Шалдарын керек қылмайтын мекен

Арнайы «Үздік кино сыншысы» байқауы үшін

«Жақсы көретін киноң қайсы!?» деп әлдебіреу шалғайға жармаса кеткенде, «Мә!» деп ұстата салатын фильмге келгенде, алдымен аузыма ілігетіні – осы. Ағайынды Коэндердің «Шалдарға еш жерде орын жоқ» («No Country for Old Men») туындысы. Біздің «ауылда» «Старикам тут не место» деген атаумен танымал.

Киностан: Шалдарын керек қылмайтын мекен
Сірә, сондағысы бір аунап-қунап, қызығын көрген соң дәмі кететін өзге фильмдердей емес, әр қараған сайын жаңа ой, жаңа деталь тауып, «мә, мынаны қара, өткенде көргенімде байқамаппын» дегізетін қасиетінің құшағында кететінім болса керек.

Жә, классикалық кино рецензиясына салатын болсақ, ендігі сөз сюжетке берілуі қажет, олай болса мархабат: Вьетнам соғысынан өткен қарапайым техастық жұмысшы Ллевелин Мосс (аты-жөні әдемі, ә?) айдалада аңшылықпен айналысып жүріп әлдебір сайда қызыл-ала қырғынның үстінен түседі. Үймелеген шыбын, үйілген мүрделер, героин тиелген көлік пен екі миллион доллар…

Оңай олжа деп әлгі ақшаны қолтықтай кеткен Мостың басы осыдан соң бәлеге қалады: ізіне Антон Чигур атты ақыл-есі аздап… біртүрлілеу кісі өлтіруші, қауіпсіздігін ойлап, қам қылуға тырысқан жергілікті шериф Эд Том Белл және мексикандығы бар, басқасы бар қаһарлы жігіттер түседі.

Киностан: Шалдарын керек қылмайтын мекен
Былай аңдатпасын оқысаң ары кеткенде сапалы экшн тәрізді. Оның үстіне желі аңыраған айдаладағы АҚШ-Мексика шекарасындағы оқиғаларды трейлерден де түсіне алмайсың, әйтеуір, «алды-берді, келді-кетті» шамасындағы бірдеңелерді ұғасың. Біздің қадірлі көрерменіміздің шатасын тұсы да осы.

Коэндердің бұл фильмі «қабат-қабат қаттама» дүние: сыртқы динамика мен экшнды әбден ұғынып алып, қайыра көрсең күтпеген операторлық жұмыстың, ешқандай үрейлі, қорқынышты, «ойбай, кеп қалды» стиліндегі саундтрекпен әрлемей-ақ авторлардың ауа жеткізбей, деміңді тарылтып, титықтап қоятынын, физика мен жаратылыс заңдылықтарының барынша сақталғанын байқап, бажайлай аласыз. Бұнысын да «ішіп тастап», тағы бір рет басынан қарасаң, Томми Ли Джонстың кейіпкері шериф Эд Том Белдің ашты тілі мен пәлсапалық пайымдарын ой елегіңізден өткізіп, Чигурдың ісін түсінуге тырысып, финалын көңіліңіздің экранында ары ойнатып, бері ойнатып, бір сәт өзіңізбен-өзіңіз әңгіме-дүкен құрып кетуіңіз де мүмкін.

Ұсақ-түйекке келгенде перфекционистік ауруым «асқынып» кететін маған «Шалдарға еш жерде орын жоқ» – емге бергісіз дүние. Жобаның сюжеттік желісінде 80-ші жылдар көрсетілетіндіктен, сол кездің атмосферасын беру үшін кейіпкерлердің киген киімінен бастап, артқы фондағы есік-терезенің заманына сай болуы үлкен маңызға ие. Бұл ретте, АҚШ-танушы болмасаңыз да, авторлардың көмегімен, алдыңыздағы кадрлардың барынша шынайы, нанымды екенін сезініп, түйсіне аласыз.

Киностан: Шалдарын керек қылмайтын мекен
Фильмнің басты үш артықшылығын бөліп алып қарастырар едім:
Актерлік ойын. Әсіресе, Антон Чигурды сомдаған Хавьер Бардем. Өз ісінің (адам өлтіруді айтамын) «шебері», ұстанымы мен құндылықтары сіз бен біздікінен мүлдем бөлек, зәрін төгіп қараса да, жымиып күлсе де, іші-бауырыңды мұздатып, қалтыратып жіберетін қанішердің рөлі мен үшін ерекше. Сондай-ақ, Ллевелин Мостың рөлін алып шыққан Джош Бролинге де тек қол соғып, құрметтей аламыз.
Камера, монтаж, дыбыс. Киноның құдіретін сездіруде соңғы орынды иеленбейтін бұл «үштік» Коэндердің туындысында көрерменде ләззатқа батыратындай деңгейде қолданылған. Оператор артқы фонға акцент салмай-ақ, назарыңды аудара алады. Жүрегіңді қақтыратын тұстары тысырлаған аяқ, сырт еткен шүріппе секілді табиғи дыбыстарымен-ақ тым-тым әсерлі.
Фильмнің әр көрерменге әртүрлі әсер етуі. Яғни, бетінде жатқан атыс, қуғын мен ары тереңіне батқанда шығатын «жаңа заманның орнауы, ескі құндылықтардың жоғалуы» секілді месседждердің қабылдану деңгейі де әртүрлі.

«Оскардың» төртеуін («Үздік фильм», «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі», «Үздік режиссер», «Үздік бейімделген сценарий») жетектеп кеткен туынды жер-көкті қырып алған мақтауы мен мадақтауына лайық-ақ. Кезінде сәннен түспеген американдық нуардың элементтері, вестерндік стиль, риза қылдырып, рахататтандыратын актерлік ойын, жалықтырмайтын, күтпеген сәттері көп сюжеттік желі, кәсіби деңгейі өте жоғары техникалық әрлеу – бір фильмнің бойынан осы қасиеттердің бәрін көру жиі кездесе бермейді-ау… Қысқасы, кез келген киноман көріп, кинотекасына қосып қоятын туынды.
bk
Бөлісу:

15 пікір

zholantai
дүбірі мол кино, соңғы 5-6 жыл бойына естіп келемін, содан осы жылдың көктемінде көрдім, Бардем ойнаған фильмдермен ауырған кезім болды, соның әсерінде қараған дүние болатын, көктемдегі көңіл-күйддің себебі ме, әлде басқалай себеп пе, аса елене қоймаған еді, бірақ бекер атақ жинамаған кино екені байқалған, рецензиядан кейін тағы бір рет ыждағаттылықпен көріп шығуды ойлап отырмын, рахмет,
жалпы Коэндердің жұмысын бірінші рет көргеннен түсінген емеспін, қабылдай алған емеспін, не кейін тағы бір рет ораламын, не оралуға батпаймын,
qisyq
Коэндердің фильмдері, шіркін, керемет қой
zholantai
орысша атауы аздап мағынасын жоғалтып алған ба дейм,
zholantai
түпнұсқа атауымен қазақша атауы үндеседі, ал орысша атауы жарамады, бұған дейін түпнұсқа атауына қарамаған екенмін, тек орысша атауымен ғана танып келіппін,
qisyq
Иә, атауы ағылшыншада басқаша.
Gastarbaiter
Барлық канонға сай рецензия мінеки.
Жазбадан абзацтың арасында автор лаптобын ұйқы режиміне қойып қойып, фильмді қайта еске алудан қозып кеткені себепті, бір ауық уқалап алып отырғанын да сезуге болады.

Бір кеңестен көрі, келешеке ұсыныс бар, рецензияда қазақы реалиялармен салыстырып, қазақы түсінікке ыңғайлап, қазақи құбылыстар мен тек кеңестік һәм қазақы кино вакуумында өскендерге де түсінікті ететін салыстырулар мен отсылкалар болса.
satibaldi
Мәдени терминдерден хабарым болмағасын, мұндай фильмдерді мен өзімше «ауыздан тігіп кететін фильмдер» деп бөлемін. Айталық, Томми Ли Джонс ақыры табатын шығар деп ойлағам, ал ол пәлсапалатып, ақыры қуып кетті
omarbirat
Осы фильмнің соңы есімде қалмапты
satibaldi
Соңы — Томми Ли Джонстың сентимент монологымен бітед, қатынымен шай ішіп отырып:*)):*)):*))
SaryQazaQ
Фильмнің не айтқысы келгенін түсіне алмадым
Basic
Ымммым… көп бопты осындай тəуір дүние оқымағалы
qisyq
Бұл тәуір дүниенің шыққанына да көп болған :D:D:D
Basic
Енді жазсаңызшы қисаймай