Оқып көр, ой салар...(9) ""Заманына қарай – адамы" деген, арланбас..."

«Заманына қарай – адамы» деген, арланбас...


Блог - daryn: Оқып көр, ой салар...(9) Заманына қарай – адамы деген, арланбас...Дүйсенбі. Екінші пардың кезі. Түсінуі қиындар үшін, таңғы 9.30-дар шамасы.
Дастан қашанғы әдеті бойынша, өгіз аяңға салып, университетке еріне аяқ басып келеді. Оқта-санда көңілінің мәрттігі ұстағанда, іштей алты жыл бойы жаратқанына жалбарынып жүріп, шын ықыласымен қалап түскен оқу ордасының басынан бақайына дейін сау тамтығын қалдырмастан балағатты сөздермен «мақтап» алады. Жалпы, бұ жігіт «мақтауға» келгенде атқамінерлерден әлде қайда сараңдау. Бірақ, сараңдығы – «мақтаудан» құр алақан деген сөз емес.
Негізі, адам еріккен «мақтай» бермейді ғой… Бұл да қимылсыз қызыл тілін қызғанғандықтан емес, көрген дүниесі шымбайына батқасын «мақтайды» да… Мақтамай қайтсін, жыл сайынғы оқуына деп төлеп жатқан ақшасы, басшылығың балаларын асырауға кетіп жатса… Өзінікі болса жақсы ғой, өрімдей үш баласының нәпақасын аузынан жырып, туған ағасы осының оқуына береді… Ал бұл болса…
Аракідік үйіне келгенде ағасы «оқуың қалай? Ертең жұмыс таба аласың ба?» деп сұрап тұрады. Дастан болса, күле сөйлеп құтылудан жаңылар емес. Универститеті жыл сайынғы төлеп отырған 432 мыңына сай білім бермесе, қайтсін енді. Дәл мұның қолынан келер не бар.
… Биыл 3 курстың екінші жартысына да келіпті. Жаңа басшылықтың ауысуы қазақ қоғамында қасірет емес пе… Жаңа жүйе, жаңа ереже, бәрі жаңа. Шетінен реформашылар. Бірі бірінің жұмысын жақтырмайды, әйтеуір. Содан, «қырсыққанда қымыран іриді» деп бұл екінші курсқа аяқ басқанда факультеттеріне жаңа басшы келген еді. Картина қашанғыша… Жаңа..., жаңа..., жаңа! Алғаш бірінші курсқа түскенде мұғалімдерінің аузынан «қазір оқып алыңдар, кейін, 3-4 курсқа келгенде шеттеріңнен жұмысқа кетесіңдер де, оқу жайына қалады» дейтін сөздерді жиі еститін. Одан, алдыңғы курстарының да жұмыс басты екендіктерін көретін-ді. Содан не керек, іштей: «Е, шіркін, сол күн тезірек жетсе екен» – деп Құдайына қол жайып тілеуін тіледі-ақ. Жаратқан тілегін екі етпеді. Бірақ, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деп, бұл сұрап алған 3 курсына жеткенде жаңа басшылық 36 сабақтан қалғандарды университеттен қуатындығы туралы жарлық шығарды. Осылайша, Дастанның үшінші курсқа келгенде ел қатарлы жұмыс істеп, мойныма артылған оқуымның қарызынан құтылсам деген ҰЛЫ арманы аяқасты болды. Жаңа басшылық, қарамағындағылардың адамын аштырмастан, аяқтарына тұсау салды. Бірнеше рет қарсылық білдіріп еді, жалғыз адамның қолынан іс келеген бе, басшылық тісін қағып алды. Қасында тағы 10 шақты адам болғанда, бәлкім оқиға басқаша өрбір ма еді… Бірақ, бұл күні қанға сіңіп кеткен бұқпантай болмыс өзінен басқа өзгелерге бас көтерткізбеді… Амал қанша!
… Содан не керек, мәрт адам «мақтауға» тарылсын ба? Осылайша, өз ісіне беріліп кеткендігі сонша, екінші қабаттағы факультетіне қалай жетіп қойғанын өзі де аңғармай қалыпты. Келсе, біреулер топтасып алып, бір адамды қалжың-шыны аралас мақтау сөздің астына алып жатыр екен. Әуелгіде кімдер екенін аңғара алмады. Себебі, көзінің минустығы бар еді. Артынан анықтап қараса, өзінің күнделікті көріп жүрген ұстаздары екен. Әдеп бойынша, бір қабат амандасты да, сабағына қарай жүріп бара жатып, керемет көрініске тап болды. Сөйтсе, жиналғандар басшылықтың ілініп жатқан суретіне өтірік-шыны аралас таңырқай мақтасып тұр екен. Арасында тіпті, студенттерге келгенде қабағынан үнемі қар арылмайтын бір-екі мұғалім де бар. Қызық…
Бұл да суреттер ілулі тұрған жерге ендігі жолы асықпай зер салды. Сөйтсе, орналастырушылар көкеміздің суретін өзінен әлде-қайда атақтылардың дәл ортасына, әрі сәл жоғарырақ іліп жатыр екен. Жиналғандар болса, құр тұрғанша ұпай жинап тұрайын деді ме екен, жарыса мақтап әлек.
(Айтпақшы, Дастанның деканы студенттеріне «алтындарым» деген сөзді жиі айтатын)
Бұл болса, траго-комедиялық көрініске іштей мырс етті де, қашанғы әдеті бойынша, қызыл тілі қынабынан шығып, бірдеңе бүлдірмей тұрғанда таяйын деп, сабағына қарай асықты. Бірақ, аудиторияға жеткенше жаңағы картинаға күлумен болды. Күлмей қайтсін…
Содан, кешіккені үшін кешірім сұрайын деп, есікті ашып еді, мұғалімдері жоқ екен. Бағанағы ұпай жинап тұрғандардың қатарында осы сабақтан беретін ұстазы да болғандығын, есін жиғасын барып бірақ аңғарды. Тағы да мырс етті…
«Алтындарым-ау, алтындарым-ау». Осы сөз сабақ бойына санасынан шықпады.
Дастан көрген дүниесін қорыта келе, тағы іштей: «Көке, бізден – «алтындарыңыздан» ұялмайтыныңызды беске білеміз. Біз не тәйірі, сыртыңыздан күле сөккеніміз болмаса, артық зияншылығымыз жоқ. Бірақ, бейнеңізге қарама-қарсы тұрған Күн көсемнен биік тұрып қалғаныңыз ыңғайсыз болған екен. Атақтылардың қатарында болсаңыз болды емес пе еді, оқшауланудың қаншалық қажеті болды» – деп айтқысы келіп еді. Бірақ, дер кезінде Құдай аузына сөз салмады. Оның үстіне бесіктен белі шықпай жатып, ұстаздарының көзінше қалай айтсын.
Содан не керек, ішкі сөзі көкесінің құлағына жетті ме, әйтеуір, қоңырау болысымен барып қараса, деканының суреті көпшіліктен адаспапты. Керісінше, сол кісілерге ажар беріп тұрғандай…
Құдай сақтады деген осы, жаңағы көрініс қаз қалпында қалып, оны Күн көсемге жандайшаптары жеткізгендегі көкеміздің жағдайын елестете беріңіз. Дастандарды қойыңызшы, «алтыным» деп еркелетін тағы біреу табылар… Ұстаздары қайтпек! Жаңа басшы, жаңа жүйе, жаңа ережеге де студенттер сияқты, оларға да үйенісу оңай емес. Оның үстіне осыған дейін жасы үлкен Декан келіп, абыройлары сақталып келді. Ертеңгі күні өздерінің балаларындай біреу келсе қайтеді… Әй, бірақ, «заманына қарай – адамы» деген, арланбас…
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше