Жалғыз жапырақ... Қайда екен сол ғашықтар?!

Қайда екен сол ғашықтар?!

Көктем еді. Табиғат ана келбеті шырайланып, айналасына шапағатын шаша түскен мезет-тін. Буырқана бусанған қара жер жүзі де тебіндей шыққан көкпен көмкеріліп, жасара бастаған. Ол кезде менің көзімді жаңа ашып, төңірегіме таңдана қарап, жарық дүниенің тіршілігін енді бажайлай бастаған кезім болатын. Күн батса шығыс жақтан қоюланып келе жатқан түнерген түнге жәутеңдей қарап, бүрісе түсуші едім. Ал көкжиектен күн қылтиса болды арқам кеңіп, керіле түсіп, еркін тыныстайтынмын. Ол күндері менің қуанышым да, қорқынышым да сол шығыстан келуші еді.

Бір күні кешғұрым біздің жанымызға бір бозбала мен бойжеткен келді. Жігіттің денебітімі төртпақ келгенімен, оның тағат таппай ойнақ қаққан көздері мен шалт қимылдары оның ширақ, елгезек екендігін білдіріп тұратын. Ал бойжеткен тым ерке көрінді. Ботакөздерін төңкеріп жіберіп, жұп-жұқа еріндерін жымырайта жұмғанда аппақ бетіне қос шұңқыр ойнап шыға келуші еді.
Алғашқы күні екеуі біздің жанымызға көп тұрақтамады. Тек ұзап бара жатып бойжеткен бізге қайырылып көз тастады да: «Қандай әдемі жер! Күнде келіп тұрайықшы?» — деді…
Екеуі күнде кешке келіп жүрді. Отырып ұзақ әнгімелесетін. Әңгіме барысында көбіне жігіт сөйлейтін. Ал бойжеткен оның жүзіне күлімдей қарап, бар зейінімен ынтыға тыңдап отырушы еді. Жігіт:
— Қой жайғанда кітап оқығанды ұнатушы едім. Аш қойларды айналдыра иіріп, жусатып тастаймын да, жасыл жасаңда жатып алып кітап оқитынмын.
Бір күні оқып жатып көзім ілініп кетіпті. Ояна келсем екі табын қой маңырай-жамырай бір-біріне қосылайын деп қалыпты. Біздің көшенің қыңыр шалдарының қыржиған түрлері көз алдыма келгенде қос табынның арасына қалай жеткенімді өзім де байқамай қалыппын. Айқайлап ары қайырам, бері қайырам, болар емес. Дәл бір әкелерінің кегі кеткендей улап-шулап ентелей түседі. Жеті аталарын желдей көшіріп жүрмін. Ақ май, көк су болып терледім. Сілекпем қатып, енді қосыларға айналғанда бажайлап қарасам, қос табында да біздің үйдің қойлары жүр. Сөйтсем, ыстық күнде бірінің бауырына бірі басын тығып, көк жұлып жүре беріп, бір табын екіге бөлініп кетіпті. Мен сол бірін-бірі іздеп жамыраған қойларды екіге бөліп алып, қайырып қызыл жінік болып жүріппін.
Екеуі қосылып ұзақ күлді. Сыңғырлаған күлкісін сәл тыя бере бойжеткен:
— Мен де қой жайғанда кітап оқушы едім. Бірақ сен сияқты иіріп, жусатып тастамайтынмын. Қойдың басын жайылымға бастап тастаймын да, кітаптан көз алмай табынның артынан еріп отыратынмын. Бір күні солай кітапқа бас қойып келе жатып араның ұясын басып кетіппін. Гуілдеген аралар үйірімен жабыла қуып, ауылға жеткізіп салды. Қой да, кітап та далада қалған, тұла бойым қып-қызыл болып, жылап үйге қайттым.
— Бақырып басыңа көтерген шығарсың көшені?!
— Қойшы, — деп еркелей бұртиған қыз жігітті иғынан итеріп қалатын.
— Өзің қойшысың.
— Сен де қойшысың.
Төңіректі риясыз күлкімен көмкеріп, бірін-бірі қуа ойнап ұзап кететін.
Күнде келіп жүрді екеуі. Әрқашан жадырап күліп, жайраңдап ойнап жүрді. Дәл бір жетпісті желкелеген шал-кемпірлердей өткен-кеткен, көрген-түйгендерін айтып, әңгімелері бітпей отыратын. Кейде ақтарыла күліп алатын, кейде мұңайып қалатын. Кей сәт үнсіз іштей сырласып отырушы еді. Сондай үнсіздік орнаған сәттерде бойжеткен әңгіме арқауын өзге арнаға аударып, сөз сабақтап кетуге асығатын. Үнсіздік сәл біраз жалғасса жанарымен жер сүзіп отырған жігіт бірдеңені бүлдіретіндей оның аузына сөз салып жіберуге тырысатын. Күндер өте жігіт мүлде ұяңси берді. Аз сөйлейтін болды. Сөйлесе де көзімен көкжиекті шалып, қыз жанарына шалынып қалудан қашатын. Көздері түйісе қалса жанары жасып төмен қарап кетуші еді.
Кешқұрым уақыт болатын. Күн қызара батып, ұясына ене түскен шақ-тын. Дүние біткен қызғылт түске боялып, айнала бейне бір алаулап жанып тұрғандай еді. Бойжеткен мен бозбала бүгін де әдеткі уақытынан кешікпей бірге келді. Бірақ екеуі де үнсіз. Ренжісіп қалғандай бір-біріне тіл қатпай, аяқтарын жалқау басып жанымызға жақын келді. Жігіттің бірдеңеге әбіржіп тұрғаны алабұртқан түрінен көрініп тұрды. Бойжеткен жарты қадам қала еріп, оқта-текте жігітке жасқана қарап қояды. Кенет… бозбала іркіліп қалды да, қыз жүзіне тіке қарап: «Аяужан»,-деді. Бірақ дауысы діріл араласа сенімсіз шықты. Ару жігіт алдында қорғансыз балапандай оған көзінің астымен жәутеңдей қарап тұрып қалды.
«Аяужан»-деді жігіт қайталап, «Мен саған өзімнің көптен бері айта алмай жүрген сөзімді айтқым келіп тұр. Аяука, сені жолықтырғалы бері менің күнім шырайлана түскендей. Жанымда бір сәт болмасаң көңілім алабұртып сені іздеймін де тұрамын. Егер мен суретші болсам сенің ай бейнеңді көзімді жұмып отырып айнытпай салар едім. Сенің риясыз күлкі ойнаған ботакөздерің, өзін-өзі ауырсынғандай діріл қаққан кірпіктерің, қыл қаламдай қиылған қастарың, әдемі пісте мұрның, қызанақтай қос ернің, бәрі-бәрі менің көз алдымда күндіз-түні көлбең қағып тұрады. Жүрегім тек сен деп соғатындай. Тек сені қалайды менің жұдырықтай жүрегім, күнім!».
Бойжеткен жейдесінің етегін өші кеткендей жымыра мажғылап, үнсіз тұра берді. Өзіне-өзі тығылып, кішірейіп бара жатқандай. Қыз жауабын күтіп тағатсызданған бозбала оң қолымен арудың басын иегі астынан аса еппен көтеріп өзіне қаратты да: «Неге үндемейсің? Айтшы, гүлім, жүрегің не дейді сенің»,-деді үздіге. Бойжеткен қылғына әрең бір жұтынып алып, «Сен де маған қатты ұнайсың»,-деді де, көзін төмен ала қашты. Дәл бір біреу басына күннен қалпақ кигізіп жібергендей бозбала жанарына бақыт ойнап қыздың қыпша белін құшағына ала берді. Қыл өтпестей бір-бірін қаусыра құшып, қос ғашық үнсіз ұзақ тұрды. Маған екеуі берге тыныстап тұрғандай көрінді…
Күнде келіп жүрді екеуі. Құшақтарын жазбай бірін-бірі құшырлана иіскеп, аймаласып ұзақ отыратын. Кейде көк жасаң үстінде арпалыса аунап, естері кете өліп-өшіп сүйісуші еді. Шөлі қанбай шөліркей су жұтқан жандардай бір-бірінің жүзін жанарымен жұтына аймалап, үнсіз сырласып та отыра беретін-ді. Екеуі өздерінен басқа ешкімді көрмейтін жандардай көрінуші еді маған.
Бірде бозбала көкте жымың қаққан жұлдыздарға қарап жатып құшағындағы сұлуына:
— Аяужан, сенің ең ыстық арманың не?,-деп сұрады. Кенеттен мұны неге сұрадың дегендей ару жігітке таңырқай бір қарап алды да:
— Менің арманым ба? Менің арманым – ғарышқа ұшу.
— Онда не жоғалттың,-деп жігіт сұлу жүзіне күле қарады.
— Керемет емес пе?! Құмырсқа тірліктен бір сәт арылып, сол құмырсқалар илеу еткен Жер атты ғаламшарды алақаныңа салғандай сыртынан тамашалайсын. Ғаламның қожайынындай сезінбейсің ба өзіңді!
— Қатырып жібердің ғой,-деп жігіт жылы жымия аруының көзінен сүйіп алды.
— Ал сенің арманың не?
— Менің арманым — өзімнің желкемнен қарау.
— Немене? Бойжеткен оң қолын жағына таяныш ете қырындай жатып, жігіт жүзіне күле қарады.
— Мен өз желкемнен өзім қарағым келеді.
— Қойшы, жынды адамның сөзін сөйлемей. Қалай өз желкеңе өзің қарайсың? Желкең арт жағыңда, ал көзің алдыңда. Мүмкін емес ғой.
— Міне, мәселе сонда. Адам өзін ту сыртынан өзі ешқашан қарай алмайды.
— Енді...?
— Менің айтпағым, адам өмірде өз іс-әрекетінің, алған бағытының бұрыс, дұрыстығын бірден біле бермейді. Соны білем дегенше зымырап уақыт өте шығады. Кейде тіпті ғұмыры өтіп кетеді. Мен де сондай пенденің бірімін. Қазіргі бет алысым, жасар ісім, алар, берер дүниелерімнің ағат әлде құп екенін білмеймін. Мүмкін бүгінгі жасағаным үшін ертен жауап беретін шығармын, мүмкін керісінше маған абырой әкелетін шығар. Ол жағы да маған беймәлім. Ал егер мен өзімді ту сыртымнан бақылай алар болсам мен ешқашан ағат баспас едім.
— Қашаннан бері пәлсафашыл болып кеткенсің,-деп ару жігіттің қолтығына қолын сүңгітіп жіберетін. Еңгезердей жігіттің кенеттен шыққан қатты тарқыл күлкісі жұлдызды түнгі аспанды қақ айырып жібергендей болушы еді. Біраздан соң оған сұлудың шолпының сыңғырындай тәтті күлкісі қосылып, айналаны қуанышқа бөлеп әкететін.
Екеуі күнде келіп жүрді. Ол күндері күз мезгілі жақындап қалған болатын. Ымырт үйіріле батыстан баяу ескен жел бұрынғыдай емес жалап өткенде тұла бойыңды тітіркендіріп кетер еді. У-шу, ойын-күлкі азайған. Күн еңкейе барша жұрт үйлеріне сүңгіп кететін.
Сол бір кеш екеуі мүлде көңілсіз боды. Екі сағат отырса да, екі ауыз сөз айтпады. Дәл бір тілдерін жұтып қойғандай бір-біріне қадалып отыра берді. Ала жаздай екеуінің махаббатына куә болған менен жасқана ма не?! Тіл қатпағандары үшін мен де оларға сәл ренжіп қалдым.
Бойжеткен аса өкпелі көрінді. Әсте күлкі қашпас қос жанарында бүгін реніштің ізі байқалады. Бар пәле сенен шықты дегендей алдында отырған жігітке жазғыра қарайды. Аяулысының өкпесін тарқата алмай қиналған жігіт амалы құрығандай бойжеткен жүзіне кешірім сұрай қарай берді. Бар талас-тартыс екеуінің жүректерінде жүріп жатқандай. Оқта-текте қабақтарын түйе түсіп, терең күрсініп алады. Ондай сәтте бозбала сүйіктісіне ұмсына түсіп, «қинамашы өзіңді» дегендей өтіне қарайды. Бойжеткен болса қырын қарап, бұртиып отырып алады. Осылай арпалысып екеуі ұзақ отырды. Дінкесі құрыды, білем, бір сәтте жігіт:
— Ренжімеші, күнім. Бұл екеуміздің болашағымыз үшін,-деді.
Ару жігіт жүзіне өкпелі көздерін біраз кідертіп тұрды да, тайдырып әкетті. Орнынан қозғала беріп:
— Тоңып кеттім. Үйге қайтайықшы,-деді.
Ұзай бере бозбала аруды иғынан құшақтайын деп еді, бойжеткен жеңіл бұлқынып жігіттен алыстай берді…
Айнала әлдеқайда сары түске боялған. Кейбір ағаштар мүлде жалаңаштанып, сойдиып-сойдиып қалды. Бұрын жанымызға сәлде болса аялдап, бізге бір сәт көз салып қоятын жандар, қазір бізден ұялатындай жүздерін жасыра жанымыздан жылдам адымдай өте береді. Бәрі бір жаққа асығатындай. Табиғат ана да мүлде танымастай өзгерді. Кейде ызыңдап созыла сұрқия жел соғып тұрып алады, ал кейде шаң көтере ұйтқып келіп бір ұрып кетеді. Кей күндері түбі түскендей сызылып ақ жауындатса, кей күн ұшқындап қар жауып алады. Кейде зілді тұман бар денесімен ыңырана шөгіп, буылдыра бір тұншықтырып кетеді. Әбден мазаны алды.
Менің қос ғашығым да көзден ғайып болды. Сарыла күтіп бір айды артта қалдырдым. Күнде келер деген үмітпен жәутеңдей күткеніме бір айдың жүзі болды. Келмеді екеуі. Өміріме шырай берген сол қос ғашықтың күлкісі екенін кім білген. Олармен бірге менің өмірімнің де мәні кеткендей. Қызықсыз, қуанышсыз бір ай өткіздім. Келер деп күттім. Келмеді. Күбір-сыбыр, дыбыр-тықыр естілсе солар ма екен деп елеңдеп айды еңсердім. Келмеді. Көзім жетер жерлерге сүзіле қарағаныма ай болды. Көре алмадым екеуін.

Қайда екен сол ғашықтар?

Баяу қалқып келіп жермен жанаса берген жалғыз жапырақты сыпсықай жел лып етіп ұшырып ала жөнелді.

А. Дәлелхан

Жалғыз жапырақ
(А. Дәлелханның әңгімесінің желісі бойынша.)

Көктемнің кезі, жайнаған дала құлпырып,
Майысып жаймен, аз ғана тербеп жел тұрып.
Күн кетсе батып, мұңайам қою түнекке,
Шыққанда сәуле, арқамды жаям кең тұрып.

Күн тұрса болды, күнменен тұрған тіршілік,
Ауасы жағып, бойыма еркін тұр сіңіп.
Кетемін билеп, қоңырау сынды сылдырлап,
Жай соққан желмен, аламын бірге сілкініп.

Күндердің бірі, кеш батып қалған шақта бір,
Екі жас келді, әңгімелерін ақтарып.
Жаныма келді, жайлы бір жерді тапқандай,
«Әдемі екен» — деп жүздері кетті шаттанып.

Жігіт денелі, қадамын жайлап аттаған,
Көздері жалтақ, бір жерді қадап жатпаған,
Епті бір қимыл, ширақтық та бар бойында,
Келісті келбет, ерге тән жүзін сақтаған.

Қаз болса ерке, қылығы сүйкім беретін,
Көздері мөлдір, ботадай болып келетін.
Күлімдеп тұрса, бетіне аздап ой түскен,
Баурап алатын, сиқыр бір жүзге енетін.

Алғашқы күні, аялдамады ұзаққа,
Аяңдап барып, бұрылып қарап қыз артқа,
«Әдемі екен, күнде келейікші»- деп еркелеп,
Ал жігіт үнсіз, келіскен сияқты сұраққа.

Күндер жалғасты, күндермен уақыт зымырап,
Жаз кезі келді, көктемнен күні жылырақ.
Екі жас әр кеш, осында келіп сырласты,
Жастарға қарап, сүйсінем мен де тұрып ап.

Әр кез табысты, ақтарып сырын, арманын,
Саралап кейде, өткен күндердің салмағын.
Айтады мәтін, оқыған кітап, журналдан,
Айтады одан, көкейге тоқып алғанын.

Осындай күннің, қараңғыланған кеші еді,
Үнсіздік алған, екпін жоқ күндей кешегі.
Жігіт мазасыз, сұлу қыз соны сезгендей.
Жұмбағын таппай, беймәлім күйді кешеді.

Шыдамай жігіт, ақтармақ болды бар сырын,
Бір басып алып, терең демменен алқымын,
«Аяужан» — деді, сұлудың жүзін қаратып,
«Сүйем сені» — деп ашығын айтты, бар шынын.

Сенсіз аяулым, жалғанда жүргім келмейді,
Көрмесем сені, жүрегім маза бермейді,
Сағынам әр кез, әр кешті күтем сарыла,
Айтшы Аяужан, жүрегің маған не дейді?

Бір сезім билеп, барады жанды, сананы.
Жүрекке түскен, тырнағандай ма жараны?
Арада әлсіз үнсіздік билеп кеткен соң,
«Мен де» — деді де, төменге көзін қадады.

Қуандым мен де, қуандым осы бейнеге,
Сыбдырап кеттім, сыңғырлап кеттім желменен,
Кеудесін ашып, кұшақтап жігіт тіл қатты –
«Ғашығым менің, Ханшайымымсың сен деген!»

Осылай жастар, «қос ғашық» болып ұласты,
Әр кеште келіп, астымда жатып сырласты,
Әр кеште бірге, жұптары ешбір жазылмай,
Көңіл көтеріп, жұлдыздарменен сырласты.

Жаз аяқталды, уақытқа тоқтау салған ба?
Күз куә болды, қос ғашықтағы арманға.
Күз де куә боп, қос ғашық келген әр күнге
Жандар жоқтай бір, екеуінен асқан жалғанда.

Бүгінде келді, мен күткен сәтте ғашықтар,
Көрінді сұлба, көзіме еркін қашықтан.
Жігіт келеді, көздері төмен, мұңайған,
Сұлудың жүзі, ашудан білем ашыққан.

Жігіт сөз алды, дауысы діріл, елеңдеп
«Осының бәрін біз үшін істеп келем» — деп
Қыз елемеді, көңілге ешбір ой алмай,
«Үйге қайтайықшы, тоңазып қалды денем»- деп.

Аялдамады, бұл күні олар ұзаққа,
Алғашқы күндей, қарамады да бір артқа,
Түсінбей тұрмын, көз алмай екі ғашықтан,
Жауап алалмай, «не болды?» деген сұраққа.

Содан соң міне, оралмай кетті қос ғашық,
Қалғандай едім, қос ғашықтармен достасып.
Әр күні кешке, бос үміт алдап күтемін,
Қалалмадым-ау, құрғанда дұрыс қоштасып.

****

Күндер өтсе де, кезекпен-кезек тізіліп,
Үмітін үзбей, қарап жүр жолға сүзіліп,
«Ғашыққа» деген, сағыныш кернеп, сарғайып,
Жалғыз жапырақ, кетті желменен үзіліп
Әрі қарай

Ұлылар мекені

Атамның "Ұлылар мекені" кітабынан үзінді келтірейін деп едім.Мұхтар Әуезов жүк машинасының үстіне жасалған мінбеге шықты.Мен Қасқабұлақта туған жер, туған елімді сіздер мен біз бір жан, бір тәнбіз деген едім.Соны сіздерге арнап айтсам.Бір мүдделі сөзім бар еді.Айтуға рұқсат етіңіздер дегім бар.Осында Мұхтар туған еліне келмейді,ұмытты дейтіндер боса керек… Бұл қата сөз.Қайталап айтамын қата,...қата сөз бұл!.. Апырау, Шыңғыстың елі мен жері сенің ұйқыда түсімнен, ояуда ойымнан кеткен жерің бар ма? айтыңдаршы!.. Мейлі мен Европа төрінде, Берлинде жүрейін, мейлі Үнді елінде, мейлі Жапон елінде болайын-ойымнан кеттің бе?Қай уақытта,қай шығармамда сені еске алмай, жазбап едім Шыңғыс, Шыңғыс елі… Менің сіздерге айтайын деген арманды, ия-ия асыл арманды сөзім бар еді.Шыңғыстың елі мен жері сендер дүнияға Абайды бергенсіңдер!.. Сендер әлі де халқыма Абайдай перзент бересіңдер… беруге тиіссіңдер… бересің! Мен соны көрмей кетіп бара жатырмын.Әлде сол мына қара табандарым арасында тұрма екен! Осы Қарауылда, анау Жидебай, Орда бойында менде жалаңаяқ жүгіріп жүргенмін.Мұхтардың аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ.Халық пен халық, адам мен адам біліммен теңеседі.Ұлт дүнияға берген тұлғалы ұл-қыздарымен өлшенеді.Айтсаңдар,әне, Абайды айтыңдар… Абайды айтыңдар!.. Мені осында осындай ой бунайды жұртым… Тәңір жазса,әлі-ақ келесі жылдардың бірінде ортаңа келемін.Менің де бір-ер қара домалағым бар.Орталарыңа әкеліп қосамын!Әзірше, осы келісіме ырза болыңдар.Менің ықлас пейлімнің бөтендігі жоқ.Сіздермен біргемін! Риза-хош көңілім бұл, жұртым!..
Әрі қарай

Оқып көр, ой салар...(9) ""Заманына қарай – адамы" деген, арланбас..."

«Заманына қарай – адамы» деген, арланбас...


Блог - daryn: Оқып көр, ой салар...(9) Заманына қарай – адамы деген, арланбас...Дүйсенбі. Екінші пардың кезі. Түсінуі қиындар үшін, таңғы 9.30-дар шамасы.
Дастан қашанғы әдеті бойынша, өгіз аяңға салып, университетке еріне аяқ басып келеді. Оқта-санда көңілінің мәрттігі ұстағанда, іштей алты жыл бойы жаратқанына жалбарынып жүріп, шын ықыласымен қалап түскен оқу ордасының басынан бақайына дейін сау тамтығын қалдырмастан балағатты сөздермен «мақтап» алады. Жалпы, бұ жігіт «мақтауға» келгенде атқамінерлерден әлде қайда сараңдау. Бірақ, сараңдығы – «мақтаудан» құр алақан деген сөз емес.
Негізі, адам еріккен «мақтай» бермейді ғой… Бұл да қимылсыз қызыл тілін қызғанғандықтан емес, көрген дүниесі шымбайына батқасын «мақтайды» да… Мақтамай қайтсін, жыл сайынғы оқуына деп төлеп жатқан ақшасы, басшылығың балаларын асырауға кетіп жатса… Өзінікі болса жақсы ғой, өрімдей үш баласының нәпақасын аузынан жырып, туған ағасы осының оқуына береді… Ал бұл болса…
Аракідік үйіне келгенде ағасы «оқуың қалай? Ертең жұмыс таба аласың ба?» деп сұрап тұрады. Дастан болса, күле сөйлеп құтылудан жаңылар емес. Универститеті жыл сайынғы төлеп отырған 432 мыңына сай білім бермесе, қайтсін енді. Дәл мұның қолынан келер не бар.
… Биыл 3 курстың екінші жартысына да келіпті. Жаңа басшылықтың ауысуы қазақ қоғамында қасірет емес пе… Жаңа жүйе, жаңа ереже, бәрі жаңа. Шетінен реформашылар. Бірі бірінің жұмысын жақтырмайды, әйтеуір. Содан, «қырсыққанда қымыран іриді» деп бұл екінші курсқа аяқ басқанда факультеттеріне жаңа басшы келген еді. Картина қашанғыша… Жаңа..., жаңа..., жаңа! Алғаш бірінші курсқа түскенде мұғалімдерінің аузынан «қазір оқып алыңдар, кейін, 3-4 курсқа келгенде шеттеріңнен жұмысқа кетесіңдер де, оқу жайына қалады» дейтін сөздерді жиі еститін. Одан, алдыңғы курстарының да жұмыс басты екендіктерін көретін-ді. Содан не керек, іштей: «Е, шіркін, сол күн тезірек жетсе екен» – деп Құдайына қол жайып тілеуін тіледі-ақ. Жаратқан тілегін екі етпеді. Бірақ, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деп, бұл сұрап алған 3 курсына жеткенде жаңа басшылық 36 сабақтан қалғандарды университеттен қуатындығы туралы жарлық шығарды. Осылайша, Дастанның үшінші курсқа келгенде ел қатарлы жұмыс істеп, мойныма артылған оқуымның қарызынан құтылсам деген ҰЛЫ арманы аяқасты болды. Жаңа басшылық, қарамағындағылардың адамын аштырмастан, аяқтарына тұсау салды. Бірнеше рет қарсылық білдіріп еді, жалғыз адамның қолынан іс келеген бе, басшылық тісін қағып алды. Қасында тағы 10 шақты адам болғанда, бәлкім оқиға басқаша өрбір ма еді… Бірақ, бұл күні қанға сіңіп кеткен бұқпантай болмыс өзінен басқа өзгелерге бас көтерткізбеді… Амал қанша!
… Содан не керек, мәрт адам «мақтауға» тарылсын ба? Осылайша, өз ісіне беріліп кеткендігі сонша, екінші қабаттағы факультетіне қалай жетіп қойғанын өзі де аңғармай қалыпты. Келсе, біреулер топтасып алып, бір адамды қалжың-шыны аралас мақтау сөздің астына алып жатыр екен. Әуелгіде кімдер екенін аңғара алмады. Себебі, көзінің минустығы бар еді. Артынан анықтап қараса, өзінің күнделікті көріп жүрген ұстаздары екен. Әдеп бойынша, бір қабат амандасты да, сабағына қарай жүріп бара жатып, керемет көрініске тап болды. Сөйтсе, жиналғандар басшылықтың ілініп жатқан суретіне өтірік-шыны аралас таңырқай мақтасып тұр екен. Арасында тіпті, студенттерге келгенде қабағынан үнемі қар арылмайтын бір-екі мұғалім де бар. Қызық…
Бұл да суреттер ілулі тұрған жерге ендігі жолы асықпай зер салды. Сөйтсе, орналастырушылар көкеміздің суретін өзінен әлде-қайда атақтылардың дәл ортасына, әрі сәл жоғарырақ іліп жатыр екен. Жиналғандар болса, құр тұрғанша ұпай жинап тұрайын деді ме екен, жарыса мақтап әлек.
(Айтпақшы, Дастанның деканы студенттеріне «алтындарым» деген сөзді жиі айтатын)
Бұл болса, траго-комедиялық көрініске іштей мырс етті де, қашанғы әдеті бойынша, қызыл тілі қынабынан шығып, бірдеңе бүлдірмей тұрғанда таяйын деп, сабағына қарай асықты. Бірақ, аудиторияға жеткенше жаңағы картинаға күлумен болды. Күлмей қайтсін…
Содан, кешіккені үшін кешірім сұрайын деп, есікті ашып еді, мұғалімдері жоқ екен. Бағанағы ұпай жинап тұрғандардың қатарында осы сабақтан беретін ұстазы да болғандығын, есін жиғасын барып бірақ аңғарды. Тағы да мырс етті…
«Алтындарым-ау, алтындарым-ау». Осы сөз сабақ бойына санасынан шықпады.
Дастан көрген дүниесін қорыта келе, тағы іштей: «Көке, бізден – «алтындарыңыздан» ұялмайтыныңызды беске білеміз. Біз не тәйірі, сыртыңыздан күле сөккеніміз болмаса, артық зияншылығымыз жоқ. Бірақ, бейнеңізге қарама-қарсы тұрған Күн көсемнен биік тұрып қалғаныңыз ыңғайсыз болған екен. Атақтылардың қатарында болсаңыз болды емес пе еді, оқшауланудың қаншалық қажеті болды» – деп айтқысы келіп еді. Бірақ, дер кезінде Құдай аузына сөз салмады. Оның үстіне бесіктен белі шықпай жатып, ұстаздарының көзінше қалай айтсын.
Содан не керек, ішкі сөзі көкесінің құлағына жетті ме, әйтеуір, қоңырау болысымен барып қараса, деканының суреті көпшіліктен адаспапты. Керісінше, сол кісілерге ажар беріп тұрғандай…
Құдай сақтады деген осы, жаңағы көрініс қаз қалпында қалып, оны Күн көсемге жандайшаптары жеткізгендегі көкеміздің жағдайын елестете беріңіз. Дастандарды қойыңызшы, «алтыным» деп еркелетін тағы біреу табылар… Ұстаздары қайтпек! Жаңа басшы, жаңа жүйе, жаңа ережеге де студенттер сияқты, оларға да үйенісу оңай емес. Оның үстіне осыған дейін жасы үлкен Декан келіп, абыройлары сақталып келді. Ертеңгі күні өздерінің балаларындай біреу келсе қайтеді… Әй, бірақ, «заманына қарай – адамы» деген, арланбас…
Әрі қарай

Көктемді көңілді өткізіп жатырмыз

Иә, Ақтөбеде қыстың қалай болғанын барлықтарыңыз білесіздер. Бірақ қар қанша қалың жаусада жазға жетпейтіні ақиқат. Көктем шықты,қар еріді ерімеген жерлерде бар арасында. Негізі биыл көктем Астанаға емес Ақтөбеге кеш келді. Өткен жылы 22 наурызда — ақ жер кебе бастаған, ал, биыл 22 наурызда қар ери бастады. Сонымен не керек көктемді қалай көңілді өткізіп жатқанымды баяндайын.

Алдымен үйден шыққанымда алдымнан мынадай аула күтіп тұрады.

Блог - 007: Көктемді көңілді өткізіп жатырмыз

Сосын бір жерге бару үшін мына жолға шыққанға дейінгі саяхатымды өздеріңізде түсініп отырсыздар

Блог - 007: Көктемді көңілді өткізіп жатырмыз

Ауланың екінші жағындағы жолмен шығып сабаққа барам ол мынадай

Блог - 007: Көктемді көңілді өткізіп жатырмыз

Алдымда әлі мына жолдар бар бұл қайта айналайын

Блог - 007: Көктемді көңілді өткізіп жатырмыз

Бұл жолдан кейін мына жолға түсем

Блог - 007: Көктемді көңілді өткізіп жатырмыз

Одан кейін барып мына жолға түсем

Блог - 007: Көктемді көңілді өткізіп жатырмыз

Сөйтіп осылай университетке де жетем ол міне

Блог - 007: Көктемді көңілді өткізіп жатырмыз

Университетке кіргеннен кейінгі ең бірінші жұмысымды бұл жолдармен күнде жүрген адамдар болса бірден түсініп отыр. Ол әрине шалбардың балағындағы батпақ пен аяқ киімнің табанындағы қалың қатпарды және үстіндегі лайды тазалау. Менің көктемгі таңым осындай позитивпен басталады, әрі түсте қайтарда бұл жағдай тағы қайталанады. Ұмытып барады екенмін өзі тар жолда су шашып кететін машиналар тағы бар.

Ps. Көктем деген жақсығой
Әрі қарай

"Көктемнен" қалыспайық...

Блогиада басталғалы көктеммен бірге Wordpress.com мен Kerekinfo блогтарына жан бітіп, блогшы қауым отауларына бас сұға бастапты. Біразына меймандап қайттым. Байқау серпін бергені көрініп-ақ тұр. Сапалы контент қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған байқаудың бастамасы жаман емес сияқты. Көршілес блогтардан байқағаным,Бүркіт досым өткен-кеткен көктемді түртіп өтіпті. Өркеннің отауында көктем әр қырынан өріліпті. Әйгерім қыз көктемге біраз фотоөнерін салыпты. Араларында ұнағаны Нұрбергеннің жазбасы. Оқып отырып, әр көктеміңді көз алдыңа тізбектейді екенсің. Кітап жазғым келіп кетті. Көктем жақсы ғой. Жаңару. Жандану. Биыл Астанаға көшіп келгелі екінші көктемімді, өмір ағысында 35-ші көктемімді қарсы алып отыр екенмін. Бұған да шүкір. Былтырғы жылы елордадағы көктемімді қалай өткізгенімнен нышан да қалмапты. Тегі, ойда қалатындай ештеңе болмаған сияқты. Ол жылғы қаһарлы қыс та еңсені басып тастады ғой. Артта қалған ел-жұртты да сағынасың… Сәуір айында Медет пен Клараның концертіне барып, шығыс өңірі туралы әнді естіп, бір сағынышымызды тарқатып едік. Ееее, өмір-ай десеңші! «Тірі адам тірлігін жалғастырады» демекші, бұл көктем де есіктен кіргенін байқамай қалыппын. Мен өз «көктемімді» сағынбағалы да, сезінбегелі де біраз уақыт өтіпті. Тек блогиададағы жазбаларды оқығанда ғана, осы бір маусымның адам баласына берері мол екені есіме түсті. Көктем! Қалқаман ақын айтқан «Қара жердің қайғысын сейілтетін...» көктем, Ақберен өрнектеген «Көктем, көктем… өзге көктем!.. жаңа дем…» көктем, Алмас Темірбай суреттеген «Әркімнің өзінің көктемі болатын...» көктем, Серікзат жырлаған «Тіршілік оянатын көктеме бұл...» көктем, Ербол Бейілхан жазған «Жаңартатын жандарды ертегі...» көктем, Толқын Қабылшаның қаламынан туған «Көктем сені күткен ем… дәрмені жоқ..» көктем… Қайсы бір күні Ұларбек ақынның «Түнгi ұйкымда тербеткен кiм, Сағыныш па, жаңбыр ма? Тым кешiккен бұл көктемнiң, Сертi бар ма тағдырға?» деген өлең жолдарын оқыдым. Ехх, біздің көктем биыл да кешігетін сияқты-ау… Жұмыста отырмын… Ой құшағында… Көктемнің құшағында…
Әрі қарай

Құдағи құшақтай береді

Қазақ той десе жақын туысқанын көргендей қуанатын жарқын халық. Тиындап тергенін долларлап тойға шашатын біздей халық, әлемде жоқ шығар, сірә. Бұлда бір қазақтың дүние қоңыз емес, қос алақанының ашық екенін білдірсе керек. Жалпы тойда басты жұлдыз екі жас болса, екінші сатыда құда мен құдағи тұратыны сөзсіз. Екі жақтың ата-аналары төс қағысып, құшақтасып жатса, бұдан артық бақыт жоқтай көрінетін. Ептеп қарасақ қыздың анасы, өз құдағиын көп құшақтай береді екен. Қазақтың қай тойына барсақта осы, жігіттің енесі құдағиының асты-үстіне түсіп, әр тілек, әр би, әр ән сайын құшақтай бергені. Бұндай жағыдайды келген қонақ көп байқай бермейді, байқасада бұның байыбына барып, терең үңіліп қараған емес. Сондағы құдағидың сонша құшақтауының себебі " ҚЫЗЫМДЫ БАРҒАН ЖЕРІНДЕ ОСЫНДАЙ ҚҰРМКЕТПЕН ҚАБЫЛДАСА ЕКЕН" дейді. Ал жігіттің анасы " ҚҰДАҒИ ҚҰШАҚТАЙ БЕРЕДІ" деген сөзінің төркіні осында жатса керек.
Әрі қарай

Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ 2013 ЖЫЛҒЫ ТМД ЕЛДЕРІ СЫЙЛЫҒЫН ИЕЛЕНДІ

Мемлекетер Достастығы елдерінің экономикалық кеңесі 2013 жылғы қызмет көрсету және өнім сапасы жөніндегі байқаудың жеңімпаздарын жария етті.
Блог - ArkhatGaripzhan: Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ 2013 ЖЫЛҒЫ ТМД ЕЛДЕРІ СЫЙЛЫҒЫН ИЕЛЕНДІ
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қызмет көрсету» аталымы бойынша Қазақстан Республикасындағы жоғары сапалы білім беруде 2013 жылғы қызмет көрсету және өнім сапасы жөніндегі табыстары үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыйлығының лауреаты атанды.
Жеңімпаздарды Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан,Өзбекстан, Украина секілді ТМД елдерінің он бір мемлекеті анықтады.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің қызмет көрсету және өнім сапасы жөніндегі сыйлық екі жылда бір рет конкурстық негізде беріледі, оның ішінен бірнеше мәрте сараптаудан, үздіктер арасындағы сүзгіден өткендер ғана марапатталады. Бұл жолы осындай жоғары атаққа Еуразия ұлттық университеті ие болып отыр.
ТМД елдері сыйлығы ұйымға мүше мемлекеттердің өндіріс орындары өндіретін өнімдер мен жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасын бағалау үшін ұйымдастырылып келеді.
Ал енді «сыйлықтан үміткер кандидаттар қандай өлшемдермен бағаланды?» деген сұраққа келсек, сапалы білім, саналы тәрбие, жоғары технологиялы инновацияны енгізуге, энергия мен ресурс үнемшілдігіне, менеджмент сапасына,әлеуметтік жауапкершілікке баса назар аударылған, бұдан бөлек ұжымның қарыздарының жоқтығы, қылмыстық және әкімшілік істерінің болмауы — бұлардың барлығы конкурстың негізгі критерийлері.
Бұл сыйлықты еліміздің кәсіпорындары арасынан «Trei-Karaganda» ЖШС ұжымы да жеңіп алды. Олар «халық тұтынатын үздік тауар» аталымы бойынша лауреат атанды.
Әрі қарай

Эльвира Ерғалина. Блогқұрылтай - 2014. Қарағанды (1-бөлім)

Блог - kaztube: Эльвира Ерғалина. Блогқұрылтай - 2014. Қарағанды (1-бөлім)
Биыл Қарағанды қаласында өткен IV Блогқұрылтайдан блогер Эльвира Ерғалина видео дайындап әкелген болатын. Эльвира түсіріп келген видеоларды үшке топтастырып отырмыз: Блогқұрылтай, Блогиада және Қарағандыға саяхат.
Қазір Блогқұрылтайдың ресми ашылуы, блогерлардың жиналуы сияқты шаралардан тұратын алғашқы видеоны көріңіздер.
Арнайы сіздер үшін! :)

Біздің сайтты қарай жүріңіз!

Құрметті сайт қолданушылары!
Сіздерге жақсы жаңалығымызды тезірек жеткізгіміз келеді. Kaztube.kz сайтын жандандыру, сапалы контент санын арттыру мақсатында қолымыздан келген шараның бәріне кірісіп жатырмыз. Алда іске асуы тиіс бірнеше жобалар мен идеялар бар. Әзірге жаңалық боп тұрғаны — Қазнеттегі белсенді блогер Эльвира Ерғалина біздің сайтымызда тұрақты түрде өз видеоблогын жүргізетін болды.
Осы уақытқа дейін Эльвира бірнеше видеоларды түсіріп көрді, енді толыққанды, тұрақты түрде видеоблогын жүргізетін болады. Еркін тақырып болғандықтан Эльвира ханымнан қызықты видеолар күтіңіздер.

Ал, енді Эльвира дайындаған видеоларға көз жүгіртсек…

Ең алғашқы видеосы — Роза Әлқожаның концертінен жасалған репортаж.

Одан кейін Заттыбек Көпбосынұлының концертінде сахна сыртынан видео түсіріп келді.

Үшінші видео Ханшатырға саяхат болды.

Жайдарманның туған күнінен де видео түсірілді.

Домбыра Party ұйымдастырушыларынан да, көрермендерінен де сұхбат алған болатын Эльвира.

Еліміздің танымал жұлдыздарынан да сұхбат алды.

Тіпті, көгілдірлер клубына барып, ондағы жайттарды жасырын видеоға түсіріп келді.

Әлі талай қызықты видеолар түсірілітеніне сенеміз. Сондықтан үнемі біздің сайтты қарай жүріңіздер!
Әрі қарай