Қашқын екеудің хикаясы

Бір кездері ел ішінде беделі асқақ, сөзі өтімді бір саясаткер мен оның жанындағы блогер досы өмір сүріпті. Бірі мінберден түспесе, екіншісі интернетті шулатып жүріпті. Тендер, тапсырыс, айыптау, мақтау – екеуінің де күнделікті нанына айналған екен.

Күндердің күнінде ел ішінде үлкен шу шығып, екеуінің де бетпердесі ашылады. Елден қашып, шетел асуға мәжбүр болады. Жинаған қаражаттары той-томалақ пен сән-салтанатқа кеткен екен, көп ұзамай қалталары да жұқарады.

Сонда амалсыз бір фермаға барып, жұмыс сұрайды. Фермер түрлеріне қарап, бірден сенбегенімен, жұмыс жетпей жатқан соң қабылдайды:
– Міне, қора. Боқты күрекпен жинап, арбаға тиеп, сыртқа шығарасыңдар, – дейді.

Екеуі бастапқыда жиіркеніп қарағанмен, істеуге мәжбүр болады. Бір қызығы — бұл жұмысты өте еппен, шеберлікпен, тіпті бір үйлесіммен орындайды. Қора тап-таза, арба уақытында толып тұрады. Фермер де риза.

Бір апта өткен соң фермер оларды басқа жұмысқа ауыстырады:
– Енді тауық жұмыртқаларын сұрыптайсыңдар. Жақсы, ірі, сапалысын – бір жаққа, майда, дұрыс піспеген, түрі өзгерек болғандарын – екінші жаққа бөлесіңдер, – дейді.

Бірақ бұл жұмыс мүлде жүрмейді. Бір жұмыртқаны бірнеше минут қарап тұрып, екеуі де бір шешімге келе алмайды. Біріне «бұл жақсы сияқты», екіншісіне «жоқ, күмәнді» көрінеді. Күн сайын сұрыпталмаған жұмыртқа көбейіп, жұмыс тоқтап қалады.

Фермер шыдай алмай:
– Әй, шырақтарым, сендер бұрын өз елдеріңде не істеп едіңдер? – деп сұрапты.
– Біріміз – саясаткер, біріміз – танымал блогерміз, – деп мақтанышпен жауап беріпті.

Сонда фермер күрсініп:
– Қап! Басында-ақ сезуім керек еді… Боқты әдемі лақтырасыңдар, ал жақсы мен жаманды ажырата алмайсыңдар екен ғой! – деген екен…
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше