардағы жазба

Отырарда суландыру жүйесі белсенді пайдаланылған. Бізге дейін жеткен жазба деректеріне сүйенсек, Отырар қаласының тұрғындары күріш, тары, бидай секілді азықтық дақылдарды еккен, сонымен қатар, мақта, жүзіммен қатар, өзге де жеміс-жидектерді өсірген. Осылайша өздерінің ауқымды бау-бақшалары болған.

Отырардағы ескі құмыра

Аталмыш деректерді археологиялық зерттеулерде дәлелдейді.

Отырардағы ескі қазбалар

Отырар ІХ-Х ғасырларда гүлденген ірі қала және ғылымның орталығына айналды. Бұл қалада сәулетті сарайлар, ірі медреселер, мешіттер болған. Ежелгі Отырар қорғанын жаулап аламын деушілердің бірі Шыңғыс хан болды. Ол Қытайды жеңіп, Отанына оралған соң, қазақ даласын жаулап алуды ойлады. Бұл мақсатын іске асыру үшін осы елдерге үш мұсылман бастаған елші аттандырды.Мұхаммед шах оларды Бұхара қаласында қабылдап, шығыс пен батыстың арасын жалғастырып жатқан Жібек жолын моңғол керуені үшін ашып қоюға уәде байласып, келісім шартқа қол қояды. Елшілер оралған соң, Шыңғыс хан тағы тыныш жатпайды. Хорезм елінің күшін, сауда-саясатын біле түсу мақсатымен тыңшы қосып, екінші рет елшілік аттандырады. Мұны сезген қала әміршісі оларды тұтқынға алып, Мұхаммед шах әмірімен тыңшыларды жазалайды. Осылай Шыңғыс ханның үлкен мемлекетке шабуыл жасауына себеп табылады.

Отырар қорғаны

1219 жылы қыркүйекте моңғолдар Отырар қаласын қоршады. Халық жаулап алушыларға қарсы ерлікпен 6 ай бойы күресті. Жақсы бекінген, ерекше қарсылық көрсеткен Отырар қаласын Қайырхан әскерімен бірге қорғайды. Қаланы биік дуалмен қоршап, жан-жағын айналдыра ор қазып тастаған. Қалаға кіріп-шығу үшін, қақпа салған.Қайыр хан Шыңғыс ханның көрші мемлекеттерді қалай жаулап алғанын жақсы білді. Сондықтан қаланы қорғау үшін барлық даярлықты жасады. Жаяу және атты әскерлерді қақпа алдына қойды. Ал өзі қамал қабырғасына шығып, қала сыртына қарағанда көз жетер жердің барлығында әскер тұрды. Шыңғыс ханның жауынгерлері қамалдың айналасында бірнеше қатар болып, шеңбер құрып орналасқан болатын. Отырар қаласын еркектермен бірге әйелдер де, балалар да ерлікпен қорғады. Монғолдар қаланы жермен-жексен етеді. Талай ғасыр бойы гүлденген Отырар қаласы қиратылып, өртелді.Қала халқы қырылды, тірі қалғандарын Моңғолияға айдап әкетеді.Отырар-қаһарман қала, оны қорғаушылар — ерліктің үлгісі.

Отырар қақпасы

Отырар 1219 жылғы шапқыншылықтан кейін қайта жанданады. Отырар Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Моңғолия мен Қытайға баратын маңызды сауда қаласы болды. Отырар шамамен XVIII ғасырдың басына шейін өмір сүрген.

Отырар қаласы

Ежелгі Отырар қаласының орнында Фараб немесе Бәрәб атты үлкен қоныс болған. «Бәрәб» — ежегі түрік сөзі. Ол «сулы қоныс» деген мағынаны білдіреді, себебі шаһар Арыс пен Сырдария өзендерінің қосылған тұсында орналасқан. Ежелгі Отырар немесе Фараб қаласының орны Оңтүстік Қазақстан облысының түстік батысында, темір жол бойында болған.

Астанада қалалық даму акселераторы құрылатын болады

Елорда әкімдігі жанынан құрылатын қызметтің жаңа түрі қалалық iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығы аясында көрсетіледі, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.


Қалалық даму акселераторы  қала дамуының негізгі мәселелері бойынша қысқа мерзім ішінде – 100 күнде жұмыс тетіктерін жасап шығарып, оларды сынау үшін әкімдіктің басты қызметкерлерін, сырттан сарапшыларды, белсенді азаматтарды тарта отырып, әкімнің орынбасарлары мен әкім жетекшілік ететін штаб құруды көздейді. Қалалық даму акселераторының міндетіне қаланың жүйелі түйткілдерін шешумен қатар, дамудың стратегиялық көрсеткіштеріне (KPIs) қол жеткізу де жатады.


Әрбір штабта сарапшылардан, атап айтқанда әкімдік, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен, белсенді тұрғындардан, ғалымдардан, кәсіпкерлер мен басқа да мүдделі тұлғалардан тұратын жұмыс тобы жұмыс істейді. Жұмыс тобы жобаны идеядан бастап, түбегейлі іске асырылғанша жоспарланған нәтижеге қол жеткізілгенше жетелейтін болады.


Мұндай даму акселераторлары Дубайда (БАӘ) мемлекеттік деңгейде жұмыс жасайды.


Қалалық даму акселераторын құру қысқа уақыт ішінде тиімді шешімдер әзірлеуге, жылдам нәтижелерге қол жеткізуге, сонымен қатар халықты қалалық түйткілдерді шешуге жұмылдыруға көмектеседі.


Жүйелі түйткілдерге мониторинг жасау құралдарының бірі – нақты уақыт тәртібіндегі қаланың жүйелі түйткілдері рейтингісінің панелі. Әрбір түйткілге қоса түйткілдің сипаттамасы, себебі және қаланың жүйелі түйткілдерінің пайда болуын азайтуға ұсынылатын шешімдер көрсетілген талдамалық анықтама беріледі. Бұл панель қалалық даму акселераторы зерттейтін қаланың жүйелі түйткілдері туралы дереккөздердің бірі болып табылады. Қаланың жүйелі түйткілдерінің рейтингісі елорда тұрғындарының барлық өтініштері базасының BIG DATA арқылы қалыптасады. Талдамалық үлгіге өтініштер мен жағдаяттардың қайталуы, өтініштегі мәселенің резонанстығы мен күрделілігі сияқты өлшемшарттар негіз болады. Қаланың жүйелі түйткілдері рейтингісінің панелі елордадағы түйткілді мәселелердің  жағдайын көрсетіп, автоматты түрде жаңарады.


Әрбір тұрғын жүйелі түйткілдер шешімін бастама етіп көтеріп, iKomek орталығына келесі тәсілдер арқылы жүгініп, елорданы жақсарта алады:


  • Telegram чат-ботына хабарлама жіберіңіздер: https://t.me/astanaikomek109_bot
  • Әлеуметтік желілерде жарияланымдарды #astana109 хештегін белгілеңіздер
  • Елордалық әкімдік сайтындағы astana.gov.kz жеке кабинетте өтініш қалдырыңыздар
  • 109 нөміріне тегін қоңырау шалыңыздар
    Әрқайсыңыздың пікіріңіз маңызды!

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы

Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес.



Шын мәнінде, немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамасына көз жүгіртсек, олардың мыңдаған жылды қамтитын төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатыстылығы жөнінде сұрақ туындайтыны орынды.  Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш. Сол сияқты, ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бір бөлшегі. Полиэтникалық бай мәдениеті бар ежелгі Үндістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үздіксіз дамып  келе жатқан бірегей өркениет ретінде қарастыруға болады.



Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады.



Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті.



Біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр.



Екіншіден, біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды.



Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.



Тіпті, қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ.



Сонымен бірге ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бұл – түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих.



Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек.



Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.



Сонымен, Ұлы даланың жеті қырына тоқталайық.



 



І. ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ



Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді.



 



1. Атқа міну мәдениеті



Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.



Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының  тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.



Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.



Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.



Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі.



Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі.



Біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз.



Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды.



Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ.



Сонымен қатар бүгінгі етіктердің барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктің «мұрагерлері» екені белгілі.



Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді.



Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды.



Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тайпалары ойлап тапқан тағы бір технологиялық жаңалық – қылыш. Оның оқтай түзу немесе иілген жүзі – ерекше белгісі. Бұл қару ең маңызды әрі кең таралған соғыс құралына айналды.



Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпенділерінің айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті.  



 



2. Ұлы даладағы ежелгі металлургия



Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады.



Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді.



 



3. Аң стилі



Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды.



Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған.



Олар жыртқыштардың, негізінен мысық тұқымдас аңдардың суретін көбірек қолданған. Егемен Қазақстанның символдарының бірі – жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес.



Бұл ретте, аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген.



Жалпы, «аң стилі» феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады.



 



4. Алтын адам



Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам».



Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті.



Дала халқы өз көсемдерін осылайша ұлықтап, оның мәртебесін күн секілді құдірет деңгейіне көтеріп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен де мол хабар береді. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі.



 



5. Түркі әлемінің бесігі



Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды.



Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды.



Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан.



 



6. Ұлы Жібек жолы



Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды.



Бұл жол халықтар арасындағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшін орнықты платформа болды.



Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды.



Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Түрік империяларының аумағын қамтыды. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді.



 



7. Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны



Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта  теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды.



Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады.



Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі.



***



ІІ. ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ



Көтерілген мәселелер жан-жақты  ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты.



Бұл жұмысты бірнеше ірі жобалар арқылы бастауға болады деп ойлаймын.  



 



1. Архив – 2025



Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр.



Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын. 



Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек.



Қай жағынан болсын, бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауға тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет.



Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады.



 



2. Ұлы даланың ұлы есімдері



Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады.



Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр.  



Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді.



Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек.



Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет.



Сондай-ақ бұл жерде классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге, шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартқан жөн.



Үшіншіден, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет.



Бұл бағытта қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылатын халықаралық көпбейінді ұжым құруға болады. Нәтижесінде, біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шет елдегілер де білетін болады.



 



3. Түркі әлемінің генезисі



Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты.



Осыған байланысты, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатынТүркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, Википедияның үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да маңызды.  



Сонымен қатар жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет.



Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады.



 



4. Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі



«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін – аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақтауға болады. Онда Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экспозициялары қойылады. Бұл заттар тарихи дәуірлердің қандай да бір кезеңіндегі әртүрлі шаруашылық салаларының даму үдерісін көрсетеді.



Сонымен қатар «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізуге болады. Бұған қызығушылық білдірген адамдарды тарта отырып, осы тақырыптар аясындағы жұмыстарды бір мезгілде жүргізуге болады.



Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ.



Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет.



 



5. Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы



Бұл жоба  аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады.



Сонымен қатар қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет.



Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңызды.



Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз.



Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек.



Атап айтқанда, көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттерімен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға болады. Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылады. 



Сонымен қатар фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет. 



 



6. Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі



Қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады. 



Сондықтан тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек.



Аталған жобалар кең халықаралық ынтымақтастық аясында отандық және шетелдік үздік сценаристерді, режиссерлерді, актерлерді, продюсерлерді және заманауи кино өндірісінің басқа да мамандарын тарту арқылы жүзеге асырылуға тиіс.  



Қызықты әрі мелодрамалық сарындармен қатар, көрермендер үшін танымал фэнтези және шытырман оқиғалы блокбастерлердің элементтерін қоса отырып, жаңа тарихи теле-кино туындылардың жанрларын барынша кеңейту қажет.



Осы мақсатпен Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалануға болады. 



Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек.



Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар.



 



ҚОРЫТЫНДЫ



Осыдан бір жарым жыл бұрын менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалам жарыққа шықты.



Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын.



«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді.



Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.