Соңғы серуен

1983 жыл. Қыс. Мамықтай жұмсақ, аппақ қар қымтанған табиғат. Екі апталық боран басылып, күн шуағын төгіп қуантып тұр. Жұмыстан ертерек шыққан ол бүгінгі күнін екі апта бойы үйден шыға алмай отырған сүйікті итіне арнамақ. Үйіне келісімен ауқаттанып, итін серуенге алып шықты. Күн күлімдеп, ақ ұлпа қар жылт-жылт етеді. Екі апта түз көрмеген ит біресе алға озып, біресе әр бұрышты тіміскелеп, тым озып кетсе, иесіне қайта оралып, «тезірек жүрсеңші» дегендей үріп қояды.
Екеуі достасқалы біраз жыл болыпты. Бұл екеуі табысқанда анасынан жаңа туған күшік еді. Иесі сүтпен асырап, өсірді. Бір күні күшік ашық тұрған есіктен далаға шықты. Есік алдында жүрген үлкен итке жайдан-жай соқтығып, таланып қалғаны да есінде. Қыңсылап жатқан жерінен иесі тауып алып, дәрігерге көрсеткен. Дәрігер: «Күшік әлсіз, өліп қалады. Әуре болмай-ақ қойыңыз», — деген күрсініп. Алайда иесі көнбеді. Жолда дәріханаға соғып, дәрі-дәрмек алды. Оны бір айдай емдеп, ақыры дегеніне жетіп, аяққа тұрғызды. Содан бері ол иесіне адал қызмет етіп келеді. Ұлы достық осыдан басталған-тын…
Міне, ол тағы да алға озып кетті. Қайта бұрылып еді, иесі көрінбеді. Кейін қайтып келсе, иесі жерде жатыр екен. «Жүрсеңші, серуендейік» деп үріп, иесін орнынан тұрғызбақ болды. Алайда иесі үндемеді. Жақын келіп, иіскелеп, жүзіне үңілді де, бір нәрсені түсінді. Әлі суый қоймаған жансыз дене жанына жата кетті. Дабыл үні естілді. Айнала адамдарға тола бастады. Ақ халатты біреулер иесіне жақындамақ болып еді, бұл жібермеді. Иесін қимады. Олар жақындаса, онымен мәңгілік қоштасатынын біледі. Бір суық қол ине сұғып, көзі қарауыта берді.
Оянса, үйінде емес екен. Бөтен жер, бөгде адамдар. Тор темірдің ызғарлы суығы. Осы жерде ол үш күн жатып, сосын барып бейтаныс адамдардың жетектеуімен өз үйіне келді. Үйіне келісімен, құйылған асқа қарамай, барлық бөлмелерді аралап иесін іздеді. Алайда таба алмады. Сыртқы есік ашылғанын аңдып, зып беріп сыртқа шықты. Соңынан атын атап шақырған дауысты да елемеді. Қалай да иесін табуы керек.
Иіс бұны қала сыртындағы зиратқа әкелді. Қар… қар астында жас топырақ. Қар астында иесі. Ол қарды аршып, жерді қазбақ болды. Алайда онысынан түк шықпады. Сіресіп қатқан жер берілмеді. Ол аршылған жерге жатып, иесінің жанына жайғасты. Жан досы болған иесін қалай жалғыз тастап кетпек? Жоқ, ол оны жалғыз қалдырмайды. Ол иесінің жанында болады. Көз алдында күндер батып, таңдар атуда. Бірте-бірте иттің көзі жұмыла берді. Ол иесі тәрізді мәңгілік ұйқыға батты. Ақ қар ит үстін көміп, иесі екеуін бір бүтінге айналдырды. Мамықтай жұмсақ, аппақ қар қымтанған табиғат сол күйі. Күн шуағын төгіп, қуантып тұр…
Әрі қарай

Ақ көйлек

Р.S. Ескі күнделігімді ақтарып отырып, мына өлең жолдарына көзім түсті. Осыдан бір-екі жыл бұрын жазылған-ау деймін шамасы…
Оқи отырып, " киім көрдім ішінде адамы жоқ, адам көрдім үстінде киімі жоқ"- деген сөздер ойыма орала берді...

Блог - Kutpegen-konak: Ақ көйлек

Ақ қардай көйлек кигенсің

Сағынып жүрек сүйген шын,
Өлең мен әсем күйге енсін.
Адалдық бояуларындай,
Ақ қардай көйлек кигенсің.
Алысып асау сезіммен,
Ақ таңмен бірге көз ілгем.
Бақыттың құсы басыма,
Қонады жалғыз өзіңмен.
Қашанда іңкәр сенім өр,
Жүректен жыр боп төгілер,
Сен киіп жүрген сол көйлек,
Жібектей маған көрінер.
Қиялы, ойлар, танымдар.
Жүрекке жыр боп қондырар,
Ақ көйлекті жан, қайдасың?
Сені іздеп жүрген сағым бар…

* * * * *
Ақыреттік көйлек кигенше,
Жауқазын көңіл солмасын.
Көкейден кетпей жүргенсің,
Түсіне мені білгейсің…
Күндіз ой, түнде түсімде,
Ақ қардай көйлек кигенсің.
Әрі қарай

Қыз тәрбиесі - тектілік айнасы!

Ерте кезден бастап қазақ халқы қыздарының тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Аялы алақандарына салып еркелетіп, мәпелеп өсірген. "Қызға қырық үйден тыйым", "Қыздың жолы жіңішке" деп, әу бастан-ақ жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге баулыды. Киген киіміне, қос бұрымына да ерекше күтім жасаған. Сөйлеген сөзі мен жүрген жүрісіне дейін мән беріп, ағаттық жіберген жерлерін жөндеп, түзеп отырған. Әрқашан қыздарына тәлім-тәрбие беріп, өнеге көрсетіп, үлкенді сыйлауды, кішіге ізет көрсетуді үйретті, яғни адамгершілік қасиеттерді жастайынан бойларына сіңіртті. Көпке топырақ шашпаймын, алайда сол заманның тектілігінің үлгісін қазіргі кейбір қыздардың бойынан табу қиын. Олар өздерінің ар-намысын жоғары бағаламайды. Ашық-шашық киініп, кіндіктерін жарқыратып ашып, сояудай тырнақ жапсырып, кірпіктерің ұзартып жүргендер, әдемі болып көрінеміз деп ойлайды. Бірақ та олай емес, бұл қазақ қыздарына жат қылық. Түнгі клубтардан қазақ қыздарының тайраңдап жүргенін көрсең, ішің ашиды. Содан, некесіз сәбилер дүниеге келіп, қоқыс-жәшіктерден, әжетханалардан табылып жатқандарын жаңалықтардан естіп жатырмыз. Тіпті, жазықсыз сәбидің құнын зат сияқты ақшамен саудалап, сатып жатқандарды көрсең жылағың келеді. Сондықтан, айтайын дегенім қазақ қыздарына әрқашан атымызға кір келтірмей, тектілігімізді, арымызды сақтайық. Саналы ұрпақ дүниеге келсін десек, қазақ деген атқа лайық болайық!!!
Әрі қарай

Өмір селфимен шектелмейді

Блог - madinarebrova: Өмір селфимен шектелмейді
Бір сәтке айналадағы адамдарға көз жүгіртейік… БІіз білген заман өзгерді. Қоғам не боп барады? Технология дамығаны дұрыс-ау. Дегенмен жас және орта буын ұялы телефонға толықтай тәуелді болып бара жатқанын көріп, көкейде болашаққа деген уайым орнығуда. Көз жанарын тауыстып, қайта оралмас уақытын сарп етуден тайынбайтын жастарымызды түсіну қиын.

Қолданыс жағынан рейтингі жоғары: «ВКонтакте», «Whats app», «Instagram», «Facebook», «Twitter», т. б. әлеуметтік желілер мен байланыс бағдарламалары бүгінгі қоғамға ауадан да артық қажет болып кеткен сынды. Негізгі мақсаты жаңадан фотосурет енгізу, ұнамды публикацияларға пікір жазу(комментарий), хат алмасу, ақысыз байланысты пайдалану. Әрине бұл ыңғайлы құрал. Бос уақытта пайдаланып тұруға болады, алыстағы жақындарыңмен хабарласу жағынан да тиімді, әрі адамдардың бір бірімен тығыз араласуына септігін тигізеді. Бәстесу қиын, пайдасы сол жағы болмаса, зияны да жетіп артады. Бұқара күндіз түні сымтетік пен компьютерді(ноутбук) пайдалану арқылы өз уақытына ғана қиянат жасамай, денсаулығына да кері әсерін тигізіп жатқанынан хабардар ма?

Халықаралық Денсаулық сақтау ұйымы ұялы телефоннан шығатын, көзге көрінбейтін электромагнитті толқындарды «канцерогенді» деп сипаттайды. Адам телефон қолданғанда миы өзгеше жұмыс істейді деген фактімен ғалымдардың зерттеулерінен таныс болдық. Сондай-ақ бас аймағындағы ісіктерге шалдыққандардың саны өскенін, дәрігерлер ұялы сымтетікпен байланыстырып отыр. Әлем ғалымдарының зерттеуі әлі күнге дейін жалғасуда. Әзірше телефонға нақты «айып» тағылған жоқ. «Денсаулық – зор байлық» демекші, біреу келіп саусағымен нұсқап көрсеткенін тосқанша, өз денсаулықтарыңызды күткен дұрысрақ. Себебі ертең кеш болуы мүмкін.

Ұялы сымтетіксіз өмір сүру мүмкін емес. Тіпті бір күн үйде қалып қойса күнімен жүйкесі тозып, қолымызды қалтаға жүгіртіп іздейтін әдетке де толықтық. Ауыр зардап шекпеу үшін кішігірім кеңесті құлаққа түріңіз:

-қоңыраурды тек құлаққаппен қабылдаңыз, барынша аз сөйлесуге тырысыңыз;

-электромагнитті толқын тасушы құралды жастық астына, бел айналасында, қалтада алып жүрмеңіз;

-телефон құшақтап ұйықтамаңыз;

-қоңырау соғудан гөрі хабарлама жазуға әдеттеніңіз, барынша миыңыздан, құлағыңыздан аулақ ұстаңыз;

-қиын болса да, күштеп болса да өзіңізді ұялы сымтетіктен арылтуға тырысыңыз.

Болашақ — адамдардан тұрады. Дендері сау, естері дұрыс, эстетикаға құмар, еңбекке бейім жандардан құралады. Келер ұрпақтың амандығы қазіргі қоғам қолында. Зиянын біліп тұрып, өзіне тосқауыл қоя алмайтын тәуелді адамдар саны сансыз. Дегенмен бұл заттың орнын басар құралдар мен әдістер көптігін жадта тұту ләзым. Мысалы, электронды кітапты, газетті оқып отыруды – баспадан шыққан қолмен ұстап, парақтап отыратын газет пен кітапқа айырбастау. Қоңырау соғып, әуре етіп, өзіңе де өзгеге де зиян тигізгенше – жолға аттанып, шынайы кездесу. Арнайы адамдарды сауатсыздандыру үшін шығарылып жатқан ойындарды ойнау орнына – есік алдына шығып достарыңмен доп тебу, серуендеу. Кундіз-түні хабарлама «атысып» отқанша –таза парақ алып қалам тербеп, сағындырып, анда-санда хат жазғаның әдемірек. Міне романтика, нәзік сезімдер қайда жатыр… Көрінгенмен суретке түсіп, селфи жасап жеке парақшаға жариялап, «лайк» жинаумен әуре болғанша – фотоальбомға клеймен жабыстырып, немесе қабырғаға іліп қойған абзалырақ.

Адам — жақындары, дос-жарандары, туған-туыстарымен телефонмен хабар алмасуы арқылы тек өзіне ғана емес, сол танысына да қауіп тигізетінін есте сақтасын. Қолмен ұстап, йісін сезбейтін «ғалам» ешқашан кереметтей, ғажабы мен қуанышы мол әлемге «тор» бола алмайды. Ендеше, бәріміз бірге атсалысайық.

Мадина Реброва
Әрі қарай

Жолтерек

Ертегі: ЖолтерекЕжелгі бір заманда, Айдала деген жазықта алып жалғыз бәйтерек өсіпті. Ол аспан мен жерді жалғап тұрады екен. Оның қоңыртүсті тамыры Өтершақпен, жасылтүсті діңі Осышақпен, алып теректің күмістүсті басы Болашақ бұлтымен байланысып тұрыпты. Бұл дарақ ағаштың аса ерекше қасиеті болыпты, оның жапырақтары жеті түске боялып құбылып тұрады екен. Жер бетінің барлық уақыты терек діңгегіне сіңеді екен. Сөйтіп, Жер тарихы осы бір бәйтерек бойына жазыла береді, жазыла береді.

Бұл қасиетті дарақ ағаш жылына бір рет көктемде ғана гүлдейді екен. Жастар оның гүлін бір біріне сыйласа болды іңкәр сезімдері туындап, ал жер бетіне Күннен алтын түсті махаббат шуағы түседі екен. Әлгі алып теректің гүлі түскен соң, орнына алма секілді дәмді жемістері уылжып пісіпті. Оны жеген адам мұратына жетіп, қартаймайтын қасиет дарыпты.

Алып теректің ерекше қасиеті сол – оны айнала ән салып, тілеген адамдардың тілегі қабыл болып жақсылыққа өзгереді екен, ал бұрынғы уайым-қайғы ұмыт болып, қалаған кезінде, тіпті, Одүниемен хабарласа алатын қабылет дариды болған. Олардың кейбіреуі тәуіп болып сырқатты жазса, бірқатары көріпкел болып, жұртты адасатын жолдан тура жолға салатындай қасиет пайда болыпты. Теректің басына ылғи да жалғыз самұрық құс келіп, жылына бір-ақ рет жұмыртқалайды екен. Ол жұмыртқаға адамдардың арман-тілегі ағаш бойымен келіп жиналады екен де, Болашақ бұлтына сіңіп, Көкке жетіп, дереу орындалатын ахуал орнапты. Арман-тілектің барлығы әлгі теректің бойымен ғана жүретіндіктен, адамдар Өмір жолы ретінде қабылдап, бірқатары оны «жолтерек» десе, енді бірі тілдерінің келгеніне қарай қысқаша «йол» дейтін болыпты. Кейбіреуі еркелетіп «йолка» атапты.

Мұны естіген адамзат Жердің әр түкпірінен Жолтерекке арып-ашып ағылады екен. Кейбіреулері өз тілектеріне жетсе де, басқаларға орын бермей, Жолтерек түбінде жылдап тұрғандарымен қоймай, қоқыстарын жинамастан, айналаны былғай берген. Ақыры, қасиетті Жолтеректің айналасы ластанып, ауа тарылып, адамдарға кері әсері бола бастапты.

Бір жылы адамдар Жолтерекке таласып қалады, өйткені, бәрі де өз армандарына жеткісі келіп, тілектерін жолға салғысы келеді. Тілектерін жөнелткендері қанағаттанбай, үсті-үстіне байлық пен билікке тоймай, жанталасыпты. Естері кеткен адамдар, Жолтерек қасиетін үйлестіретін Қыдыр деген сақалы қырық құлаш ақсақалдың айтқанын қылмай, өзара дауласып, төбелесіп, оның арты ірі ұрыстарға ұласыпты.

Қыдыр баба жұртқа ниеттерін түземесе, Жолтерек өз қасиетінен ада болып, оны әлдебір айдаһар иеленіп алатынын, сосын жер бетінде таң атуын доғаратынын түсінде көріп, ескертсе де, адамдар менменсіп, өз беттерінен қайтпай, бәсекелері мен таластарын тоқтатпапты.

Ақыры әбден ластанған Жолтерек жыл сайын гүлдейтін қасиетінен ажырапты.Ол жеміс бермейтін болып, гүлі болса, теректен жыраққа тау шатқалына, сай-салаға титтей болып қана топыраққа беталды шашырап шыға бастайды.

Бір күні Қыдыр ата айтқандай, Жер бетіне таң атпай қалыпты, бірыңғай түнек орнапты. Адамдардың жаман ниетінен әуелі алқызыл алып шар пайда болыпты. Адамдар оны жерге түскен күн болар деп қуалап, қолдарына түскен нәрселерін сұққылап мәз болысады. Әлдекімнің қолындағы найзасы шарға кіріп кетіп, ол тарс жарылды да, ішінен кішкентай ғана айдаһар шығып, сол бойда сәт сайын өсе бастайды. Алып тұрпат иеленген айдаһар, аңқиып қарап қалған адамдардың біршамасын жұтып салады. Айдаһар күркіреп адамша сөйлейтін тілі бар екен.

Адамдарға сөйлеп, талабын қоя жүріп, Жолтеректің айналасындағы жиналған жұрттың біршамасын жұтып салады. Адамдар одан қашудың мүмкін еместігіне көздері жетіп, оған сағат сайын бір адамды құрбан етуге амалсыз келісіпті. Айдаһарға көнгендері сондай, адамдар бар болғаны оны сыбырлап қана «Жалмауыз» атайды. Жалмауыз Самұрықтың жұмыртқасын жыл сайын жұтумен болады, адамдардың тілегі Болашаққа жетпей, Осышақпен ғана шектелгесін, ешкімнің тілегі де, арманы да орындалмапты. Адамдар байлықтан жұрдай болып, биліктің бәрін Жалмауызға беріп, аштық пен жұтқа ұшырапты. Жер сілкінісі жиілеп, толастамайтын дауыл мен нөсер бірінен соң бірі адамзатты жалмайды. Адамдарға бір аурудан бір ауру тап болып, індетке ұрына береді. Олар Өтершақтан ажырап, өз тарихы мен шежіресін ұмытыпты, кейбіреулері әке-шешелерінің кім екенін естеріне түсіре алмайтын мәңгүрт қалыпқа енеді. Болашақтың барын мүлде ұмытып, ниеттерін қалай түзеуді ойламайтын жағдайға жетеді. Жолтеректің құты қашып, Қыдыр атаның қайда кеткені белгісіз көзден ғайып болады.

Жалмауыз болса, Жолтеректің діңіне оратылып алып, ала арқан секілді оның шырынын сорып, сағат сайын құрбан адамды жұтып жата береді. Жалмауыз жыл сайын ұзара түсіп, Жерді орайтын пиғыл білдіріпті. Талай батыр айдаһармен шайқасам деп мерт болып, оған жұтылып кетіпті. Бас көтерер ердің бәрі жұтылып, бала-шаға, кемпір-шал ғана қалады.

Түнектен қалжыраған адамдар өзара соғысуды қойғанмен, өмірлері өмір болмайды. Жер бетін мәңгі түн басқасын, ай мен жұлдыздардың сәулесімен ғана тірлік еткен адамдардың бұрынғыдай мамыражай өмірі көзден бұлбұл ұшады. Өсімдік біткен өсуді доғарады, жәндік атаулы жойыла бастайды, қорек болмағасын айуандар қырылады. Бала-шаға кімнен ақыл сұрарын білмей, абыржиды. Осылайша, миллиондаған адамдардан айрылып, тірі қалғандар не істерге білмей, тұйыққа тіреліпті.
Жер бетінде ең көп жасаған Ұмай ана бар екен, оның неше жаста екенін бір де бір адам білмейді. Өйткені, ол Жер жаралғалы өлмей келе жатқан жан және Жерге аса қатер төнгенде ғана көрінеді. Оның жаны Жер ғаламшарының қойнауына жасырылған, ал рухы Жердің киесі екен. Жалмауыз Адам баласын былай қойып, Жерге қауып төндіре бастағасын, Ұмай ана адамдарды Таңыртау деген тау етегіне жинайды. Бұл таудың қасиеті сол, ол таң атысымен Күннің сәулесін Жер бетіне таратып беретін қасиеті бар екен. Жолтеректі Айдаһар иеленгелі бұл тау Күн сәулесін тарата алмай, Жер бетіне айдың ғана сәулесін шағылыстырып себелейтін күйге жеткен еді.

Ұмай ана балаларды бір біріне қол ұстастырып, алдарына бір бірден шырақ жағып қойды. Сөйтіп, балалар тізбегі Жерді бір орап, Жалмауыз оратылған Жолтеректі қоршап алды. Жалмауыз болса, Жерді орап, шұбатылған ұзын сәуледен шошынып, көзін жұмады. Осы сәтте, балалар Ұмай ананың бастауымен Жалмауызды күйрететін бір батыр тілеуге көшеді. Балалардың ниеті таза болғасын және бірнеше миллион жан біріккесін, олардың тілегі Көкке тез көтеріледі де, тілек Болашақ бұлтына жетіп сіңе қояды. Сол сәтте көзін ашқан Жалмауыз кеш қалды: түнек сыпырыла бастайды. Таңыртаудан Күн сәулесі Жер бетіне саулап қоя береді де, бірнеше ғасыр көрінбей кеткен Самұрықтың алтын түсі жалт-жұлт етіп, Жалмауыздың көздерін қарып түсті. Ол көзін жыпылықтатып не болып жатқанын аңғара алмай қалды.

Осы сәтте Самұрық дереу Күн сәулесімен жарыса Жерге қарай құлдилайды-ай, келіп! Адамдардың көзі Самұрықтың үстіндегі төсі сәулеге шағылысқан адамға түсті. Ұмай ана оны өзінің бұдан бірнеше ғасыр бұрын ғаламшараралық шайқасқа аттанған Ертөс деген ұлы екенін адамдарға қуана айтып жатыр. Ертөстің төсі болат темірден, бұлшық еттері Жердің қола аралас сазынан жаратылған еді. Ол Болашақ бұлтында бірнеше ғасыр бойы жаттығып, Жалмауызды жеңуге әбден әзір болып келген сәті екен. Самұрық мінген Ертөс Жалмауыз-айдаһарға шүйілген күйі оның жеті басының кеңірдегіне жеті найзасын қадағанда, айдаһар оған от бүрке алмай, қырылдап қалды.Жалмажан жеті құйрығымен Самұрықты соғып құлатқысы келіп, құйрықтарын сілтей бастады. Оған Ертөс дереу Алдаспан аталатын алып қылышын сілтеп үлгеріп жүр. Жалмауыздың шабылып түскен жеті құйрығының әрқайсысы кішкене айдаһарларға айнала бастап еді, Самұрық құс шүйіліп келіп, шоқып алды да, әрқайсысын кесіртке жеген тауықтай қылғытты. Ақыры, Айдаһардың әр көзіне уға малынған жебелерін Ертөс батыр бірінен соң бірін қадап салды. Ал, айдаһар Жолтерекке оратылған күйі қатты да қалды. Ертөс қалтасынан дереу шақпақ тастарын алып, бір біріне үйкеп от шығарып, Жалмауыз оратылған терекке тастап еді, ол лап етті де, аспанға жетерлік алып өртке айналды. Жалмауыз болса, алып терекке оратылған күйі жанып кетті. Өрттің қызуы бұлтты ерітіп, жауынға айналдырды да, нөсер жаңбыр құйып кетті. Өрт сөнді де, Жолтеректің діңі ала арқан өрілгендей түспен қалды, ол оратылып өлген Жалмауыздың жолақ терісінің сіңген бояуы еді.

Нөсер толастағанда, өз міндеттерін атқарған Ертөс батыр да, Ұмай ана да ғайып болды. Ал, Самұрық жұрттың көзінше кішкене ғана сүйкімді, аяғы жіңішке, құйрығы ұзын, қара тамақ көк ала торғайға айналып кетіпті. Оны жұрт бүгінде Наурызек атап жүр. Жаңбыр басылғанда аспанда жеті түсті көпірқосақ пайда болды. Күннің шұғыласы да жеті түске боялған күйі жер бетін алуан түске бояп жіберді де, небір алуан өсімдік пен шөп қаулап өсті. Ауаны жұпар иіс кеуледі. Айдаланы құстардың, айуандар мен жануарлардың дауысы мәре-сәре етіп кернеп кетті. Жер беті жайқалған келбеті өз қалпына келді. Жарық дүниеде бір бірімен табысқан адамдар мәре-сәре болып, төстерін түйістіре көрісіп жатыр. Жұрт «Бұл бір «Нау ырыс» болды!» десті. «Нау» дегені – «жас, көк, балғын» дегені. Кейбіреулері жерге «Жаңа күн шықты!» деуде. Ақсақалдар ер балаларды ертіп, Жолтерек құрметіне ауылды айналдыра жас шыбық егіп жүр.

Жаңа дәуір келіп, естерін жыйған жұрт хан сайлауға көшті. Халық бір ауыздан сақал-мұрты Жолтерек өртіне шалынып, шырпылған, ақылды да әділетті, бұқараға жанашыр жалғыз басты кісіні сайлады. Ол басынан алқызыл тақиясын тастамайтын еді. Онысы түнек орнаған кезде Күнді жоқтаудан шыққан әдеті екен. Сол себептен бе екен, оны жұрт Алкөсе атап кеткен.
Бүгінде Алкөседен қалған жастардың «Алтыбақан» ойыны бар. Ол ойын бойынша, бас таң қарсы алынар кеште алты сырықты үшке бөліп, үшеуінің басы байланады да, оларды көлденең сырықпен қосып, оған әлпеншек бекітіледі. «Алтыбақан» тебу таң атқанға дейін қыздар мен жігіттердің көңілді кешін қыздыратын салтқа айналған. Алкөсе хан бұл ғұрыпты «Күн бен түн теңдігі бұзылмасын!» деген ырымнан алып, алты бақанның басын қосып, ырғалмалы тұғырға Күндіз бен Түннің, Күн мен Айдың белгісіндей ержеткен мен бойжеткенді тербелту рәсімін жасапты. Содан бері Алтыбақан рәсімі қазақтардың салтанатының басты белгісіне айналған. Ал, көптеген елдердің дәстүрінде Наурыз мерекесінде көсе кісіні бір күнге хан сайлайтын рәсім орнығыпты.

Өртке шалынған Жолтеректің қайда екенінен бүгінде жұрттың хабары жоқ. Бірақ жұрт оның орнына шырша мен қарағайды «йол» атап, жаңа жыл мерекесінің нышаны етіп алғалы қашан! Наурызгүл болса, бүгінде наурыз айында шешек ататын Бәйшешек гүл болған, бірақ ағашқа емес, көктем шыға жерге шығатын болыпты. Ал, Жолтерек жемісінің орнына адамдар шыршаға ойыншық ілуге көшті.

Енді Жолтеректің бұрынғыдай жайқалмайтынын естіген аспаздар өздерінше ескерткіш орнатуға ұмтылды. Қырық елдің аспазы жиналып, биіктігі қырық құлаш алып мұнара орнатты да, оған дөңгелек үш үлкен сөрені бірінің үстіне бірін бекітті. Астыңғы сөреге қырық түйенің, қырық жылқының және қырық сиыр мен қырық қойдың етінен алуан түрлі ас пісіріп жайғастырды да, оны «қызыл сөре» атады. Ортаңғы сөреге қырық іңгеннің шұбаты мен қырық саба қымыз, қырық сиырдың ірмішігі мен құртын, қойдың қырық бөшке уызын және қырық түрлі құстың жұмыртқасы мен сүт тағамдарын жайып, оны «ақ сөре» атады. Ең үстіңгіні «көк сөре» атап, оған қырық алуан көкөніс пен жеміс-жидек және салаттарын орналастырды. Бұл кереметті аспаздар бір ауыздан «науан» атады. Ол сөз аспан мен жерді жалғайтын аса биік нәрсені білдіретін. Қырық елдің қырық аспазы осындай қырық науан әзірлегенде, айнала жайнап, Айдаланы небір тағамның иісі мұрын жарардай аңқыды. Оған таяған мешкейлер кезекке тұрып, өзара тамақ жеудің жарысына кірісті.

Әйелдер жағы дереу ошақтарына жармасты. Қолда бар қалған құтқандарын нардың еті сиятын нарқазанға салып, көже асуға жабыла кірісті.Көжеге өткен уақытты ұмытпау үшін сүр ет туып салды да, оған Ұмай ана ұнататын жеті түрлі асқа негіз боларлық дәм мен дәмдеуіштер қосуда. Ол көжені біреулері «Нау ырыс көже» деп атап салды. Әжелер болса, немерелерін ертіп, бірнеше жыл көрмеген Күнге сәлем етіп, Ұмай ананың құрметіне «Ақтан айырмасын!» деп жерге сүт төкті. Келіндері Күн құрметіне дөңгеленген майшелпек істеп, жұртқа нан садақа таратуда. Ән-күйге құмар жастар жағы «Жер беті енді ыңырсымасын!» деген тілектерін жеті ішек таққан жетігендеріне қосып ән етіп шырқауға кірісті, енді бірі жеті қоңырау таққан сылдырмақтары мен сазсырнайларын құйылжыта әуендетуде.

Осылайша адамзаттың түнек дәуірін сәулесімен серпіген бас таң атты. Бұл күндіз бен түннің теңескен күні еді. Жер бетін Күн сәулесі басып, Күндіз бен Түнек теңесті.Бұл — таң атырушы құдырет Тәңір мен түнектің киесі Іңірдің күштерін үйлестірген мезеті болатын. Ғаламда үйлесім орнағасын, адамзат отыз күн ойын ойнап, қырық күн тойлауға көшті. Наурыз мерекесі осылай шығыпты. Ал, бас таңды қарсы алу кеші «Бастаңғы» аталды да кетті. Ол кеште қыздар жігіттерге «ұйқыашар» деген ас пісірсе, жігіттер ғашықтарына «селтеткізер» дейтін сыйлық арнайтын дәстүр бар, оны батыс елдері «сюрприз» атап кетті.

Қыдыр атаны әбден сағынған адамдар оның орнына Аяз ата, Санта Клаус секілді кейіпкерлерді ойлап тапты. Алайда көптеген адамдар оны жер бетін қыдыра жүріп, әр үйге бір жылдық несібе таратушы періште ретінде әлі күнге дейін дастархан жайып, күтетіні де бар. Бірақ Қыдыр жұрттың бәріне көрінбесе де, кейбір таңдаулы жандарға көрініп, біреулердің түсіне еніп, бас таң атар түні бата беріп кетеді екен.

Ескеретін тағы бір қаһарман бар, ол – Ұмай ананың ұлы Ертөс батыр. Ол жайында бүгінде ешкім ештеңе білмейді.Бірақ есте жоқ ескі заманда, Көк пен Жерді қосқан Жолтерек орнаған Ұлы даланың ұландарының жүрек жұтқан батыр болуына қарағанда, Ертөс батырдың рухы соларды желеп-жебейді деген сөздің түбінде шындық бар секілді.

Кім біледі, бұл хикая ертегі де, аңыз да болуы ықтимал. Бірақ мыңдаған жылдар бойы адамдардың осы әңгімедегідей жайттарды көздің қарашығындай сақтап, қадыр тұтуына, бүгінгі күнмен астастыруына қарағанда, бұл оқиғаның адамдар санасында жаңғырып, бүгінгі айғаққа айналуына сол бір шынайы жайт негіз болған деу бұлтартпастай ақиқат емес пе екен?! Оның бұл күндегі басты ескерткісі – Қазақ елі астанасының төрбелгісі болып тұрған Бәйтерек орнатпасы еді.


Авторы: Серік Ерғали. 2010ж.

Иллюстрация: Аңсаған Мұстафа (осы сурет басылған футболкалар мына жерде)
Әрі қарай

Сүлеймен мен сүмірейгендер...

Бұл фәниде ақ түс бар жерде қара түске де орын табылады. Жақсы жігітке жаман қыз жолықса, инабатты қызға, сайқал жігіт кезігеді. Бұл заңдылық. Бұлардың кемшіліктерін айта берсек араларындағы алып бөгеттің соңына жетпеспіз. Айтпағым, әрбір затқа, құбылысқа қарама-қарсылықтары дайын тұрады. Алысқа ұзамай кәрі қыздардың қатарын толтырайын деп жүрген үйленбеген «дүр жігіттер» жайлы тақырыпты қозғасақ.
Блог - DinaAbdigalieva: Сүлеймен мен сүмірейгендер...Дүр жігіттер — 30 бен 40 жасқа толып қалған ағаларды (еркектерді) атайды. Біздің нысанамыз — бойдақтар! Көбіне жылы ошаққа үйреніп, анасының қанатынан шықпаған, дайын дүниеге үйреніп қалғандар. Олардың өзге еркектерден айқын бір ерекшелігі қарынның қомпиюы. Яғни, жастардың тілімен айтқанда «авторитеттерінің мықты» болуы.;) Бұл дұрыс па? Әлде бұрыс па? Санамызға үйленбеген сіріңкедей жігіт, кейін тығыршықтай болуы қалыпты жағдайға айналғандай. Сондай жағдайда "әйел алғаны жағыпты" дейміз де кете береміз. Қоғамда бойдақ дүр жігіттердің көбеюіне не себеп болды?
1.Анасының ботақаны. Бұндай жігіттерді кішкентай балалардан түрі мен жасы ғана бөлектеніп тұралы. Қалған істері, қылықтары «Мам, мен бүгін кездесуге барайыншы?!», «Мам, тамақ дайын болды ма?», «Көйлегімді жуып қойдың ба?» және т. б. қарапайым ұсақ-түйекке дейін сұрап шығады. Ананы тыңдаған, құрметтеген дұрыс, бірақ өз-өзіне есеп бере алмаса жігіт болғанынан не пайда?
2. Үйде отырып қалғандар.Кәрі қыздар секілді төрт қабырғадан адым баспайтын жігіттеріміз де кездеседі. Көбіне ойын құмарлыққа салынған. Олардың жары ойын приставкалары болмақ. Ондай жігіттер ашушаң, жүйке жүйесі тез сыр береді. Желіде «онлайн» өмірде «оффлайн» бола қалады.
3.Талғампаз бойдақтар немесе қыздан жамандар. Өздеріне тым көп назар бөлуі. Қыздар сияқты айнаның алдында сағаттап тұрып, сақал-мұртына дейін түп-түбімен қопарып шығады. Оларды алыстан тануға болады. Тұрыстары мен киім киістері өзгешеленіп, шаш қою үлгісі мен жұлынған қастары көзге шоқтай түседі. Бірақ қыздарға сырлас бола білгенмен, жолдас бола алмайды. Өздерін патшадай көріп, лайықты қызды іздеумен әлек.
Блог - DinaAbdigalieva: Сүлеймен мен сүмірейгендер...4.Жүрістері көп жігіттер. Талай қыздардың көз жастарына қалғандарды айтамыз. Оларға бір қызбен жүру көңілдерін қанағаттандырмайды. Бір күн біреуімен, келесі күні екіншісімен қыдырғанға үйреніп қалғандар. Қасындағы жалғыз аққуын бағаламай, өзге тауықтарға көз салады. (Маша қыз негізі дұрыс айтады;))
5. Жұмысбастылар. Заман түлкі болса, тазы боп шал демекші бүгінде билікке құмар азаматтарымыз жетерлік. Олардың бар базары мен назары жұмысқа бейімделген. Тік жолдан бір қадам аттамайды. Үйден жұмысқа, жұмыстан үйге келуге үйреніп қалғандар. Қыдыруға мүлдем уақыт таппайтындар. Әр уақытта тек ақша табуды көздейді.
P.S.: Сонымен, қоғамда ұсақталып бара жатқан ер жігіттеріміздің қылықтары күннен-күнге жаға ұстатарлық жағдайға жеткізуде. Ілияс Есенберлиннің "Ғашықтар" романнында «жүзігі бар болса Сүлеймен, жүзігі жоқтар сүмірейген» деген үзіндісі еріксіз еске түсуде. Қалай дегенменде жалғыздық тек құдайға ғана жарасқан. Оны да бір ескеріп кетейік.( Тым қатты асырып жіберсем, айып етпеңіздер)
Әрі қарай

Табысты болудың жолдары

Блог - KerimAyankyzy: Табысты болудың жолдары

"Өзіңе өзің қызығатындай етіп өмір сүру керек!" Бұл менің — қағидам!

Көп адамдар өзі қалайтын нәрседен бас тартып жатады. Біраз адамдар жақсылықтың боларына сенбейді. Өмір — қызықсыз, — дейді. Олар қателеседі! Өмір — ғажап! Ол — өз қолымызда! Әр күннен өмірге деген жаңаша көзқарас, түйін қалыптасады. Сонымен, өмірде табысты болудың жолдары қандай?

1) Таңертең күліп ояныңыз! Және ерте тұруға тырысыңыз!
Бұл өте маңызды. Таңертең қалай оянсаңыз, күніңіз солай өтеді.

2) Күліп, бүгінгі күннің әдемі өтетінін елестетіңіз!

3) Күнделікті үй жаттығуларын жасаңыз! Күні бойы сергек жүруіңізге пайдасы зор!

4) Айнаға қарап мына сөзді айтыңыз:
— Мен әдемімін! Өз-өзіңізді еркелетіңіз, жақсы көріңіз! Бетіңізден жай ғана шымшып, «бетім қандай жұмсақ» — деген сөздерді өзіңізден аямаңыз. Тіпті өзіңізге ұнамай тұрса да, жақсы көруге тырысыңыз! Өзгелермен өзіңізді салыстырып, төмендетпеңіз! Сіз расымен әдемісіз!

Блог - KerimAyankyzy: Табысты болудың жолдары

5) Менің жолым болғыш! Мен үшін бүгін сәтті күн! Осы сөзді бірнеше рет айтыңыз. Бүгінгі жұмыстарыңыз еш кедергісіз, сәтті аяқталатынын елестетіп өтіңіз! Осы сөзді айтып, қолыңызды шапалақтап, бірнеше-рет секіруіңізге болады. Әрине, оны ашуланып, еріксіз және сенімсіз түрде айтпайсыз. Өзіңізді «нағыз жолы болғыш адам» ретінде санап айтасыз.
6) Менің денім сау! Мен ағзамды тыңдай аламын, менде барлығы жақсы! Денсаулығым күннен күнге жақсаруда!
Ауырып тұрсаңыз, сол жеріңіздің тез жазылып кеткенін елестеткеніңіз жөн. Және осы сөздерді ауруға қарсы ем деп қабылдаңыз!
7) Менің қолымнан келеді, мен де жетістіктерге жете аламын! «Ой, қойш, мен қалай істеймін оны, ол білімді ғой, оның күші жетеді» — деген сөздерді доғарыңыз! Өзгеге таңқалмаңыз! Менің де қолымнан келеді, ондай нәрсе менде де болады, — деп ойлаңыз. Тіпті еш мүмкіндікті таппай тұрсаңыз да! Бастысы қолыңнан келетінін мойындау!

8) Өз-өзіңізден аямаңыз. Барғыңыз келген жерге барыңыз, ішіңіз, жеңіз, қалаған затыңызды сатып алыңыз. Өзіңе-өзің сыйлық жаса. Өзіңді қуант! Өзің үшін ақша аяма!

Блог - KerimAyankyzy: Табысты болудың жолдары

9) Біреуге бола ашуланбаңыз! Сізді жамандаса, себепсіз ұрысса, т.сс ешқайсысына мән бермеңіз! Бастысы өзіңіздің қандай екеніңізді білесіз. Біреу үшін өз мүмкіндіктеріңізден айырылып қалмаңыз! Өмір сіздікі!

10) Мен баймын! Мен табыстың магнитімін! Өмірде біраз нәрсе ақшаға келіп тіреледі. Өзіңді-өзің асыра алатындай ауқатты болғаның әрине жаман емес. «Жоқ маған көп ақша керек емес» — деген сөздерді айтпаңыз! Сізге келгісі келіп тұрған ақшаны итермеңіз, жақсы көріңіз! Өзіңіздің армандайтын суммаңызды елестетіп, төбеге жабыстырып қойыңыз да, сондай айлық алатыныңызды күнде елестетіп жатыңыз! Үлкен сумманы өзіңіздің ұстап тұрғаныңызды елестетуден еш қорықпаңыз. «Мүмкін емес, оған қайдааа» деген сөздерден аулақ болыңыз! Оған жету жолдарын қарастырып, еңбектеніңіз! Өз бизнесіңізді еш қорықпастан бастаңыз!Блог - KerimAyankyzy: Табысты болудың жолдары

11) Мен өз өміріме лайықты адамды қуанышпен қабылдаймын! Мен бақытты болуға лайықпын! Өмірде басты нәрсенің бірі — махаббат! Жанұялы болу. Сондықтан, өмір бір-ақ рет беріледі. Тормоз болмай, жүрегіңіз қалаған адамды кездестірсеңіз қашпаңыз! Өзіңізге лайықты адамның жолығатынына сеніңіз! Көп балаларыңыз болатынын ойлаңыз! Және сеніңіз!

Блог - KerimAyankyzy: Табысты болудың жолдары

12. Мен сүйіспеншіліктің иесімін, мен жақсылықтың қайнар көзімін, менде және менің жақындарымда барлығы жақсы! Осы сияқты сөздермен өзіңізді жігерлендіріңіз, өзгелерге де қуаныш сыйлаңыз! Жамандықтың соңында жақсылық бар, — деп жақсыға жорыңыз!

13) Аллаға сен! Алладан сұра! Бойыңда иманың болсын! Сұрағанда «Барлығының игілігі үшін» деп сұра!

Иә, бұл менің өзіме қолданатын талаптарым. «Психология» — деген сиқыр екендігіне көзім әлдеқаша жеткен. Басында «Мен баймын, ақшам көп» деген сөзді өзіме айта алмайтынмын. "Өз-өзіммен сөйлескен несі", — деп келеке қылатынмын. Бірақ, қате екенін түсіндім. Рас, бұл сөздер көмектеседі. Бірнеше қағаздарға әдемілеп, бұл сөздерді жазып қойғанмын. Армандарымды суретпен қағазға жабыстырып, папкаға жинап қойдым.) Армандар орындалады. Тек өзіңізге сеніңіз! Психологиялық кітаптарды да оқып тұрыңыз! Сіз өмірде табысқа қайтсеңіз де жетесіз! Мен сізге сенемін!%)%)%)
Әрі қарай

Ойға дым келмеді

Армысыздар! Көптен бері ештеңе жазбай, онда-санда кіріп кететін қонақтардың қатарын толтырып кеткендеймін. Ұят! Сол себепті бұл жағдайды, қара қыз, қолға алуы тиіс. Ендеше мен не істедім? деген сұрақтың түп-тамырын бір қозғап жіберейік!
Блог - DinaAbdigalieva: Ойға дым келмеді
2016 жылды отбасымен бірге қарсы алып, сыныптастарыммен кездестім. Сол күні алғаш рет үлкен төбелесті көрдік! Көпшіліктің жануардан еш айырмашылы жоқтығын да байқауға болады. "Ішкіштердің де"…
Блог - DinaAbdigalieva: Ойға дым келмеді
Жазда бостан-бос жатпау үшін «официантка» болып жұмыс істедім. Бұл да өмірдің бір сабағы сияқты. Кешегі қыдырыстан шаршап, түске дейін ұйықтап жатқаным сол еді, анам баяғы жерге жұмысқа шақырғаның айтты. Қуанып кеттім. Бәрібір қысқы демалыста диванда жатқаннан гөрі еңбектенгенім жөн емес пе?! Сөйтіп, 2016 жылдың 1 қаңтары осылай бастауын алды.
Блог - DinaAbdigalieva: Ойға дым келмеді
16.01.2016 ж. Қалаға қайтар күн жақындады. Пысықсынып, неше түрлі тәттілерді істедім. Бірақ сол күні тілсіз жаумен бетпе-бет кездестім. Пеште тұрған майым қызып кетіп, үлкен отқа айналды. Қайта, үйдің іші, жиһаздар аман қалды. Бір сөзбен айтқанда «керек кезде, керек уақытта» табылғаным жақсы болды. Әлі күнге дейін отты көрсем, бір түрлі сезім бойымды баурап алады. Қорқыныш.
Блог - DinaAbdigalieva: Ойға дым келмеді
Содан, содан сабақ басталды. Қаладағы күйбең тіршілікке бірақ сүңгідік. Иммунитет әлсіреп, 2 жұма күрс-күрс жөтеліп, 3 жұмада аяқтан шалды. Төсектен бас алмай жаттым. Міне, бүгін тәуір болғаным. Қазіргі тұмаудың өзі қорқынышты тамақтан бірақ алады. Шамамен бір айдай сарымсақпен дос болдық қой.:) Ауырмаңыздар! Ауырған адам ешкімге керексіз болып қалады екен. Жақындарым аман болсыншы! Осылай енді… «ойға дым келмей» сіздерге ұрыншақ қыздың бейнесінде өзімді таныстырдым.;)
Әрі қарай

Астанада «Белсенді азамат» акциясы өтеді



Астанада «Белсенді азамат» акциясы аясында ашық есік күні өтеді, оған барлық қалалық басқармалардың басшылары қатысады. Кездесу барысында тұрғындар өз сұрақтарын қойып, қалада тұру сапасы мен жайлылығын арттыру мақсатында инфрақұрылым жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстарын жеткізе алады.

Басқармалардың басшылары өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, биылғы жылға арналған жоспарлармен бөліседі. Қала тұрғындары өз сұрақтарын ауызша және жазбаша түрде жолдай алады.

«Біз елорда тұрғындарымен жеке кездесіп, елорда әкімдігінің ресми сайтындағы (www.astana.gov.kz) «Халықтық бақылау» және «Виртуалды қабылдау бөлмесі» айдарлары арқылы келіп түсетін сұрақтарға жауап береміз», – деп атап өтті Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Е. Каналимов.

Тұрғындарды кездесуге қатысуға және өз сұрақтарын жолдауға шақырамыз.

Халықпен есеп беру кездесуі 2016 жылғы 10 ақпанда Конгресс-холлда өтеді. Басталуы сағат 10:00.

Алдағы уақытта қала тұрғындарымен және басқа да мүдделі тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста болу үшін осындай кездесулер тұрақты түрде өткізілетін болады.
Әрі қарай