«Қазақ әлемі» – фанатизм бе, әлде ұлттық сана ма?

Автор: Арнур Ауезхан
«Қазақ әлемі» – екі достың оқиғасы арқылы road movie жанрында түсірілген туынды. Басты кейіпкер – сүйіктісінің қолын алып, ауылда қалғысы келсе, қыздың арманы – Америка. Осы қарама-қайшылықты шешу үшін кейіпкерлер «Нұрлан Қоянбаевты тауып алып келу керек» деген ойға келеді. Бұл сәттен бастап фильмнің негізгі желісі – қазақ болмысы мен қазіргі ұрпақтың ұлттық сана мәселесіне айналады. Нұрлан Қоянбаев фильмде өзін «қазақ болмысына ықпал еткен, тарихты танитын, отансүйер миллионер» ретінде көрсетеді. Бірақ ең қызығы – бұл фильмде өзін ойнайды. Өзін тек актер емес, ұлттық идеяның жетекшісі ретінде көрсетуі, кейде тіпті саясаткер не болашақ президент ретіндегі образды ишаралап беруі – ойландырады. Бұл фильмде реалистік актерлік шеберлік емес, өзін-өзі насихаттау алдыңғы қатарға шыққандай әсер қалдырады.Актерлік құрам кең емес, оқиға тек екі достың төңірегінде өрбиді. Екеуінің рөлі – өздерінің бұрынғы веб-сериалдарындағы жеңіл әзілге толы образдары. Бұл – фильмнің терең идеяны жеткізу мүмкіндігін шектейді. Ал Нұрлан Қоянбаевтың бейнесі – тек «қуатты тұлға» ретінде беріледі, бірақ бұл көрерменге жасанды әсер береді. Әзілдер – шынайы емес, күлкілі болудан алыс.
Кинематография тұрғысынан да фильм көркем туынды деңгейіне жете алмайды. Түсірілген кадрлар мен табиғат көріністері болғанымен, визуал эстетика мазмұнның әлсіздігін жаба алмайды. Туынды халықтың «көзі ашылсын» деген ниетпен түсірілгендей көрінгенімен, бұл мақсатқа жете алмаған.Фильмде айтылатын «қазақ кім?» деген сұрақ пен тарихқа шолу жасау әрекеті – маңызды әрі өзекті. Бірақ бұл ойлар нақты дерекке емес, продюсердің фанаттық көзқарасына сүйенеді. Бұл жерде шынайы тарихты көрсету емес, өз образын асқақтату басым. Сценарийде тереңдік, драматургия жоқ. Бұл жай ғана блог секілді түсірілген туынды.
Ең ауыр әсер қалдырған сәт – Нұрлан Қоянбаевтың есіміндегі «ҚоянбаЕВ» жалғауы. Қазақтың ұлт ретінде қалыптасуына үлес қоспақ болған тұлғаның орыс тіліндегі «-ев» жалғауын қолдануы – үлкен қайшылық. Бұл – тек грамматикалық мәселе емес, ұлттық болмыс, тарихи жады тұрғысынан ауыр жайт. Бұл тегтің артында тұтас ұлттың тарихы, зары жатыр. Қазақты қазақ еткісі келетін тұлғаның осындай тегпен шығуы – ішті ауыртады.
Идея жақсы – бірақ жеткізу жолы, көркем құралдар, актерлік шешімдер, режиссерлік ұстаным – бәрі де әлсіз. Басқа режиссерлер идеясын метафорамен, көркемдікпен жеткізсе, Нұрлан Қоянбаев оны тікелей баяндап береді. Бұл – кино емес, тарих сабағына айналып кеткен.Соңғы кездері Қоянбаевтың саясатқа бет бұра бастағаны байқалады. Бұл туынды – сол жолдағы алғашқы қадамдардың бірі сияқты.