Соңғы серуен

1983 жыл. Қыс. Мамықтай жұмсақ, аппақ қар қымтанған табиғат. Екі апталық боран басылып, күн шуағын төгіп қуантып тұр. Жұмыстан ертерек шыққан ол бүгінгі күнін екі апта бойы үйден шыға алмай отырған сүйікті итіне арнамақ. Үйіне келісімен ауқаттанып, итін серуенге алып шықты. Күн күлімдеп, ақ ұлпа қар жылт-жылт етеді. Екі апта түз көрмеген ит біресе алға озып, біресе әр бұрышты тіміскелеп, тым озып кетсе, иесіне қайта оралып, «тезірек жүрсеңші» дегендей үріп қояды.
Екеуі достасқалы біраз жыл болыпты. Бұл екеуі табысқанда анасынан жаңа туған күшік еді. Иесі сүтпен асырап, өсірді. Бір күні күшік ашық тұрған есіктен далаға шықты. Есік алдында жүрген үлкен итке жайдан-жай соқтығып, таланып қалғаны да есінде. Қыңсылап жатқан жерінен иесі тауып алып, дәрігерге көрсеткен. Дәрігер: «Күшік әлсіз, өліп қалады. Әуре болмай-ақ қойыңыз», — деген күрсініп. Алайда иесі көнбеді. Жолда дәріханаға соғып, дәрі-дәрмек алды. Оны бір айдай емдеп, ақыры дегеніне жетіп, аяққа тұрғызды. Содан бері ол иесіне адал қызмет етіп келеді. Ұлы достық осыдан басталған-тын…
Міне, ол тағы да алға озып кетті. Қайта бұрылып еді, иесі көрінбеді. Кейін қайтып келсе, иесі жерде жатыр екен. «Жүрсеңші, серуендейік» деп үріп, иесін орнынан тұрғызбақ болды. Алайда иесі үндемеді. Жақын келіп, иіскелеп, жүзіне үңілді де, бір нәрсені түсінді. Әлі суый қоймаған жансыз дене жанына жата кетті. Дабыл үні естілді. Айнала адамдарға тола бастады. Ақ халатты біреулер иесіне жақындамақ болып еді, бұл жібермеді. Иесін қимады. Олар жақындаса, онымен мәңгілік қоштасатынын біледі. Бір суық қол ине сұғып, көзі қарауыта берді.
Оянса, үйінде емес екен. Бөтен жер, бөгде адамдар. Тор темірдің ызғарлы суығы. Осы жерде ол үш күн жатып, сосын барып бейтаныс адамдардың жетектеуімен өз үйіне келді. Үйіне келісімен, құйылған асқа қарамай, барлық бөлмелерді аралап иесін іздеді. Алайда таба алмады. Сыртқы есік ашылғанын аңдып, зып беріп сыртқа шықты. Соңынан атын атап шақырған дауысты да елемеді. Қалай да иесін табуы керек.
Иіс бұны қала сыртындағы зиратқа әкелді. Қар… қар астында жас топырақ. Қар астында иесі. Ол қарды аршып, жерді қазбақ болды. Алайда онысынан түк шықпады. Сіресіп қатқан жер берілмеді. Ол аршылған жерге жатып, иесінің жанына жайғасты. Жан досы болған иесін қалай жалғыз тастап кетпек? Жоқ, ол оны жалғыз қалдырмайды. Ол иесінің жанында болады. Көз алдында күндер батып, таңдар атуда. Бірте-бірте иттің көзі жұмыла берді. Ол иесі тәрізді мәңгілік ұйқыға батты. Ақ қар ит үстін көміп, иесі екеуін бір бүтінге айналдырды. Мамықтай жұмсақ, аппақ қар қымтанған табиғат сол күйі. Күн шуағын төгіп, қуантып тұр…
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше