Жалпы биылғы блоггеррлердің 3-ші басқосуы өте тамаша өтті. Оны ұйымдастырған Данияр, Нұрлан және тағы басқа шымкенттік барлық бауырларымызға үлкен алғыс айтамын. Сонымен қатар қолдау көрсеткен барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар мен мекемелерге көпшілік риза болды.
Сөйтіп…
Қазақы нетті бір сілкіндірген, дүр сілкіндірген блогкемп өтті…
Құрылтай жылнамасына, қазақы нет тарихына «Шымкент құрылтайы» деген атпен енген құрылтай таңырқау, таңғалу мен сүйсіну сәттеріне толы болды…
Қызық! «Өмір өтіп бара жатыр» деп жиі налимыз, бірақ жүрегіміздің түбіне терең үңілсек, сол өмірдің шынымен өтіп бара жатқанына өкініш таппаймыз. Қызық! Қолымыздағы 100 теңге садақа үшін беруге көптік етеді, ал «100 теңгеге базарға барып сауда жаса» десе күлкіміз келеді.
Ол отбасында жалғыз бала. Ата-анасымен үшеуі тұрады. Анасы үй шаруасындағы әйел. Әке отбасының асыраушысы. Азаннан кешке дейін жұмыста. Табысы орташа. Біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешіп жатқан жайлары бар. Күніге кешке үйге келгенде бала әкесімен ойнағысы, мойнына асылып еркелегісі, сырласқысы да келеді. Бірақ, үнемі әкенің балаға көңіл бөлуге мұршасы келе бермейді. Әр кез жұмыстан шаршап келгенін айтып, теріс айнала береді. Оның үстіне уақыты да жоқ. Бала кішкентай болса да әкенің өздерін қамтамасыз ету үшін тырысып жүргенін түсінгендіктен үнсіз келісуге мәжбүр. Мектепте құрдастары әкесімен қыдырғанын, жұмыстан соң отырып әңгімелесетінін, сабағын дайындауға көмектесетінін айтып жатқанда бұл әкесіз баладай көзі қызып, өтірік қана көңіл бөлмегенсіп тұрады. Бір күні шыдамы таусылған бала әкесінен оның күндік табысы жайында сұрады. Әкесінің айтқан сомасын ойша есептеп, әр сағатына әкенің 2000 теңге табыс табатынын білген соң күнделікті сабақтан кейін өзінше жалданып, жеңіл жұмыстар жасап жүрді. Мектеп баласына кім көл-көсір жалақы төлей қойсын. Әйтеуір «елгезектігіне» қызығып, қолбала қылып жұмсайды да азын-аулақ тиын-тебен ұстатып қояды. Сондағы ойлары — өзінше табыс тауып, тәтті-пәтті алғысы келіп жүр ғой. Одан артық бұған не керек дейсің?! Сөйтіп жүріп бала 2000 теңгенің басын құрады. Бір күні кешке, әкесі жұмыстан келгенде жанына отырып, оның қолына 2000 теңгесін ұстатты да: Әке міне Сіздің бір сағаттық табысыңыз. Маған бір сағат уақытыңызды бөліңізші деп, өтініш білдірді. Бұл жайында ешқашан ойланып көрмеген әке жай соққандай қатты да қалды. Ал бала осы арада іштегі бар сырын ақтарды. Әкеге ешқандай кінә да артпады, табаламады да, қараламады да. Тек күнделікті өмірі, сабағы, достары, өзінің өмір жайлы, достық жайлы ойын әңгімеледі. Әке тыңдап отырып баласының бар мұңын, шерін түсінгендей болды. Өмірдегі ең қымбат ұрпағына көңіл бөлу жайында бір сәт ойланбай, қанашама уақтының босқа кеткеніне өкінді. Баланың не айтқанын толық түсінбеді де, тек тыңдағаннан үлкен ләззат алды. Ал бұл сәтте оның баласынан бақытты адам болмады өмірде. Ол бүгін әкемен сырласудың ләззатын шын сезінді. Көз алдына мектептегі достарына әкесімен қалай сырласатыны, ақылдасатыны жайында әңгімелеп тұрғаны елестеп, күлімдеп қойды. Сөйтіп жатып, әкенің тізесінде тәтті ұйқыға кетті.
«Бесік» жыры… Бесік және жыр!
Осы бір құстың қос қанаты іспеттес егіз ұғым нақ күні кешеге дейін Алашымыз үшін ешбір асылға айырбастамас, баға жеткісіз құндылық. саналатын-ды. Олар үшін бесік пен жыр киелі де, кепиетті ұғым-тын. Осынау өмірлерінің басты өлшемі болып табылатын құндылықтарға тәубе дей отырып, тәу ететін де еді олар. Бесік пен жырды төбелеріне көтере, марқая масаттанатындары да рас-тын. Алашым үшін бесік пен жыр ұлт болып ұйысып, ел болып еңсе тіктеуінің де негізі болып табылатын.
Ал, бүгін өкінішке қарай, бағзыда өткен Елтеріс, Тоныкөк, Күлтегін, Еділдейін баһадүр бабаларымыз тербеліп өскен бесік те, олардың бойына нәр-қуат берген бесік жыры да өздерінің теңдесі жоқ қадір-қасиетін жоғалтып, архаизмге айналып отыр. Осынау ұлтымызды құрдымға алып бара жатқан жосықсыздыққа ешбіріміз селт етер емеспіз.
Япыр-ай, сонда осылайша қағымыздан жерініп, ата-бабаларымыздың аманатынан, ұлттық салт-дәстүрлерімізден безінгенде қайда барып оңбақпыз? Ұрпағымыздың ертеңгі күні не болмақ? Келешек алдында не деп жауап бермекпіз? Ой-тоба, мұнан асқан сұмдық болмас сірә. Қайда бағыт алып бара жатқанымызға бір сәт мән берсек етті? Бүгінгі күні «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тағылымды тәмсіл де адыра қалғандай. Япыр-ай, егемендік алып, еңсе түзедік пе дегенде, шын «зар заманға» енді тап болғандаймыз-ау, тегі. Жоғарыда баяндалған жайттардан кейін бұлай демеске біздің әддіміз де болмай отыр.
Ал енді осынау өзіміз тілімізге тиек етіп, отырған өзек жарды өткір мәселе туралы қарымды қаламгер Аян (Сейітхан) Нысаналин не деп толғанады екен? Қанеки, құлақ түрелікші. («Зерде» кітабынан):
«…. мен естіген ең ғажап ән – «Бесік жыры». Қандай өміршең, қандай мұңды! Шындық бет-жүзіңе қаратпайды. Хан ба, қара ма, талбесікте тербеліп жатқанда нәрестеге бәрібір секілді, даңғаза дүние таң шығындай мөлдіреп, періштедей бал-бұл жандырады. Оның құлағына әлгі әспет әуенмен бірге ұлы дала жыры келеді. Қайдағы-жайдағы сағыныш сарыны еміс-еміс талып жетеді. Сайын сахара, түз тебініндегі тарпаң тұлпарлар тұяғының дүбірі, бозала таңда титтей, ноқаттай болып таңдайынан әуез төгетін бозторғай, түгел тіршілік сәби сезімін қытықтайды оятып. Маған анам айтып, Ханзада әпкемнің аузынан жазып алған «Бесік жыры» әлі күнге дейін әлдилеп тұрғандай:
-Әлди, әлди ақ бөпем,
Ақ бесікте жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Байқасқаның құйрығын,
Жіпке тізіп берейін.
Құйрығындағы сатпағын,
Быламық қылып берейін.
Оның дәмін кім татар,
Жеңгелері татар.
Сейітхан деген туыпты,
Ту биені сойыпты,
Аталары жиналып,
Атын Сейітхан қойыпты.
Қара қасқа атты Қамбар-ай,
Қараның бегі хандар-ай,
Сейітхандікіне түсе кет,
Шай самаурын іше кет!
Қанша қонақ келсе де,
Есебін оның табады.
Сейітхан күтіп алады.
Сейітхан деген бір кісі,
Арабаның тіркесі,
Шаудан қалпақ басында,
Ханның қызы қасында,
Саудырайды теңгесі,
Теңгесінен бермесе,
Өкпелейді жеңгесі.
Әлди, әлди ақ бөпем,
Ақ бесікте жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Уыз дәмін тат, көкем.
Жұрт сүймесе сүймесін,
Өзім сүйген бөпешім.
Менің азамат атанып, ақын болып қалыптасуыма осы «Бесік жыры» өзінің ізгі ықпалын тигізді деп ойлаймын».
Аса қадірменді оқырман! Жыр жампозы шерткен осынау бір үзік сыр біздің де көкейіміздегіні дөп басып, «Бесік жырының» ұрпақ тәрбиесіндегі орыны мен мән-маңызын жетемізге жеткізе түсіндіріп отыр деп білеміз. Ендеше, ел ертеңіне алаңдайтын, ардақты ағайын, бүгінгі күннің «бас ауруына» айналып отырған маңызды мәселеге бей-жай қарамалық. Барша келіндердің «Бесік жырын» біліп жүруіне түрткі болалық.
Ағылшын тілі мұғалімінің естелігі (Авторы белгісіз, интернеттен аударма).
2000 жылдың желтоқсан айы еді. Университетті жаңа бітірген кезім. Бір мектепте сабақ беріп жүрмін. Бір күні оқушыларға «Егер мен бай болсам, анама… алар едім» сөйлеміндегі бос орынды қиял күшіңізді қолданып, толтырыңдар деген тапсырма бердім. Сынып ойланып, жаза бастады. 5 минуттан кейін жауаптарды жинадым да дауыстап оқи бастадым. Ғарыш кемесі, Феррари, Майамиде вилла, Мальдивтерде арал… Мен оқыған сайын оқушылар күледі. Соңғы қағазды ішімнен оқыдым. «If I were rich, I would buy flowers for my mom.» (Егер мен бай болсам, анама гүл алар едім.) Мұны жазған сыныпқа жақында қосылған, әлжуаз, тұйықтау келген бір бала еді. «Арамызда сезімтал бір бала бар екен. Селим, орныңнан тұр. Жауабыңды өзің оқып бер» дедім. «Гүл аламын деп жаздым, ағай» деді. Сынып тарқылдап күлді. «Мен сендерге қиял күштеріңді қолданыңдар, өте бай болғандарыңды елестетіңдер. Сонда да гүл деп жазуыма қарағанда бір себебің бар ау?» дедім. «Ойыма басқа ештеңе келмеді» деп жауап берді. Жүзінде Мона Лизанікіндей күлу мен жылаудың арасындағы бір мимика бар еді. «Мазақ қылып тұрсың ба? Ойларыңа бірдеме келу үшін де көмектесуіміз керек пе?» дедім. Үндемеді. Оқушыларға қағаздарын қайтарып бердім. Қоңырау соғып, сынып үзіліске шығып кетті.
Заман-ай десеші). Пенде біткен пайда жоқ жерге аттап баспайтын болды. Санаулы күннен соң, Blogcamp өтпекші. Уа, қандай пайдасы бар дейді, білмейтіндер. Отыра қалып, түсіндіре бастайсың. Танысасыз, табысасыз, тәжірибе жинайсыз. Ой түйесіз. Ойланасыз. Таныстырасыз. Жобаңызды басқалармен салыстырасыз. Жоқ дегенде, Сатыбалдыны түсініп оқи бастайсыз, дейсің арасында. Сөз тәмам. Ақша табам ба, ақша дейді кейбірі. Бара қалса, аспаннан ақша жуатындай. Ақша іздеген бармай-ақ қойса болады. Басқа пайдасы… Блогкемптің пайдасы әркімге әртүрлі. Мен үшін, мен үшін… Тәжірибе, блогшылармен танысу өз алдына. Өзіме қымбатты Блогкемптен таптым. Сол бір алтын адам айтады.
-Блогкемп болмаса біздің таныспауымыз да мүмкін еді, деп. Үнсіз қостаймын.
-Блог болмаса біздің таныспауымыз мүмкін еді. Тағы да қостау.