Астанада 40 тоннаға жуық астық жиналды

Астана жаңалықтары: Астанада 40 тоннаға жуық астық жиналды
Ағымдағы жылдың 1 қыркүйектегі жағдайы бойынша Астана қаласының астық нарығына қатысушылардың қамбасындағы астық – 39 815 тонна. Жиналған астықтың барлығы дерлік азық-түлікке жіберілді, деп хабарлады қалалық Статистика департаменті.

Азық-түлікке жіберілген негізгі өнім бидай жалпы астық көлемінің 93,7%-ын құрады. Дәнді дақылдардың басым бөлігі, дәлірек айтқанда, 91,6%-ы қаладағы элеваторларда жинақталған. Қаланың ұн тарту комбинаттарында қайта өңделетін 2390 тонна бидай бар. Сондай-ақ, астық нарығына қатысушылардың қолында 2088 тонна арпа және 439 тонна қарабидай бар.
Ал, былтыр 1 қыркүйектегі көрсеткіш бойынша Астана қаласының астық нарығында 30 822 тонна астық болды.
Әрі қарай

Жұмыс уақытын өзгерту жол кептелісін жеңілдетеді

Астана жаңалықтары: Жұмыс уақытын өзгерту жол кептелісін жеңілдетеді
Кейінгі кезде Астанада мекемелердің жұмыс уақытын өзгерту көлік кептелісін азайтуға септігін тигізеді деген мәселе көтерілуде. Осыған байланысты мектептерде сабақтың сағат 7.40-та басталуына тұрғындар наразылық танытқан еді. Қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында осы жағдайлар талқыланды.

– Жол бойындағы көлік тығыздығын шешуге байланысты түрлі шаралар қолданылғанымен, аталған жағдайдың әлі де түйіні тарқамаған. Біз қалаладағы әрбір мекемелерді тыңғылықты зерттедік. Егер жұмыс уақытын өзгертетін болсақ, діттеген жерімізге 15-20 минутта жету мүмкін болмақ. Бұл тек мектептерге ғана емес, сондай-ақ денсаулық сақтау нысандары мен мемлекеттік органдарға да қатысты. Әрине, алдымен қалалық әкімдіктің уақыты өзгереді, ұлттық компаниялар мен орталық билік органдарына да осындай ұсыныс жасалды, — деді «Астана LRT» ЖШС басшысы Талғат Ардан.
Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева бұл өзгерістердің жалпы білім беру мекемелерінің бірінші сынып оқушыларына қатысы жоқтығын атап өтті.
– Студенттерді қоспағанда 200 мыңнан астам бала оқуды сағат 8.00-ден бастайды. Біз қазір әлеуметтік зерттеу жүргізіп жатқанымызды тағы да айтып кетейін. Оқу уақытын өзгерту үшін заңға тиісті өзгертулер енгізілуі тиіс, типтік бағдарламаларға да. Соған сәйкес өзгертулер жасалады. Барлығы заң аясында іске асырылады, — деді Э. Суxанбердиева.
«Астана қаласында жаңа көлік жүйесін» енгізу мақсатында «Астана LRT» ЖШС «TYPSA» халықаралық компаниясымен бірлесе отырып, мониторинг жүргізіп, елорданың жүктеме көп түсетін кейбір көше-жолдарын анықтады. Сол себептен қалалық мекемелер мен кәсіпорындарда жұмыс тәртібін өзгерту қажет болып отыр.
Әрі қарай

БОСҚЫНДАР

Блог - AnuarEskara: БОСҚЫНДАР
Бейбітшілігі баянсыз мемлекетте береке болмайды. Соңғы уақытта ел мүддесі деп, өзгенің сойылын соққан халқымен берекесі безген кейбір мемлекеттердегі саяси ахуалдар әлем назарын аудартып, үрей тудырып отыр. Әсіресе, Таяу Шығыс елдері шимайланған саяси шиеленіспен қарулы қақтығыстан көз ашпай отыр. Тынышы қашқан елден түн жамылып қашқан халқы бүгінде шартарапты шарлап, бас сауғалап босқындап кетті. Олар Отанында жоқ бейбітшілікті іздеп, өз атамекендерінен безінуге мәжбүр.

Сенің ажалыңа адамзат кінәлі
Жуырда отандық бұқаралық ақпарат құралдарында 3 жастағы босқын сәбидің өлімі Еуропаны дүр сілкіндіргендігі айтылды. Алайда бұл жағдай тек қана Еуропаны ғана емес, өзгелерді де алаңдатпай қоймады. Адамзаттың қатыгездігінен көз жұмған бейкүнә сәби Сириядағы берекесіздіктен безіп, Грекияға қашпақ болған кезде суға кеткен босқын отбасының бір мүшесі еді. Оның жансыз денесі түріктердің Бодрум қаласына жақын жағажайдан табылған. Reuters агенттігінің фотографы Нилуфер Демирдің үш жастағы Айлан Курдиді түсірген суреті Еуроодақтағы көші-қон проблемасы жайлы пікірталасты одан әрі өршітті. Тіпті бұл сурет Еуропа елдерінің билік басындағылардан өз еліндегі азаматтық соғыстан қашқан сириялықтарға көмек көрсетуді талап еткен белсенділер мен құқық қорғаушылардың ашу-ызасын туғызды. Ал Сириядағы ахуалды сырттан бақылап отырған кейбір жандардың бұл оқиға жанына қатты батты.

Босқындар саны жағынан Сирия алдынғы орында
Жаратқанның жер бетіндегі жұмыр басты пендесінің бір-біріне деген мейірімсіздігінен, тіпті мұсылман бола тұра, мұсылманға қастық қылған қатыгездік іс-әрекеттерінің салдарынан қазір қаншама жазықсыз жандар жапа шегуде. KAZAKH.TV-нің ақпаратына сүйенсек, БҰҰ әлемдегі босқындар саны рекордтық көрсеткішке жетті деп хабарлайды. Тіпті ұйымның хабарламасы бойынша қарулы қақтығыстар мен қудалаудан қашып, өз үйлерін тастап, бас сауғалаған жандардың саны адамзат тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, өткен жылы әлемде 60 млн-ға жуық босқын тіркелген, олардың жартысынан астамы – балалар. Бас сауғалап жүргендердің басым көпшілігі – сириялықтар. Өйткені, бір ғана Сириядан 9 млн. босқын кеткен-мыс. Тіпті жақын аралықта сириялықтар әлемдегі босқындар саны жөнінен бірінші орынға шығуы ықтимал деген де мәлімет бар. Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, 2 млн. сириялық босқын Мысыр, Ирак, Иордания, Ливанға қашып кетсе, 1,7 млн. адамы Түркияда бас сауғалап жүр. Сондай-ақ, әлі де болса Сирия аумағынан шыға алмай жатқандар бар көрінеді. Ал Lenta.ru сайтының таратқан хабарына сүйенген республикалық «Егемен Қазақстан» газеті үстіміздегі жылдың шілде айындағы санында ондағы босқындар саны 4 млн-нан асты деп жариялады. Жалпы Сирия халқы дүниежүзілік қауымдастықтың қолдауына мұқтаж. Қазіргі таңда елінен қашуға мәжбүр болған босқындарды кейбір елдер қабылдауға ниет білдіріп отыр. Германия 30 мың, Норвегия – 1500, Франция – 500, Нидерланд – 250, Белгия – 150 босқынды қабылдауға дайын болса, Австралия тағы да 12 мың босқынды қабыдауға дайын екендіктерін айтады.
Еске сала кетейік, Сириядағы азаматтық соғыс (бүгінде осылай аталып кетті) 2011 жылдың наурыз айынан бері жалғасып келеді. Тунис пен Египеттегі билікті құлатқан «Араб көктемінен» әсерленген шерушілер сол жылдың наурыз айында Дамаск, Деръа, Хамс, Аллепо сияқты қалаларда президент Башар Асадтың үкіметіне қарсы шығудан бастаған болатын. Арада бес жыл уақыт өтсе де, бұл елде әлі күнге дейін қарулы қақтығыстар жалғасып келеді. Ғаламтордағы кейбір мәлімет көздеріне сүйенсек, елдегі қақтығыстардың салдарынан 230 мыңнан астам адам қаза болған.

Босқындар мәселесі — дағдарыстың төбе көрсетуіне себеп
Bag.kz хабарлағандай, соңғы уақытта Таяу Шығыс пен Африкадан қашқан босқындар Италия, Греция, Франция, Венгрия сынды Еуропа елдеріне мыңдап ағылуда. Осыған орай, Франция, Италия және Германияның сыртқы істер министрлері Еуроодақтан босқындардың жүріп-тұруы туралы ережені қайта қарауды талап етіп отыр.Олар мигранттарға баспана беру және босқындардың ЕО аумағында қозғалуын реттеу керектігін алға тартуда.
БҰҰ-ның мәліметінше, жыл басынан бері Жерорта теңізін кесіп өткен мигранттар саны 264 мың адамнан асып жығылған. Босқындардың ең көп барып жатқан – Германия болып отыр. Жыл соңына дейін бұл елден баспана сұрап өтінім берген босқындар саны 800 мыңға жетеді деп күтілуде.
Еуропаға қарай бас сауғалап кеткен босқындардың дені Германияға жетуге асығады. Ал Германия билігі оларды қалай орналастыруын білмей дал. Тіпті босқындарды бос тұрған банк, әуежай, конгресс ғимараттарында жайғастырғанымен, оның өзі жеткіліксіз болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін қазір шатыр қалашығының құрылысын қолға алған. Сондай-ақ, Берлинде босқындарды тіркейтін жаңа орындар ашылып, ол аптасына жеті күн істейді.
Бейбіт өмір іздеген босқындардың әлем кезіп былайша босып жүруі әлемдегі өзге елдердің экономикасына да әсер етері сөзсіз. Мамандардың айтуынша, әлемдік дағдарыстың орын алуына мұның да бір жақты әсері бар көрінеді. Айталық, жапа-тармағай неміс жеріне асыққан босқындардың салдарынан Германия федералды жерлерінің бюджетінде айтарлықтай проблемалар туындауда. Үстіміздегі жылы ондағы шығындардың көлемі екі есеге ұлғайған. Мәселен, өткен жылы шығынның мөлшері 2,2 млрд еуромен шектелсе, биыл 5 млрд еуроға жеткен.

Бізде заңда бар, босқында бар
Қазақстанда “Босқындар туралы» заң 2010 жылдың қаңтарында күшіне енді. Бұл заң төңірегінде бірқатар жұмыстар да атқарылып жатыр. Себебі, Қазақстанға да ара-тұра әр түрлі себептерді желеу етіп, бас сауғалап келушілер төбе көрсетеді. 24.kz хабарында Страсбургте өткен Еуропарламент отырысында Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер:
— Еуроодаққа мүше елдер бірлесе отырып әрекет етулері қажет. Бұл жерде адам өмірінен өзге маңызды еш нәрсе болмауы тиіс. Қақтығыстар жүріп жатқан аймақтардан келген келімсектердің басым бөлігін, яғни 31,4 мың адамды Германия, Франция – 24 мың және Испания шамамен 15 мың босқынды қабылдауы тиіс. Алайда Еуропа барлық қашқынды қабылдай алмайтынын алдын ала ескертемін, — дегені бар.
Әзірге Еуроодаққа мүше елдерге алдағы екі жылда Таяу Шығыс пен Африкадан қашқан 160 мыңға жуық келімсекті қабылдау ұсынылып отыр.
P.S. Әлемде жаға ұстатар жайттар жетерлік. Бұл мүдделер соғысы екені анық. Ал халық бейбітшілікті көксейді.
Әрі қарай

Тісім сынды

Тісім сынды
Қашып келем. Зәре-құтым қалмай зытып келемін. Екі алақаныммен ауызымды тас қылып жауып келемін. Әлгінде ғана қатты соққыдан тісім сынып қалған. Мұрнымнан да қан сауғалап, ізінен қалмай еріп келеді. Сонау алжыған Аңғарбайдың ауласынан бері қарай менімен жарысып келеді.
...Әдеттегідей бейқам күйде карта ойнап отырғанбыз. Құрдас шал-шауқанның барлығының жиналып алып ермек ететін кәсібіміз ғой бұл. Әрі әр түрлі тақырыптарда өсекті өкіртеміз. Бүгін әңгімеміздің ауа-жайы қыз-қырқынды төңіректеп кеткен сол еді, табан астынан әлгі арамыздағы үлкеніміз, сексеннің бесеуіне келген Аңғарбай селкілдеді де қалды. Ойламаған жерден көршісінің жесір қалған келіншегін алам деп ойран салды. Өзінің кемпірін о дүниеге аттандырып жібергелі қашан. Енді сол кемпірінің артынан «жолдама» алып кетер шағында оның мұндай өнеріне қайран қалыстық.
Рас айтамын, оның бұл қылығын әзіл деп түсіндік. Сөйтікте әжуалай бастадық. Сексендегі сезімін онсызда жеткізе алмай булығып жүрген Аңғарбай бізден сірә, жәрдем күтсе керек. Алайда оның бұл алдамшы ойы өзін алдап соқты.
Ақыры жан-жағынан әзілмен түртпектеген біздің қылығымызды көтере алмай шәйтан түртіп, ашуланып кетті. Ең бірінші оң жағында отырған Оңғарбайды отырған орнынан оңдырмай түсірді. Қарсы отырған Шалқарбайды шалқасынан түсірді. Қалған бес шал болып ашуын баспақ болып едік, сексендегі селкілдеген шалың әлі де болса қуатты болып шықты. Төртеуін төрт жаққа лақтырып, бесінше менің көзіме от ойнатты. Тұмсықтан жұдырықпен түрткені сол еді аузыбасымды алақаныммен жауып алжып мен кеттім. Естерімізді жия сала жеті шал болып жеті жаққа қаштық. Қалғанын қайдам, әйтеуір өзім қорқанымнан шарбақтан секіріп, айналада қарқылдап тұрған балаларыммен жасты жастардың қасын көк шаң етіп табанымды жалтыраттым.
Жар жолға жете берген де білдім. Ауызымдағы екі тісім сыныпты. Үнемі өсек айтқан кезде сол екі тісім ерекше жарқырап тұратын еді. Ал енді екеуі сол енді бармастай болған Аңғарбайдың ауласында қалды. Бұдан кейін өсек айтпаймын, уәде беремін. Өйткені, тісім сынды, сәні кетті, сабақ болды.
Әрі қарай

Елордалық депуттаттар тұрғын үй қорын жаңғырту барысымен танысты

Астана жаңалықтары: Елордалық депуттаттар тұрғын үй қорын жаңғырту  барысымен танысты

Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында «Астана қаласында Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылу барысы туралы» мәселе қаралмақ. Осыған дайындық барысында елордалық депутаттар шаһардағы тұрғын үй қорын жаңғырту шаруаларымен танысты.

Халық қалаулылары Сарыарқа және Алматы аудандарында орналасқан екі үйге арнайы ат басын бұрып, онда атқарылып жатқан жұмыстарының жайын байқады.
Бөкейхан көшесіндегі №30 үйдегі жөндеу істері аяқталуға таяу.
– Бұл үйге электр желілері, су құбырлары мен жылу жүйелері ауыстырылып, энерготиімді терезелер орнатылған. Жөндеу жұмыстарының сапасы тұрғындарды қанағаттандырып отыр, — деген «Адал» ПИК төрағасы М.Баеков.
Одан кейін бас сұққан Ғабдуллин көшесіндегі 4/1 үйдің жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр екен. «Өркен қала» ЖШС директоры Қаһарман Жазин теңгенің тұрақсызданған тұсында, жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржыны тұрғындардың қалтасы көтере бермейтінін айтты. Наразылық танытқан тұрғындардың мәселесі алдағы сессия кезінде кеңінен талқыланбақ.
Әрі қарай

Қала әкімі автотұрақтарды қадағалауды тапсырды

Астана жаңалықтары: Қала әкімі автотұрақтарды қадағалауды тапсырды
Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің төрағалымен өткен кезекті аппарат отырысы барысында бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, сауда орындарындағы қалыптасқан жағдай, «AstanaBike» жобасының жүзеге асырылуы, тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына жедел жауап беру мәселелері сөз болды, деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әділбек Жақсыбеков қала тұрғындарынан келіп түскен өтініш-тілектер мен шағымдарға айрықша талдау жүргізу керек екендігін атап өтті. Ағымдағы жылдың 18 ақпанында өткен әкімнің халыққа есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша 186 ауызша және жазбаша өтініш түскен. Елорда әкімі сондай-ақ, кезекті есеп беру кездесуіне қазірден бастап дайындалу керектігін айтты.
– Сауда орындарында жұмыс топтарын құрсақ та, бірқатар шешілмеген мәселелер бар. Яғни, «Шарын» және «Шанхай» сауда орталықтарында автотұрақ қалыптасқан, онда көбінесе оңтүстік өңірлерге қатынайтын қалааралық автобустар жүреді. Бұл ретте жолаушылар заңсыз тасымалданады және қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Аталған мәселе бір күнде пайда болған жоқ. Мұндай жағдай теміржол вокзалы төңірегінде де бар. Тұрақ ақысын алатын автобустардың кестесін және кезегін жасайтын адамдар да бар, — деді елорда әкімі.
Отырыс қорытындысы бойынша мүмкіндігінше автобекет жұмысын, сондай-ақ, қала аумағында жолаушылардың мініп-түсу орындарын, техникалық тексеруді және рейс алдында жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізуді ұйымдастыру тапсырылды.
Астана қаласының әкімі отырыс соңында «AstanaBike» жобасын тіркеуді жеңілдетуді, техникалық ақауларды жоюды және жобаны тұрғындар арасында кеңінен насихаттауды тапсырды.
Әрі қарай

Астанада теннистен халықаралық турнир басталды

Астана жаңалықтары: Астанада теннистен халықаралық турнир басталды

Елордада Astana Gold 16& Under and Masters 10& Under теннистен халықаралық турнир басталды. Жарысты ҚР Теннис федерациясы ұйымдастырды. Жарыс 11-14 жас аралығы мен 9-10 жас аралығында екі кезең бойыншы өтті. Турнирде 10 жасқа дейінгі 60 аса адам және 14 жасқа дейінгі 60-қа жуық адам қатысты. Чемпионат елордада «Даулет» спорткомбинатында апта соңына дейін өтеді. Спорттық кешенде 50 жуық жас спортшылар жиналды. Ойынды ата-аналар мен жаттықтырушылар өз тәрбиеленушілерін қолдап отырды. Халықаралық турнирдің жабылуы 20 қыркүйекте өтеді. Осы күні чемпионаттың марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.

сілтеме
Әрі қарай

Бүгін түнде елордада үсік жүреді

Астана жаңалықтары: Бүгін түнде елордада үсік жүреді

Бүгін түнде Астанада ауа температурасы төмендеп, үсік жүреді. Осыған орай синоптиктер дауылды ескерту жариялады. Мамандардың айтуынша, солтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 9-14 метрге дейін жетеді. Ал алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда ауа температурасы 0-3 градусқа дейін төмендеп, үсік болады. Батыста жаңбыр жаууы мүмкін.
Саида Бердібекова, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі: -Ертең Астанада жауын-шашынсыз, түнгі температура – +1+3, 1 градустай үсік күтіледі. Күндізгі температура +14+16 градус жылы. 16-17 қыркүйек күндері Астанамызда жауын-шашынсыз, түнгі температура – +5+7, күндіз – 16-18 градус жылы.

сілтеме
Әрі қарай

«Астана» велокомандасы кезекті жеңісін Қазақ хандығының 550 жылдығына арнады


Клубтың көшбасшысы Фабио Ару «Вуэльта» велододасының шешуші кезеңінде жеңімпаз атанып, қызыл жейде иесі атанды. Осылайша, ол жалпы есеп бойынша голландтық велошабандоз Том Дюмуленді шаң қаптырды. Александр Винокуровтың командасы жеңісін Қазақ хандығының 550 жылдығына арнады. Бұл ақтық мәре алдындағы 20-кезең болатын. Төрт бірдей таулы аймақты қамтитын күрделі айналымды еңсерген қазақстандық клубтың көшбасшысы Фабио Ару жалпы есепте Хоаким Родригестен 1,5 минутқа алда келеді. Енді бүгін испандық «Вуэльта» велобәйгесінің ақырғы айналымында жарысқа қатысушылар достық кезеңінде өнер көрсетіп, Мадридтің басты алаңында мәре сызығын кеседі. Айта кетейік, «Вуэльта-2015» көпкүндігі «Астана» велокомандасы үшін сәтсіз басталған болатын. Тәжірибелі капитан Винченцо Нибали жарыстан шеттетіліп, Паоло Тиралонго жарақат алып, ойынға қатыса алмай қалған еді. Үш аптаға созылған додада біздің команда бар күш-жігерін аямай, тер төкті.

сілтеме
Әрі қарай

Астаналық статистика

Қала халқының саны — 862,0 мың адам.
Қаланың ауданы — 71,0 мың га.
Автомобиль көлігі
Бүгінгі күні қаланың көлік жүйесі жолдың жалпы ұзақтығы 964,1 км
Қала құрылымы 953 көшеден тұрады, оның ішінде асфальбетонды жабыны 676,6 км (70,2%) бар, 287,5 км (29,8%) қатты жабынсыз.
Қала аумағында 8 компания қызмет етеді (оның ішінде 1 коммуналдық және 7 жеке), олар 52 бағдарға қызмет көрсетеді. Астаналық қоғамдық көлікте тәулігіне 814 мың жолаушы тасымалданады.
Инновацияларды дамыту бағдарламасы аясында «Ақылды қала» инфрақұрылымын қалыптастыру мақсатында қалада 1221 бейнебақылау камерасы іске қосылды. Жол қозғалысы ережесін бұзушылықтарды тіркеу мақсатында жылдамдық түзімін тіркейтін 25 фиксатор және бұрылыстардағы қозғалыс мониторингінің 10 кешені орнатылды.

Банк секторы
Астана қаласында банк қызметтерін ұсынатын екінші деңгейдегі банктердің 30 филиалы және 146 құрылымдық бөлімшелері бар, қолма-қол шетел валютасы нарығында 250 айырбастау пункті жұмыс істейді.
Екінші деңгейлі банктер резиденттер депозиттерінің жалпы көлемі 2015 жылдың 1 шілдесіне 1 831 954 млн. теңгені құрады және
ЕДБ берген несиелер көлемі 373 050 млн. теңгені құрайды (2014 жылға қарағанда 1,6 есеге аз), оның ішінде ипотека бойынша – 31 306 млн. теңге.
Қала бюджеті
Астана қаласының түзетілген бюджетінің жалпы көлемі 2015 жылғы 1 шілдесіне 360 728 млн. теңгені құрады,
Бюджеттің жалпы құрылымында Астана қаласының объектілерін дамытуға 176 453,9 млн. теңге жұмсалды.
Әлеуметтік салаға арналған шығыстар 117 088,3 млн. теңгені құраады, оның ішінде білім беруге – 46 732,2 млн. теңге, денсаулық сақтауға – 41 112,6 млн. теңге.
2015 жылдың бірінші жартыжылдығында қаланың негізгі капиталына 354 488,7 млн. теңге (2014 ж. салыстырғанда 117,8%) инвестиция салынды. Инвестициялардың республикалық көлемінде Астана қаласының үлесі 10,7%-ды құрады.
Халықты жұмыспен қамту
2015 жылдың басынан 10 530 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде экономикалық қызмет түрлері бойынша: өнеркәсіп – 827, сауда – 2 418, құрылыс және коммуналдық шаруашылық – 1678, көлік және байланыс – 679, білім және денсаулық сақтау – 1741, өзгелері – 3187.
6 058 адам жұмыс іздеп жұмыспен қамту органдарына өтініш білдірді. Олардың жартысынан көбі (3 744) әйелдер. Жас мөлшеріне байланысты бөлсек жартысы жастар (3 495 адамды 29 жасқа дейінгі жастар құрайды).
2015 жылдың ІІ тоқсаны қорытындысы бойынша тіркелген жұмыссыздық деңгейі 4,6 % (2014 жылдың ІІ тоқсаны – 5,2%).
Ал жалақы деңгейіне келетін болсақ, Астана еліміздегі қалалар арасында жалақы деңгейі бойынша Атырау және Маңғыстау қалаларынан кейін үшінші орынды иемденеді.

Астана жаңалықтары: Астаналық статистика
Әрі қарай