Сіздердің пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды!

Құрметті КерекИнфо сайтының қолданушылары!

Жақында ашылған bilim-all.kz сайтын көріп, ой пікірлеріңізді айтып көмектессеңіздер. Пікірлеріңізге қарай сайтқа жаңалықтар, өзгерістер енгіземіз. Сіздердің пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды! Тәй-тәй басып келе жатқан қазақ тілді сайттың дамуына өз үлесіңізді қосыңыз!

Пайдалы сайттар: Сіздердің пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды!

www.bilim-all.kz сайтына өздеріңіздің немесе өздеріңізге ұнаған даналық сөз, ой-толғау, әзіл, анекдоттар, өлеңдер, сабақ-жоспар т.б енгізіп, сайттың оқырмандарымен бөлісе аласыздар.

Сайттың кейбір бөлімдері:

Ұлағатты сөздер
Салт-дәстүр
Информатика
Хайуанаттар әлемі
Суреттер сөйлейді
Өлеңдер
Анекдот, әзілдер
Ертегілер
Жұмбақтар Т.б
Әрі қарай

Алты сөзден құралған 18 әңгіме

Ал сол кезде...: Алты сөзден құралған 18 әңгіме
Бірде Эрнест Хемингуэй: кез-келген адамды бей-жай қалдырмайтын ең қысқа әңгіме жаза аламын, деп біреумен бәстескен екен.
Ақырында: «Балалар аяқ киімі сатылады. Киілмеген» («For sale: baby shoes, never worn») деген әңгіме жазған жазушы бәсте ұтыпты.
Міне, содан бері осы бір қысқа әңгіме жазу әрекеті көпшілікке тыным бермей келеді. Талай адам оқырманды таңқалдырып, тебірентіп, толғантатын тұтас оқиғаны бар-жоғы 6 сөздің ішіне сыйдыруға тырысады. Бәрі болмаса да, бірді-екілісінің жазғаны сәтті шығады.

  1. Бейтаныстар. Достар. Жақын достар. Көңілдестер. Бейтаныстар.
  2. «Сіз нөмірден қателестіңіз», деді таныс дауыс.
  3. Жолаушылар, сендермен сөйлесіп тұрған капитан емес.
  4. Өз жартымды кездестірдім. Бірақ, ол елемеді.
  5. Парашют сатамын: ешқашан ашылмаған, аздап қанданған
  6. Бұл алтын тойымыз. Бір орындық дастархан.
  7. Бүгін тағы да өз анама өзімді таныстырдым
  8. Жихангез дабыл жіберді. Жерден жауап жоқ.
  9. Үйіме раушан әкелдім. Кілтім сәйкес келмеді.
  10. Анам маған қырынуды үйретті.
  11. Шытынаған маңдай әйнегінде «жас жұбайлар» деп жазулы.
  12. Біздің төсек. Екі дауыс. Есік қақтым.
  13. Секіріп кеттім. Артынша ойымнан айныдым.
  14. Менің бейнем қазір ғана маған көзін қысты
  15. Ренжіме, сарбаз. Аяқ киімді жұбымен сатамыз.
  16. Мұның әйелін өлтірушіні бөтелкемен тамақтандырады.
  17. Есейген адаммын деп елестеттім. Есейдім. Елесімді жоғалттым.
  18. Дәрігер науқасты құтқарды. Науқас Құдайға алғысын жаудырды

дереккөз: ADME
Превью мен посттағы сурет Freeimages сайтынан алынды

Егер қысқа әңгімелер қызықтырса, бұған дейін жариялаған мына екі постты оқыңыз:

1. Аз әріпті 9 әңгіме
2. 15 сөзден аспаған 6 әңгіме, 1 роман
Әрі қарай

Дін саласы бойынша ақпараттық жұмыстарды жүзеге асырудың жолдары

Бүгін (13.02.2015) дінтанушы Рүстем Сыздықовтың Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінде «ОҚО дін саласы бойынша ақпараттық жұмыстарды жүзеге асырудың жолдары» тақырыбында кездесу өткізді. Кездесуге ҚМДБ өкілдігі, имам-молдалар, колледж студенттері мен ұстаздары, БАҚ өкілдері, ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасы қызметкерлері, "Әлеуметтік бастамалар орталығының" дінтанушылары, облыстық оқу орындардың жастары қатысты.

Кездесу барысында «Дарын Мубаровты тыңдауға болады ма?», «Орамал тағып, сақал өсіргендерді „вахабист“ деп айтуға болады ма?», "Қазақ жерінде экстремистік топтар болған ба?", «Керағар ағымдардың сипаттары» жайлы сұрақтарға жауаптар берілді.











Әрі қарай

Желі мен желім

СӨЗ БАСЫ: «Кеше екі сағат бойына жарық сөніп қалды. Интернет өшіп, әбден әбігерлендік. Содан үйдегі адамдармен сөйлесіп, әңгімелесуге тура келді. Сөйтсем өздері жап-жақсы кісілер екен». Бұл – бүгінгінің қалжыңы. Заманға орай шыққан. Әзіл болса да, астарында ауыр зіл жатыр.

Блог - asaubota: Желі мен желім

Осыдан бір мүшел уақыт бұрын ғана көшеде беліне «кірпіш телефонды» байлап алып, алшаң басып ағалар кетіп бара жататын. Онысын жұрт көрсін дегендей пенжағын бір жағына қарай ысырып, әлгіні жарқыратып жүретін. Әрі-бері өткен адамдар телефонға тамсанып, мойнын бір бұрмай өтпейтін. Ұялы байланыс өмірімізге енді еніп, әркімнің қолы жетпей әжептәуір құндылыққа айналуы құбылыс еді. Ал қазір абайсызда құлап кетсе баланың басын жаратын «кірпіш телефонды» ешкім ұстамайды. Әгәрәки, ұстай қалсаңыз, мазаққа айналарыңыз кәдік. Тым құрығанда «күні кеше осындай телефонға қызыға қарайтын едік қой» деген жылы жымиыс тудырасыз.

Қарап отырсаңыз, телефон дамуының да өзіндік эволюциясы бар. Алдымен жаңа айтқан «кірпіштерге» қол жетпеді. Онан соң, мұныңыз кішірейе бастады. Кейіннен полифония деген функциясы барлар пайда болды. Оныңыз кәдімгі әуенге ұқсас музыка шығаратын-тұғын. Жұрт зыңылдаған, сыбырлаған, ысқырған дауыс­тардан запы болып жүрсе керек. Жаппай осыған ұмтылды. Бұдан кейін ән орындалатын, ішінде ойындары бар, әртүрлі ермек құралдарымен жабдықталған телефондарды ала бастадық. Интернетке кіріп, уақыт өткізуге мүмкіндік туды. Ақыр аяғы сенсорлы экраны бар телефондарға келіп табан тіреп тұрмыз ғой. Бұлардың компьютерден кемдігі жоқ. Қажетіңді заматында тауып береді. Сурет, видео қабылдап, жібере аласыз. Әлеуметтік желілер көз алдыңызда. Ойынға құмар болсаңыз, оны да өтейді. Әйтеуір осы күні мойны салбырап, көздері шұқшиып, телефонының бетін сипап отырған бір адам. Шындығында, баламыздың басынан бұлай сипамаймыз. Бар ынтамыз бен ықыласымыз осы телефондардың бетінде сияқты.

Жұрт неге телефонға шұқшияды? Бір дастарқан басында бұрынғыдай емен-жарқын, алаңсыз отырып әңгіме айт­пауы неліктен? Әркімнің өз қалтафонымен қамсыз отырғаны қалай? Тоқсанға келген апам айтпақшы: «Со бәлеңнің ішінде не бар?». Әрине, телефон ең алдымен байланыс құралы. Оның да түр-түрі бар қазір. Сосын ән тыңдайды. Кино көреді. Қызыққа толы видеоларды тамашалайды. Хат жазады. Хабарлама алады. Суретке түседі. Сайттарға кіріп, соңғы жаңалықтармен танысады. Өзіне керекті ақпараттарды іздейді. Қысқасы, бүгінгінің телефоны әмбебап. Ал шұқшиып отырғандардың басым бөлігі әлеуметтік желінің қолданушылары. Қайда барғаны, кіммен кездескені, қандай мақала оқығаны былай тұрсын, не тамақ жегеніне дейін әлеуметтік желіге жарқыратып салып жатады. Қысқасы, соңғы бірер жылдың мұғдарында адамдар тұрақты түрде желілерге желімденді. Тап бір желіге байланған құлындай. Соның әсерінен телефонға қарап күліп не қайғырып отырған адамға таңғалмайтын болдық. Біздің бұл әрекетіміз үлкендерге аса түсінікті емес. Сондықтан олардың жастарды «жын қақты» деп ойлауы бек мүмкін.

«Әлеуметтік желілер әлеуметтің әңгімесін өзгертті» деп аттан салатын жағдайда емеспіз. «М – агенттен» басталған бұл құбылыс «Фейсбук», «Твиттер», «Инстаграм», «ВКонтакте» секілділерге жалғасып, өміріміздің бір бөлшегіне айналып кетті. Және оны қоғамға зиян не пайдалы деп, екіге бөліп қараудың өзі артық. Өйткені, біз бәрібір желілерді жаппай жаба алмаймыз. Олай етсек, ондағы адамдардың қарсылығын тудырғаннан басқа пайда таппаймыз. Енді не істемек керек? Ендеше, адамдардың әлеуметтік желілерді сауатты қолдануына жол көрсетуден басқа амал кем.

Желіде жұрт неге отырады?

Жұрт әлеуметтік желілерде не үшін отырады? Оған қандай қажеттілік я болмаса мұқтаждық бар. Осы сұрақты белгілі блогер Аршат Оразға қойдық. Ол былай деді:

– Жалпы, адамдардың әлеуметтік желіні қолдану мақсаттарын үшке бөліп қарауға болады. Бірінші, байланыс. Олар маркетингтік, сараптамалық, зерттеулік немесе жай ғана дос-таныстармен хат-хабар алмасу үшін қолданады. Өзі әлеуметтік желінің басты функцияларының бірі де осы. Екінші, ақпарат. Ақпаратты алу, бөлісу, тарату, жарнама жасау, құлақтандыру, хабарландыру, қоғамдық пікір қалыптастыру, пікірталас жүргізу тұрғысын көздейтіндер бар. Әлеуметтік желіні қолданушылар саны көбейген сайын мұның да маңызы артып келе жатыр. Өйткені, желілер түрлі мақсаттағы ақпараттарды қоғамға тез жеткізудің тиімді жолы. Бұған пайдалы да, арандату мақсатындағы ақпарат та кіреді. Басты бақылауға алынуы тиіс тұсы осы. Яғни, қадағаланбаса әлеуметтік желілер түрлі мақсаттарда үлкен қару болғалы тұр, болып жатыр да. Үшінші, психология. Бұл адамның ішкі қажеттілігін, яғни эгоны қанағаттандырудың ең қолайлы әдісі. Қоғамда өз орнын таба алмай, ойларын ашық жеткізуге шамасы жетпей, тұйық күйінде қалыптасқан жандар үшін керемет құрал. Осы желілерді пайдалану арқылы олар өздерін басқаша сезіне бастайды. Лайк жинау, пікір жазу, селфи жасау немесе құнды деп санайтын ойларын бөлісу арқылы ішкі эголарын қанағаттандырады. Оффлайн өмірде жасай алмағанын онлайнда жүзеге асырғысы келеді. Бірақ тым асыра пайдалану – психологиялық дертке соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ, желіге тәуелділік арқылы қоғамнан одан сайын алшақтатуы да ықтимал. Қалай дегенде де интернет және әлеуметтік желілер қазіргі қоғам тіршілігінің ажырамас бөлшегі. Тек қолдану барысында дұрыс пайдалануды және шектен шықпауды қадағалаған жөн.

IT маман Аршаттың айтқанында ақиқат бар. Әлеуметтік желілердің бас­ты міндеттерінің бірі хат-хабар алмасу екені анық. Ақмешітте отырып Америкада жүрген ағайынмен, Алматы мен Астанадағы тамырлармен ұдайы хабарласып отыруға таптырмас құрал. Осы күні бар ғой, көптен кездеспеген таныстарыңнан: «Не жаңалық?» деп сұраудың өзі біртүрлі. Себебі, сен оның өміріндегі жаңалықтың бәрін көріп-біліп отырсың. Қайда іссапармен барғаны, онда нендей мәселенің шешілгені, нәтижесінің қандай болғаны, бәрі-бәрі белгілі. Өткенде достарымен бильярдқа барғаны, ортақ танысыңның туған күнінде болғаны, тіпті, үйіндегі кішкентайының туған күнін жасағанынан да хабардарсың. Қысқасы, жаңалық сұрайтындай жағдай емес. Танысың болмақ түгілі, тек әлеуметтік желіден білетін адамдардың да өмірі көз алдыңызда өтіп жатыр. Дегенмен, ақпараттық қауіпсіздік деген дүние осы әлеуметтік желіге керек. Ешкім нақты тексермеген, дәлел-дәйектен жұрдай, біреуді қаралаған дүниелер де кездеседі. Бір жерден жылт еткен жаңалық сәлден соң сайттарда сайрап тұрады. Одан теледидар іліп әкетеді. Кейін қарасаң, газеттерден көзің шалады. Ал осы жалған ақпарат болса, онда бір ғана қате деректен қаншама адамның жапа шегетінін ойлай беріңіз. Мыңдаған оқырманның адасқанын айтпағанның өзінде, көптеген ақпарат құралдарын мұрнынан жетелеп сотқа апаруға болады. «Ақпараттың тез және көпшілікке таралуын арандатушылар да тиімді пайдаланады. Ол адамдардың мақсаты мен пиғылына байланысты. Қарапайым ғана мысал, кейбіреулер осыдан бірнеше жыл бұрын түсірілген бейнероликті жариялайды. Осы аралықта ол адамның ойы өзгеруі мүмкін ғой. Бүгінде ол өз көзқарасынан қайтқан шығар. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік мәселесі үнемі назарда болуы керек. Мәселен, Қытай өзінің ақпараттық кеңістігін мықты қорғап отыр. Өздерінің іздеу жүйелері, әлеуметтік желілері бар. Шетелдік желілер ашылмайды. Ал Қазақстанда бұл жағы кемшін тартып тұр. Өйткені, шетелдік әлеуметтік желілерді жабамыз деген мәселе көтерілсе, үлкен дау туып кетуі мүмкін. Оған Түркия жақсы мысал бола алады. Сондықтан алдымен отандық әлеуметтік желі ашып, соған халықты үйрету қажет», – дейді Аршат Ораз. Бұл тарапта алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Дегенмен, біздің жұрт жаппай солай қарай ағылып, пайдаланып отыр дей алмаймыз.

Лайк деген дүние бар. Былайша айтқанда, сіздің жазбаңыз әлдекімге ұнайды да, ол көңілін бас бармақ белгіленген нүктені басып, білдіріп кетеді. Жазғаның қаншалықты оқылымды болғанын, әсерінің қандай екенін осы арқылы анықтай аласың. Мәселен, «Инстаграм» әлеуметтік желісінде әншілер лайкты қырып жинайды. Жалпы, ел алдында жүрген, атағы дардай азаматтар «бас бармаққа» мұқтаж емес. Тұншығып қала жаздайды. Не салса да, не жазса да жұрт қамыстай қопарылады. Ал енді қарапайым адамның ұлтқа, ұрпаққа, тәрбие мен салт-санаға қатысты жазғандары сүмірейіп тұрады. Осыдан-ақ бүгінгі оқырманның талғамын білуге болатын сияқты. Көбіне оқылымды дүниелердің сипаты дау-дамайдың айналасы болып келеді. Астында бір-бірімен быт-шыт болып қырылған пікірлерден көз аша алмай қаласыз. Өтірік пе, өсек пе? Оны айырып жатқан адам жоқ. Сонан соң дұрыс сөз, жөнді пікірге тоқтау болмайды. Әрқайсысы өз ойларынан қайтпайды. «Қазақ бір ауыз сөзге тоқтаған» дейтін теңеу желідегі жамағатқа аса жақын емес. Нақақтан нақақ жала жауып, күйе жағушылар да тоқтайтын шығар енді. Жақында қабылданған заң бойынша ондай адамдар қылмыстық жазаға тартылады.

Оқырманды қалай көбейтуге болады?

Әлеуметтік желілерде жердегі жұл­дыздардың оқылымды екенін айттық. Неге бұлай? Өйткені, жұртқа олардың өмірі қызық. Сондықтан желіде онымен дос болуға бейіл. Ал дос дегенің – оқырман. Жарайды, әнші не әртіс емессіз. Жазушы, я ақындықтан алыссыз. Өзіңіздің ойыңыз, қалыптасқан пікіріңіз бар. Әлеуметтік желіні қолданасыз. Десек те, оқырманыңыз аз. Оқырманды қалай көбейтуге болады? Қайткен күнде сіз оқырманы көп қолданушыға айнала аласыз. Біз бұл сұрақтарды ІТ маман, сайт жасаушы Тимур Бектұрға қойдық. Өзі Маңғыстауда жатса да Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, семинарлар өткізіп, Қазнеттің дамуына үлес қосып жүрген Тимур бізге оның сегіз әдісін айтып берді.

– Әлеуметтік желіде оқырман жинаудың түрлі әдіс-тәсілдері бар. Егер де іздеу жүйесі арқылы сұрап қарайтын болсаңыз, сізге миллион түрлі тәсілдер мен амалдарды ұсынады. Олардың кейбірін қолдану ыңғайлы, кейбірін онсыз да пайдаланып жүресіз. Ал кейбірі сіздің жағдайға сәйкес келмеуі мүмкін. Технология күн сайын дамып жатыр. Сонымен бірге, адамдардың ақпарат қабылдау, оны қорыту, өзгелермен бөлісу мүмкіндігі де қиындап барады. Ақпарат көп болған соң оқырмандарды таңғалдыру, жүрек түкпіріндегі сезімін ояту, болмаса тұтынушылық аранын ашу оңай шаруа емес. Үйдегі теледидар, жұмыстағы газет-журнал, көліктегі радио, компьютермен интернетке кіргендегі электронды поштадан бастап әлеуметтік желілер мен сайттардың барлығын жаулап алған жарнама ағыны біздің есімізді жинатпастан өз ұсыныстарымен үстімізден төпелеп жатыр. Осыншалықты ақпарат тасқынының астында отырған оқырманды таңғалдыру, өзіңіз жазған әрбір ақпаратқа еліту – тыңғылықты ойластыруды қажет ететін шаруа. Сондықтан әлеуметтік желіде оқырман жинаудың дәстүрлі жолы деп айтуға болатындай, әдетте ең бірінші кезекте жасалуы қажет сегіз әдісті айтқым келеді.

Бірінші. Өте сапалы ақпарат жариялау. Яғни, «ол ақпаратты тек сіз ғана беріп отырсыз» деген сөз. Өзгелерден дәл сол тектес материалды күту мүмкін емес жағдай. Айталық, ІТ саласындағы трендтер мен жаңалықтарды, түрлі ақыл-кеңестерді тек мен ғана салып отырамын. Халықаралық тұсаукесерлерде жаңа технологиялар таныстырылып жатса, сол туралы қазақша ұғынықты түрде тек мен ғана жариялаймын. Сондықтан, адамдар мені осы салада маман деп есептейді. Тиісінше, оқырмандарым әр материал сайын арта түседі.

Екінші. Сіздің оқырмандарыңызға қызық болса, сіміріп оқыса, онда өзгелердің сапалы және пайдалы ақпаратын бөлісу. Әдетте, адамдар бірінші әдісті түйсікпен білсе де, осы екіншісіне келгенде сараңдық танытады. Өзгенің ақпараты тамаша болса да бөліскісі келмейді. Бұл – үлкен қате.

Үшінші. Сіз әдетте қандай ақпарат тарататыныңызды біліп алыңыз, сосын достарыңыз бен таныстарыңызды, әріптестеріңіз бен группаластарыңызды өзіңізге оқырман болуын сұраңыз. Әдетте, сізге қолдау білдіретін, әрбір жазбаңызға ықылас танытатын осылар.

Төртінші. Қызықты, пайдалы, танымдық ақпарат жазатын басқа адамдарға оқырман болыңыз. Соларды әлеуметтік желідегі достыққа қосыңыз, олардың әрбір жазбасына «лайк» басып тұрыңыз. Тамаша жазбаларына пікір қалдырыңыз. Былай қарағанда қарапайым нәрсе көрінеді. Алайда, тағы да сол сараңдықтың кесірінен «networking», яки қарым-қатынастың жақсаруына тікелей әсер ететін әдістерді қолданбай кетеді. Оның үстіне, әдетте сіз «лайк» бассаңыз немесе пікір қалдырсаңыз, ол әлгі адамның әлеуметтік желідегі өзге достарына да, сіздің достарыңызға көрініп тұрады. Тиісінше, өзгелер сізді көреді және пікіріңізді оқиды. Жақсы пікір қалдырсаңыз, сізбен әлеуметтік желіде дос болуға ынта білдіреді.

Бесінші. Барлығымыз әлеуметтік желілерде жазба жазамыз. Алайда, соңына «Егер менің осы жазбам ұнаса лайк басыңыздар, достарыңызбен бөлісіңіздер, маған фоллоу жасаңыздар» демейміз. Сырттай қараған адамға бұл бір мақтаншақтық немесе сұраншақтық көрінеді. Дей тұрғанмен, төртінші тәсілде айтып өткенімдей, кез келген адамның сізге пікір жазғаны, лайк басқаны оның өзге де достарына көрініп тұрады. Ал егер ол сіздің жазбаңызды бөлісер болса, онда тіпті, екі есе жылдамдықпен тарайды да сіздің оқырманыңыз одан сайын арта түседі.

Алтыншы. Өмірден алынған, сіздің басыңыздан өткен, әсіресе, өзгелерге өте жақсы таныс уақиғалар туралы жазу. Ең қызығы, адам дегеніміз әлеумет. Ал әлеумет бәрібір өзіне ұқсайтын жандарды жақсы көреді. Сондықтан өзінің басынан өткен оқиғаға ұқсас жайтты сізден оқитын болса, сізді жақын тарта түседі. Жақсы «лайктайды», пікір қалдырады, өзгелерге оқуға ұсынады. Тиісінше, сіздің оқырманыңыздың артуына септігін тигізеді.

Жетінші. Трендтен қалмау. Әрине, әлемде болып жатқан күнбе-күнгі жаңалықтардың барлығын талқылай беру мақсат емес. Алайда, сіздің оқырмандарыңызға тікелей әсер ететін, соқпай өтпейтін қоғамдық өзгерістер мен жаңалықтарды талқылап отырыңыз. Өз көзқарасыңызды білдіріңіз. «Темірді қызған кезде соқ» деп осындай жағдайға орай айтылса керек.

Сегізінші. Егер сіз туған күн кешінде, маңызды шарада, үлкен жиындарда танымал адамдармен бірге болсаңыз, олармен суретке түссеңіз, сосын әлеуметтік желіде әлгі адамдарды тэг жасау, яғни ілмек жасау арқылы жариялаңыз. Тек тым жиі әуестенбеңіз. Кейбір адамдар мұндай жиі ілмектерді жақсы көрмейді. Сізді блоктап тастауы мүмкін.

Оқырман жинаудың оңай емес екенін білеміз. Десек те, Тимур Бектұр айтқан осы тәсілдерді қолдансаңыз, онда достарыңыздың саны арта түсетіні анық. Әлеуметтік желіні қолдамайтын адамдар «мынау не деп отыр?» деуі мүмкін. Бірақ желілер өміріміздің бір бөлшегіне айналып кеткеннен кейін оның қыр-сырын білген абзал.

Пайдасы не, зияны қандай?

«Ақыры бас жарылды, енді аянатын ештеңе қалмады», депті ғой баяғыда бір ағамыз. Сол айтқандай, әлеуметтік желі туралы біраз әңгіме айттық. Енді оның пайдасы мен зиянына да тоқтала кетейік. Ол жайында «Baikadam Media Group» компаниясының директоры Нұрлан Жанайдың пікіріне сүйендік.

– Әлеуметтік желілердің ең басты екі пайдасын айта кетейін. Бірінші, тасада жүрген таланттарды халыққа танытты. Бұрын өзіңді көрсету үшін газет-журналға сұхбат беріп, телеарналарға шығу керек болса, қазір әлеуметтік желіде ойыңды тиянақты жеткізе алсаң болды. Қазір керісінше ақпарат құралдары өз кейіпкерлерін әлеуметтік желілерден тау­ып жатады. Екінші, нақты мәселелерді тиісті орындарға жеткізуді тездетті. Бұрын қоғамдағы бір мәселені көтеру үшін оны хат қылып жазу машақат болса, қазір бір жазба арқылы журналистердің назарын соған бұрып, бүкіл әлемге таратып жіберуге зор мүмкіндік туды.

Әлеуметтік желілердің екі пайдалы жағын айттық қой. Енді екі зиянды тұсына тоқталайық. Ең алдымен, адамдар уақыттарын бекерге құртады. Сосын желіде отырған жұрт өзі білсін-білмесін, не болса соны жаза беретін болды. XXI ғасырда ақпарат көп, оның бәрін оқу үшін қанша уақыт керек. Ал әлеуметтік желідегі жазбалардың бірін қалдырмай оқып, оларға пікір жазып отыру адам үшін ең қымбат уақытын құртудың бірден-бір себебі. Сондай-ақ, кім көрінген білмейтін саласына араласып, пікір таластыра беретін деңгейге жетті. «Әркім өз саласының маманы болсын» деген түсінікті әлеуметтік желілер түбегейлі жоққа шығарды деп ойлаймын.

Осылай деген SMM маман әлеуметтік желіні қалай пайдаланады екен? «Өз басым әлеуметтік желілерді жұмыс үшін пайдалануға тырысамын. Осы жерде клиенттер базасын жинап, іскер адамдармен қарым-қатынасымды нығайтып, танысып жүрмін. Өзіміздің және өзгенің қаншама өнімдері мен қызмет түрлерін жарнамаладық және жарнамалап жатырмыз. Әлеуметтік желілерде адамдармен жақсы байланыс орнатып, көңілін табудың ең тиімді түрі – туған күндерімен құттықтау және мерекелерде бір сурет немесе видео жасап, сол жазбаға қарым-қатынасыңды нығайта алмай жүрген достарыңызды белгілеп жіберу. Фейсбуктағы өзім кірген топтарды жылына екі рет тексеріп тұрамын. Басы жақсы бас­талып, кейін тақырыптан ауытқып кеткен топтар болса, дереу шығып кетемін. «Лайк» басқан парақшаларымды да жиі тексеремін. «Фейсбуктағы» дос­тарымды 2-3 айда бір түгендеп, олардың қал-жағдайын онлайнда біліп отырамын. Бұл ертеңгі күні одан бір «онлайн көмек» сұрағанда да керек. Жалпы, адамгершілік үшін де құптарлық іс. «Фейсбукта» тағы бір профилактиканың түрі – достарыңның, өзіңнің «мақсатты аудиторияңның» тұрғылықты жерін біліп отыру. Мысалы, кейінгі кезде алматылық достарым азайып кеткен. Есесіне, өңірлерде оқырманым жетерлік. Негізі жұмысты Алматы қаласында істейтін болғандықтан бұл мен үшін бірінші шешілуі керек мәселе. Сондай-ақ, достардың жас ерекшелігі мен олардың немен айналысатыны да қажетті ақпарат болып есептеледі. Бұның бәрін неге айтып отырмын? Сіздің кіммен достасқаныңыз, қай парақшаға жазылғаныңыз психологияңызға қатты әсер етеді. Осы элементтер сіздің ойлау жүйеңізді, жүріс-тұрысыңызды, сөйлеу мәнеріңізді де өзгертіп жібереді. Неше түрлі топтардың парақшасына жазылып, зомби болып жүрген жастарымыз қаншама? Сондықтан бір ізділіктен сақтанған жөн»,– дейді Нұрлан.

Айтпақшы, желі деген жекелеген адам­дардың пікір алаңы ғана емес. Ол жерде талай адам жарнама жасап, пайда тауып жүр. Бұл туралы Нұрлан Жанай былай дейді. «Кейінгі кезде бір байқағаным – жеке аккаунттар заңды тұлғаларға ауысып жатыр. Мысалы, басында «Андреев» болып танысқан кісілер біраз дос жинап, жеке аккаунтын компанияның, кафе-ресторанның немесе сайттың атына ауыстырған. Бұл қадам – олар үшін пайдалы, ал біз сияқты әр «достан» монетизация көріп тұратын адамдар үшін жақсы емес»,– деген пікірде. Осы тұрғыда Аршат Ораз «Әлеуметтік желілер жақсы жарнама алаңы болғандықтан бұл арқылы пайда да табуға болады. Танымал қолданушылар өз жазбаларының арасына жарнамалық сипаттағы дүниелерді жариялап отыратыны да жасырын емес. Сондай-ақ, түрлі мекеме, кәсіпорын, ұйымдардың блог-турлары да блогерлер үшін табыс көзі. Өз өнімін, қызметтерін жарнамалаушылар үшін де тиімді алаң», – деген ойын айтты.

Қазақ тілінің халі қандай?

Қазақ тілінің тағдыры туралы толғанып сөйлегенді жақсы көреміз ғой. Алаңдаймыз. Қауіптенген тұсымызды айтамыз. Әйтеуір, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері қазақ тілі жайында жазу – тренд. Ал әлеуметтік желілерде ана тіліміз қалай қолданылып жүр? Көп жұрт тілдің бұзылып жазылатынын айтады. Бұл орайда біз бүгінде қазақ тілінің интернет кеңістікте кеңінен қолданылып, бұрынғыдай емес қоғамдық ой-пікірді жеткізудің үлкен құралы болғанына назар аударар едік.

Әлеуметтік желіде қыңыр-қисық пікірлерімен, тұрақты сөз тіркестерін бұзып жазуымен есте қалған блогер бар. Ол – Асқар Базарбай. Өзі былтыр тұңғыш рет өткен «Блогиада-2014» жарысының жеңімпазы. Біз Асқардан желідегі қазақ тілінің жағдайы туралы пікір алдық.

– Осыдан он жыл бұрын интернеттегі қазақ тілі туралы менде мемлекеттік немесе коммерциялық сайттардың қазақша нұсқасы деген түсінік қана болатын. Одан бері қазақ аудиториясы да, Қазнеттің контент жасаушы белсенділері де біраз көбейді. Әлеуметтік желі өмірдің айнасы болғандықтан, қазақ тілі де өмірдегідей түрліше қолданылады. Жалпы, қарым-қатынас виртуалға көшкелі бері қазақ тілінде көптеген жаңа сөздер пайда болуда. Жасанды болсын, табиғи болсын, күнделікті қолданысымызға жаңа сөздер мен ұғымдар қосылып жатыр. Ол жаңа ұғымдарды лингвисттер жүйелеп отыр ма? Әңгіме сонда. Қазақ тілінің қандай бұзылған кейіпте болмасын, әлеуметтік желіде кеңінен қолдануына қуануымыз керек деп ойлаймын. Өйткені, өз басым тілді түсінікті болуымен өлшеймін. Сосын әлеуметтік желіні қонаққа келіп отырғандай кейіпте қолданатын адамдар болады. Құдды, қазақ тілі тек театралды пафос пен асханалық әңгіме үшін жаралғандай. Жоқ, олай емес. Қазақ тілі кез келген ортада өзін еркін сезінуі тиіс. Мейлі, көше тілі болсын, мейлі, ғылыми не әдеби болсын. Оған ана тіліміздің барлық мүмкіндігі бар. Тілдік тазалықты көксеушілердің басым бөлігі тіл білімі жөнінде, жалпы, тілдің даму заңдары туралы нақты хабары бар мамандар емес. Одан гөрі өздерінше тілге жаны ашып, патриот болуды көксейтіндер көп. Тіл туралы айтқанда, алдымен әлеуметтік желідегі хабарламаның мазмұнына көз салу керек. Егер ол ресми бір мәлімдеме немесе жарнама болса, әлбетте барлық заңдарды бұлжытпай орындауы қажет. Бірақ көпшілік арасында тілді дамыту үшін, өрісін кеңейту үшін әрбір қолданушыны жан-жақтан ережемен қыспақтап, әжуалап немесе даттап отырса, одан қазақ тілінің көсегесі көгермейді. Әдеби тіл, ресми тіл әрқашан ауызекі тілден өзгеше болады ғой. Сынамас бұрын, осыны ескерген дұрыс. Ресми құжатта эксперименттерге жол жоқ. Ал ауызекі қолданыста «пажалыстаң». Биологиядан есіңізде болса, жануарлар дамуының екі қозғаушы күші бар. Бірінші – ол табиғи сұрыпталу. Екіншісі, мутация. Осыны тілдік жазықтыққа жатқызып көрсек. Табиғатта ең икемді жануар аман қалады. Демек, қоршаған ортаға ең жылдам икемделе білетін тіл де аман қалады деген сөз. Мысал керек пе? Латын тілін алайық. Жазба тілі өзгеріссіз қалды. Ал диалекттерінен бірнеше өз алдына бөлек тіл дамыды. Жазба тіл ақыры ауызекі тілден алшақтағаны соншалық, латын тілі өлі тілдер санатында. Мутация дедік ғой. Ол енді жаңағы өзіңіз айтқан тілді бұзып сөйлеулер. Егер ол құлаққа қонымды, айтуға ыңғайлы болмаса, ол жай ғана қате болып қала қояды,– дейді блогер. Шындығында, әлеуметтік желіде, түрлі хат алмасу құралдарында қазақ тілін танымай қалып жатасыз. Дегенмен, әдеби шығармаларда, газет-журналдар мен кітаптарда сол күйі қолданылып кетеді деген қате пікір. Өйткені, шығармашылық орта ондайды бәрібір қабылдай алмайды. «Әлеуметтік желіні тілдің базарына айналуға кедергі келтірсек, тіліміз дамымайды. Тіл жанашырларының басты міндеті, тілдің табиғи дамуына кедергі келтірмеу. Егер тіліміз шұбарланбасын десек, цензор болуды емес, бар сөзді, тірі тілді жүйелеп, тіркеп, жас баланың әр жаңа қылығына тамсанған ата-анадай жанашырлық танытқаны жөн. Әйтпесе, үркек, жасқаншақ, қолданыс аясы тар тіл болып қаламыз. Тағы бір айтарым, шет тілдердің барлығы қазір басынан тілдік өзгерістерді кешіп жатыр. Әлеуметтік желілер мен қарым-қатынастың интернеттенуіне байланысты. Ағылшын лингвисттері сонау бағзы, сым телефоны заманында-ақ, ол тілді «диджиспик» деп атап кеткен. Яғни, уақыт үнемдеу үшін, тілдік нормаларды бұзып жазу. Бұзып жазу қолданушыға ыңғайлы болса, демек, бұл бейресми қарым-қатынастың талабы сол деген сөз. Бізде де «кеатрм», «цүндім», «кәкелем» деген сияқты ауызекі тілден көшіп келген жазу стилі дамып келеді. Ол тілді бұзу емес, қарым-қатынастың «сандық технологияларға көшуіне» байланысты ауызекі тілге ыңғайлануы. Қазақ тілі атамыз тасқа жазып кеткен руналар деген түсініктен құтылу керек»
,– деген Асқардың ойы да миға қонымды сияқты.
СӨЗ СОҢЫ: Қаласаңыз да, қаламасаңыз да қоғам әлеуметтік желілерге желімденді. Дүние күйіп бара жатса да желілерге көз қырын салып, виртуалды өмірден алшақтамайтындар саны күн өткен сайын артып келеді. Енді бізге осы құбылысты мәдениетті, сапалы, ұлт пен мемлекетке пайдалы жағынан қолдану керек. Әркім өз оқырмандары алдындағы жауапкершілікті барынша сезінуге тиіс. Мәселенки, өткенде 500 мың оқырманы бар бір қолданушы өзінің жартылай жалаңаш суретін жария­лады. Осында не тәлім, не тәрбие бар? Оны оқып отырған жас бала қандай ой түйеді? Нендей үлгі-өнеге алады? Міне, жауапкершілік дегенді айтқандағы ойымыз осы. Жастардың санасын улайтын, жұртты адастыратын, бүлік шығарып, арандатуға итермелейтін дүниелерден іргемізді аулақ салғанымыз жөн. Әйтпесе, «ойыннан от шығып кетуі» бек мүмкін.

Ержан Байтілес,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.
Әрі қарай

Палшыға аһидың агрессиясы

Бақсы-балгерлік, көзбояушылыққа ислам діні қатаң тыйым салып, харам еткен. Бұл видеода әсіремұсылмандық кейпіндегі жігіттің бал аштырып отырған қызға оның харам іс екенін жеткізбек болып, өзінің анасындай жанға дөрекілік көрсетуі түсірілген.
Әрі қарай

Салауатты өмір - мотивация дәні

Жалпы, қоғамда ақсап келе жатқан түсініктердің бірі — салауатты өмір салты. Оның да мына жобада бекер қойылмағаны көрініп тұр. Нақты айтқанда, әрбір оқырман кезекті блогтан кейін, жазбада түсіндірілген өмір моделіне деген қызығушылығы арту қажет. Яғни, салауатты өмір салтын өміріне енгізуге ынталану. Мини-блогиаданың да мақсаты осы болса керек.

Жарыстың шарты бойынша, салауатты өмір салты атты үлкен, әрі маңызды тақырыпта репортаж стилінде жазба талап етіліпті. «Репортаж деген белгілі бір уақиға жеріне барып ақпарат алумен қатар, соны халыққа шебер түрде жеткізу мақсатында жасалынатын видео, фото, жазба түріндегі ресми/бейресми құжат» — дейді google-ата. Дегенмен, ғасырымыз вертуалды-ақпараттық жүйеге тікелей байланысты болғандықтан, репортажымды онлайн түрде жасасам, ешкім дау айта алмас, сірә.

Керек тілші: Салауатты өмір - мотивация дәні

Салауатты өмір салты деген не?

Анықтама:
Салауатты өмір салты — белгілі популяцияның денсаулығын сақтап, нығайтуға, салауаттандыруға арналған мінез-құлқы, тәрбиесі. Салауатты өмір салты — тек медициналық емес, сонымен қатар өндіріс пен өндірістік қатынастардың дамуына байланысты болып келетін әлеуметтік-экономикалық категория. Салауатты өмір салтыжеке адамның тіршілік жағдайын денсаулығына сәйкес таңдауы, яғни жеке әлеуметтік топтар мен жалпы қоғамның жоғары гигиеналық мәдениеті.

Гигиена, тазалық, спортпен шұғылдану, жаман әдеттерден алыс тұру және т.с.с. мысалдар айтып нәрсіз сценарийді әрі қарай жалғастыра беруге әркімнің де тілі жетерлі-ақ. Алайда, іске келгенде ауыз толтырып айтып жатқан адамдардың көбісі сол өмір моделін ұстанбайтынына күә болып жатамыз.
Менің репортажымның мақсаты — айтқан нәрсесін тірлігімен құптай отырып, тіршілік жағдайын денсаулығына сәйкес таңдаған, үлкен жетістікке жетіп, халық алдында беделді атанған нағыз ерлердің салауатты өмір салтын қалай жүргізіп жүргендері туралы жазу, әрі солардың өсиеттерін өсіп келе жатқан саналы ұрпаққа жеткізу. Сонымен қатар, мотивация алған жастарды жетістіктерге жетелейтін, таза, әрі мүмкіндіктерге толы өмір моделіне шақыру, үндеу!

Онлайн сұхбатымның бірінші қаһарманы, бизнесмен, Arman Holding компаниясының іргетасын қалаған жетекші және президент — Серікбай Бисекеев (bisekeev.com). Жетістік шыңының төрі қаншалықты жарқын болса, оған жетелейтін жолдың да соншалықты қараңғы екенін білеміз. Жұмыстан шаршап-шалдыққанда, немен айналысатынын, бос уақытын қалай өткізетіні туралы сауал қойдым. Және салауатты өмір салты туралы ой-пікірін қалдыруды өтіндім. Серік ағамыздың жауабы төмендегідей болды.

Керек тілші: Салауатты өмір - мотивация дәні

Шапағат Бердібек — Массачусетск технологиялық институтының (MIT) степендианты, облыстық және республикалық дәрежедегі дүркін-дүркін жеңімпазы, жүлдегері, Asian Physics Olympiad атты олимпиаданың қола жүлдегері, Шымкент қазақ-түрік лицейінің (Шымкент КТЛ) түлегі. Өзге елде оқып жүрсе де, Бердібек салауатты өмір салтына дұрыс қарайды. Оның таэквондо спорт түрінен USA ішінде 1-орын алуына ештеңе кедергі келтірмеді. Керісінше, сабағына деген мотивация болды десек қателескен болмаспыз, сірә. Сұхбат барысында көп мағлұматтың болғанын қаламады. Бар алып қалғаным осы болды. Алған жетістіктері мен салауатты өмірі ой саларлықтай деп ойлаймын.

Керек тілші: Салауатты өмір - мотивация дәні

Шамиль Аляутдинов

Ал, Шамиль ағамыз біздің тақырып туралы не айтады екен? Өмірінде кездескен қиындықтардың арқасында денсаулықтың қадірін түсінген триллионер (өзін солай атағанды ұнатады. Тіпті, «триллоинер слушает» деген кітабы да жарық көрді) «тәні саудың — жаны сау» немесе керсінше «жаны саудың — тәні сау» принципін ұстанады. Күніне 12 км жерді велосипедпен (белсебед, шайтанарба) жүріп өте аласыз ба? Мүмкін, бірақ баршамыз көлік бар кезде, велосипед қолданбаймыз. Дегенмен, қаншалықты бақуатты, бай, беделді болса да, Шамиль жұмысына көлікпен бармайды екен. Тіпті, 2010 жылында қымбат көлігін (Ауди A5) сатып, орнына велосипед алған екен. Оның жұмысына баратын жолы, күнделікті жаттығудың түріне айналып кеткен десек те болады. Өзінің жауабы былайша:

2010 жылдың желтоқсан айында мен өзімнің ең жақсы көретін, жап-жаңа, бір жылдық «Ауди А5» көлігімді сатып, орнына велосипед алдым. Өзімнің денсаулығыма ұқыпты қарайын деген мақсат болды. Сол уақыттан бері мен жұмыс пен үйдің арасында 12 км арақашықтықты велосипедпен қатынап жүрмін. Оған қоса, офисте белтемір (турник) орнатып қойғанмын. Себебі, 33 жасымда алғаш рет омыртқа-арасы жарық ауруына (межпозвоночная грыжа) шалдықтым. Жүре алмадым, отыра алмадым. Аурудың асқынғанын тіпті құлайтын кездер де болған. Қазір, шүкір, арнайы жаттығуды үйреніп, соларды күнде жасап тұрамын. Денсаулықтың кепілі – салауатты өмір салтынан басталады.

Жаны саудың – тәні сау ма әлде керсінше ме?

Адамдар қадірін білмейтін 2 нәрсе бар. Денсаулық және бос уақыт. Бос уақытымды әрқашан пайдалы өткізуге тырысамын. Жастарға да тілерім мейілінше уақыттарын өзін дамытумен және салауатты өмір салтын ұстанумен өткізсін. Адам баласы бағындырмаған талай белестер бар.


Асқат Мұрзабаев

Асқат Мұрзабаев — IT маманы, программист, Твиттерде (Twitter.com) тәжірбие алуға ие болған студент, Сhocomart.kz сайтының ортақ құрылтайшысы. Асқат бос уақытында тауға шыққанды ұнатады. Яғни, бір сөзбен әбден берілген альпенист. Таза ауаның әсері болуы керек, әрдайым өзін жақсы сезінуге көмектеседі. Әрдайым осылайша уақытын таза ауада өткізуі, Асқаттың болашақ жеңістеріне деген мотивация сыйлайтынына күмән жоқ. Салауатты өмірді түзеткенде ғана, біздің ерекше креативті ойларымыз ашылып, дүниеге басқа көзбен қарай бастаймыз. Адамда жиналған стресс, күйзеліс, қаттылық осы спорт, серуендеу арқылы кетеді. Асқатқа молынан пайда алып келгенін аңғару қиын емес.

Керек тілші: Салауатты өмір - мотивация дәні

Интернет әлемінің майталмандарынан да сұхбат алып үлгердік. Kerekinfo.kz сайтының бас директоры Аршат Ораздың жұмыстан шаршаған уақытта жалғыздықты ұнататынын білдіңіз бе? Жалғыз қалып, жаяу жүргенде тынығып қалатынын жасырған жоқ. Оның ойынша, салауатты өмір салтын жалғыз ұстану — қиын. Бір топ болып, бірге жүріп, бірге іс жасаған абзалырақ. Осылайша, топ ішінде бірлік пен қолдау сақталады деген ойда.
Керек тілші: Салауатты өмір - мотивация дәні
«Біз, мысалы, жігіттермен жиналып футбол ойнап тұрамыз» — деп, салауатты өмірінен тәжірбие келтірді.

Ал, Blogtime.kz блогтұғырының директоры Нұрлан Жанайдың ойы өзгеше болды. Бос уақытын соншалықты спортқа бермесе де, онсыз еш болмайтынын сызып көрсетті. Соған қарағанда, халыққа қызмет бірінші орында тұрған секілді. Дегенмен, тынықпаған тән мен қаяу көңіл іс жасайтын кезде ықыласты бұзады. Ықыластың қайнар көзі — демалған рухта. Нұрлан бағындырған белестердің тамыры салаутты өмір салтына байлаулы екенін аңғару қиын емес. Тіпті, кейде серігіп алғанда "Қырып жоямын деп ойлайсың" деп қояды, мотивацияны мақтан тұтып. Жалпы Нұрланның талғамы:
Керек тілші: Салауатты өмір - мотивация дәні
Жүзу, жүгіру, секіру сияқты жеңіл атлетика түрлері. Нұрланмен бірге бір марафонда қатысып көрсем бе екен деген ойда жүрмін.

Арқамыздан қадам басып келе жатқан жас інілерміз бен қарындастарымызға өз ақыл-кеңесімен бөліскен Ерболдың жауабы маған қатты ұнады. Ербол Серікбайсұрақ-жауап сайтының құрушысы.

Сұрақ:

— Жаңадан жетістік жолын бастап келе жаткан жас ұрпакка салаутты өмір салтын дәріптейтін, үндейтін қандай істерді ақыл кеңес етер едің?

Керек тілші: Салауатты өмір - мотивация дәні

Темекіден аулақ болсын! Ең жаман әдет — темекі… Өмірімде темекіге қызықпаппын, шеккен де емеспін. Яғни, менің санамда темекі шегуді "қызық, әдемі көрінеді" деген түсінікті шығарып тастағанмын. Оның орнына велосипед алу, конькиде әдемі сырғанауды мотивация ретінде алса жақсы.

Қорытынды: «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды.» Салауатты өмір салты жетістік жолы мен адам бақытымен тығыз байланысты екенін аңғардық. Өмірінде жетістікке жетіп, ары қарай тоқтамаған ерлер де сол әдетті ары қарай жалғастыруда. Тіпті, келер ұрпаққа өсиет етуде. Невролог Даниель Левитиннің сөзін оқып алып, содан тұжырым шығардым.
Қай орта болмасын, жетістіктің шыңына (шеберлікке) жету үшін, адамға салауатты өмір салтын белсенді түрде жүргізу керек. Денсаулықтан асқан байлық жоқ. Ал, оны сақтауда алғышартты ойнайтын маңызды рөл — осы салауатты өмірде жатыр. Кез-келген адам — композитор, блогер, бизнесмен, жазушы, пианист, спортсмен, ғалым, — кім болса да, өмір жолы бойы салауатты өмір салтын ұстанып отқанын аңғарамыз. Серік Бисекеев ағамыз айтқандай, өзіне керек өмірді әркім өзіне қарай жоспарлайды. Сол себепті, өмірімізге бет алды қарамастан, болашақта жетістікке жеткен, әрі соның жемісін тамсана отырып тата алатындай дәрежеде болу үшін, салауатты өмір салтын дұрыс ұстанып, оның іргетасын бүгін қалау керекпіз.
Әрі қарай

Мәні

Қазақ даласында әлі де сыры ашылмаған мекендер, есткерткіш жазбалар көп. Соның бірі Ырғыз жағасындағы елді мекендердегі балбал тастар, сонау ертеден қалған қорымдар, бүгінге дейін қай тілде жазылғаны белгісіз, сыры ашылмаған тасқа қашалған жазу, таңбалар.
Ертеден ел аузында жүрген аңыз Ырғыз өзенін, кезінде арнасына сыймаған дария болған деседі. Сол дарияның жағасын мекен еткен қазақ ауылын бір күні қалмақтар шауып, қыз-келіншектерін күңдікке әкетеді. Солардың арасында бір жүкті әйелде бар екен.
Ол әйел қалмақтың батырын сұлулығымен таңқалдырса керек, жүктілігіне қарамай өзіне тоқал етеді. Айы-күні жеткенде қыз босанады, бірақ қалмақ батыры ұл тумағанына қуанып, қыздан қауіп күтпей, сәбиді өлтірмейді.
Қызда бойжетеді. Анасы қалайда қазақ жігітіне қосуды ойлап, қазақ тұтқындарды жасырын бақылап, қызына лайғын таңдай жүреді. Бір күні көзі мұрты енді тебіндеп келе жатқан жас қазақ жігітіне түсіп, түнделетіп келіп, қос ат пен қызын ерте келіп, жігітке аманат етіп, батасын беріп, қазақ даласына бағыттап, қашырып жібереді.
Қыз бен жігіт жол бойы тіл қатыспаса да бір бірін іштей ұнатып қалады. Түнімен, күнімен тұлпарларының шабысын тоқтатпастан қалмақ қуғыншыларын жолда адастырып кетеді.
Бір дарияның жағасына келгенде қыз бен жігіт тынығап, суға шомылып алуды жөн көреді. Сөйтіп суға шомылғалы жатқан қызды ордалы жылан шағып өлтіреді. Жігіт оны шың басына жерлеп, үстіне қаластырып тас үйеді.
Бүгінде ол жерді «Мәні шыңы» немес «Мәні қыз тауы» деп атайды, Алайда ол жерде қорымдар, құлпытастар көп. Ордалы жылан да кездеседі, тау етегі, төбесіне дейін толған ұлу қабыршақтары. Тастарға қашалған таңбалар, жазулардың мәні әлі зерттелмеген, белгісіз, құпия күйінде жатыр. Блог - aizat: Мәні
Әрі қарай

Шалдарын керек қылмайтын мекен

Арнайы «Үздік кино сыншысы» байқауы үшін

«Жақсы көретін киноң қайсы!?» деп әлдебіреу шалғайға жармаса кеткенде, «Мә!» деп ұстата салатын фильмге келгенде, алдымен аузыма ілігетіні – осы. Ағайынды Коэндердің «Шалдарға еш жерде орын жоқ» («No Country for Old Men») туындысы. Біздің «ауылда» «Старикам тут не место» деген атаумен танымал.
Әрі қарай

12

Арнайы Үздік кино сыншысы үшін…
Блог - SamayaSchastlivaya: 12

Кейбір фильмдер болады, Онда фильм барысында небір жерлер, қалалар, керек десең бірнеше елдерде түсірілсе де адамның санасына жатталып қала алмайтын, қорытылуы қиын, біткенде сенде сол көрілген сюжет ұзамай-ақ өшіп қалатын, керек десең көруге кеткен уақыт үшін біржерің ашитын…
Ал енді тағы бір фильмдер болады, ол кино барысында бір ғана жерде пәлен жағдай, құбылыс, сезім, үміт, оның үзілуі бәрі орнын табады, біткеннен кейін ұзақ ойыңда сақталады. Достарыңа көруді рекомендеп те қоясың сөз арасында. Мысалыға, «Тірідей көмілген»-«Погребенный заживо» киносын алуға болады. Мағынасы бар, көру барысында неше түрлі сезімде боласың, соңын асыға күтесің, көргеніңе өкінбейсің…
Блог - SamayaSchastlivaya: 12
Сол сияқты мағынасы жағынан да, түсірілу барысынан да, онда жүргізілген пікірсайыстар мен диалогтар сені жай фильм қарап отырғандай емес, сол пікірсайысқа қатысып отырғандай ана кінәсіз баланың өмірі сенің қолыңда тұрғандай күй кешіретін сезімде қалдыратын «12» фильмін атап көрсетер едім.… Көрдім, өкінбедім, ұнаттым. Сіздерге де ұнайды, көріп, көргендеріне өкінбейді деген үміттемін. Бәлкім, көрмеген адам да қалмаған шығар өзі?! Мейлі…
Блог - SamayaSchastlivaya: 12
ПЫСЫ: негізі «12» фильмін ұсынып тұрмын, ал анау «Тірідей көмілген» мысал ретінде қолданылған, типа көрнекілік)))
Әрі қарай

Блогиаданың жартылай финалы басталды

Қасқыр блогерді анықтайтын «Блогиада» сайысы қызып келе жатыр. Енді бұл доданың жартылай финалы басталды, шашасына шаң жұқтырмайтын мықтылар қалды. Блогиадаға қатысқан барлық блогерлердің ерен еңбегі бар, оларға алғыс айтып қою керек. Ал, енді бәйгеге түскелі жатқан дүлдүлдерге сәттілік пен шабыт тілейміз!
Кеше ғана өткен марапаттау рәсімін көре отырыңыздар
Әрі қарай